25 Маусым, 2019 Айтты-ей, бауырың!
Серік Әбікенұлы: "Пыш-пыштың кісі өлтірерлік кесірі барын ұмытпайық"
Тоқаев апат орнына бармап еді, "билік қайда, анау-мынау...пыш-пыш". Барып еді, "не қатыратынын көрейік ал...пыш-пыш".
Ау, Қызылағашта Кәрім әкәміз апат орнын самолетпен айналып қана шығып қайта Астанаға тартып кетпеп пе еді, қырық адам қырылып жатқанда дара да данамыз, елдің басы, ұлттың атасы ол жаққа аттап баспап еді ғой. Жарайды, "жуас жүндегенге жақсы" делік, аузы қызып тұрғанға бидай бола тұрсын, сол үшін билік қой.
Анау, қоймадағы оттан қызып, берекетсіз ұшып жатқан оқтұмсықтардан қорғалаған сарбазға обал болды, ата-анасымен қоштасып еді, "қорқақ, қатын, анау-мынау, пыш-пыш". Әскерде болған азаматтар мұндайға ілеспесе керек еді, себебі, талай кеудемсоқтың казармаға кіргенде-ақ зеңбіректің снаряды былай тұрып, "дедтың" қабағынан сынып кететінін жақсы біледі. Кейін жалғыз өзі бір рота жауды жайпап, бір ботольонды бір өзі бөктергідей бүріп тастаған батыр боп оралатын солар. Ал әлгі сарбаздыкі табиғи, үрей мен намыс арпалысып, тісті шықырлатып барып шыққан тамшы болар, зулаған оқ, бомба арасында ата-анасымен бақұлдасып отыр. Не күлері бар, не мінері бар? Тыныштықта өсіп, қан көрмеген жігіттер бақыра қашса қайтер едік? Сол сарбаздың көшеде қалып қойған екі тұрғынға қалқан боп отырып, халықты тастай қашқан әскерилерге " Форманы шешіңдер, сендер оған лайық емессіңдер" - деп күйінген видеосы барын ешкім елемеді, бізге кекетіп, көсемсіп, тар шекедегі шала ақылмен бөлісіп қалғанға алғашқысы жарайды.
Қаншама адамның баласынан бөліне қашып жатқанынан-ақ Үрей дегеннің қандай құдірет екенін білуге болар. Сол сарбаз оқ тиіп шейіт болса, немесе, апат басылған соң фбдағы қаһармандардың кекесінін көріп атылып өлсе не дерміз?! Пыш-пыштың кісі өлтірерлік кесірі барын ұмытпайық. Әскерде болған азаматтар біледі, артқойманың маңында міндетті түрде инженерлік қойма деген болады, онда селитра, динамит, тротилл секілді қопарылысқа керек заттар тонналап сақталады. Егер Арыста ондай қойма болса, оған от тисе қаланың орнында үлкен шұңқыр ғана қалар еді... сақтады құдай!
Серік Әбікенұлының фейсбук парақшасынан facebook.com
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір