• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 05:32:41
Алматы
+12°

15 Тамыз, 2019 Сұхбат

100 жаңа оқулық. "М.Шоу бізде әлі күнге дейін оқылмаған қызықты тақырыптарды қозғайды"

Малкольм Шоу барлық халықаралық оқиғалар мен олармен байланысты проблемаларды жариялауда барынша объективті болуға ұмтылады.

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі таңдаулы оқулықтар қазақ тіліне аударады. Бүгінде оқулықтардың біразы оқырманға жол тартып үлгерді. Солардың арасындағы халықаралық құқық саласы бойынша батыста жазылған ең үздік кәсіби әдебиеттердің бірі британиялық құқықтанушы Малкольм Шоудың екі томдық «Халықаралық құқық» кітабы бар. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі кітаптың ғылыми редакторы, құқықтанушы Марат Сарсембаевпен сұхбаттасқан болатын.

– Марат Алдонғарұлы, әуелі жастарға осындай мүмкіндікті сыйлап отырған бағдарламаның маңызы туралы айтып өтсеңіз деп едік...

– Қазіргі таңда гуманитарлық бағыттағы түрлі пәндер бойынша көрнекті шетелдік авторлардың 100 оқулығын аудару бойынша үлкен жұмыс атқарылуда. Біздің қазақ тілді және орыс тілді студенттерге, магистранттар мен докторанттарға батыс, батыс-еуропалық бағыттағы терең білімді өздерінің ана тілдерінде алуға үлкен жағдай жасалып отыр. Осылайша біздің университеттерімізде Батыс университеттерінің студенттеріндегідей білім деңгейі ұсынылмақ. Осы тұрғыда бағдарламаның жастарымызға, қоғамға берері мол.

– Н.Назарбаевтың «бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет» деген сөзі бар. Гуманитарлық салаға мұнша көңіл бөлудің мәні неде?

– "Рухани жаңғыру" – бұл жастардың ғана емес, еліміздің барлық халқының рухани жаңғыруы. Дәл осы гуманитарлық білім қоғамда адамдардың бір-біріне қарым-қатынасындағы адалдықтың, әділдіктің, сыйластықтың, мейірімділіктің, адам сүйгіштіктің негізгі бастауларын орнатуға және қолдануға мүмкіндік береді. Осы жоғары ұғымдар бейресми мағынада бізді біртұтас халық, бір-біріне көмекке келуге дайын етіп қалыптастырады. Ол дегеніңіз – шынайы патриотизмнің негізі..

– Өзіңізге тікелей қатысты мәселеге қарай ойыссақ. Малкольм Шоудың «Халықаралық құқық» кітабы 100 жаңа оқулық жобасына әуелі қалай енді?

– 100 оқулыққа енген кітаптардың ішінде осалы жоқ. Бәрі де өз саласындағы әлем мойындаған еңбектер. Әлемдік университеттерде оқытылатын, бағдарламасына енген жұмыстар. Малкольм Шоудың оқулығы да құқық, оның ішінде халықаралық құқық негізінде әділеттілік жатқан оқу пәні мен ғылыми пәндер ішіндегі ең үздік еңбек деп айтса болады. "Юстиция" сөзі "әділеттілікті" білдіреді. Бұл ел ішінде, азаматтар арасындағы қатынастарда әділдік пен заңдылықтың орнауы ретінде көрініс тапса, халықаралық қатынастарда – халықтар мен мемлекеттер арасындағы байланыстағы әділдіктің салтанат құруы. Осы ұғымдарды ғылыми негізде өмірлік мысалдармен түсіндіретін еңбек өз саласында жетекші орынға ие болғандықтан, бағдарламаның құқық бөліміне келгенде таңдау сөзсіз осы оқулыққа түсті.

Шоу

– Cіздер кітаптың сегізінші басылымын әзірлегендеріңізге қарағанда кітап қосымша деректермен толықтырылып, ұдайы жаңарып отырған болды ғой...

– Ол рас. Автор осы оқулықпен ұзақ уақыт бойы жұмыс істеген. Жаңа оқиғаларды, фактілерді, ағымдағы халықаралық-құқықтық қатынастарды есепке алып, мазмұнын байытып, үнемі толықтырып, өмір ағымына бейімдеп қайта шығарып отырған. Сондықтан біз кітаптың соңғы – сегізінші басылымын аудардық.

– Өзіңіз сияқты кәсіби мамандар болмаса, қалың оқырман, жастар еңбектің арқалаған жүгінен беймәлім. Сондықтан кітаптың басты құндылығы мен ерекшелігі жөнінде бірауыз айтып берсеңіз...

– Екі томнан тұратын кітапта халықаралық құқық саласындағы ұғымдарға анықтама беріліп, түрлі құқық жүйелерінің нормалары салыстырылады, өзіндік ерекшеліктері мен басты принциптері сөз болады. Халықаралық құқықтың пайда болуы мен дамуындағы философиялық, әлеуметтік көзқарастар, халықаралық сот процестері мен трибуналдардың қызметтері нақты мысалдар арқылы баяндалады. Халықаралық шарттардың түрлері, шарт талаптары мен міндеттемелері туралы жан-жақты мәлімет қамтылған. Адам құқығын халықаралық деңгейде қорғау, жеке тұлғаның қылмыстық жауапкершілігі, мемлекеттің аумағы және теңіз құқығы тақырыбында мол мағлұмат береді. Автор халықаралық құқық жөнінде батыстық доктриналардың мәнін ашып, халықаралық және халықаралық-құқықтық қарым-қатынастардың тәжірибесін тарихи, қазіргі заман тұрғысынан көрсетеді. Халықаралық сот, Ұлыбритания, АҚШ және тағы да басқа елдердің соттары қарап, шешім шығарған халықаралық-құқықтық сипаттағы істердің астарына үңіліп, оларды теориямен тығыз байланыстырады. Бұдан бөлек, М. Шоу тек Еуропа Одағы, Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Америка және Африка құрлықтарындағы халықаралық ұйымдармен шектелмей, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аясында туындаған халықаралық-құқықтық проблемаларды кеңінен саралап, өз көзқарасын білдіреді.

– Он бөлімнен тұратын кітап халықаралық құқық мәселесінің ұңғыл-шұңғылын түгел қамтитынымен бағалы деңізші...

– Мәселе сонда. М. Шоудың жалпы көлемі 1 033 беттен тұратын кітабы ТМД елдері мен басқа мемлекеттердің оқулықтарында дәстүрлі болып табылатын бөлімдер мен тараулардан басқа, бізде әлі күнге дейін оқылмаған қызықты тақырыптарды қозғайды. Бұл: мемлекеттер кондоминиумдары, Еуропалық құқық, эстоппель, халықаралық жария құқықтағы сервитуттар, юрисдикция принциптері. М. Шоу оқулығының ерекшелігі – халықаралық құқық, теория мәселелері бойынша практикаға, міндеттерді шешуге, сот істеріне басымдық беріледі. Кітапта барлық континенттердің халықаралық-құқықтық мәселелері қамтылған. Автор өз елінің – Ұлыбританияның сыртқы саяси ұстанымдарын қорғауда идеологиялық ұмтылыс пен негіздеме жасамайды. Барлық халықаралық оқиғалар мен олармен байланысты проблемаларды жариялауда барынша объективті болуға ұмтылады.

– Кітап негізінде жасалған онлайн дәрістер таптырмас көмекші құрал екен. Дәрістер кітап мазмұнын толық қамтиды ма?

– Халықаралық құқық бойынша менің онлайн-лекциялармен танысқаныңызға қуаныштымын. О бастағы ой М. Шоу кітабының негізгі мазмұнын қамтып, оның еліміздің тәжірибесімен жанасатын тұстарына кеңірек тоқталу еді. Қазір онлайн лекциялардың алғашқы бөлімін аяқтадық. Егер басшылық қажет деп тапса, курс жалғасады. Әзірге оның тағдыры маған беймәлім.

– Сұқбатыңызға рақмет!

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір