• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 14:02:22
Алматы
+35°

Жамбыл облысы Қордай ауданында этникалық қазақтар мен дүнгендер арасында болған жанжал туралы әлеуметтік желі қолданушылары арасындағы пікір әрқилы. Бір тарап «бұл оқиға есірген дүнгендерді орнына қоюға себеп болып, шаңырақ иесі кім екенін еске салды» десе, келесі тарап «қандай мәселе болса да заң аясында, өркениетті жолмен шешілуге тиіс» деп жанжалдың кісі өліміне, көптеген көлік пен үйдің өртенуіне соққанына, ел тыныштығының бұзылғанына қынжылыс білдірді.

Ғалымжан Оразымбет есімді фейсбук қолданушысы мәселенің экономикалық астарына үңілген.

Оның сөзінше, әлем банкінен бастап, түрлі халықаралық ұйымдар Қазақстанды құқық, әл-ауқат, тәрбие секілді критерийлер бойынша үнемі зерттеп отырады. Зерттеу нәтижесіне қарап шетелдік инвестиция салу керек, керек емесі анықталады. Қазақстанда этносаралық жанжал кезінде «арабты тепкілеп, күрдті өртеп, дүнгенді атқан статистиканы көрген "ақ адам" (шетелдік кәсіпкер, корпорация, холдинг, банк – ред.) еліңді айналып өтеді. Ал инвестиция деген – салық, жұмыс орны, айлық жалақы, жаңа технологиялар, т.б.» деген Ғалымжан Оразымбет «бір ауылды өртеп тастап, оншақтысын атып өлтіргенде не ұттың, не ұтылдың? Намыс? Қой, құрсын. Күштіде кеткен есені әлсізден қайтару. Күйеуінен таяқ жеген әйел ашуын баласынан алатыны болушы еді. Сол шамалас бірдеңе» деп атап өтті.

Оның айтуынша, мұндай тәсілмен ешкім ешкімді сыйлата алмайды.

– Қазақтың рухы, намысы. Мде. Мынау рухты тез, эффективно оятатын, "басқаларға" (не деген құсық сөз еді, құрсын) орнын көрсетіп, қазақты сыйлауға бұратын ең мықты методке ұқсайды. Алматының Алатау ауылында шешенмен, Маятаста күрдпен, Сарыағашта тәжікпен қырылып, "орнына қойыппыз". Күрдтердің үйін өртеп, малын талап, өзін көшіріп жібердік. Бірақ "бұл иттер" бізді әлі сыйлағысы келмейді. Методтарыңда бір кемдік жоқ па осы? Әлде пресловутты 130 этностың бәрін жеке-жеке атып шығасыңдар ма? Мүмкін басына түспеген соң, жетесіне жетпей жүрген шығар, а? Прям бәріне "қонақ боп" шықсаңдар ма?

Бұл жолы оқ атылды, адам өлді. Бір емес, бірнеше. Қалғаны көрші елге босты. Иә, біз енді саяси босқын экспорттаушы елміз. Аз ұлттарға қысым көрсетіп, қудалаушы елміз, – дейді әлеуметтік желі қолданушысы.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов «өзгенің денсаулығына қасақана зиян келтіру, адам өлтіру, мүлікті қирату – қылмыс. Ал қылмысты үлкен немесе кіші деп ақтауға болмайды» дегенді айтты.

– Өкінішке қарай, Қордайдағыдай жағдайлар кезінде бірден "біз" бен "олар" болып бөлінуге көзіміз де, бойымыз да үйреніп бара жатқандай...Бейбіт күнде азаматтарымыздың өлім құшуына етіміз де әбден үйреніп қалғандай... Қазақстанда адам және оның өмірінің түк құны қалмағандай... Оған себеп те жоқ емес, әрине. Мемлекеттік институттар қалыптаспаған, заң үстемдігі орнамаған, адам құқығы күн сайын тапталатын елдерде азаматтар экономикалық игілікті бөліскенде күшке, әлеуметтік-экономикалық-саяси статусынан айырылып қалмас үшін непотизм мен трайбализмге, туындаған конфликтіні шешу үшін "самосудқа" жиі жүгінеді. Өмірдің қалған саласында да "по понятиям" өмір сүреді.

Жалпы алғанда, Қордайдағы жаппай төбелеске қатысушылардың, оқ атқандардың, үйлер мен ғимараттарды өртегендердің, көліктерді қиратқандардың, "Шаңыраққа қарасын!", "Қазақ қашанғы шыдайсың?!", "Жігіттер, рух қайда?!" деген месседждерді таратқан кісілердің қоғамдағы антигеройлардан, қолы қысқа демесеңіз, айырмашылығы шамалы. Өзгенің денсаулығына қасақана зиян келтіру, адам өлтіру, мүлікті қирату, заңға пысқырмау, "самосуд" ұйымдастыру, "самосудты" қолдау – қылмыс. Ал қылмысты үлкен немесе кіші деп ақтауға болмайды. Қылмыстың аты – қылмыс, – дейді саясаттанушы.

Оның пікірінше, билік осы оқиғаның себеп-салдарын әділ әрі ашық зерттеуді қамтамасыз етуі қажет.

– Мәселені зерттейтін комиссияның құрамына құқық қорғау органдары өкілдерінен бөлек, мемлекеттік органдардан тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, этноцентризммен ауырмайтын конфликтологтар, әлеуметтанушылар, заңгерлер мен қоғам қайраткерлері, журналистер кіріп, сыртқы факторлардан (кітапхана, Ақорда, Фейсбусктегі көңіл-күй) тәуелсіз жұмыс жүргізуі қажет. Ең бастысы, билік адам құқықтарын сақтау бағытындағы, әлеуметтік-экономикалық, этникалық саясаттағы қателіктерін жоққа шығаруға асықпай, мәселені бүге-шүгесіне дейін зерттеп, заң шеңберінде тиісті сабақ шығаруы тиіс.

Сосын қазақтың жауы басқа ұлттар емес екенін түсінетін кез қашан келер екен?! Қазақтың жауы – жемқорлық, жағымпаздық, жайбасарлық, даңғазалық, жалқаулық, жалған намыс, сауатсыздық. Есі дұрыс ел боламыз десек, қанша ащы болса да осы шындықты мейлінше ертерек қабылдап, травма мен комплекстерімізді еңсеруіміз қажет. Жемқорлық, жағымпаздық, жайбасарлық, даңғазалық, жалқаулық, жалған намыс, сауатсыздық секілді шынайы жауларымызбен күресу – ел ретінде жарыққа жетудің ұзақ әрі қиын, ең бастысы, дұрыс жолы. Қараңғылыққа одан сайын батудың жолы – әділетсіз саяси жүйенің элементтерімен күресудің орнына "біз" және "олар" деп бөлініп алып, "келімсектермен" ортағасырлық тәсілдермен күресу. Екінші жолдың бәрімізді бірдей құрдымға апаратын жол екенін түсіну үшін кейінгі отыз жылдық тарихымызда Қордайдағы жағдайға ұқсас қайғылы оқиғалар саны жеткілікті деп ойлаймын, – дейді ол.

Ал журналист Ертай Нүсіпжанов әлеуметтік желідегі парақшасында намысты қазақты фашиске теңемеуге шақырды.

– Ұлттың сөзін сөйлей қалсаң, кеудесінде бір түйір ұлттық намысы жоқ немесе фашизм мен ұлттық намыс дегенді парықтай алмайтын біреулер келіп, "Фашистсің. Адамзаттың бәрі тең, тиіспеңдер оларға. Ол да – ана..." дейді. Біз тиісерге қара таппай, істерге іс таппаған соң барып олардың басын жарыппыз ба? Қазақтың қай анасы қасірет көрмеп еді?! Бұл – өмір. Басқа нәубет келсе, ол қазақтан емес, ең алдымен – Алладан!.. Діндар дүнгендер мұны бізден жақсы білуге тиіс.

Бізді фашистке теңегендер, сендер мықты болсаңдар, олардың ішінен қазаққа қасіретін тигізгендерін тауып, дер кезінде неге жазасын бермедіңдер? Әділетті болсаңдар, неге қазақтың қызын зорлап, өлтірген, басқаларға тізесін батырған бұзықтарын кезінде жазаламадыңдар?! Заң уақытында орындалса, әрі ол бәріне тең қатал болса іс осылай насырға шаппас еді. Қазақ дәл сол әділетсіздік үшін жаны күйіп отыр емес пе?!

Қытайдағы жөні түзу дүнгендердің өзі "Нанын жеп, ауасын жұтып отырып неге қазаққа құрмет көрсетпейсіңдер" деп бауырларына налып отыр. Жер басып жүрген кез келген мақұлық өз ауласы үшін күреседі, жанын қияды. Өз Отанымызда отырып, өз ділімізді, тілімізді қорғамасақ, ұлт сөзін сөйлемесек неменеге жер басып жүрміз?! Біз ұлтшыл мен ұлтжанды дегенді бес саусағымыздай танып өскен қазақпыз. Ұлшыл болсақ, бір ғасырдан аса уақыт оларды алақанымызда аялап ұстамас едік, қазақтан қорлық көрмей отырмас еді. Өсіп, өркендемес еді. Еркелеткен қазақтай-ақ болсын. Қираған үй орнына келеді, бұл да ұмыт болады. Кейбір қазақ үйсіз, күйсіз жүрсе де жақ ашпай сабырмен жүр!... Бастысы бұдан кейін олар көзін ашып, сергек жүреді, қатесін түсініп, жастарына дұрыс тәрбие береді деп сенемін! Намысты қазақтарды фашистқа теңемеңдер, – дейді Ертай Нүсіпжанов.

Журналист тағы бір жазбасында қазақты тобыр ретінде көрсетуді доғару керектігін айтқан.

– Әлбетте, жаман ұлт жоқ, тек әр ұлттың оңбаған адамдары бар. Дүнгендерге реніші бар көпшілік те осы ұстанымда деп сенемін. Алла тағала олардың қазақ топырағын мекен етуін маңдайларына жазған екен, біздің оған еш қарсылығымыз жоқ. Басқасын айтпағанда, бұған олардың бір ғасырдан аса уақыт біздің елде бейбіт өмір сүріп келе жатқаны дәлел.

Қара жамылған әрбір дүнген отбасының қайғысына ортақпыз. Бопсалау, біреудің мал-мүлкін тәркілеу, күш көрсетіп, қару кезенгендердің әрекеттерін сынмен қабылдаймыз. Ұлтшылдық сипаттағы көзқарас пен пікірлерге қарсымыз. Оқиғаны жеке басынына пайдаланып кеткен бұзақылар мен бүлікшілер тиісті жазасын алуы тиіс деп есептейміз...

Бірақ, сонымен қатар, ең алдымен жағдайдың осыншалық дәрежеге жетуінің басты себептерін түсінуіміз керек:

– Жергілікті дүнген халқының қазақтарға қыр көрсету фактілерінің бірін де қалдырмай бүге-шігесіне дейін анықтап, оған заң шеңберінде тиісі жазасы берілуі керек.

– Дүнгендерден жапа көрген адамдардың оның ішінде қазақ қызын зорлау фактісі бойынша тергеу амалдары қайта қарап, жазалап, ол туралы халықты ақпараттандыру қажет.

– Олар неге ұлтты менсінбейді? Шал-кемпірлері қарап отырмай ақсақалдар кеңесін құрсын. Жастарына түзу тәрбие беруді талап ету қажет.

Бүгін дүнген ақсақалдары басын иіп тұрып жастарының бұзақылығы үшін кешірім сұрапты деп жатыр. Формадағы адамдардың жағасынан алып, киімін жыртып, оларды төпелеп жатқанда сол шалдардың біразы таң-тамаша боп тұрды емес пе? Қой десе, кешірім сұрайтын болса бұған дейін қайда қалыпты?

Қысқасы, Қордай оқиғасы бір күнде апай-топай болған жағдай емес. Қазақ пен дүнген арасында талай жылдардан бері қордаланған мәселелердің жарылысы деп түсінемін. Қазақтардың ашуы-ызадан айтып, жазып жатқан ой-пікірлеріне оң көзбен қарау керек. Ессіз дүнгендердің әрекеті мен қарулы күштерден, әскерилерден кеткен олқылықтан болған жағдайды күллі қазаққа жаба салып демократияшыл емессіңдер деп оларды өркениеттен қалып кеткен тобыр ретінде көрсетуді доғару керек. Қарапайым қазақты шовинист, ұлтшыл деп айыптап жатқан басқа ұлт өкілдері мен шалақазақтар, қойыңдар болды!, – дейді журналист.

Заңгер Руслан Түсіпбеков Қордайдағы оқиға лакмус қағазы сияқты болды деген пікірді айтады.

– Соңғы екі-үш күнде қазақ және орыс тілді белсенділердің (блогерлердің, тілшілердің, т.с.с.) арасындағы айырмашылық жер мен көктей екендігін сезіндім. Және мұны әзірге іс жүзінде жеңу мүмкін емес.

Екіншілері жылдар бойы әдеттегідей патриоттық риторикаларын қолдана беруі мүмкін, мақтабастармен күресу, Украинаға жаны ашу, т.с.с., бірақ Х сағаты келгенде олар бірден "толерантты", "өркениетті" және "мәдениетті" қазақтарға айналып шыға келеді. Олардың ойынша оларға қарсы "ұлтшылдар", "фашистер" мен "жабайылар" тұр.

Қордайдағы оқиға тап осындай Х сағаты, лакмус қағазы сияқты болды. Әрине, бәрі бірдей емес, бірақ ол тек қана осы ереженің дұрыстығын қуаттай түседі.

Қалай дегенмен де өз ана тіліңді білу, біліп қана қоймай оны өзіңнің негізгі тілің ретінде пайдалану – ол өз халқыңның кодын, оның көңіл-күйін сезіне білу екені анық.

Өз халқыңның тілін білмесең – онда оның жүрек ауруын нақты сезіне де алмайсың. Өйткені сенде сол халық үшін аяғына дейін күресетін байланыс болмайды. Сен бірінші қауіптен-ақ "өркениеттілер" лагеріне өтесің де, өзіңді-өзің ақтау үшін халқыңның кемшіліктерін тере бастайсың.

Кез келген қазақ патриоты үшін өз халқы – өзінің туған әкесі сияқты. Ол жарлы, кем, өмірде жолы болмайтын, түрі тым қорқынышты болуы мүмкін. Бірақ ол сенің туған әкең ғой, одан артық не керек? Онымен сенің қаның бір, иісің бір, сол үшін сен өлуге де әзірсің, – делінген заңгер жазбасында.

Қамшыгер

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір