• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 01:04:03
Алматы
+12°

Психологияны шоуға балап, тренинг пен коучтың қарасы күн артып көбеюде. Осы тақырыпта сұрақтардың жауабын Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі психолог, академик Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ докторанты  Салтанат Кеңесбековадан сұраған болатын.

 Салтанат ханым, Алматыға қош келдіңіз!

"Әр жүректің кілті бар, таппай жүрген өзіміз" деген едіңіз кездесу барысында.  Сұхбатымыздың әлқисасын осыдан бастасақ...

– Психология ғылымы сан алуан заңдылықтар негізінде жантанудың көптеген әдістемелерін ұсынуда. Соның бірі – бейсанадан мәлімет алу. Бұл  З. Фрейдтің еңбектерінде жақсы көрініс тапқан. Қарапайым тілмен айтқанда адамның қылығы, сөзі, ұнатқан түсі, ішкен асы, сүйікті ісі және сол сияқты дара ерекшеліктері оның бейсанасындағы ойдан ақпарат беріп тұрады. Ал, адам өзінің шындығымен бетпе бет келіп қалудан үрейленген жағдайда саналы түрде өзі туралы ойды бұрмалап, өзін-өзі алдап, орта жастағы дағдарысқа дейін жүре береді. Адам ағзасы мен жаны өзара келісімге келмеген жағдайда "агрессия", "стресс", "депрессия", "конфликт", "ауру" ұғымдарымен дос болады.

Менің әр жүректің кілті бар, таппай жүрген өзіміз  деп айтуым  – жүрек көзін ашып, сезімнің де оймен қатар салтанат құруына жағдай жасау керек деген ойым еді.

– Психологтар соңғы кездері адамның ойын сканерлейтін "Нейроцит" аппаратын айтып жүр. Біздің қоғамға аппараттың пайдасы бар ма?

– Қазір ғылым мен техника күн сайын қарқынды дамып жатыр. Соның ішінде психология ғылымының да жаңалықтары аз емес. Полиграф, өтірік детекторы, нейроцит сияқты адамның психофизиологиялық жағдайын зерттеуге көмектесетін техникалық құралдар бар. Бұл психологтар мен психотерапевтердің психодиагностикалық жұмысын жеңілтету үшін қажет. Осындай техникалық құралдардан басқа, адам жанын тануға, сауықтыруға, дамытуға жағдай жасайтын  түрлі электронды бағдарламалар бар.

Бұлардың барлығы психофизиология заңдылықтары негізінде құрылған. Сондықтан, пайдасы бар деп ойлаймын. Бірақ, осы аппараттардың мәліметтері шындыққа жанаспай жататын кездері болады. Адам жаны – тылсымға толы күрделі процесс. Оны тек мидың, жүйке жүйе қызметінің көрінісі деп қана қарастыруға болмайды. Онда адам заттанып кетіп, физиология ғылымының зерттеу объектісіне ғана айналады.

Пихолог мамандар адам жанымен жұмыс жасағанда жаратылыстану, гуманитарлық ғылым заңдылықтарын, ұлттық, жас, жыныстық ерекшеліктерді есепке алып жұмыс жасайды. Ал мұндай күрделі міндетті жауапкершілікпен атқаратын аппарат әлемде әлі жоқ деп ойлаймын.

Салтанат семинарда

– Ер мен әйелдің психологиялық ерекшелігі өте үлкен. Ми қызметі де әртүрлі болады. Осы себептен жастар жиі ажыраса ма?

– Әлбетте. Жоғарыда айтып өткенімдей, адам өзінің дара ерекшеліктерін, қажеттіліктерін тануға ұмтылмаса жануар инстинктпен өмір сүреді. Еркек пен әйелдің психикасы бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Туғанынан бастап физиологиялық, психологиялық дамуы алма кезек жүріп отырады. Мәселен, 7 жасқа дейін ер бала физиологиялық жағынан ерте жетілетін болса, қыз баланың психологиялық жағынан ерте есейеді. Осылай өмірінің соңына дейін екеуінің дамуы қарама-қарсы сипатта болып отырады.

Құрдас ерлі-зайыптылардың тіл табыса алмауы осыған байланысты. Оған қоса ми қызметі де ерекше болады. Ер адамдардың ойлау жүйесінде реализм, логика басым. Ал, нәзік жандыларда шығармашылық ойлау, қиял басым. Әйелдердің ойы мидың екі бөлігіне алма кезек жүгініп отырады. Реализм, қиял, логика, шешім деген сияқты. Ер адамдар бір ойланғанда мидың бір бөлігінің қызметін ғана пайдаланады. Осы ерекшелікті ескермегендіктен келісімге келу қиындай береді.

– Қазіргі уақытта екінің бірі тренинг пен коуч өткізу үрдісін бастады. Кәсіби маман емес, кез-келген адамның психология тақырыбында семинар өткізу қаншалықты қауіпті ме ?

– Тренинг пен коучтардың көбісін өткізіп жүргендер, кәсіби психология өкілдері емес екендерін ескерейік. Айтатындары тұрмыстық психология төңірегіндегі ой, пікірлер. Мен біразының жұмысын бақылап көрдім. Жаман нәрсе айтып жүрген жоқ. Жақсы ойлайық, өзімізден бастайық, салауатты өмір салтын сақтайық,дегеннің несі жаман?!

 Психологтар арасында: "Психологияға бақытсызық алып келеді", – деген қағытпа сөз бар. Осыған байланысты 2 нәрсені ескеруіміз керек:

1) Тренинг өткізуші өз бақытсыздығын жеңді ме, әлі күресуде ме? Жеңсе сізді жеңіске жетелейді.  Ал бақытын таппаса, бірге адасасыздар. Тура жол тапқанша қанша уақыт, капитал кетеді.

2) Психология – ғылым. Онда діни ұғым, шоу жоқ. Заңдылық бар.  Құдай, дін деген сөздерді айта бастаса немесе түрлі-түсті киім киіп, жүйелі, жүйесіз сөз айтып  есті шығара бастаса, онда сіз психологтардан емес, "психтардан" тәлім алып жүрсіз.

Осындайда ара-жігін ашып беретін әлеуметтанушылар да үнсіз қалмаулары тиіс. Олардың түпкі ниетін зерттеп, кімдермен, қалай байланыс жасап жүргендерін бақылап көру керек. Себебі, халық деген бала сияқты, қызыл-жасылдың соңынан тез еріп кетеді. Психологиядан хабары бар шоумендерге халықтың басынан сипап, қалтасын қағып алу түк емес.

"Кәсіби мамандар неге солай алаңға шығып, адам жинамайды?" – деп ойланып көрдіңіздер ме? Себебі, кәсіби маман психолог үшін адамдар бір-біріне мүлде ұқсамайтын психика иесі, клиенттердің жасы, жынысы, мінезі, темперамент типтері, өмір тәжірибесі, жеке бас мәселесі түрлі, түрлі болатынын біле тұрып, бір қазанға салып, қайната алмайды. 

Психология – мотивация ғана емес, бұл – ғылым!

Салтанат психолог

– Сізден психологиялық кеңес алатын адамдарды қандай сұрақ мазалайды?

– Маған келетін адамдарды негізгі проблемасы – үрей, комплекс. Тіпті, өзінің дұрыс әрекетін жоққа шығарады. Менікі дұрыс деп айтудан қорқады. 

– "Мотивация", "Визуализация", "Аффермация" деп иллюзиялық өмірді қолдан жасап алған жоқпыз ба?

– "Мотивация", "Визуализация", "Аффермация" ұғымдары психологияның жан сауықтыратын, тұлғаны дамытатын әдіс-тәсілдері.

Адам тәні ауырғанда дәрігерге барады. Дәрігер жазып берген "Дәрі -дәрмектерді неден жасалған?" – деп сұрамастан сатып алып, ішеді және жазылатынына сенеді. Медицина ғылымының жетістіктері екенін біледі. Дәл сол секілді психология ғылымы да адам жанын сауықтыруда түрлі әдіс-тәсілдерді негіздеп, практикада қолданады. Сондықтан, неге олай, неге бұлай деген сұрақтармен уақыт жоғалтқанша, психолог айтқан тапсырмаларды орындап, нәтижесін көрген дұрыс.

Ал иллюзиялық өмір – адам бейсаналық тұрғыда сенбей, өзіне психологиялық қысым көрсеткенде пайда болады. Жоғарыда айтқан өзіне қажет емес тренинг, семинарларда жүре берсе, ой арманынан адасып, өзін жоғалтады.

– Бақытты отбасының формуласы?

-– Симпатия+Эмпатия-Амбиция=ГАРМОНИЯ

Сұхбаттасқан: Ақтолқын Тажикова

Ақтолқын Тажикова

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір