• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 13:44:03
Алматы
+12°

«Педиатрия және балалар хирургиясы  ғылыми орталығы» баспасөз қызметі

Бүгін Алматыдағы Педиатрия орталығында медицина ғылымдарының докторы, профессор, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Бас ғылыми қызметкері, ҚР Еңбек сіңірген дәрігері Хабижанов Болат Хабижанұлының 80 жылдығына орай салтанатты жиын болып өтті.

Жиынға орталықтың басшылық құрамы, дәрігерлер мен қызметкерлер, ғалымның достары мен әріптестері, сонымен қатар шәкірттері қатысып, мерейтой иесін мерейлі жасымен құттықтады. Жүректен шыққан ақжарма тілектерін арнап, құшақ-құшақ гүл шоқтарын табыс етіп, сыйқұрмет көрсетті. 

Салтанатты жиынға арнайы қатысқан С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин мерейтой иесінің денсаулық саласына сіңірген еңбегін атап өтіп, қоғамдық денсаулықты дамытуға және Қазақстан республикасының денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға қосқан үлесі үшін Болат Хабижанұлын «Университет мақтанышы» төсбелгісімен марапаттады. Оқу орын басшысы құттықтау алғы сөзінде сондай-ақ ардақты ұстаз оқу орынның "Алтын" кітабына енетіндігін және Болат Хабижанұлының есімі университеттің "Даңқ" аллеясына жазылатындығын атап өтті.

а

Болат Хабижанұлы сонымен қатар, халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауға сіңірген абыройлы еңбегі үшін Ұлттық Медициналық қауымдастығының жоғары марапаты  «Алтын дәрігер» медалімен марапатталды.

Шара барысында мерейтой иесін сондай-ақ, "Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің" ұжымы, «Астана медицина университеті» ұжымы мен әр облыстан келген шәкірттері мен әріптестері құттықтады.

Жиын барысында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева Болат Хабижанұлының қызмет жолы мен орталыққа сіңірген еңбегін атап өтіп:  «Құрметті Болат Хабижанұлы! Біз Сізді мақтан тұтамыз. Сіздің жемісті еңбегіңізге, сирек кездесетін басқарушылық қасиетіңізге, белсенділігіңізге, атқарып жатқан игі істеріңізбен, педиатрия саласына білікті мамандар дайындау ісіне қосып жатқан үлесіңізге тәнтіміз. Сіздің Қазақстан педиатриясы саласына сіңірген еңбегіңіз орасан зор. Шын жүректен Сізге зор денсаулық, отбасыңызға бақыт, балалар саулығы жолындағы қызметіңізге мол табыс тілейміз!», деді.

Мұғалім мен дәрігер  бұл адамдарға денсаулық пен білім беретін ең маңызды және ең құрметті мамандықтар. Бұл екі мамандық Болат Хабижанұлының өмірінде жемісті қабыса білді. Ғалымның ұзақ еңбек жолы бүгін де жемісті жалғасын тауып келеді. Ұзақ жылдар бойы алған білімі мен жинаған тәжірибесін жастарға үйретуден шаршамай келеді. Бар ғұмырын балалар денсаулығына арнаған, құрметті оқытушы-профессор Болат Хабижанұлының басты жетістігі  сан мыңдаған құтқарылған өмір, мыңдаған алғыс пен ризашылық жүрек, бүгінде дәрігер атанып отырған, өнегесі мен жолын жалғастырар мыңдаған шәкірттері.

«Ғалымның хаты өлмейді» десек, Болат Хабижанұлының жүздеген зерттеу жұмыстары, ғылыми еңбектері, «Педиатрия» мен «Кардиоревматология»  саласында қазақ тілінде жазылған  оқулықтары жас мамандар, жас ұрпақ үшін мәңгі құнды мұра болып қалмақ.

«Педиатрия және балалар

хирургиясы  ғылыми орталығы»

баспасөз қызметі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір