• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 01:22:09
+12°

09 Маусым, 2019 Саясат

Қазақстан Республикасы ОСК-ның Сайлаушыларға үндеуі

Сайлау учаскелерінде дауыс беру сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі.

ОСК барлық сайлаушыларын Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына шақырып, үндеу тастады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Құрметті сайлаушылар!

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылғы 9 маусымда еліміздің барлық сайлаушыларын Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына шақырады.

Қазақстан Республикасының Конституциясы республика азаматтарына мемлекеттік органдарға сайлау және сайлану құқығына кепілдік береді. Сайлау құқығын жүзеге асыру үшін сіз дауыс беруге қатысуыңыз қажет.

Сайлау учаскелерінде дауыс беру сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі.

Сайлау күні бүкіл ел және шетелде бойынша 9968 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады.

 

Барлық деңгейдегі сайлау органдары дауыс беру күні барлық сайлау рәсімдерін қатаң сақтауға тиіс. Сіздің әрқайсыңызға дауыс беру құпиясы қамтамасыз етіледі.

Дауыстарды санау процедурасы барынша ашық, ал алдын ала дауыс беру қорытындылары қысқа мерзімде жарияланатын болады.

Сайлау бюллетеньдерін алу үшін учаскелік сайлау комиссиясының мүшелеріне сіздің жеке басыңызды куәландыратын құжатты ұсыну қажет.

Егер дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі болған жағдайда, оны учаскелік сайлау комиссиясының мүшелеріне де көрсету қажет.

Сайлауда дауыс беру құқығын басқаға беру және басқа тұлға үшін дауыс беруге жол берілмейді.

Сайлау бюллетеньдерін сіз өз қолыңызбен жасырын дауыс беруге арналған кабинада ғана толтыратынын есте сақтаңыз. Қағаз бюллетеньдерді толтыру кезінде, сіз дауыс беретін кандидаттың тегінен оң жақтағы бос шаршыға кез келген белгі қойыңыз.

Бюллетеньге қарындашпен белгі қоюға, сондай-ақ оған қандай да бір түзетулер енгізуге жол бермеңіз. Мұндай бюллетеньдер, сондай-ақ сайлаушылардың еркін білдіруін анықтау мүмкін емес бюллетеньдер жарамсыз деп саналады, демек Сіздің дауысыңыз ескерілмейді.

Сонымен қатар, сайлау бюллетенін жариялауға және таратуға жол берілмейді, себебі бұл заңмен белгіленген жауапкершілікке тартуға әкеп соқтыруы мүмкін.

Егер сайлау күні Сіз сайлау учаскесіне денсаулық жағдайы бойынша немесе отбасының ауру мүшесіне күтім жасау себебінен келе алмасаңыз, сондай-ақ сайлау учаскесі құрылмаған шалғай және жету қиын жерде болған жағдайда, Сіз учаскелік сайлау комиссиясына «үйде» дауыс беруді ұйымдастыру туралы өтінішпен жүгінуге құқылысыз.

Өтініштер 2019 жылғы 9 маусым сағат 12:00-ге дейін қабылданады.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы сіздерді жоғары азаматтық белсенділік пен еліміздің қазіргі және болашағы үшін жауапкершілік танытуға, сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауыңызды жасауға шақырады!

Біз Қазақстан Республикасы Президентінің ашық, адал және әділ сайлауы үшін! Сайлауға келіңіздер! Дауыс беріңіздер! Сіздің таңдауыңыз- Сіздің болашағыңыз!

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір