• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 10:16:16
Алматы
+12°

Санаулы айлардан кейін Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мәресіне жетпек. Осы орайда Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі елдегі тілдік ахуал туралы белгілі саясаткер, мемлекеттік тіл мәселесін үнемі көтеріп жүрген «Ұлт тағдыры» ұйымының төрағасы Дос Көшіммен сұқбаттасқан болатын. Әңгіме барысында қоғамдық бірлестік белортасында болған саяси оқиға – президент сайлауы, ұйым атынан сайлауға түскен Әміржан Қосанов туралы да сөз қозғалды.

– Сіздің мемлекеттік тілдің мән-маңызын түсіндіру жұмысымен айналысып, бірқатар, соның ішінде солтүстік облыстарды аралағаныңызды білеміз. Бас-аяғы қанша жиын өтті? Оларға адам көп жиналды ма?

– Жиындар әлі де өтіп жатыр. 4 жылда Тіл комитеті ұйымдастырып, Тіл-Қазына ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жүзеге асыруымен 60-тас астам аудан, 12 қалада 180 кездесу өткізіппіз. Жергілікті әкімшіліктер атсалысқаннан кейін отырыстарға біршама халық жиналды. Мақсатымыз – орыстілді азаматтарға тілдік жағдайды түсіндіру, қазақ тілінің бәрібір күндердің күнінде мемлекеттік тіл есебінде барлық салаларда қолданылатынын ұғындыру.

– Жиындарға жастар келетін бе еді?

– Жастар, оның ішінде колледж, университет студенттері көптеп келеді. Келешекті жасаушы болғандықтан әсіресе екпінді осы жастарға көп саламыз. Біз оларға қазақ тіліне қажеттілік сәт сайын артып келе жатқанын түсіндіреміз. «Ертең жұмыс орындарында халыққа қызмет көрсете алатын қостілді маманға сұраныс артады. Бәсеке жоғары болады. Сонда қазақ тілін білмесеңдер қайтпексіңдер» деп Қазақстанның болашағы қазақ тілімен байланысты болатынын айтып, түйсіндіреміз.

– Ол жақтың тұрғындарының мемлекеттік тілге қатысты көзқарасы қандай екен?

– Халықтың миында тілді меңгеруге кедергі жасайтын өтірік стереотиптер мен бөгеттер бар. Орыстілді ортада «қазақ мектептерінде білім деңгейі төмен» деген қате стереотип әлі жойылмаған. Соны нақты мысалдармен шынайы жағдай олай еместігіне көз жеткізуге тырыстық. Содан кейін олар "орыс тілі ұлтаралық тіл" деп түсінеді, солай қабылдайды. Біз оның 1989 жылғы заңда болғанын, кейін 1997 жылы алынып тасталғанын айтамыз. Себебі екі адамның, екі ұлттың қай тілде сөйлесетіні заңмен анықталмайды. Бұл – адам құқығы. Сосын «орыс тілі – ресми тіл» деп жаңылысатындарын байқадық. Олай емес! Мемлекеттік тіл деген сөздің өзі ресми тіл деген сөз. Тек біреуі статусқа берілген атау, екінші оның қолданылуына берілген атау. «Қазақ тілі тек отбасы, ошақ-қасында ғана қолданылатын тіл болады, ғылыми, медицина, технология салаларын қамтырлық мүмкіншілігі жоқ» деп ойлаушылар да аз емес. Оны да түсіндіріп бердік. XVIII ғасырдың ортасында Ресейдің академияларында, жоғары оқу орындарында орыс тілі мүлде қолданылмаған. Оның орнына француз тілі пайдаланылатын. «Мұны өзгертем, орыс тілі ғылым тіліне айналады» деген Ломоносовқа бәрі күлген. Бірақ ол оны 15 жылда жүзеге асыра білді. Ал оған қарағанда біздің старттық бағытымыз өте жоғары.

– Кездесулерде орыстілді қауымның, этникалық орыстардың дүниетанымынан не байқадыңыз?

– Оларда кеңестік түсінік басым. «Біз бәріміз біргеміз, орыс тілін бәрі біледі» деген сияқты оймен өмір сүреді. Мен «келісем, орыс тілін көбі біледі. Бірақ білмейтіндер де бар ғой. Соңғы дерек бойынша қазақстандықтардың 18 пайызы орысша білмейді екен. Ертең сендер солармен қалай сөйлесесіңдер» дегенге келтіреміз.

– Солтүстіктің халқы қандай ақпаратты тұтынады, нендей идеологиямен сусындайды?

– Сөзсіз орыс тіліндегі газет-журналдарды оқиды, телеарналарды көреді. Идеологияларында ұлы орыстық шовинистік көзқарас бар. Оларға кеңес үкіметіндегідей орыс тілін білу бәріне міндет сияқты. Қазақ мемлекетінде қазақ тілінсіз де өмір сүруге болатынын көріп отыр. Өзіміздің қазақтілді орта қалыптастыра алмауымыздың салдарынан Кеңес үкіметіндегідей тілдік ахуал сақталып қалған.

– Мемлекеттік тілдің қажеттілігі туралы түсіндіргенде басты уәж ретінде нелерді айтасыздар?

– Алдымен соңғы жылдарда 1 сынып оқушыларының 90 пайызы қазақ мектептеріне барып жатқанын айтамыз. Бұл ресми статистика. 2017 жылы қазақ мектептеріне барғандар 89 пайызды құраса, 2018 жылы 90 пайызға жетті. Бұны біз өзіміз де тексердік. Сонда он жылдан кейін мектеп бітірушілердің оннан бірі ғана орыстілді болып шығады. «Балаларың сонда кіммен қарым-қатынас жасайды. Өздерімен-өздері оқшауланып, жөнді қызмет істей алмай, далада қала ма? Ал, ойланыңдар» дейміз. Көбі ойналып қалады. Бірақ жиналғандардың, кем дегенде, үштен бірі бізге қырсығып қарайды. Арызданғандары да бар. Кездесулердің бірінде бір кісі «ондай болса, біз Қазақстаннан кетеміз» дейді. Мен «кетсеңіздер, біз оған тек қуанамыз. Біз демократиялық елде тұрамыз. Адам қайда тұрғысы келсе, ол оның заңды құқығы» деп жауап бердім. Оларда «кетеміз десек, ойбай қалыңдар. Қазақша білмесең, білмей-ақ қой деп айтады» деген ой бар. Алайда қазір уақыт басқа. Біздің жасап жатқан «Қазтест» орыс тілін қолданыстан алып тастау емес, дүние жүзінде бар нәрсе. Айталық, Америкада университетке түскің келсе, TOEFL тапсырасың,. Англияда IELTS білмесең, құжаттарыңды алмайды. Біз де соған келе жатырмыз десек, бізді жау көреді. Бұл – түсіне отыра қырсығу. Келіскісі келмегендер Қазақстаннан кетіп жатыр.

– Мемлекеттік тіл туралы заңды қайта қарау бастамасын көтеріп келесіз. Тіпті жаңа жобасын жасап, парламентке ұсыныпсыздар. Жобаның өзегін айтып беріңізші...

– Айта кетерлік жайт, әуелі заңның аты өзгеруі керек. «Тілдер туралы заң» деген алынып тасталып, «Мемлекеттік тіл туралы заң» дегенді жасауымыз керек. Заң "мемлекеттік тіл қалай қолданылады, қайда қолданылады, қолданылмаған жағдайда қандай жауапкершілік болады?" деген сияқтыларды реттеуі қажет. Екінші мәселе, заңда орыс, яки басқа тіл туралы бірде-бір сөз болмауы шарти. Біздің қазіргі қолданыстағы заң – қостілділік заңы. Көп жерінде қазақ тілімен қатар, орыс тілі де қолданылады деп жазылған. Үшінші мәселе, сол заң орындалмаған жағдайда қатаң жауапкершілік болуы керек. Ол біздің заңымызда жоқ. Заңда жауапкершілік болмаса, оны ешкім жүзеге асырмайды. Біздің заңда көзделген тағы бір нәрсе – орыс тілін ұйғыр, өзбек, неміс тілдері сияқты диаспора тілімен бірдей қылу. Сондай-ақ Балтық елдеріндегідей мемлекеттік тілді білуі міндетті мамандықтар тізімін жасағымыз келеді. Мен өзім зерттеген Латвия, Литва, Эстонияның заңдарында осындай 2 мыңға жуық мамандық тізімі жасалған. Оған барлығы кіреді. Бізге де сол қажет.

– Сіздіңше, бастаманы билік неге қолдамады?

– Алдымен тіл – саяси, ұлтаралық, мәселе емес, лингвистикалық мәселе екенін айтқым келеді. «Ұлтаралық» деп биліктегілердің өздері жасап алған. Мәселе олардың қазақ тілін үйренуге ниетінің жоқтығы мен жеке мүдделерін жоғары қоюы. Себебі олардың өзі де, балалары да орыс тілді. Немерелері бәлкім, ағылшын тілді шығар. Егер қазақ тілі қоғамның барлық саласына кірсе, олар не жұмыссыз қалады, не жағдайы қиындайды. Сондықтан олар теледидардан қазақ тілі туралы жағымды сөздерді айтқанымен, мемлекеттік тілді нақты қолдау мәселесінде саботаж жасап отыр. Дұрысында мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді таратуда бірінші жауапты тұлға болуы керек. Оны керек десе, заңға да енгізу қажет.

Содан кейін мемлекеттік мекемелерде екі тілде жазып беруді талап ететін ауру бар. Осыған байланысты Бас прокуратура мен Тіл комитетіне сауал жолдап, хат жазғанбыз.  Екі жақтан да «мемлекеттік мекемелер азаматтардан мәтінді орыс тілінде жазуды талап етуге ешкімнің құқы жоқ» деген жауап келді. Бірақ Әділет министрлігіне ЖШС, не қоғамдық ұйым ашуға барсаң, құжаттардың екі тілде болуын талап етеді... Сонда мемлекеттік шенеуніктері қазақ тілін түсінбейді екен деп, біз неге оларға өзіміз аударып беруіміз керек... Қысқасы биліктің өзі қазақ тілін керек қылмай отыр.

– "100 қазақ отырып, арамызда 5 орыс болса бәріміз орысша сөйлей кететініміз бар" дегеніңіз есте. Бұның себебі неде?

– Мұнда ұлттық мәселе туралы айту керек. Біз рух пен намыстан айырылып келеміз. Өзге тілде сөйлеудің ұят екенін білмейміз, намыс екенін білмейміз. Бірде Украинадан досым келіп, кафеде тамақ ішіп отырғанбыз. Онда орыс музыкасы ойнап тұр екен. Сонда жолдасым «Дос, отырғанымызға жарты сағат болды, бір қазақ әні ойнамады. Сендерде намыс ба ма? Біреуің барып айтпайсыңдар ма? Сен ұлтшылсың ғой, неге айтпайсың?» дейді. Менің үйреніп кеткенім соншалық, оған көңіл бөліп отырған жоқпын. Бұндай Украинада болса, олар «жарылады» екен. Киевте орыстың музыкасын қойдырмайды екен. Біздің намысымыздың жоғалғаны сондай, бізге ол қалыпты жағдай сияқты. Орыс тілінде талап етсе, үндемей-түндемей орындап береміз, орыс тілінде сөйлесе, орысша жауап береміз. Көшеде қате жарнама көрсек, күлеміз де қоямыз. Соны қате жазған адамның жағасынан алмаймыз. Құлдық сезім басып кетті де, намыс пен рухтан айырылып қалдық. Қазір тіпті кері кетіп бара жатқан сияқтымыз. Қазір қаладағы орыс мектептерінде көбіне өзіміздің қазақтардың балалары жүр. Әуелі кей сыныптан бірде-бір өзге ұлт өкілінің баласын таппайсың. Бұл – қауіпті құбылыс. Кейде Қазақстанда қазақтардың мөлшері 99 пайыз болып, бірақ бәрі орыстілді болып кетер ме екенбіз деп қауіптенемін.

– Қазақстанда тілдік дискриминация бар ма? Болса, кемсітушілік қай тілге қатысты орын алуда?

– 2013 жылы елден кеткендердің 31 пайызы тілдік дискриминация бойынша кетіп бара жатқанын айтыпты. Сондықтан мен кездесулерде үнемі Қазақстанда «тілдік дискриминация бар ма?» деп сұраймын. Ақмола облысы Сандықтау ауданындағы аты әлі өзгермеген Балкашин елдімекенінде өткен кездесуде бір жігіт «Қазақстанда тілдік кемшітушілік бар» деп жауап берді. Мен қалай десем, «маған дүкенде орысша сұрағыма, қазақша жауап береді» дегені. «Ал қазақша сұрағандарға орысша жауап беру қалай» деген қарсы сұрағыма айтқан сөзі: «бұл тілдік дискриминация емес, өйткені қазақтардың бәрі орысша біледі ғой» деді...

Қазақ тіліне жасалып жатқан кемсітушіліктер өте көп. Кафеге барыңыз да, ас мәзірін сұраңызшы, қазақша жоқ. Бұл менің тұтынушы есебіндегі құқығымды бұзу. Таза кемсітушілік болып саналады. Ұшақта қанша оқиға болып жатыр. Бірақ біз ондайға үйренгенбіз. Талап етпейміз. Бір Оғыз Доғанның істегенін істей алмай отырмыз.

– Соңғы уақытта қазақ тілді кейбір азаматтар әлеуметтік желіде мемлекеттік тілде жөнді қызмет ала алмайтынына, кинотеатрлардан қазақ тілінде фильмдер көре алмайтынына, орыс тілін білмегені үшін дискомфортқа түсетініне шамдана бастады. Мұндай наразылық, көшедегі наразылыққа ұласуы мүмкін бе?

– Мүмкін. Және оны шығаратын, ұйымдастыратын топтар бар.

– Олардың атын атау маңызды ма?

– Маңызды емес. От ауыз, орақ тілді шешендер бізде көп. Қазақ дегеніміздің өзі бір ауыз сөзге көтерілетін халық. Қазақты көшеге бірауыз сөзбен шығаруға болады. Бірақ соны тоқтату қиын болады. Бірақ көшеге шығу міндетті емес. Қазақстанда халықтың 70 пайызын құрап отырып, көшеге шығу ұяттау. Біз өзіміздің көптігімізді пайдалана отырып, билікті өзіміздің мақсатымызға жұмыс істейтіндей жағдайға алып келуіміз керек. Біз көшеге шықпай-ақ жасай алатынымызға сенімдімін. Бірақ билік осы бетінен танбаса, халықтың алаңға шығуы да ғажап емес.

– Тілдік жанжал ұлтаралық жанжалға ұласуы, одан ары саяси сипат алуы мүмкін бе? Ондай нұсқаны Ақордадағы политехнологтар біліп отыр ма?

– Меніңше, біліп отыр. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, бас пайдасын ойлағандықтан өзгеріске құлықсыз. Олар қазақ халқының болашағын, мемлекеттік тілді дамыту мәселесін ойламайды. Олар өзіне комфортты жағдайды құп көреді. Десе де ертең заңменен талап етсе, олар бір-ақ айда қазақша сөйлеп кетеді. Басшылардың бәрі қазақша біледі. Тек қажеттілік жоқ, олардың бетіне ешкім салық қып салып отырған жоқ.

– Тақырыптан ауытқып, көптің көкейіндегі сұрақтарды қойсам деймін. Өзіңіз де түсініп отырған шығарсыз...

– Әлбетте! 

– Әміржан Қосанов президент сайлауына сіз төрағалық ететін «Ұлт тағдыры» ұйымынан түсті. 2016 жылы «3 жыл бұрын «Ұлт тағдыры» қозғалысының жұмысын уақытша тоқтаттық» деп айтқансыз. Сонда ұйым жұмысын қайтадан қашаннан бастап жандандырдыңыздар?

– 2014 жылы Мұхтар Шаханов басшылық ететін «Ұлттық кеңес» құрылды ғой. Мен «бір тойда екі жар жоқ» бәріміз ұлттық кеңес астында жұмыс істеуіміз керек» деп «Ұлт тағдырының» қызметін уақытша тоқтаттық. Алайда Назарбаев кетіп, Қасым-Жомарт Тоқаев келген күннің ертеңінде мен барлық облыстарға хабарласып, бір-екі жабылайын деп жатқан бөлімшелерді қайта ашып, бір-екі жердің адамдарын ауыстырып үлгердік. Өйткені «Ұлт тағдыры» сайлауға бәрібір араласатынын білдім.

– Қосанов сайлауға түскісі келетінін қашан айтты?

– Алдымен сайлау жарияланғаннан кейін «Жаңа Қазақстан» форумында өз ішімізден кім түсуі мүмкін деген әңгіме болды. Сонда Әміржан Қосанов «қолдасаңдар, мен түсуге дайынмын» деді. Серікжан Мәмбетәлин ЖСДП Ермұрат Бапиды ұсынатын сияқты деді. Ол жерде Ермұраттың өзі болған жоқ. Әміржан Ермұрат түссе, қолдайтынын білдірді. Мен «біздің 7 адамдық топтан екі адам түсіп жатса, онда бұл «Жаңа Қазақстанның» беделінің асқаны ғой» деп әзілдегенім есімде. Артынша, Ермұрат Бапи ЖСДП-дан түседі екен деген әңгіме шығып, Әміржан «Ұлт тағдырынан» түсуге ниет білдірді. Содан біз 26 сәуірде жиналып, дауысқа салдық. Алдымен "президент сайлауына ұйым атынан кандидат ұсынамыз ба?" деген мәселе қаралды. Көпшілік дауыспен ұсынылатын болып шешілді. Жеке өзім мәселеде қалыс қалдым.

– Не себепті?

– Біз өзі жиырма шақты ғана адамбыз. Көбіміздің жасымыз жетпіске келіп қалған. Біріміз таксист, біріміз қарауыл болып бала-шағамызды асырап отырған адамдармыз. Байлығымыз жоқ. Тоғыз-ақ облыста адамдарымыз бар. Осыны көтеріп шыға аламыз ба деген жауапкершіліктен қорықтым, шынын айту керек. Көпшіліктің даусы бойынша өткендіктен, екінші мәселені қарадық. Ол сұрақта мен Әміржанның үміткерлігін қолдадым.

– Қаржылық мүмкіндіктеріңіз жоқ деп қалдыңыз. Кандидаттарға талап етілетін 2 млн теңге жарнаны қалай төледіңіздер.

– Оны Әміржанның өзі төледі. Жалпы «Ұлт тағдырының» қызметі Әміржанды тіркеумен ғана шектелді. Өйткені мен ақпан айында USAID-тың (АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі) сайлауда бақылаушыларды оқытатын конкурсын жеңіп алған болатынмын. Сайлау жылдың аяғында болады деп ойлап, курсты қараша айына белгілеп отырғанмын. Сайлау күні анықталғандықтан дереу курсты жүргізу қажет болды. Содан мен 10 мамырдан бастап бір ай бойы USAID-тың ақшасына 8 облыс орталығы мен екі қалада бақылаушыларға арнап тренинг өткіздім. Ал  қалған 7 облыста штаб қаржысына бақылаушыларды оқыттым. Соңғы семинарлар Павлодарда өтіп, сайлау күнінде елордада, штабта консультация беру керек болды да, Алматыға келуге үлгермей мен тіпті дауыс бере алмай қалдым.

– Сайлаудағы жекелеген заңсыздықтарды айтпағанда, "Тоқаев 70, Қосанов 16 пайыз жинады" дегенмен келісесіз бе?

– Сайлаудың нәтижесіне қанағаттанбайтынымды мен бірден айттым. Заң бұзушылықтар көптеп орын алды. Мәселен, «Ұлт тағдырының» Қызылордадағы бақылаушыларын кешкі 7-ден кейін шығарып жіберді. Хаттамаларын тартып алған жағдайлар болды. Қысқасы билік қорқып кетті. Бірінші Жапониядағы Қазақстанның елшілігінен «Әміржан жеңді» деген хабар түсті. Арнайы учаске дегендер болады. Онда әскери күзет, өрт сөндірушілер, туберкулез диспансері деген сияқтылар бар. Оларда қанша адам болса, солардың бәрі дауыс бергеннен кейін, нәтиже бірден шығады. Ол жақта да Әміржан жеңді, Назарбаев университетінде де Әміржан жеңді, Англияның елшілігінде Әміржан жеңді. Сол уақытта билік шалқасынан түсті. Сөйтті де, барлық әкімшілік ресурстарды пайдаланып, бақылаушыларға хаттаманы бермеуге кірісті, біздің адамдарды шығарып жіберіп жатты. Бұрмалаудың көкесі сонда басталды. Бақылаушылардың қолында 10-15 пайыз құжаттар ғана болды. Солардың дерегінше, Қосановта 45 пайыз дауыс алыпты. Бізде биліктің алған дауыстың үштен бірін беретін әдет бар. Сондықтан Әміржан сол 50 пайызға жуық дауысқа ие болды ғой деп өзім ойлаймын. Бірақ бұны дәлелденбегеннен кейін болжам есебінде ғана айтамыз.

– Қосановтың exit poll нәтижесі бойынша Тоқаевты жеңісімен құттықтағанына сіздің реакцияңыз қандай болды?

– Сол күні түнде ол маған құттықтағанын айтты. Мен "мұның үлкен қателік болған" дедім. Өз басым, exit poll-дан кейін өз жеңілісін мойындауды естімеппін. Бірақ, бұл – Әміржанның шешімі. Ал бәсекелесіңді құттықтау – саяси мәдениеттілік белгісі. Әрине, біз бұны түсіну деңгейіне келген жоқ шығармыз.

– Қосановқа мін тағушылар бірталай жыл өзін оппозиционер ретінде көрсеткен адам «сайлау әділ өткен жоқ, мен өзімді жеңдім деп санаймын» деген сарындағы сөздерді айтуы тиіс еді деп есептейді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Мұны енді Әміржанның өзінен сұрау керек. Бірақ кешкі тоғыздан кейін Әміржан не айтса да, жәшіктерде жатқан бюллетенге ол әсер етпейді. Қосанов туралы «әлсіздік танытты» деп айтуға болатын шығар. Бірақ «сен сатып кеттің» деп айтуға еш негіз жоқ. "Сатып кетті" деген үш жағдайда ғана айтылады. Бірінші, сайлауда жеңіп тұрып, өзінің тұғырнамасын жүзеге асырмаса. Екінші, сайлауға санаулы күн қалғанда өз кандидатурасын алып тастаса. Онда халық айтар еді: «біз сонша күн саған дауыс береміз деп жүгірдік қой, мынауың не?» деп. Үшіншісі, кезінде Мэлс Елеусізов сияқты өзі президенттікке түсіп тұрып, Назарбаевқа дауыс берсе. Сонда сатып кетті деуге болады. Іс жүзінде Әміржанды емес, дауыстарды дұрыс санамаған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевты «тірі өліксің» деп қарғау керек. Ал Қосановтың Тоқаевты құттықтауы сатқындық емес. Мысалы Хиллари Клинтон Трампты құтттықтады. Порошенко Зеленскийді құттықтады. Бәлкім екеуі де іштей боқтап тұрған шығар. Бұл да – саяси мәдениеттілік. Бізге келмегендіктен көпшілік дұрыс түсінбеген шығар.

Бір жағынан өзің айтқандай жалынды сөздерді жария етер болса, халық алаңға шығып кетіп, арты қан төгіске ұрындырар ма еді, кім білсін. Өзі жазды ғой «адам айтқысыз трагедияға, репрессияға әкеп соғуы ықтимал заңсыз әрекеттерге шақырмаймын. Билік үшін таласта ағайынның, соның ішінде, жастардың бір тамшы көз жасы мен бір тамшы қаны тамбауы тиіс» деп. Бәлкім, осыны да ескерген болар.

– Демек, Әміржан Қосанов «сатқын» да, «жоба» да емес дейсіз ғой...

– Сатқын да, жоба да, саяси өлік те емес. Әрі бұл – халықтың бағасы емес. Меніңше, сайлауға, Әміржанға байкот жариялаған оппозициямыз деген топтың іс-әрекеті. Қосановтың саясатта жүргеніне 22 жыл болды. Солар неге 22 жыл бойы жамандамай, дәл сайлауға түскенде қаралай жөнелді. Себебі,  менің ойымша, бұл – қарапайым пендешілік. «Неге мен түсе алмадым» деген іштарлық, көре алмаушылық. Қосановпен қатар мен, Расул Жұмалы, Айдос Сарым, Дәурен Бабамұратов бәрімізді жамандады. Неге? Олар біз партия құрып, парламент сайлауында орын алып қояды деп шошыды, далада қалып қоямыз деп қорықты. Яғни саяси бақталастықтың бір түрі. Бірақ бұлар бір нәрсені түсінген жоқ. «Ұлт тағдыры» партия құра алмайды. Біздің заңымызда ұлттық, діни партия құруға болмайды.

– Парламент сайлауына басқа партиядан түскіңіз келмей ме?

– Жоқ. Мен коммунистік партияның мүшесі болған жоқпын, кезінде өзім 90 жылдары басқарған Қазақстанның социал-демократиялық партиясынан басқа партияға мүше болған емеспін. Және мен ешуақытта заң шығарушы органға да, атқарушы органға да бармаймын деп бұрыннан айтып келемін. Бұл – менің өмірлік принципім.

– Қосанов түсе ме?

– Оны өзінен сұрау керек.

– Байкотшылар туралы не айтасыз?

– Біз әркімнің таңдауын, шешімін құрметтедік. Олар сияқты «итсіңдер, пәленсіңдер" деп жамандаған жоқпыз. Мен өмір бойы саяси мәдениеттілік жоқ кезде халық жынды болып қалады деп айтып жүремін. Сайлауда халық шынында да жынды болып қалды. Сайлау бітті, ал байкотшылар «анау жаман, мынау анандай» деп әлі отыр. Біз жұмыс істеп жатырмыз.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір