17 Қазан, 2019 Әлеумет
"Малефисента-2: Түнек Әміршісі" көрерменге жол тартты
Алматы қаласындағы "Esentai IMAX" кинотеатрының 6 залында қазақ тілінде дубляждалған "Малефисента-2: Түнек Әміршісі" фильмінің алдын ала көрсетілімі болды.
Мемлекеттік тілде прокатқа шыққан 32-ші фильм сиқырға толы хикаямен жалғасын тапты.
Көрсетілім "Өзіңнен баста" жобасы аясында "Болашақ" корпоративтік қоры және "Меломан" компаниясының бастамасымен "Нұр Отан" партиясының қолдауымен жүзеге асырылған.
Туындыны дубляждауға Еуразиялық Топ (ERG) демеушілік етті.
Жобаның көркемдік нақышын келтіруге Бекболат Құрманқожаев, Қуаныш Бисеғали, Наурыз Сабаған, Алтынай Нөгербек, Гүлнәр Құрманбекова, Әбілмансұр Серіков үлес қосқан.
Дыбыстау – екінші ойнап шығу өнері. Яғни оригиналды түрде ойнаудан ерекшеленеді. Дегенмен әр актердің сезімін, басынан аяғына дейінгі оқиғасын алып шығу – ойнап шығудың ерекше бір түрі саналады.
Екінші маусымдағы жаңа кейіпкер – Ингрид патшайым. Алғашында жағымды, сүйкімді патшайым болғанымен, оның барлық айласы, ішіндегі жоспарлары фильмнің соңына қарай ашылады. Расына келгенде жағымсыз кейіпкер болып шығады. Ал оны дыбыстаған А. Нөгербек. Актрисаның айтуынша, Ингрид патшайымының даусын дыбыстауы өмірінде қызықты тәжірибе болған.
Дубляж режисері Назерке Лесбекқызы фильмдегі басты тақырып – ана мен бала арасындағы махаббат ерекше суреттелгенін атап өтті. Атап айтқанда кейіпкерлер Гүлнәр Құрманбекова (Аврора) мен Гүлназ Әуелбекова (Малефисента) арасындағы өте нәзік, жүректі тербейтіндей етіп, дыбысталуынан аңғарасыз дейді. Фильмді қазақшалаудаға атысқан өз ісінің мамандары "Қызықты дыбыстау болды. Әр актердың өзгеге ұқсамайтын дауыс бояулары көрерменнің жүрегін жаулайды" деген сеніммен сөздерін түйіндеді.
Туындыдағы басты кейіпкер Малефисентаны дыбыстаған Гүлназ Әуелбекова жобаға 2014 жылы кастинг арқылы өтіп, бірінші бөлімінен бастап осы уақытқа дейінгі Анжелина Джолидің даусын тұрақты салатын әртіс ретінде бекітілген.
Картинада Түнек перизаты мен болашақ патшайымның арасындағы күрделі өзара байланыс, сиқырлы орманды қорғаудағы жаңа одақтастар мен қарсыластар және онда өмір сүретін сиқырлы тіршілік иелері туралы әңгімелейді. Жер ананың барша тіршілік иесіне тиесілі екендігі айтылып, өмірде жақсылық пен зұлымдықтың қатар жүретінін суреттеп, әр кез қайдан шыққан тегін ұмытпау керектігін еске салады. Әлемдегі бар проблеманы шынайы махаббат пен татулық, бірлік-ынтымақ арқылы шешуге болады деп қорытындылайды.
Тұсаукесерге келген әнші, актриса Ақерке Бүркітбайдың дубляж жөнінде пікірін білген едік.
«Қазақша аударымда мен қарап тұрған төртінші фильм. Маған өте қатты ұнады. Тіптен, біздің тілімізден ұмытылып бара жатқан кейбір қазақша әдемі сөздерді фильмдерден қарап, жадыма түйіп алып жүрмін. Тұсаукесерге кішкентай балаларды көбірек шақырады. Олда дұрыс. Себебі, кішкентайынан тіл мәдениетіне деген көзқарастарын жақсы қалыптастыруға үлесін қосады» – деп өз ойын айтты.
Айта кетсек, фильм екі тілде ауқымды кинопрокатқа 17 қазаннан бастап шығады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір