• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 13:21:58
Алматы
+12°

23 Шілде, 2019 Ұлт болмысы

«Қамшы» порталы «Өзгер-Іс» жалпықазақ жастарының бірінші құрылтайын өткізеді (видео)

Қазақ еліне  «өзгеріс» керек. Турасын айтқанда Істің өзгергені керек. Өзгерісті жастардың жасағаны абзал. Сол үшін бұл жиынды 1917 жыл өткен бірінші, екінші жалпықазақ съезінің дәстүрімен «Өзгер-іс» жалпықазақ жастарының бірінші құрылтайы деп атауды жөн көрдік.

 

Құрылтай не үшін керек болды?

Жаңа Президент кезеңі басталды.  30 жыл қордаланған мәселелер халықты «Алаңға» шығарды. Мызғымастай болған жүйенің мың проблемасы тез арада шешілмесе, Тәуелсіздікке қатер төнетін жағдайға жетті. Қатып қалған билеу тәсілі тек жастардың қолымен жаңаланбаса басқа жол жоқ екені айдан анық болды. Ақорда тарапының да Алаш жұртымен диалогқа дайын екені айтылды. Енді тек Іс керек. Сөз емес!!! Ең бастысы – ел іргесін шайқалтпай, түбегейлі «өзгеріс» жасау керек. Ол қандай өзгеріс? Жалпылама сипаттайық. Жіңішкелеп жіктеу - өткелі отырған Құрылтайдың еншісінде қалсын.

Құрылтай

Құрылтай мазмұны:

Бірінші, ұлттық ғылым-білім. Қазақ баласының санасын сансыратпайтын,  қазақ ұстазының қадірін арттыратын ұлттық оқу-ағарту жүйесін құру! Қазақстандық дарындылардың шетел аспауы үшін ұлттық қордың арнайы бөлігін ғылымның дамуына бөліп, шын таланттылардың ғылымды дамытуына барлық жағдайды жасау қажет.

Екінші, ұлт қазынасы. Ата-бабадан қалған жер, кен байлығын қазақтың ашық бақылауына қол жеткізу, келесі ұрпақтың да еншісін қазір есепке енгізу. 

Үшінші, ұлттық парламент, ұлт әскері, ұлт полициясы, ұлттық сот қалыптасуын қамтамасыз етіп, күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарын билікті қорғауға емес халықты қорғауға жұмылдыратын жаңа заң, тың реформа жасау. Саяси тұтқындарды абақтыдан босату, «сайлау туралы», «бейбіт шеру» туралы, «БАҚ» туралы заңдарға өзгерістер енгізіп, азаматтардың саяси ұстанымы үшін құқығы шектелуін болдырмау.

Төртінші, ұлттық экономика. Ел экономикасын тәуелсіздендіру, отандық өндірісті 3 жылға дейін салықтан босату. Ауыл-шаруашылық өнімдерін шетелге экспорттауға бар жағдайды жасау. Ұлан-байтақ қазақ жерін әлемдік азық-түлік орталығына айналдыру. 

Бесінші, ұлттық идеология. Тілдегі шұбарлық, діндегі алауыздық, ділдегі берекесіздікті жоятын біртұтас ұлттық жаңалану процесін тез қарқынмен жүзеге асыру.

Алтыншы, аймақтық қауіпсіздік. Ресей, Қытай сынды алпауыт көршілермен, ежелден тілі, діні бір туысқан мемлекеттермен бұрынғы жасалған келісімшарттарға өзгерістер енгізу және жетілдіру арқылы  аймақтық қауіпсіздікті сақтауда «теңдік» принципін ұстанатын жаңаша ынтымақтастықты қалыптастыру.

Жетінші,  ұлттық тарих. Қазақ тарихшыларын жеткілікті деңгейде қолдау мен жаңа толқын тарихшыларды біріктіру арқылы «Қазақстан тарихын» қайта жазып шығу.

Сегізінші, ұлттық өсім. Көп балалы аналар мен жас отбасыларды қолдау және шетелдегі қазақтардың ұлттық болмысын сақтау мен олардың Отанына оралуына бар мүмкіндікті жасау жолдарын ұсыну. 

Тоғызыншы, Түркі бірлігі. Түркі мемлекеттері арасында ортақ экономикалық кеңістік құру, ортақ білім жүйесін жетілдіру, ортақ әскери бірлік қалыптастыру.

Оныншы, қазақ арманы. Алаш топырағын мекендейтін әртүрлі ұлттар «Қазақ бірлігінің» айналасына топтасып тең өмір сүретін, түркі мемлекеттерінің түп қазығына айналған, Орта Азияның саяси орталығы – Дамыған Қазақ елі болу!

құрылтай

 

Құрылтайдың өзгешелігі:

Қазақ тыныш болса, Қазақстан тыныш! Қазақстан тыныш болса, қазақ жерін мекендейтін кез келген адам бейбіт, берекелі қоғамда өмір сүреді. Ең алдымен «өзге нәсілдің» қамын ойлап келген билікке де, соған көніп келген қазаққа да қазір бір анық нәрсе - осы! Осыған дейін «Жетімнің» күйін кешіп келген Алаш жұрты енді «өлгені тіріліп, өшкені жанса да», баяғы қонақжайлығы мен бауырмалдығынан айнымайды. Ол – ақиқат! Ақиқат – ең алдымен қазақтың жоғы түгенделіп, өз елінен тиісті еншісін алуы!

Құрылтай мақсаты:

Тәуелсіздік жылдарының алды-артында дүниеге келген, өзіндік ой-пікірі қалыптасқан жастардың басын қосу. Сол арқылы «дағдарыстағы билікке» бағыт-бағдар ұсыну және қордаланған мәселелерді шешуге атсалысу. Өздерінің қандай мемлекетте өмір сүргісі келетінін билік назарына, халық таразысына салу!

Құрылтайға қатысу шарттары:

Спикерлер (баяндама жасау): 35 жасқа дейінгі азаматтар.

Қонақтар (пікір алмасу): 45 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары және Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейден БАҚ өкілдері.

құрылтай

Қамту аймағы: 14 облыс, 3 қала, шетелден оралған қандастар, туысқан елдердің БАҚ өкілдері.

Әр өңірден 5 адамнан жиыны 85 спикер (саясаткер-саясаттанушы, журналист-блогер, кәсіпкер-экономист, IT маманы-программист, білім саласының маманы-оқытушы, егінші-малшы т.б. мамандық иелері) қатыса алады. Сондай-ақ, Моңғолия, Қытай, Ресей, Түркия, т.б. шетелдерден оралған қандастарымыздан 15 адам қатысады.

Өз еркімен қонақ ретінде қатысушыларға шектеу жоқ.

Ресми қатысушылардың және шетелден келетін БАҚ өкілдерінің жолақысы, жатын орыны, тамақтану шығындары «Қамшы» ақпарат агенттігі тарапынан төленеді.

Қатысушылардың өз арасында іріктеу арқылы немесе дауыс беру арқылы «Өзгер-Іс» туралы ең үздік баяндама жасаушыға Әлихан Бөкейханов атындағы Миллион теңге арнайы сыйлық беріледі.

Үміткерлер «Құрылтай мазмұнында» айтылған мәселелер бойынша ой-пікірін жазбаша түрде немесе видеомен [email protected] электронды мекен-жайына ертеңнен бастап жібере алады және ол ұсыныстар «Қамшы» порталында жарияланады. Қатысушылар «ұсыныстарының» өзектілігі мен  өткірлігіне қарай іріктеледі. «Ұсыныстарды» іріктеуде әртүрлі мамандардан жасақталған арнайы топтың және «Қамшы» оқырмандары мен әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі есепке алынады.

Қатысушыларға құлаққағыс: Егер іріктеуден өтіп, Құрылтайға қатысу мүмкіндігіне ие болып жатсаңыз, Алашорда көсемдерінің киім үлгісімен келуді құп көреміз. Әрине бұл біздің ұсыныс қана. Шешім әр азаматтың өз таңдауына беріледі.

Өтетін орыны: Алматы қаласы

Өтетін уақыты: 26, 27 қазан.

Құрылтайды ұйымдастырушы: «Қамшы» ақпарат агенттігі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір