12 Шілде, 2019 Барлық аймақтар
Нұрлан Ноғаев: Сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр
Арыстықтар Атырау облысының тұрғындарына ризашылығын білдірді
Облыс тұрғындарының көмек-қолдауының арқасында қазір Арыста 482 үйді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі мезетте Атырау облысына бөлінген секторда 13 құрылыс мекемесі қызмет етуде, 500-ден астам адам және 20-ға жуық бірлік техника тартылған. Құрамында облыс әкімінің орынбасары мен кеңесшілері бар ведомствоаралық топ осы жұмыстарды үйлестіріп отыр. Қазір жұмыстар толыққанды режимде жүргізілуде, бірнеше үй толықтай қалпына келтірілді.
Бұл жөнінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Арысқа жұмыс сапарымен келген премьер-министр Асқар Маминге баяндады. Содан соң, облыс әкімі мердігер ұйымдардың басшыларымен кеңес өткізді.
"Осында орын алған оқиға бүкіл елімізге ауыр соққы болды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен адамдар Арыстың тұрғындарына көңіл білдіріп, түрлі көмек көрсетіп жатыр. Үйлерді қалпына келтіру жұмыстары сапалы жүргізіліп, уақтылы аяқталуы тиіс. Сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Үйлерді салғанда кірген адамдар риза болып, сіздерді жылы сезіммен еске алатындай қылып істеңіздер",- деді Нұрлан Ноғаев.
Өңір басшысы кеңестен соң Арыстың тұрғындарымен кездесіп, тілектерін тыңдады.
"Облыстың тұрғындары Мемлекет Басшысының үндеуін қолдап, Арысты қалпына келтіруге белсенді атсалысуда. Гуманитарлық көмек, қаражат жіберілді, еріктілер барды. Бұл бала кезімізден қанымызға сіңген қасиет, қиын-қыстау сәтте еліміздің тұрғындары отандастарын қолдаусыз қалдырмайды",- деп атап өтті облыс әкімі.
Өз кезегінде, Арыстың тұрғындары қолдау көрсеткені үшін атыраулықтарға ризашылығын білдірді.
"Біз барлығына да, Елбасына, Президентке, Атырау облысының тұрғындарына зор рахмет айтамыз. Сапалы, жақсы үйлердің қарқынды салынып жатқанын көріп отырмыз. Сын сәтте шеткері қалмай, қолдау көрсеткендеріңізге рахмет. Үйлеріміз біткесін Атырау облысының тұрғындарын қуана-қуана шақырамыз. Сіздер ұмытылмастай болып есімізде қаласыздар",- деді Арыстың тұрғыны Бибіхадиша Момын.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір