20 Маусым, 2019 Бизнес
120 минутымды ұрлаған Еңлік Әбдіқадыр – ұры емес!
Бизнес-ханшайым Еңлік Әбдіқадыр жетістікке жеткізген құпияларымен бөлісті.
@enlik_abdikadyr
«Бриллиант леди» кітабының мұқабасында «Тсс!» деп ишарат білдіріп, «үндемей мені тыңдаңдар!» деп тұрған асқақ рухты талдырмаш қызды іздеп тауып, «құлағым сізде» дегім келді. 12 сиқырлы санды теріп қалып едім, «Рахаттың» төрінде бетпе-бет кездестік. Журналист журналистке сұрақ жаудырған күні аспан ашық болды.
00:00:00
Еңлік Әбдіқадыр: ҚазҰУ-дың журфагына түсуді армандадым. Әл-Фарабидің атын иемденген білім ошағына түспесем, бітті, оқымаймын деп шештім. Алып Алматыда неше оқу орны барын қайтейін, бар ойым тек қара шаңырақта болды. «Мынандай балмен оқуға түсе алмайсың» дегенге қарамастан бағым жанып кетті. О баста шығарма жазу барысында 25-тен 23 балл алып қалған мен мұнымен келіспейтінімді айтып, апелляциялық шағым түсірдім. Ақыр аяғында лайықты бағамды алдым. Гранттар тізімінің ең төменгі орнында менің аты-жөнім шықты. «Егеменді» құшақтап, қуаныштан би билеп, ән салдым.
Журфакта бәрі медиатұлға, филфакта кілең Мақатаевтар... Екінші курста «ең, ең, ең» дегендердің басын жинап, продюсерлік орталық ашамын деп шештім. Тойдың иесімен келісу, тойдың сценарийін жазу – менің мойнымда болатын. Алғашқы миллионымды да осы продюсерліктің орталықтың арқасында таптым.
Клиенттер келген кезде күтіп алып, ақылдасатын ыңғайлы орын болсын деп, тіпті кеңсе жалдағаным бар. Қалтамда 24 000 теңге көлеміндегі стипендия болса да, басымды тәуекелге бел буып, офис аша салдым.
Бірақ мен бір нәрсені мойындаймын: ол кезде мен сапаға аса қатты мән бермейтінмін. 17 жастағы студент қыз үшін тойдың абыроймен өтіп, келісілген соманы қалтаға басу үлкен жетістік болатын.
«AEN» продюсерлік орталығы бүгін жоқ. «Армандар орындалады» деген журнал бар.
Жазира Байдалы: Біз болсақ, бір жұмысқа жабысып алып, шығып кетуден қатты қорқамыз. Бизнесмен, бизнесвумен болғымыз-ақ келеді. Сөз жүзінде. Ал іс жүзінде күнделікті күйбең тіршілікпен күн өткізуді жалғастыра береміз. 17 жастағы қыздың бойынан табылған тәуекелшілдік әркімнің бойынан, өкінішке қарай, табыла бермейді.
Еңліктің үстінде қызғылтым жеңіл жейде. Қап-қара шаштары жылтырап тұр. Қолындағы сары сағатын жиі ұстайды. «Арман» деген сөз аузынан жиі шығады. Кеше ғана туған күніне орай ұстазы сыйлаған су жаңа mercedes-ті тізгіндеген қызға қарап сүйсінбеу мүмкін емес. Еңлік үшін «мүмкін емес» деген сөздер жоғын мен ақырын-ақырын түсіне бастадым.
00:40:00
Еңлік Әбдіқадыр: «Армандар орындалады» деген журнал ашамын деп шештім. Сол журналға сұхбат аламын деп жүргенде бизнесмен, ұстазым Аманжол Рысмендиевке жолым түсті. Бұл кездесу менің өмірімді түбегейлі өзгертті десем, артық болмас. Біріншіден, ол кісі журналға демеушілік танытамын деді. Екіншіден, өзінің командасына жұмысқа шақырды. Қабыл алдым. 3 жыл бойы сенбі-жексенбіде демалмай, түнде де ұйықтамай Аманжол Рысмендиевтің маркетинг бөлімінде еңбек еттім.
Жалақыдан жалақыға өмір сүру – мен қалаған өмір емес болатын. Мен бұл ақиқатты 17 жасымда-ақ түсіндім. «Бар білгеніммен бөлісемін, бағыт-бағдар сілтеймін» деген ағалық ақыл-кеңеске құлақ түрдім. Бұл ең дұрыс шешім болғанына қазір көзім жетіп отыр. Осыдан 7 жыл бұрын мен алғашқы миллионымды таптым, соған қарамастан ондай жетістікті ай сайын қайталап отыра алмадым. Аманжол Рысмендиевтің арқасында өмір, ақша, жетістік туралы, тіпті бақыт ұғымына деген көзқарасым өзгерді. Мен үшін қазір 30 күнде 1-1,5 миллион теңге табу – ол үйреншікті жағдай. Ендігі мақсат – табысты кемінде екі еселеу. Қанша теңге табасың – соншаға еңбегің бағаланады деген сөзге біреу ренжіп қалар. Дегенмен, достар, ақиқат қымбат.
ҚазҰУ-дың журфагын жамандайтындарға жаным қас. Журфакта іздегенге бәрі бар. 4 жылда студияның бар мүмкіндігін пайдаланған мен ғана шығармын. Шындығын айтайын, студенттерде құлшыныс жоқ. Әйтпесе ҚазҰУ-да ұйымдастырылған бар байқауға қатысып, әртүрлі көлемдегі ақшалай сыйлықтың бәрін алып шықтым.
Жазира Байдалы: Еңлік Әбдіқадыр жайлы қашан естігенім есімде қалмапты. Әйтеуір бәрін білгіш-сезгіш инстаграм алдымнан шығарғаны шындық. Нәп-нәзік қыз қап-қара мұқабадағы кітап шығарып, оны «Бриллиант леди» деп атағанын көргенде таңдай қақтым.
120 беттік кітапты оқуға екі сағатым кетті. Оқырманмен тілдесіп, бар сырын ақтарғысы келгені алғашқы сөйлемдерден-ақ сезіледі. Автор нәзік жандыларды 7 типке бөледі екен: олар – леди плюс, леди минус, леди лидер, леди харизма, леди автомат, леди эмоция, бриллиант леди. Бриллианттай жарқырап, құнының төмендемеуін қалайтын қыз-келіншектерге Еңліктің айтары көп. «Бриллиант леди» Жазушылар одағын қуанта қоймас, алайда жасы жиырма беске жетпеген жастардың ойындағы дүниесін қағазға түсіріп, қаймықпай кітап шығаруына өз септігін тигізері анық.
00:80:00
Еңлік Әбдіқадыр: Сәуірдің 24-де «Бриллиант леди» деп аталған кітабымның тұсауын салтанатты түрде кестім. Шындығын айтайын, қатты толқыдым. 24 жастағы қыз кітап жазуға лайықты ма деген ой-сұрақтар болғандығын ішім сезеді. Мен «Бриллиант ледиді» сатылымнан ақша түсіру үшін шығарғаным жоқ. Я болмаса өзімнің қаншалықты мықты, табысты екендігімді паш ету үшін пайдаланған жоқпын. Бұл – менің жүрек қалауым. Бір айдың ішінде 800 данасы жан-жаққа тарап кетіпті. Демек «мен кіммін?», «қайда жол бастайын?», «қалай өзімді ұстайын?» деп адасып жүрген ару қыздар бізде баршылық. Сол қыз-келіншектерге қандай да болса көмегім тиіп жатса, бақыттымын. Сөзіме сеніңіз!
Мен қазір банальді сөздерді айтамын. Сіз бұл сөздерді мың адамнан естіген шығарсыз. Бірақ адам армандауы тиіс. Менің армандамаған күнім болмайды. Бәрін әдемі блокнотыма жазып жүремін. Көңілім құлазып, бойымды сырқат билесе де, блокнотымдағы армандарыма қарап күш жинаймын. Сосын өзімнің қалай төсектен тұрғанымды, қалай іс-әрекетке көшкенімді байқамай қаламын. Тіпті арманыма тезірек жетсем екен деп ұйықтамаймын. Ұйықтасам, аз ұйықтаймын. Ұйқысы қанбаған адам тырысқақ, ауру келеді деген бос сөз. Сонымен қатар «ұйқысықанбағандықтан» деген диагноздан өлген адам барын бұрын-соңды естімеппін. Арманы бар адам бос уақытын тиімді жұмсайды. Ол ұялысын құшақтап, түріктің телехикаясына телміреп не болмаса сториз күзетіп отырмайды. Арманына қол жеткізбейінше тыным таппайды. Армандарының тізіміне армандар қосыла береді.
Жазира Байдалы: Наполеон Хиллдың «Оқы да ойлан» кітабы әлем мойындаған бестселлер. Осы кітапқа 10 жыл уақытын кетірген журналист Хилл табысқа бастайтын бір құпия барын кітабында ашық айтады. Бірақ қандай құпия екендігіне нақты тоқталмайды. «Бұл құпияның атауы жоқ» деп одан сайын интрига туғызады. Еңлік Әбдіқадырдың оқиғасы да солардың бірі болуы лайық. Меніңше, жетістікке жеткен жандарға тән ортақ бір дүние бар, ол – армандауға деген құштарлық. Ол өз әңгімесін айту барысында бірде-бір рет еңсесін түсіріп, уһілеген жоқ. Көздеріндегі жалын кеудесінде жан барда армандаудан бас тартпайтынын аңғартады. Лайым армандағандар армандарына жете берсін!
00:120:00
Сұхбат алу барысында екі шыныаяқ кофе ішілді, бір телефонның қуаты өшті, 120 минуттық әңгіменің аудиосы екінші телефонның жадында сақталып қала берді...
Сұхбаттасқан: Жазира Байдалы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір