08 Қараша, 2019 NEWS
Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығын Қазақстан Республикасында атап өту және оған дайындықты ұйымдастыру жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті – Qamshy.kz ақпарат агенттігі деп хабарлайды, Үкімет басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштердің Бас штабының бастығы Мұрат Бектанов тиісті шаралар жоспарының жобасы туралы ақпаратты ұсынды. Атап айтқанда, жеңістің мерейтолық жылында әскери шеру өткізу, ЕДС жылдары қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің ескерілмей қалған молаларын және көмілмей қалған қалдықтарын анықтау бойынша іздеу жұмыстарын жүргізу, ардагерлердің ТМД елдерінің аумағында өткізілетін шараларға қатысуы, ардагерлерге әлеуметтік көмек көрсету, мерейтойлық медальдар тапсыру, мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастыру шаралары жоспарланған.
Сондай-ақ жоспар жобасында барлығы 67 іс-шара қарастырылған.
Одан өзге вице-премьер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен және «ҚР Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесімен бірге Жеңістің 75 жылдығына орай соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне бірдей бір реттік төлем сомасын белгілеу мәселесін пысықтауды тапсырды.
«ҰОС ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, тарихи миссияны орындап, фашизмді жеңуге үлес қосқан қазақстандықтарды ардақтау жалпы мемлекеттік ауқымдағы шара. Біз күш-жігерімізді оларды жан-жақты қолдауға бағыттауымыз қажет. Ешбір ардагер назардан тыс, қамқорлықсыз қалмауы тиіс», – деп Б. Сапарбаев сөзін түйіндеді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір