• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 03:13:07
Алматы
+12°

22 Қараша, 2019 Барлық аймақтар

Журналистер өз мүддесін түгендегіш мінезден арылуы керек пе?

Негізі кәсіби журналистердің саяси және құқықтық сауаттылығы маңызды рөл атқарады.

Соңғы жылдары журналистердің қоғамдағы беделі мен кәсіби біліктілігіне қатысты сыни пікірлер жиі айтылып жүр. Біз осы орайда айтқан пікірлерді жаңғыртпай-ақ, есті жандарға құлаққағыс ретінде, бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы екенін жадымыздан шығармай, орынды ой толғап, орамды түйін түюді мақсат еттік.

Біздің елдегі қалыптасқан қайшылықты жағдай – кез келген тұлға, ол мемлекеттік қызметкер, шенеунік болуы мүмкін немесе ұжым жұмысы туралы БАҚ-та сын айтылса, олардың өре түрегеліп, болған оқиғаны жаппай бір ауыздан жоққа шығару деректерінің жиі кездесуі. Орын алған келеңсіздікті мойындамай, оны жауып-жасырғаннан ол тұлғаға немесе ұжымға келер пайда қайда? Біз айтып отырған келеңсіздік туралы жазушы Б.Кенжеев былай дейді: «Постсоветскому пространству своиственно обидчивость. Как только кто-то критикует Казахстан или Россию, все тут же огорчаются, ка только похвалит – все начинают гордиться. А вот какая-нибудь Франция хвалу и клевету приемлет равнодушно – никак на это не реагирует. Причина в наших комплексах.

В Америке, в которой я сейчас живу, или в Канаде, где я долгие годы прожил, вообще считается хорошим тоном ругать страну, правительство, говорит все время о недостатках. Но Нью-Йоркской полиции, думаю, и в голову не придет написать обиженное письмо в газету, если ее будут ругать за то, что она слишком много арестовывает. Там скорее всего, созовут совещание и начнуть думать может быть, мы в чем-то действительно неправы?» (Central Asia Monitor, Сара Садык «Бакытжан Кенжеев о казахском в себе, об СССР...», 10.07.2017)

Ал қазіргі таңда журналистикада жоғары бағаланатын ұстанымдарды былайша жіктеуге болады:

Біріншіден, бейтараптық көзқарас қағидасын ұстану;

Екіншіден, журналист оқырманның, көрерменнің, тыңдарманның сеніміне селкеу түсірмеуі керек.

Осы жоғарыда айтылған екі қағидаға орай ресейлік журналист А.Венедиктовтың мына пікірі сөзімізді толықтыра түседі: «Нейтральным можно быть только в том государстве, где нет государственных СМИ, да и то не обязательно, потому что там всем предоставляется возможность высказать свою позицию.

А кто народу будет объективно освещать? Должны оставаться издания, которым доверие аудитории важнее, чем любовь. Люди обычно любят тех, кто думает, как они. А доверие – это когда человек знает: они мне расскажут все как есть. Вот мы боремся за доверие». (О.Дамаскин Нейтральная позиция журналистов, 16.12.2013, obdamaskin.livejournal.com)

Үшіншіден, журналистің өз кәсібіне деген адалдығы. Бұл туралы тележурналист Дархан Әбдік былай дейді: «Азат адамдардың қоғамында репутация маңызды. Бүгін кәсібінде өтірікке барған адамның сөзіне ертеңгі күні ешкім сенбеуі керек. Ол адам сол кәсіптен өзі кетуге мәжбүр болуы керек. Ол мейлі журналистика, саясат немесе бизнес болсын». (Дүтбаева Н. «Бүгінгі журналистика: қонысы мен өрісі», «Қазақ әдебиеті» газеті, 23.06.2017 жыл)

Төртіншіден, «бір елі ауызға төрт елі қақпақ»;

Бесіншіден, этика мәселесі тікелей журналистің ішкі цензурасынан бастау алатыны жасырын емес, яғни оның ішкі мәдениеті жоғары болуы керек.

Алтыншыдан, қазіргі кезде сөз қадірін түсінер, сөз парқын бағалар журналистер аз дегенді жиі естиміз. Бұл пікірдің жаны бар, бірақ ең қауіптісі - қазіргі қалам ұстаған жандардың абайламай сөз айтып, көпшіліктің обалына қалуы болар еді.

Этика мәселесіне келгенде қазіргі таңда журналистер тарапынан жиі орын алатын кемшіліктерді төмендегідей топтастыруға болады:

Біріншіден, бүгінгі күнде журналистика кәсібін өзінің жеке бас мүддесіне пайдалану жайттары көптеп кездеседі. Журналист Қасым Аманжол айтпақшы, «Журналистика арқылы өз мүддесін түгендегіш мінезден арылу қажет».

Екіншіден, журналистердің жеке тұлғалардың жеке басына тиісу және танымал тұлғалардың отбасылық проблемаларын сөз ету деректері жиіледі, бұл олардың сөз бостандығы деңгейінің қаншалықты екенін көрсетеді.  

Үшіншіден, асығыс байлам жасау, болған оқиғаның ақ-қарасын тексермей жаһанға жар салу.

Төртіншіден, әсіресақтық, бұл туралы танымал журналист Дәурен Қуат былай дейді: «журналистердің өзін-өзі шектеп, өздеріне өздері цензура қойып алғаны рас. Бұның өзі біздегі «көзге көрін­бейтін» цензураның пәрменінен шығып отырған жайт. Ақпараттың еркін тарауы үшін, сөз бостандығы үшін, әрбір өткір мақала үшін журналист пен бас редактор барын салып күреспесе, қарсы тұрмаса, онда цензура күшейе береді. БАҚ өледі. Расында, БАҚ қызмет­керінің жеке басының қауіпсіздігі мен тыныштығы халыққа  шынайы ақпарат жеткізуге  кедергі болмауы керек!»(Имамбаева Д.Бүгінгі БАҚ және сөз еркіндігі, «Ақиқат» журналы, 28.09.2016). Ал ресейлік «Эхо Москвы» радиостанциясының бас редакторы Алексей Венедиктов бұл мәселе туралы: «Главная проблема российских медиа – это самоцензура; люди пугаются раньше, чем что-то происходит. Но это профессия не для пугливых. Вы всегда наступаете на чьи-то интересы, даже если пишете о балете. Журналистика – одна из самых рискованных профессий в мире»(О.Дамаскин Нейтральная позиция журналистов, 16.12.2013, obdamaskin.livejournal.com).   

Бесіншіден, сөз бостандығы деген ұғымға жеңіл-желпі қарау. Ал шын мәнінде «Сөз бостан­дығы дегенде, шындықты айтуға кім қабілетті, кім құзыретті?" деген мәсе­лені естен шығармау керек. Мейлі ол журналист болсын, басқа болсын, сол жазайын деп отырған шындықтың өзе­гіне санасымен бойлай алса, кеңінен қарап, оны қоғамдағы заңдармен үйлес­тіріп айта алса, сөз бостандығын пай­далану деген осы. Ал, шындықты тек маман ғана айта алады. Айталық, тәуел­сіз басылымдардың сөзі өтімді бо­луы­ның бір себебі, онда жазатындардың көбі кәсіби журналист емес, белгілі бір са­ла мамандары. Жалпы, сөз бостандығы қоғамның саяси-азаматтық деңгейімен де анықталады» (публицист-философ Әбдірашит Бәкірұлы) (Имамбаева Д. Бүгінгі БАҚ және сөз еркіндігі, «Ақиқат» журналы, 28.09.2016).

Бұл жерде кәсіби журналистердің саяси және құқықтық сауаттылығы маңызды рөл атқарады.

Алтыншыдан, қазақ журналистерінің өзара ауызбіршілігінің жоқтығы, журналистік ынтымақтастықтың болмауы дер едік. Бұған бүгінгі күнде бұл бағытта қордаланып қалған мәселенің көптігі айғақ болады. Әлі күнге дейін журналистер мәртебесінің айқындалмай отыруының бір ұшығы да осында жатқан сияқты.  Осы орайда ащы да болса шындық журналист Қасым Аманжолдың мына пікірін алға тартсақ артық етпес: «Журналистердің мамандық деңгейінде бір-біріне жаны ашымайтын дәрежеге жетуі, жай ғана әріптестік тұрғыда да көмек көрсетуге құлықты болмауы – олардың дәрежесінің түсіп, жай ғана орындаушы ұсақ-түйек функционерге айналғанын білдіреді».

Журналист мәртебесіне қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: "Бұл өте өзекті мәселе. Бұл мәселені жақсылап қарауымыз керек. Мен үкіметке тиісті тапсырма беремін. Келешекте, егер қажет болса, журналистердің мәртебесі туралы тиісті заң қабылдаймыз. Не болмаса, мен өзім президент ретінде шешім қабылдаймын", - деген пікірі көкейімізге үміт отын ұялатады.

Ел мүддесін түгендер журналистердің өзінің кәсіби жоғын түгендеуге келгенде құлықсыздық танытуы, ынтымақтастық танытпауы - бәрімізді ойландыратын мәселе.

Орынтай Ошанова,

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір