05 Шілде, 2015 NEWS
Б.Сапарбаев: Кәсіпкерлер кімнің арқасында шалқып отырғанын ұмытпауы тиіс
Бердібек Сарапбаев: Біздегі бай-манаптарға кімнің арқасында шалқып отырғанын естеріне салатын уақыт жетті
Бердібек Сарапбаев: Біздегі бай-манаптарға кімнің арқасында шалқып отырғанын естеріне салатын уақыт жетті
Кеше Талдықорған қаласында өткен аймақаралық семинарда ҚР Вице-премьері Бердібек Мәшпекұлы қалталы кәсіпкерлерді сауда-орталықтарының орнына мектеп, балабақша, кітапхана, мұражайлар салуға шақырды. Бұл туралы «Қамшы» порталы Время басылымының сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында Премьер-министрдің бірінші орынбасары алдында 4 бірдей облыс әкімінің орынбасарлары мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары баяндама жасаған.
Бірінші болып, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев мырза сөз тізгінін алып, өңірдегі қалталы азаматтардың халық игілі үшін жасап жатқан жақсылығын айтқан болатын.
-Жақсының жақсылығын айт деген ғой, кәсіпкер Бауыржан Оспанов мырза өз қалтасынан қаржы бөліп, Лепсі ауылында спорт мектебін салып берді. Сонымен қатар, Жыланды ауылында спорт кешенін салып, тігін цехын, саябақ, кинотетр және физика-матемитиканы тереңдетіп оқытатын лицей салып берді. Ал аты мәшһүр спортшы Жақсылық аға Үшкемпіров Жамбыл ауданында спорт кешенін ашты. Ал кәсіпкер Абай Сәдуақасұлы 120 орындық мектеп пен 50 орынға шақталған жаңа балабақшаны Жамбыл ауданы тұрғындарына тарту етті,-деп сөзін түйіндеді Бақтияр Өнербаев. Ал Министр мырза орынбасардың сөзін бөлместен, мұқият тыңдады да, басын шұлғып, ризашылығын білдіргендей болды. Біз осылай қабылдадық.
Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолованы Вице-премьер аямады. Алматы қаласындағы кәсіпкерлерді сынаған Сапарбаев кәсіпкер Нұрлан Смағұловқа ерекше тоқталды.
-Біз Смағұловтың қалай байып отырғанын білеміз. Сен мынаған жауап берші, Зәуреш. Смағұлов жаңағы мектеп, балабақша, Мәдениет үйі мен Спорт кешенін өз қалтасынан ақша шығарып салып берді ме?,-деп сұрақты төтесінен қойды.
-Мен Смағұлов қандай да бір қайырымдылыққа мектеп салып берді деп айта алмаймын. Бірақ ол Алматы қаласындағы барлық шараларға белсенді қолдау көрсетіп келеді,-деп ақталғандай болы Аманжолова.
- Ол «Туған жерге тағзым» секілді маңызды акцияға қатысуы тиіс еді.Елбасының тапсырмасын ұмытпаған жөн. Ол білуі тиіс, кімнің арқасында миллиардер атанғанын,-деп шамырқанған Сапарбаев сөзін әрі қарай жалғады.
- Нұрлан Смағұлов Қазақстанның барлық жеріне сауда орталықтарын салып тастауға шамасы жетеді. Ал Алматы қаласында балабақша жетіспеушілігі басты мәселелердің бірі екенін ол біле ме? Айту керек, балабақша салып берсін, әйтпесе өзінің көп коттеджінің бірін берсін. Өзі Жәутіков мектебінің түлегі. Неге сол секілді үлкен мектеп салып бермеске. Оған неге марқұм болған Нұрлан Қаппаровтан үлгі алмасқа? Неге сіз немесе Ахметжан Есімов онымен сөйлеспейді? Неге айтпайсыңдар оған? Ол бар қаржысын саудаға ғана салып отыр. Бізге мектеп, балабақша керек деп айтпайсыңдарма? Әрине, Қазақстанның экономикасын көтеру үшін, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін, салық үшін сауда маңызды. Бірақ, ол Елбасының бастамысн қолдауы керек еді,-деді Бердібек Мәшпекұлы.
Ал министр мырзаның сөгісіне жауап қата алмаған орынбасар ханым үнсіз басын шұлғып отырды.
-Мынаны біздің елдегі қалталы кәсіпкерлердің есіне салатын уақыт жетті. Олардың әрқайсысы Елбасының көреген саясатының және Тәуелсіздіктің арқасында байып, шалқып отыр. Олардың әрқайсысы өздерін баптаған, өсірген туған ауылдарына мектеп, балабақша секілді әлеуметтік маңызды нысандар салып беруге шамалары жетеді емес пе?! Бұл азаматтық әрі адамгершілік парыздары ғой. Адам үшін туған жерден артық қандай байлық бар. Соны ойлану керек,-деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орыбасары Бердібек Мәшпекұлы.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір