• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 21:58:43
Алматы
+12°

26 Қыркүйек, 2019 Сұхбат

Жүрсін Ерман: "Нұр Отан" басшыларына "Бізді қатты құшақтамаңыздар" дедім

Жуырда «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек билік партиясы алдағы уақытта айтыс өнеріне тұрақты түрде демеушілік көрсететін айтты.  Ал қыркүйек айы басталғалы «Нұр Отанның» қолдауымен Атырауда республикалық, Қарағандыда халықаралық айтыс өтіп үлгерді. Көптеген желі қолданушылары «Билік партиясының айтысты қолдауы – ақындардың ауызына қақпақ болады» деген пікірлер жазып жатыр. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі осы және айтыс төңірегіндегі басқа да қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелерге байланысты айтыс жүргізушісі, ақын Жүрсін Ерманнан алған сұхбатын назарларыңызға ұсынады. 

– Жүрсін мырза, жуырда биліктегі «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек жыл соңына дейін партияның қолдауымен бес айтыс өтетінін айтты. Байбек айтқандай, билік партиясы расымен ұлттық өнер – айтысты қанаттарының астына алып жатыр ма?

– Иә, рас. Жуырда «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің соңғы мәжілісінде партияны халыққа жақындата түсу, халық пен партияның арасындағы байланысты нығайту үшін партия тарапынан ұлттық өнерге мән беріліп, тұңғыш президент – елбасының тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партиясы ақындар айтысын қамқорлығына алды. Осыған орай, таяу күндерде «Нұр Отан» партиясы, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басшылары бірлесіп, үшжақты мемарандумға қол қойды. Соған сәйкес бес емес, биылғы жылдың төрт айында және келесі жылдың соңына дейін сегіз айтысты «Нұр Отан» партиясы қаржыландыруды өз мойынына алды.

– Айтысты көп адамдар бұқараның мұңын билікке жеткізетін «оппозициялық өнер» деп біледі. Осы орайда айтысқа демеушілік жасайтын билік партиясы ақындардың ауызына қақпақ болып жүрмейді ме?

– Осы күні айтысқа менен де қатты жаны ашитын жанашырлар пайда болды. Шынын айтқанда, ондайлар не болса, соны айтады. «Ринат қатыспаған айтыс – айтыс емес. Бармаймыз» дейді. Осындай көзқарас бола ма екен? Ринаттан басқа да қаншама ақындар қазір халықтың көкейіндегі сөзді айтып, елдің көңілінен шығып жүр. «Нұр Отан» партиясы айтысты  қарамағына алғаннан кейін, әрине, партияның сөзі сөйленеді. Бірақ қазір «Нұр Отан» халықтың партиясы боламын деп жанталасып жатыр. Бауыржан Байбек «Нұр Отанға» барғалы бері «халыққа жақындаймыз», «халықтық партия боламыз» деп барын салып, ұлттық  өнерімізді қолдауға ерекше ықылас танып отыр. Билік партиясы айтысқа демеушілік көрсетеміз деп жатса, одан біз неге бас тартуымыз керек? Қазір айтыс онсызда күнін көре алмай отыр. Әйтеуір, әркімге алақан жайып, бір-екі айтыс өткізіп отырған жайымыз бар. Қазір бұрынғыдай демеуші де жоқ. Неге? Себебі, қазір Қазақстанның ақшасы негізінен орыс тілділердің қолында. Ал қазаққа жаны ауыратын, жүрегінде ұлттық тамыры соғып тұрған қазақы адамдарда ақша аз. Сондықтан айтысқа бәлендей демеуші бар деп те айтуға болмайды. Кешегі 2005-2010 жылдары Өмірзақ Сәрсенов, Амангелді Ермегияев, Нұртай Сабильянов, Мұхтар Құл-Мұхамед сияқты ірі-ірі меценаттар бар еді. Қазір олардың барлығы кетті. Енді жалғыз Дулат Тастекеев қалды. Оның бірақ бүкіл айтыстарға демеушілік жасауға шамасы келе бермейді ғой. Сондықтан «Нұр Отанмен» келісім жасап отырмыз. Мен бірақ бірден «Нұр Отанның» басшыларына «Бізді өте қатты құшақтамаңыздар, ауа жетпей тұншығып қаламыз» деп айттым. Әрине, «Нұр Отан» партиясы бас демеуші болып отырған соң олардың өз талаптары болады. Дегенмен олардың бізге қойып отырған талаптарының ішінде ақынның аузына қақпақ қоятын, тұсау салатын тұстар жоқ.

– Олар қандай талаптар қойып отыр сонда?

– Олар «Айтыскерлер халықты билікке қарсы үндемесін», «Ұлтаралық алауыздықты туғызатын сөздер айтпасын!» деп отыр. Ол – дұрыс қой. Ақын деген елдің басын біріктіретін, бітімге шақыратын сөздер айту керек. Нұр Отан басшылары айтыста сын болсын, бірақ конструктивті сын болсын дейді. Яғни, сынадың ба, сол тығырықтан шығатын жолды да айтуың керек. Әйтпесе, қазір ас үйде отырып алып билікті сынайтындар көп қой бізде. Олар айтып жатқандай, елімізде бәрі жаман емес. Аллаға шүкір, қаншама жақсылықтар болып жатыр. Мәселен, қазір Қытай зауыттарының Қазақстанға келуіне байланысты әр жерде қарсылық акциялары өтіп жатыр ғой. Солар осы мәселенің байыбына бармай жатып, байбалам салып жатыр ма деймін. Кеше ғана президент «Қытай зауыттарының ішінен біз өзімізге керегін ғана алдырамыз. Ескі технологиямен жұмыс істейтіндері емес, тек жаңа технологиямен жұмыс істейтіндері келеді» деді. Президенттің сөзінше, елімізде салынатын Қытайдағы зауыттарында  жұмыс істейтін адамдардың басым бөлігі Қазақстанның азаматтары болады. Қытайдан келетін жұмысшыларға шек қойылған, квота берілмейді, 20 мың адам ғана кіреді Қазақстанға. Олар шарт бойынша 2-3 жыл жұмыс істейді,  өздерінің орнына маман дайындағаннан кейін өздерінің елдеріне қайтатын болады. Ал «ойбай миллион қытай келді, қаптап кетеді» деген бос әңгіме. Міне, осындай күрделі саяси мәселелер кезінде айтыскерге қойылатын талап та жоғарылайды. Айтыста осындай күрделі мәселелердің ыңғайын тауып айта білу керек. Ол үшін ең алдымен шеберлік қажет. Сахна – ақынның шеберлігі  сынға түсетін жер. Көп нәрсені тұспалдап, нышандап айтсаң, қазақтың сөзін қазақ түсінеді ғой. Біз қазір ақындарға осындай талап қойып отырмыз.  Ас үйде айтылатын даурықпа, даңғаза әңгімені айтып, халыққа жақсы көрініп, ұпай жинаймын деген ақын шебер емес, ол – нашар ақын. Айта біл. Жеткізе біл, тұспалдай біл.

– Билік партиясының қолдауымен Алматыда бұрын соңды болмаған ерекше айтыс өтеді дейді. Соған тоқталып өтсеңіз.

– Қыркүйектің 30-ы күні Алматыдағы "Республика" сарайында отбасылық айтыс өткізейін деп жатырмыз. Бұндай айтыс бұрын соңды болған жоқ. Бұл – айтыстың дамығанын, өркендегенін аңғартса керек. Қазір бір отбасынан бірнеше айтыскерлерден шықты. Мысалы Дидар Қамиев деген танымал ақын бар ғой. Міне, солардың әулетінен үш бірдей Қамиев айтысқа түсіп жүр. Айта берсек, ондай айтыскерлер көп. Соны ойлана келе бір отбасылық айтыс ұйымдастырып көрейік деген ойға келдік. Бұл негізі тәжірибемізде бар. Кезінде Қазақстанның халық ақыны Манап Көкеновты баласы Әбдікәріммен айтыстырғанбыз. Әдемі, кәделі жақсы айтыс болған. Одан бертін келе Жандарбек Бұлғақовты әкесі Айтақын Бұлғақовпен айтыстырдық. Ол айтыс те үлкен көркем айтыс болды. Сол Бұлғақовтардың айтысында үлкен-үлкен қоғамдық мәселелер көтерілді. Әке мен баланың арасындағы қатынас қандай болу керек деген сияқты отбасылық проблемалар айтылды. Сол тәжірибемізді ескере келе осыны өзінше бөлек отбасылық айтыс қылып көрейікші дедік. Бірақ бұл айтысқа қарсылар да табылып жатыр. Атын айтпай-ақ қояйын жақында үкіметтің үлкен басшыларының алданда отырғанымда «Қазақ бірімен бірі қырқысып, айтысып, ұрысқаны аз болғандай мынау әкесі мен баласын, інісі мен ағасын қырқыстырайын деп жатыр» деп ортаға от тастап жіберді. Мен ол кісіге:  «Айтыс деген ұрыс емес, айтыс деген – өнер. Айтыстың түрлі жанрлары бар. Қазақтың айтыс тарихына қарасаңыз, атасы мен келіні айтысқан, астындағы атымен айтысқан айтыстар да болған. Бұл – сондай жанрлық форма. Сіз өйтіп ортаға от тастамаңыз» дедім. Сонымен Алматыда отбасылық айтыс болатын болды.

– Бұл айтысқа кімдер қатысады?

– Сонау сексен тоғызыншы жылы, осыдан отыз жыл бұрын Алматыда халықаралық айтыс болып, Монғолиядан келген Егеухан Мұхамәдиқызының өнеріне тәнті болған атақты жыршы Қатимолла Бердіғалиев қоңыр домбырасын сыйға тартқан. Араға біраз жыл салып сол домбыраны ұстап келген Дәулеткерей Кәпұлы белгілі ақын болып шықты ғой. Сол Дәуеткерейдің анасы Егеухан өзінің немересі Ардагереймен айтысады. Рүстем Қайыртайұлының әкесі Қайыртай да кезінде жақсы ақын болған. Сол Қайыртай баласы Рүстеммен айтысайын деп жатыр. Бекарыс Шойбеков інісі Дәурен Ақсақаловпен, Иран-Ғайып Күзембаев ағасы Талғат Күзембаевпен, Ержан Әміров інісі Бекжан Ержігітпен, Серікбол Панаберидиев өзінің бауыры Амангелдімен айтысады. Сосын жаңа жоғарыда айтқан Қамиевтер әулетінен Дидар өзінің інісі Ұланғасырмен айтысады.

– Ал мына жылдың қорытынды айтысы Батыс Қазақстанда өткелі жатыр екен. Неге Оралды таңдаңыздар?

– Мен биыл бастама көтердім. Алтын домбыраны кім жеңіп алса, соның елінде өткізейік деген. Былтыр Жансая жеңіп алды ғой. Соған байланысты мен Оралға барып, әкіммен кездестім. Есқалиев мырза құптады. Осы идеяны бас демеушіміз Нұр Отан партиясы да толық қолдап, биылғы  «Алтын домбыра» айтысын Батыс Қазақстанда өткізгелі отырмыз. Дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Мәдениет министрлігі «Алтын домбыра» айтысына арнайы қаржылай көмек көрсетеді. Батыс Қазақстан облысының әкімдігі де қолдау көрсетеміз деп отыр. Ол айтыс желтоқсан айының алғашқы аптасында Оралда өтеді. Оған жыл бойы өткен айтыстардың жеңімпаздары, жүлдегерлері қатысады.

– Жуырда елордада Азия жазушыларының форумы өтіп, оған мемлекеттік бюджеттен 281 миллион теңге бөлінгені желіде қатты сыналды. Көп адамдар «бөлінген қаржы ақталмайды, бюджет қаржысы бекерге кетті» деп жазушыларды сөкті. Осы тұста айтысқа бөлініп жатқан қаржы ақталады ма?

– Әй, қарағым бұл айтыс деген кешегі кеңес кезінде де кеңінен өрістеген. Халықтың рухын көтеріп, тәуелсіздікті дайындап берген. Тәуелсіздікке жол сілтеген де осы айтыс еді ғой. Бертін келе егемен ел болған алғашқы жылдары  халықтың басын біріктіруге, ұйытқы болуға, еңсесін көтеруге қызмет етті. Айтыс – сол тоқырау жылдары ең өтімді өнер болған, солай болып қала да береді. Сондықтан айтысқа бөлінген қаржы ақталмайды деуге болмайды. Сосын біздің айтысқа 281 миллион қаржының қажеті де жоқ.  Айтыс өтетін жердің жалдауқысы, келетін ақындардың жол-пұлы, жататын қонақ үйі, ішетін тамағы, сосын жүлде болса болғаны. Кейінгі кездері мына жарнамаға көп ақша кетіп қалады. Жарнама беру өте қымбат қазір. Соның шығынын өтеп беріп тұрса, болды. Ал 281 миллион деген – біздің түсімізге кірмейтін ақша.  

– Жаңа бір сөзіңізде «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басшылығымен мемарандумға қол қойғандарыңызды айттыңыз. Сонда енді айтыстың бәрін ұлттық арна көрсетеді ме?

– Иә, барлық айтыстар эксклюзивті түрде тек қана «Қазақстан» арнасынан көрсетіледі. Басқа жеке арналардың, жеке видео камералардың түсіруіне рұқсат жоқ.

– Айтыскерлер «Телеарнадан көрсетілген айтыстар монтаждалады, сахнада 30 минут айтқан сөзімізді телеарна 15 минут қылып береді» деп ренжіп жатады. Қазір жаңа технологиялардың дамыған заманы ғой. Әр айтысты өздеріңіз-ақ камераға түсіріп, одақтарыңыздың сайтына жүктеуге болмай ма?

– Телеарнадан көрсетілгенде кесіліп, пішіліп кететіні рас. Бұл – үлкен проблема. Ал енді біз өзіміздің сайтқа салу үшін түсіруіміз керек қой. Бізде оны түсіретін құрылғылар жоқ.

– Халықаралық одақ деген дардай аттарыңыз бар. Бір бейнекамераларыңыз жоқ па сонда?

– Дардай одақтың қалтасында көк тиын жоқ, қарағым! Одақ деген аты ғана әншейін. Ал былай бізге бөлініп жатқан қаражат жоқ.

– Бір сұхбатыңызда айтыста жүлде алған әр ақын жүлдесінің он пайызын одаққа аударады деген едіңіз...

– Соның өзі болмай отыр ғой. Ақындар бергісі келмейді. Кеше бір-екеуі аударыпты. Одақта жұмыс істейтін ақындарға айтыскерлерден жақсылап талап етіңдер деп тапсырма бердім. Беретін шығар енді. Өз одақтары ғой, бермей қайда барады? Сайттың жұмысын жүргізетін адамға да ақша төлеу керек. Сол шаруа реттелсе, сайтымыздың жұмысын жақсылап жүргізу керек болып тұр.

– Жүрсін мырза, қазір көп айтыстардың алғашқы айналымында ақындар мүдірмей, сүрінбей жақсы айтыс көрсетіп жатады. Ал екінші айналымға шықса, не айтарларын білмей, арзан әрі жаттанды өлең айтып жататынын аңғарамыз. Бұл ақындар айтысқа алдын-ала дайындалып келді дегенді білдірмей ме?

– Айтысқа әртүрлі көзбен қаруға болады, әртүрлі көңіл-күймен қаруға болады. Айтыстың әрине, бірінші күні жақсы болады. Айтысқа дайындықсыз шығу дейтін болмайтын шаруа. Мәселен, сонау Көкшетаудан Сараны іздеп келген Біржан дайындалмай келді дейсің бе? Әрине, дайындалып келді. Оның келетінін естіген Сара да Біржан елінің жақсысы мен жаманын, бары мен жоғын түгендеп отырды ғой. Сол сияқты қазіргі ақындар да айтысқа барар алдында сөзін жұптап отырады. Қазір осы ақындарға «заготовка» жасайды деген бір кінә тағатын болыпты. Атқа мінген қазақтың екеуі  төрт ауыз өлең айтады. Бірақ бәрі айтып жүрген «әләуләйлім» мен «хәләуләйлімнен» айтыс шықпайды ғой. Сондықтан кез келген ақын айтысқа  сөзін жұптап, жебесін ұштап келеді.  Бірінші күнгі айтыс шынында да сапалы болып өтеді. Екінші күні ақтық сайыстар болған соң жүлде мәселесі көлденеңдеп кетеді де, ақындар осалдық танытуы мүмкін. Бірақ үнемі олай емес. Талай рет өте жоғары дәрежеде өткен финалдардың куәсі болып жүрміз.

– Яғни, ақындар бір-бірімен келісіп айтыспайды ғой...?

– Жоқ, бастан-аяқ келісіп айтысу деген жоқ. «Зоготовка» реті келіп қалғанда, қосып жіберемін-ау деген сөздер. Мына сөзді айтып қалса, мен осылай жауап беремін деп дайындап жүретін қосымша оғы. Ондай шумақтар болып тұратыны заңдылық. Өйткені айтыс емес, әйеліңмен ұрсысу үшін де дайындық керек қой. Сондықтан ақындар алдын ала шумақтар дайындап жүруі керек.

– Жүрсін мырза, енді көптің көкейінде жүрген сұрақты қояйын. Ринат Зайытов қайда жүр қазір?

– Білмедім, шырағым. Өзің іздемесең, мен саған Ринатты тауып бере алмаймын қазір.

– Осы жылы өтетін айтыстардың тізімінде бар ма?

– Бізде тізім деген жоқ. Біз айтыстың алдында ақындарды түгендей бастаймыз. Анау қатысады, мынау қатысады деп. Шақырамыз. Ыңғай келгендер, уақыты барлар келеді. Қазір ақындардың көбі той басқарып, бет ашады. Той бизнесте жүр. Содан қолдары тигендер айтысқа келеді. Ринатқа да ешқандай тосқауыл жоқ.

– Соңғы айтыстарда Зайытов қатысатын ақындардың тізімінде болып, кейін айтыс өтетін күндері тізімнен сызылып тасталды ғой. Бұның себебі неде?

– Оның себебін өзің де біліп отырған шығарсың. Біле тұра маған құйтырқы сұрағыңды қойып отырсың. Ринаттың түнеу күнгі Алматыда жасаған әрекеттерінен кейін оны сахнаға шығаруға біз де қорқып қалдық. Ринат айтыстың алаңы мен халықтың алдындағы алаңды шатастырып алған сияқты. Бұл – үлкен саяси оқиға ғой. Одан үлкен ши шығып кетуі мүмкін. Сондықтан біз оны айтыстарға қатыстыруға тәуекел ете алмадық. Алдағы уақыттарда айтыстарға шығатын шығар. Ринат – қазақтың талантты ақыны. Халықтың сөзін жоғарыдағыларға қатты айтып жүрген, батырып айтып жүрген, артық айтып жүрген ақын. Ол – қай кезде болмасын көркем өлең айта алатын азулы ақын. Сондықтан оның алдында ешқандай тосқауыл жоқ.

– Зайытовтың алдында ешқандай тосқауыл жоқ болса, осы жылы өтетін айтыстарға қатысады деген сөз бе?

– Мен саған оны анық айта алмаймын.

– Дәл осы Ринат Зайытов кезінде 17-18 жасында-ақ айтыс сахнасына жарқ етіп шығып, көпшілікке танылып кетті. Қазіргі атақты айтыс ақындарының көбі жастайынан танымалдыққа ие болғандар. Қазір айтыс сахнасында жүрген жас айтыскерлердің арасынан «дәл осы ақын жарқ етіп шығады-ау» деп кімді айта аласыз?

– Қазір жас ақындар өте көп. Біз соларды сахнаға шығартып үлгере алмай жатырмыз. Біздің айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағы облыстарда жұмыс істейді. Солардың қарамағында мектептер бар. Сол мектептерден тәлім алған жастар қазір қаулап шығып келе жатыр. Айтыс деген өте танымал болғаннан кейін бе, әйтеуір қазір өлеңге жақын жас балалардың көбі айтыскер болуға талпынады. Соларды баптап, бәрін бірдей айтысқа шығара салмасақ та, біреуден-екеуден үлкен айтыстарға қосып жүрміз. Осы таяу күндерде Ардабек Ақбаба, Жәнібек Әлихан деген жас ақындар айтыстың жұлдызы атанады деген ойдамын.  Қыздардан Жібек Шахмарданқызы, Жұлдызай Маратбекқызы деген жас ақындардың болашағынан үлкен үміт күтемін.  Кеше мына Рүстемдер оныншы сынып оқып жүріп айтыстан көлік ұтып алды ғой. Қазір әр өңірден сондай жастар шығып жатыр. Бұйыртса, «Нұр Отан» сегіз айтысты қамқорлыққа алды дедік қой, сол сегіз айтыста сегіз жұлдыз шығады деп айта аламын.

– Сұқбатыңызға рахмет!

Мият Кәшібай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір