23 Қазан, 2019 NEWS
Атырау облысында тоғыз айдың ішінде бір жасқа дейінгі 156 сәби шетінеген. Бұл туралы бүгін денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова мәлімдеді,– деп Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Атырау облысы биыл нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші бойынша алдыңғы орында тұр. 9 айдың ішінде облыста бір жасқа дейінгі 156 сәби шетінеген, оның ішінде 98 бала облыстық перинаталдық орталығында көз жұмды. Қалған 54-і басқа медициналық ұйымдарда, ал төртеуі үйде шетінеген", –деді Бюрабекова орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысында нәресте өліміне қатысты жүргізілген тексерістің қорытындысы туралы брифингте.
Мәлімдемеде сәби өлімінің негізгі себептері – перинаталдық кезеңдегі жағдай, инфекциялық аурулар, туа біткен кемістіктер және жазатайым оқиғалар.
Сондай-ақ брифинг барысында Л.Бюрабекова Атырау облысында нәрестелер өлімі тамыз бен қыркүйек айларында өскендігін айтты.
"Осыған байланысты тамызда шетінеген 26, ал қыркүйекте көз жұмған 16 сәбидің медициналық картасына егжей-тегжейлі талдау жүргізілді. Шетінеген сәбилердің арасында 73,4 проценті – шала туғандар. Медициналық карталар мен гистологиялық материалдардың талдауынан көргеніміздей, тамызда Атырау облыстық перинаталдық орталығын инфекция жайлаған. Санитарлық-эпидемиологиялық режим сақталмағандықтан, қыркүйек айында туған сәбилер де ауруханадан инфекция жұқтырған. Эпидемиологиялық тергеу нәтижесі осы фактіні растап отыр", – деді төраға.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір