• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 16:59:53
Алматы
+12°

Бүгін, 19 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда журналистер сұрағына жауап берген Атырау облысының бұрынғы әкімі Нұрлан Ноғаев 2016 жылы жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсы Атырауда өткен митингіде жергілікті белсенді Макс Боқаев пен Талғат Аянға берген уәдесін орындағанын айтқан еді. Ноғаев журналистерге "Мен Талғат Аян мен Макс Боқаевқа берген уәдемді орындадым. Мен оларға митинг материалдары бойынша қылмыстық қудалауға ұшырамайтынын айттым және сөзімде тұрдым.  Олар  Қылмыстық кодекстің басқа бабы бойынша жауапқа тартылды" деп мәлімдеген. 

Атырауда жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсы митингіні ұйымдастырып, кейін сол үшін сотталып шыққан қоғам белсендісі Талғат Аян Ноғаевтың мәлімдемесіне қатысты әлеуметтік желі арқылы жауап берді. Аян Youtube-тағы арнасына жүктеген видеода Ноғаевтың сөздері шындыққа жанаспайтынын, Макс Боқаев пен өзінің үстінен қозғалған істе "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыптау болғанын айтты. 

"Бүгін Нұрлан Ноғаев 2016 жылы алаңда берген уәдемде тұрдым деп айтыпты. Естеріңізге сала кетейін, 2016 жылы 24 сәуірде Атыраудағы "Махамбет" алаңында "Жеріміз шетелдіктер сатылмасын, жалға берілмесін" деген талаппен митинг болған. Сол жерге билік атынан келген Нұрлан Ноғаев халыққа, бізге "ешкім қудаланбайды, ешкім сотталмайды" деп уәде берген. Енді қазір сол уәдемде тұрдым деп сұхбат беріп жатыр екен. Мен мұны жалған деп есептеймін. Ол кісі уәдесінде тұрған жоқ. Себебі Макс Боқаев әлі түрмеде отыр. Өзім екі жыл отырып шықтым. Нұрлан Ноғаев журналистерге берген сұхбатында "олар басқа баппен сотталды" деп айтыпты. Егер менің сот үкіміме назар аударатын болсаңыздар, бізді 174, 274 және 400-бап бойынша соттады. Оның ішінде 400-бап – "митингіні заңсыз ұйымдастыру" деген бап. Яғни, біздің сот үкімімізде 24 сәуір күні "Исатай мен Махамбет" алаңында жасаған митингіміз үшін, сол митингіде сөйлеген сөзіміз үшін, сол митингіге шақырған үшін сотталды деп айқын жазылған" – дейді Талғат Аян. 

Қоғам белсендісі "Ноғаевтың берген уәдесінде тұра алмағы үшін кінәсі жоқ болғанымен, "Уәдемде тұрдым" деп жалған ақпарат таратудың қажеті жоқ" деп есептейтін айтты. 

"Әрине, бізді соттаған Ноғаевтың жеке өзі емес. Бізді соттаған – сот билігі. Бұл – нағыз саяси шешім болды. Бізді соттаған, тіпті, сот емес, бізді соттаған – Ақорда. Бірақ Ноғаевтың бұл жерде кінәсі болмаса да, "Мен уәдемде тұрдым" деп жалған ақпарат таратудың қажеті жоқ" – деді Аян. 

Кеше, 18 желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Нұрлан Ноғаев Атырау облысы әкімі қызметінен босатылып, энергетика минитрі болып тағайындалды.  Ноғаев 2016 жылдың наурызынан бері Атырау облысы әкімі қызметін атқарды. Ол әкім болып тағайындалған соң бірнеше айдан кейін Атырауда халық жерге қатысты митингіге шығып, биліктен жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсы болған. Ноғаев сол кезде наразылармен кездесіп, "митингіге қатысқандар қудаланбайды" деп сендірген. Бірақ кейін Атыраудағы жер митингісіне қатысқан Макс Боқаев пен Талғат Аян "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен бес жылға сотталған. 2018 жылы сот Талғат Аянның түрмеден уақытынан бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырып, оның жазасын шартты түрге алмастырған. Макс Боқаев "қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын" айтқан. Ал 2019 жылы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты.

Мият Кәшібай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір