• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 04:34:13
Алматы
+12°

Алматыдағы Теректі елді мекенінің тұрғындары ескі ғимарат пен ойдым-ойдым жолдардан әбден зәрезап болғанын айтып шу шығарды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Олар құрылысы қираған нысан жекеменшікке өткелі өңшең бұзақылар мен қаңғыбастардың мекеніне айналды деп отыр. Ал ғимарат иесі белгілі актер екен. Аталмыш нысанның кесірінен мектепке баратын балаларының әрі-бері өтуі қиындаған.

Ал жол мәселесінің жөні бір бөлек. Ауыл жұрты бұл жағдайдың жылда қайталанатынына және мәселенің түбегейлі шешілмей келе жатқанына қапалы. Жылу жүйесі ғимаратының жеке меншікке өткеніне 20 жыл болған. Орталық көшеде орналасқан нысан бүгінде қаңырап қоқыс алаңына айналыпты. Тіпті мұнда екі жыл бұрын адам өлімі болып, бір қыз өз-өзіне қол салған дейді жұрт. Ал қыстың күні бұл жерді қаңғыбастар паналайды. Қоршауы жоқ қараусыз кешен маңынан күнде мектепке қатынайтын балаларына алаңдаған тұрғындар кейде нөмірсіз көліктердің де осында келіп тұрақтайтынын айтады.

Жұрттың айтуынша, қираған кешен белгілі актерге тиесілі екен. Көршілер оның бірнеше рет нысанға келіп тексеріп кеткенін де көріпті. Ауыл халқының бас аурына айналған мәселе бұл ғана емес. Жыл сайын жолдың жайы да жырға айналған. Тіпті жедел жәрдем көліктері көшеге кіре алмай кеткен күндер де болыпты.

Атқамінерлерді мүлдем көрмейміз деген тұрғындар бүгінге дейін тек қағаз жүзінде ғана жауап алғанын айтады. Бұл мәселеге жауаптылардың да өз айтары бар. Олар ескі нысанның мәселесін жақында шешіп беретініне уәде беріп, бұл жердің халық әртісіне тиесілі екенін растады.

Жолға жауапты мамандар қазір сметалық құжат жасалып жатқанын алға тартты. Мұнда су және кәріз жүйесі жүргізілмейінше, жол жөнделмейді деп отыр. Ол 2020-2021 жылдарға жоспарланған.


"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір