11 Ақпан, 2020 Саясат
qamshy.kz
Саясаттанушы Расул Жұмалы "Қамшы" тілшісіне биліктің Қордайдағы оқиғаны тұрмыстық жанжал деуімен келіспейтінін, үкімет этносаралық мәселелерді жылы жауып қоюының кесірінен осындай оқиғалар араға уақыт салып қайталанатынын, қоғамның біртұтастығы үшін мемлекетті құраушы халықтың мүддесі жоғары қойылуы керектігін айтты.
Жанжалдың себептері тым тереңде жатыр
Тұрмыстық жанжал деп бағалау – шиеленістің сылтауы ғана. Қазақ-дүнген арасындағы жанжалға бірнеше жыл бойы қордаланған мәселелер себеп болды. Меніңше, бір ғана себепті айту жеткіліксіз. Өйткені жанжалдың себептері тым тереңде жатыр. Жалпы қазіргі ауыл-аймақтың жағдайы, әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыссыздық мәселелерінің себебінен жастар арасында ашу-ыза пайда болды. Бұл бір жағы. Екінші себеп – тәуелсіздіктен кейінгі жылдардағы біздегі ұлттық және ұлтаралық саясаттың формалды түрде жүргізілуі. «Бәрі дұрыс, бәрі тұрақты» деген ұстанымның болуы және шын мәнінде елді біріктіретін ұлттық, рухани құндылықтардың формалды түрде қалуы да негізгі себептердің бірі.
Бұған дейін бұл мәселелермен тиісті органдар, парламент, Қазақстан халық ассамблеясы, билік және зиялы қауым атүсті айналысқан. Қордай ауданындағы жағдай Қазақстанның басқа аймағында да болуы ықтимал еді. Естеріңізде болса, осыған ұқсас жайттар Қарағандыда да, Жаңаөзенде де, Теңізде де болды. Тиісті органдардың бір-екі адамды жауапқа тартып, бірнеше шендіні жұмыстан қуып мәселені жылы жауып қоюының кесірінен осындай оқиғалар араға уақыт салып қайталанады.
♦Қордайдағы Булар батыр және Ауқатты ауылдарында үйлер мен көліктер өртеніп жатыр (фото, видео)
Бұл – әлдеқайда кешенді әрі ұзақ мерзімді проблема. Ұлттық саясат оның ішінде мемлекет құраушы ұлт қазақ халқының тиісті мүдделері ескерілмей келеді. Мемлекет құраушы тетіктері ретінде әділдік, қолжетімділіктің жоқтығы, қоғамдағы әділетсіздік, заңдық шешімдерін таппай жүрген мәселелер, заң органдарына деген халықтың сенімсіздігі мен жемқорлықтың кесірінен халық арасында реніш, ашу-ыза пайда болады. Осының нәтижесін Қордайдағы оқиғадан көріп отырмыз. Қазір де бұл оқиғаны жылы жауып қою әрекеті басым. Билік оқиғаның себептеріне үңілу және оны мойындауға қауқары жетпей, керісінше ескіше әрекет жасап отыр.
Қордайдағы оқиға біздегі қалыптасқан мемлекеттік басқару жүйесінің дағдарысқа ұшырауының көрінісі
Қордайдағы 2-3 күн бұрын жинақталған мәселе қақтығысқа әкеліп соқты. 5 ақпанда 78 жастағы қарияны дүнген жігіттері ұрып соққан, келесі күні тағы бір дүнген жігіті полиция қызметкерімен төбелескен. Әкімшілік қызметкерлері, аудандық, облыстық құқық қорғау органдары осы жанжалдың алдын алуына болар еді. Қордайдағы қазақ ақсақалдарының сөзіне сүйенсек, бұған дейін дүнген жігіті қазақтың бойжеткенін зорлаған. Осы секілді бірнеше оқиға болған. Бірақ құқық қорғау органдары бұл жайттарды елемеген. Әкімшілік те көз жұма қараған. Бұл ауылдағы дүнгендердің "тайраңдауына" себеп болып, тіпті олар қолына қару алып басқаларға қысым жасауға дейін барған. Осыған дейін мұны ешкім көрмеген бе?!
Бұл оқиғаға әркім түрлі реңк беруі мүмкін. "Ұлтаралық қақтығыс" деген де пікір айтылды. Мойындау керек, жастардың ашуға булыққаны – шындық. Ал «шетінен бәрі арандатушы, оларды біреу үгіттеп қойды» деу жауапкершіліктен қашудың жолы деп есептеймін. Дәл осындай ескіше көзқарас қала беретін болса, Қордайдағы жағдай басқа да аймақта қайталануы әбден мүмкін. Соңғы 10 жылда қазақ-қытай, қазақ-түрік, қазақ-армян, қазақ-шешен арасындағы мәселелер болды. Мұндай оқиғалардың қайталанып тұрғаны инерцияның сақталып отырғанын білдіреді. Сондай-ақ бұл мәселенің себептерімен күрестің жүрмей отырғанын көрсетеді.
♦Қаракемер тұрғындары: Дүнгендер бірнеше жыл бұрын Масаншыда біздің туды өртеді
Осы сындарлы сәтте облыстық әкімшілік, аудандық әкімшілік, ІІМ, Жоғарғы сот, Парламент, Қауіпсіздік кеңесі қаншалықты өз міндетін дұрыс атқарды? Қордайдағы оқиға біздегі қалыптасқан мемлекеттік басқару жүйесінің дағдарысқа ұшырауының көрінісі болды. Аты бар заты жоқ. Бізде формальді түрде осы жағдайға жауап беретін барлық органдар бар. Алайда жастар құқықтық органдар өз қызметін дұрыс атқармағандықтан өздері әділеттілік орнатқысы келді. Мемлекет тарапынан мәселелерді шешуге құлық, қауқар болмағандықтан осындай мәселелер болады. Бұл жерде қоғамды кінәлап, айыптаудың еш қисыны жоқ. Егер уақытылы аталған органдар өз қызметін дұрыс атқарған кезде мұндай жағдай болмас еді.
"Қазақ" пен "қазақстандық" екі бөлек әлем секілді
Өзіміздің байырғы атауымызға келуіміз керек. Алаш автономиясы кезінде Қазақ Республикасы деген атау болды. Тіпті совет одағының құрамында болған кезде де біздің еліміз "Қазақ советтік социалистік республикасы" деп аталды. Қазір де "Қазақ елі" деген атауға келуіміз керек. Сондай-ақ "қазақстандық" деген атау қоғам арасында бұрмаланып, қате қабылдануда. Яғни, кейбір этникалық халық "қазақстандық" деген ұғымды пайдаланып "біз қазақ емеспіз, толықтай қазақ тілін оқып, үйренбесек те болады" деп ойлайды.
♦Шыңжаңдық дүнген: Дереу қазақтардан кешірім сұраңдар! (аудио)
"Қазақ" пен "қазақстандық" екі бөлек әлем секілді. Меніңше, қоғамның біртұтастығы тұрғысынан бұл дұрыс жағдай емес. Сол себепті мен осы оқиғадан кейін әлеуметтік желідегі парақшамда осындай ұсыныс жасадым. Тіпті қазір кейбіреулер "қазақстандық ұлт" дегенді алға тартып жүр. Бірақ ұлт болу үшін оның тарихы, тілі, ділі болу керек. Мысалы, "қазақстандық тіл" дегенді қайдан көрдіңіз? "Қазақстандық тарих" дегенді қайдан естідіңіз? Бұл өлкенің байырғы халқы, мемлекет құраушы халқы қазақ болғандықтан, мемлекеттің атауын өзгерткен жөн. Осы мәселеде бүкіл халық бірігу керек. Иә, әрине әр ұлттың өз тілі, діні, дәстүрі бар. Бұған қатысты біздің мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Тіпті бізде басқа мемлекетте жоқ мүмкіндік жасалған.
Ұлтты мемлекет ішінен біріктіретін ең негізгі алғышарт – мемлекет құраушы ұлттың мүдделерінің ескерілуі. Мысалы, Ресейдегі орыс тілінің мәртебесі биік. Ресейді ел етіп отырған – орыс тілі. Ал бізде жоғары деңгейден бастап, төменгі деңгейге дейін қазақ тілінің мәселесі әлі де ескерілмей келеді. Бұған "қазақстандық" деген ұғымның еркін қолданылуы да әсер етуде. О бастан атау дұрыс болса өзге ұлттарға өз мәдениетінімізді, тілімізді, дәстүрімізді сыйлата алар едік. Өзге елге азаматтары біздің азаматтарымызды "қазақ" деп қабылдайды. Олар "қазақ балуаны", "қазақ әншісі" деп жиі айтады. Ал өзіміз "қазақстандық балуан", "қазақстандық әнші" деген атауды қолданамыз. Өзімізден де қателік бар.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір