25 Маусым, 2019
Арыс қаласының тұрғыны: "Соғыс көрдік біз..."
Молаға қарай қаша жөнелдім. Мені балам арқалап, көтеріп алып шықты.
Арыс қаласының тұрғындарын қауіпсіз жерге орналастыру жұмыстары жалғасуда. Шымкент қаласындағы жеке медициналық орталықтарда жуынатын орын, тамақ және жататын орын тегін беріліп жатыр. Qamshy.kz ақпарат агенттігі тілшісі аталмыш орталықтағы зардап шеккен тұрғындардың хал-жағдайын білді. Арыс қаласының тұрғындары бүгінгі болған жарылыс туралы пікір білдірді.
— Жарылыстың дауысын естіген кезде қаша жөнелдім. Молаға қарай қаша жөнелдім. Мені балам арқалап, көтеріп алып шықты. Бірақ құжаттарымызды алып үлгермедік. Ешнәрсе алғанымыз жоқ. Жарылыс болған кезде спортзалда едік. Бір кезде спорт залдың әйнегі жарылды. Тіпті аяқ киімді де кимедім. Қашып жүрген кезде бір жігіт аяқ киімін берді. Молада қайда қашарымызды білмей жүрген кезде арнайы көлік келді. Соған мініп Шымкентке жетіп алдық. Соғыс көрдік біз... Туған-туысымыздан хабар ала алмай отырмыз. Байланыс жоқ. Азаннан бері қаңғып жүрміз, - деп пікір білдірді Оспанова Айтолқын.
Мен бала бақшада тәрбиеші болып жұмыс істеймін. Балаларды таңғы жаттығу жасауға далаға шығарғанбыз. Кейін бала бақшаға қайта кіргеніміз сол еді, жарылыстың даусын естідік. Жиырма шақты баламен бірге қаштық. Бала бақшадағы балалар қалмады. Сөйтіп жүріп, үйдегі өзімнің баламды ұмытып кетіппін. Бірақ аман-есен Шымкентке жеттік қой, - дейді Нүрия Мақұлбекова есімді Арыс қаласының тұрғыны.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір