19 Тамыз, 2019 Фото-баян
Сәбит Мұқанов, Роза Бағланова. Алпыс жыл бұрын Алматыда түсірілген суреттер
Төмендегі суреттер осы білім ошағында әр жылдары түсірілген. Тек қазақтың әйгілі жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі С.Мұқанов пен КСРО Халық әртісі, қазақ халқының дара бұлбұлы Р.Бағланованың суреттері ғана қай жылы түсірілгені жазылмай қалыпты. Дегенмен біз бұл сурттер кемінде алпысыншы жылдардың ішінде түсірілген деп болжаймыз. Одан бері де 50-60 жыл өте шыққанын ескерсеңіз, бұл суреттердің қаншалық құнды екенін аңғара түсесіз.
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар мұрағатында бұған дейін жария болмаған құнды дүниелер өте көп. 1 қыркүйек – жаңа оқу жылы қарсаңында сондай фотоматериалдардың бірқатарын жұртшылық назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Қазіргі білім ошақтарын, білім беру жүйесін осыдан 60-70 жыл бұрынғы кезеңмен салыстыруға, әрине, болмайды. Өйткені өзгерген заманмен бірге мектептер де жаңарды. Мүлде заманауи білім ошақтары бой көтерді. Оқу бағдарламасы да сан мәрте өзгерді, халықаралық стандарттарға бейімделді. Технология жетістіктері оқу бағдарламаларына енгізілді...
Дегенмен өзгермеген бір нәрсе бар. Ол не? Ол – мектепке деген құрмет, мектепке деген ынтазарлық, білім алуға деген құлшыныс. Халқымыз қай кезеңде де ұл-қызын білімді етіп өсіру үшін ақы-пұлын да, күш-жігерін де аямаған.
Бұған қоса, Кеңес одағы тұсында балаларды ынталандыру, оқушылардың көңілінде әдемі әсер қалдыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылатын. Елге белгілі ірі тұлғалармен, қоғам қайраткерлерімен, өнер майталмандарымен кездесулер жиі өтіп тұратын. Мұндай басқосулар әлі де үзілген жоқ. Әсіресе қала балалары бұл жағынан алғанда бақытты-ақ. Өйткені ақын-жазушылар, әнші-жыршылар, бір сөзбен айтқанда, өнер саласының өкілдері негізінен Алматы секілді ірі қалаларда жұмыс істейді.
Шоқан Уалиханов атындағы №12 гимназия – Алматы қаласындағы ең тарихы бай білім ошақтарының бірі. 1922 жылы 8 жылдық қазақ-қырғыз мектебі болып ашылған білім ұясы екі жылдан кейін Қазақтың өлкелік үлгілі тәжірибелік мектебі болып құрылған.
Төмендегі суреттер осы білім ошағында әр жылдары түсірілген. Тек қазақтың әйгілі жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі С. Мұқанов пен КСРО Халық әртісі, қазақ халқының дара бұлбұлы Р. Бағланованың суреттері ғана қай жылы түсірілгені жазылмай қалыпты. Дегенмен біз бұл суреттер кемінде алпысыншы жылдардың ішінде түсірілген деп болжаймыз. Одан бері де 50-60 жыл өте шыққанын ескерсеңіз, бұл сурттердің қаншалық құнды екенін аңғара түсесіз.
Тағы не байқадыңыз? Барлық суретке ортақ қандай белгі бар? Біздіңше, бәріне ортақ дүние – жылылық. Барлық сурет жып-жылы! Ал енді мұның сыры неде деп ойлайсыз? Осыдан 70-80 жыл бұрынғы зымыраған уақыттың әдемі бір сәтін сарт еткізіп ұстап қалып, бүгінге жеткізген жәдігерлік артықшылығында ма? Яғни, тарихи құндылығында ма? Иә, мүмкін.
Дегенмен біздіңше, осы суреттердің бағасын арттырып тұрған тағы бір сыр бар. Аңдасаңыз, оқушылармен кездесуге келген тұлғалардың жүзінен мектепке деген құрмет, балаларға деген сүйіспеншілік пейілі байқалады. Әсіресе, Жоғарғы Кеңес депутаты Балжан Бөлтірікованың оқушылармен түскен бейнесіне тағы бір көз салыңызшы. Құдды, өзінің туған балаларымен отырғандай әсер қалдырады. Керемет емес пе?!
Р.Бағланованың оқушылармен кездесу сәті. Алматы, жылы көрсетілмеген
Жазушы С.Мұқанов оқушылармен кездесуге келді. Алматы,жылы көрсетілмеген
Оқушылар ағаш отырғызуда. Алматы, 1955 ж.
Арифметика сабағында. Алматы, 1949 ж.
Жоғарғы Кеңес депутаты Балжан Бөлтірікова 4 сыныптың үздік оқушыларымен бірге. Солдан оңға: Микеш Каримова, Роза Чурина, Роза Қотабаева. Алматы, 1947 ж.
Халық әртісі Қ. Жандарбековтың оқушылармен кездесу сәті. Алматы, 1956 ж.
Еңлік Толықбаева,
ҚР Орталық мемекеттік
кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар
архивінің бөлім жетекшісі
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір