• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 22:21:00
Алматы
+7°

Фото PhD доктор Қуантар Алихановтың жеке мұрағатынан алынды

а

Биылғы жылдың тоғыз айында мал дәрігерлерінің жалақысы 23 пайызға артып, 112 мың теңге болды, деп жазады Finprom сайты. Алайда бұл елдегі орташа жалақыдан (181,9 теңге) әжептәуір төмен. Инфляцияны ескергендегі сатып алу қабілетінің өсімі 16,7 пайызға тең. Жалақы төмендігінің салдарынан ветеринария секторында маман тапшы. Бүгінде барлық дерлік өңір кадрдан таршылық көріп отыр.

Ветеринария саласында 87 мыңнан астам адам еңбек етеді. Аталған сектордағы қызмет көлемі жарты жылда 15,9 млрд теңгені құраған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңдегі көрсеткішке (18,6 млрд) қарағанда аз. 17 аймақтың 10-ында қызмет көлемі кеміген. Ветқызмет көлемі артқан өңірлер қатарында Түркістан (+32,8% 1 жылда), Атырау (+25,6%), Қостанай (+15,5%) және Ақтөбе (+13,6%) облыстары бар.

Мал дәрігерлерінің тапшылығы әсіресе Ақтөбе облысында ерекше сезілуде. Облыста ветеринарлармен қатар агроном, зоотехник, машинист сынды 400 маман жетіспейді. Фермерлер сөзінше, мәселе шешімін таппаса, таяу уақытта аймақта мал шаруашылығымен айналысатын адам қалмайды.

Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжі директорының оқу-әдістеме бойынша орынбасары Айгүл Балмағамбетованың айтуынша, агро өнеркәсіптік кешенмен байланысты мамандықтарға жастар барғысы келмейді.

– Бізде ауыл шаруашылығына балалар аз барады. Мал дәрігері, агроном мамандықтарының жұмысы оңай емес. Ал жалақысы аз, шамамен 70-80 мың теңгенің айналасында. Сондықтан ауыл шаруашылығы мамандықтарының мәртебесін көтеру қажеттігі туып отыр, – дейді ол.

Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің 3-курс PhD докторанты, АҚШ, Белорусь, Польша елдерінің ветеринарлық дәрі-дәрмектерінің Қазақстандағы дистрибьюторы «Югветсервис-2015» компаниясының қызметкері Жұлдыз Кұрманбекованың пікірінше, ветеринарлық салаға қатысты қоғамдағы қалыптасқан кейбір пікірлер қате.

– О баста бұл салаға келгенде докторлыққа дейін оқимын деп ойламадым. Сөйтсем, ветеринарлық сектордың да қызығы аз емес екен. Бұл сала ғылыми жаңалықтардың ұдайы өндіріске еніп, іс жүзіне асып жататынымен қызық. Кей жастарға ветеринарияның болашағы бұлыңғыр болып көрінетіні жасырын емес. Әлбетте, өндірістік салада шешімін табуы тиіс мәселе баршылық. Ал ғылыми ветеринария елде кенжелеп қалған деген пікірмен келіспеймін. Бұл салада да түрлі жобалар, зерттеулер, гранттар, бағдарламалар бар. Өз басым зерттеу жұмысымен АҚШ-та, Словакия, Австрия, Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Украина, Белорусь елдерінде болып, шетелдік мамандармен тәжірибе алмастым. Шетелдік әріптестермен жұмыс істегеннен түйгенім, оқуды жаңа бітірген мамандарды шетелге шығарып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берудің пайдасы мол, – дейді Жұлдыз Кұрманбекова.

жұлдыз

Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің 3-курс PhD докторанты Жұлдыз Кұрманбекова

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD доктор Қуантар Алиханов та елде ғылыми ветеринария жақсы жолға қойылғанын, алайда өндірісте мал дәрігерлері тапшы екенін айтты.

– Маман тапшылығының бір-біріне байланысты бірнеше себебі бар. Әуелі көп мәселе жалақыға келіп тіреледі. Ветмамандардың жалақысы әлі де аз. Маман тапшылығына әсер етуші екінші фактор – урбанизация үрдісі. Жастар ауылда тұрғысы келмейді. Оған сайып келгенде ауылдағы жай-күйдің нашарлығы, жалақының төмендігі себеп. Осының салдарынан жас мамандар жетіспейді. Ауылдық жерлердегі мал дәрігерлерінің басым көпшілігі үлкен кісілер, – деген ғалым ауыл шаруашылығы мамандықтарына грантқа түскен студенттерді 3 жыл сол мамандық бойынша жұмыс істеуге міндеттейтін нормадан үлкен үміт күтетінін жасырмады. – Бұрын ауыл квотасы бойынша грантқа түскендерге 3 жыл ауылда еңбек ету міндеттелетін. Қазір бұл талап ауыл шаруашылығы мамандықтарында грантта оқитын барлық студенттерге енгізілді. Бұл – жақсы бастама. Алайда Серпін бағдарламасындағыдай грант үшін оқуға түсіп алып, жоғары курстарға келгенде өзге мамандықтарға ауысып кететіндер болуы мүмкін. Сондықтан осы мәселе әлі зерделеуді қажет етеді, – деп атап өтті ол.

а

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD доктор Қуантар Алиханов

Сондай-ақ Қуантар Алиханов гранттарды бөлу мәселесіне назар аударды.

– Медицина саласына қатысты мамандық гранттарын бейіндік ведомство – денсаулық сақтау министрлігіне бекіткен сияқты ауыл шаруашылығы мамандықтарын да сәйкес орган – ауыл шаруашылығына бекіткен жөн болар еді. Өйткені ол жердегілер саладағы нақты жағдайды жақсы біледі. Қолдарында қай жерде, қандай маман жетіспейтіні туралы ақпарат бар. Егер бұл жүзеге асса, нақты жағдай бойынша грант бөлініп, нысаналы жұмыстар жүргізілер еді, – дейді ғалым.

Оның сөзінше, бүгінде ветеринария мамандарының арасында ер балалардың жетіспеушілігі өте өткір мәселеге айналған.

Ветеренариядағы көкейтесті проблеманың бірі – өңірлердегі мал дәрігерлерінің біліктілігін арттыру мәселесі.

– Бюджеттен қыруар қаржы бөліп, әрбір мал дәрігерін университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарға жіберу тиімсіз. Оның орнына орталықтағы білікті мамандарды аудандарға, ауылдарға аттандырып, сол жақтағыларға бір-екі апта семинар жүргізіп, үйретсе анағұрлы өнімді болар еді. Әрі қаржы да үнемделеді. Бір адамды ауданға жіберіп, елу адамды оқытқан арзан ба, елу ветеринарды қалада оқытқан арзан ба? Ойлана беріңіз, деген ғалым ветеринария саласында профилактиканың ақсап тұрғанын да атап өтті. – Бізде профилактика дұрыс жасалмайды. Қазір сүйелді дерматит ауруы өршіп тұр. Бүкіл Қазақстанға тарап бара жатыр. Ол алдын алу, сақтандыру жұмыстарының дұрыс жүрмеуінің кесірінен шыққан. Мал ұстайтын жекелеген адамдардың көбі ресейлік арзан екпелерді қолданады. Ал олардың ауруға қарсы тұратын ешқандай күші жоқ. Тиімділік нөлге тең. Осылайша, ауру тарала береді. Оның орнына өзіміздің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты шығатын екпе вакциналарды қолданса, малдар ауырмайды. Осыны бір ізге түсіру өте маңызды. Сондай-ақ дезинфекция шаралары да шаруашылықтарда дұрыс жасалынбайды. Әрі оны бақылап жатқан ешкім жоқ. Осылардың салдарынан түрлі ауру ошақтары шығып жатыр. Сондықтан ветеринария бөлімдері мен инспекцияларын ірілендіріп, өкілеттілігін арттыру қажет. Аурулардың профилактикалық, сауықтыру-дезинфекциялық шаралар кешенін шаруашылықтар мен фермаларда жүйелі түрде жүргізуді жолға қою керек, – дейді ғалым.

Қуантар Алихановтың айтуынша, жас маманды жұмысқа тартудың басты шарты – оларды ынталандыру тетіктерін жетілдіру.

– Жастарға материалдық тұрғыда қолдау болса, олар ауылға барады. Ол үшін баспана мәселесін шешіп, көтерме жәрдемақылар тағайындау қажет. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының көтерме жәрдемақыларын жоғарылатып, оларды рәсімдеуді жеңілдетіп, қағазбастылықты азайту керек. Сонда жастар осындай бағдарламаларға қатысады. Олардың көбі басында «3-5 жылға ауылға барып, кейін көшіп кетермін» деп ойлауы мүмкін. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, олардың басым көпшілігі сол жақта отау құрып, жеке кәсіптерін дөңгелетіп, жұртпен араласып, бір сөзбен айтқанда ауылға сіңісіп кетіп жатыр.

Ынталандырудың тағы бір тәсілі – рейтингтік жүйе енгізу. Белгілі бір тұрақты жалақы белгілеп, жұмыс өнімділігіне қарай үстеме қосылып отырса, мамандарда жұмыс істеуге деген құлшыныс пайда болады. Айталық, ауданда 100 бас ірі қара бруцеллезбен ауырады делік. Келесі жылы соны 80-ге түсірсе, онда белгілі бір көлемде материалдық тұрғыда ынталандыру көрсетілсе. Немесе ауыл тұрғындары арасында ветеринардың жұмысын бағалау жүргізіліп, соның негізінде жалақыға үстемақы төленіп отырса мал дәрігерлері жұмысты құлшынып істер еді, – деп ойын білдірді Қуантар Алиханов.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір