24 Қаңтар, 2020 NEWS
Ашық дереккөз
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытайда таралған коронавирусқа қатысты баспасөз жиынын өткізді. Жиында ведомстово өкілдері Қытайға баруды жоспарлаған қазақстандықтарды сақ болуға шақырды.
Министрліктің дерегінше, Қытайда пайда болған коронавирусты жұқтырғандардың саны 830-дан асып, 25 адам көз жұмған.
"Қытайдың Ухань қаласында қоздырғышы коронавирустың жаңа түрі болып табылатын пневмания ауруының көптеген жағдайы тіркелген. Бүгінгі күні жұқтырғандардың саны 830-дан асып, 25 адам көз жұмды. Қазіргі уақытта Қытайдың денсаулық сақтау органдары осы вирустың провинциядан тыс жерлерде кең таралуын болдырмау жөнінде тиісті шараларды қабылдауда. Ухань қаласында және Хувей провинциясының басқа да жақын қалаларында карантин режімі енгізілді. Көлік қатынастарының барлық түрлері тоқтатылды" деді сыртқы істер министрлігінің өклі Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, сыртқы істер минстрлігі Қытайға баруды жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарына тиісті сақтық шараларын қабылдауды және эпидемиологиялық қауіпті жойғанға дейін жұқтырып алу қаупі жоғары Ухань қаласы мен Хувей провинциясына барудан уақытша бас тартуды ұсынады. Бұған қоса, адамдар көп жиналатын орындарға барудан аулақ болу, жергілікті биліктің талаптарын қатаң сақтау қажет. Ал ауруға күдік туған жағдайда дереу медициналық мекемеге барып, Қазақстанның Қытайдағы елшілігіне хабарласу керек.
Ведомство өкілінің айтуынша, Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі СІМ-мен бірлесе отырып, Қытайдағы эпидемиологиялық жағдайды мұқият қадағалауда.
- Аурудың елімізге жетіп, таралу қаупін алдын алу мақсатында Қазақстанда санитарлық эпидемияға қарсы және профилактикалық шаралар кешені қаралып жатыр. Қазақстандағы әуежайларда санитарлық карантиндік бақылау жүзеге асырылуда. Барлық жолаушы тепловизор сканерінен өтуде, бұл Қытайдан келетін рейстерге күшейтілді, - Смадияров.
Қытайда тарай бастаған коронавирустар 1960 жылдардан бері белгілі. Белгілері әдеттегі тұмауға ұқсайды: адам жөтеліп, ентігіп, қалтырайды, тыныс алуы нашарлайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа вирусқа байланысты жаһандық төтенше жағдай жариялау мәселесін әлі талқылап жатыр.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір