09 Маусым, 2019 Саясат
Сайлау-2019 басталды: ең бірінші дауыс берген Жапониядағы қазақ студенті (видео)
ОСК мәліметі бойынша Қазақстанда таңғы сағат сегіздегі жағдай бойынша 9920 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы басталды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Елде сайлау учаскелері Нұр-Сұлтан уақытымен таңертеңгі сағат 7.00-де ашылып, кешкі сағат 20.00-ге (48 учаске таңғы 6.00-ден бастап ашылады) дейін жұмыс істейді. Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) бұған дейін ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі, ал Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылады деп хабарлаған болатын.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің дерегінше, 9 маусымда алғаш болып Жапония және Кореядағы қазақстандықтар дауыс берген. Алдын ала дерек бойынша, Қазақстаннан тыс жерде 13 мың қазақстандық бар.
ОСК дерегінше, Қазақстанда сайлауға дауыс беруге құқығы бар 11 814 019 адам бар.
Ең бірінші болып дауыс берген Жапонияда білім алып жатқан Қазақстан азаматы - Ілияс Құрманғали есімді студент.
Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Ал сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.
Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған жоқ.
Биылғы сайлаудың ерекшелігі - елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үміткер ретінде сайлауға қатыспайды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір