• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

13 Қараша, 06:03:27
Алматы
+12°

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Жамбыл облысында «Арқан» автоматтандырылған мобильдік кешені қолданысқа енгізілді. Елімізде тұңғыш рет іске қосылып отырған кешеннің құны 160 миллион теңгені құрайды. Бұл қаржыға 10 жол-патрульдік полициясы автокөліктеріне аталған кешен орнатылған. Бұл көліктер алдағы уақытта республикалық маңызы бар автожолдардың бойында жүріп, құқық бұзушыларды анықтамақ.

Мобильді кешеннің жол қозғалысы ережелерін бақылауда мүмкіндігі мол. Мәселен, жүріп өткен көлік құралдары туралы барлық ақпарат полиция департаментінің серверінде автоматты түрде сақталатын болады. Сондай-ақ нөмір, маркасы, моделі немесе түсі бойынша көлік құралдарын іздеуге сұрау салуды жүзеге асырып, жүргізушінің жылдамдықты асыру дерегі автоматты тіркеледі. Бұдан өзге бұрын жасалған әкімшілік құқық бұзушылық үшін борышкерлер тізімінде болуы автоматты түрде тексеріледі. Сонымен қатар айыппұл туралы деректер мен бейнеақпараттар деректерді өңдеу орталығына және Бас прокуратураның бірыңғай тізіліміне полиция қызметкерінің қатысуынсыз автоматты режимде жіберіледі. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықты азайтуға мүмкіндік береді екен.

– Өздеріңіз білетіндей, біздің міндетіміз қоғамдық тәртіпті сақтау ғана емес, сонымен қатар жол қозғалысын ұйымдастыру. Бүгінгі күні біздің алдымызда ең маңызды екі мәселе тұр. Оның бірі кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс болса, екіншісі жол-көлік оқиғалары. Себебі, биылғы жылы жол-көлік апаттарында қаза болғандар саны артып отыр. Жүргізілген талдауға сәйкес әрбір үшінші жол апаты жүргізушілердің жылдамдықты арттыру себебінен орын алған. Осыған орай, біз облыс әкіміне жолдағы апаттылық деңгейін төмендету мақсатында автоматтандырылған мобильді кешенді орнату үшін қаражат бөлу туралы ұсыныспен шыққан болатынбыз. Нәтижесінде аталған ұсыныс қолдау тауып, мобильді кешен бүгінгі күнге республикалық маңызы бар автожолдардың батыстан шығысқа 500 шақырым, оңтүстіктен солтүстікке 400 шақырымда қызмет көрсететін 10 патрульдік автокөлікке орнатылды, – дейді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев.

Арман Молдиярұлының сөзіне сенсек, мобильді кешеннің біздің өңірде енгізілуі бекер емес екен. Себебі, аймақта жол көлік апаттарынан адам қайтыс болғандардың саны биыл 28 пайызға артып кетіпті. Оның ішінде әрбір 3-ші апаттың орын алуына көлік жүргізушілерінің жылдамдықты шамадан тыс арттыруы себеп болған. Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда автокөлік апаттары азайған. Яғни, өткен жылдың дәл осы кезеңінде 1666 оқиға тіркеліп, 132 адам ажал құшқан. Ал биыл 1161 оқиға орын алып, 169 азамат өмірмен қош айтысыпты.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір