• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 04:33:33
Алматы
+12°

07 Маусым, 2019 Әлеумет

Елорда әкімдігі көпбалалы аналардың жеке кәсіп ашуына көмектесіп жатыр

Әкімдік мүгедек, жалғызбасты аналарға да көмек қолын созып жатыр

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі көпбалалы және жалғызбасты аналардың кәсіп бастауына көмек көрсетеді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Әкімдіктің және кәсіпкерлердің көмегімен үшінші топтағы мүгедек, жалғызбасты ана Гүлнұр Жалғасова балмұздақ бизнесін бастады. Оның отбасы жеті жылдан бері елордада пәтер жалдап тұрады.

«Бүгінгі күнге дейін түрлі жұмыс істеп көрдім. Мүгедектігім бар, тәулігіне сағаттап жұмыс істеуге шамам жоқ. Қолайлы жұмыс болмағасын, жеке кәсіпкерлік ашуды ойлап, әкімдіктен көмек, кеңес сұрадым. Олар әлеуметтік көмек көрсететін кәсіпкермен таныстырды. Кәсіпкер өз дүкенінің алдынан тегін орын берді. Өзім де 300 мың теңге ақша жинап, тоңазытқыш пен арба сатып алдым. Осылайша, бір айда өз бизнесімді бастап кеттім», - дейді Г. Жалғасова.

Гүлнұр табысының бір бөлігін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі есепшотына аударады. «Айына 35 мың теңгеден Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне төлеймін. Қысқа дейін өз пәтерімді алам деп үміттеніп жүрмін. Табысым да жақсарып қалды. Шамамен Астана қаласындағы орташа айлықты тауып жүрмін. Пәтерақыға, балаларыма, өзіме жетеді. Мүгедекпін деп біреудің қолына қарап отырғым келмеді. Әркім өз отбасын өзі асырауы керек деп есептеймін. Өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа алып, кәсібімді әрі қарай дамытқым келеді. Қыста сауда орындарымен сөйлесіп, жылы орын іздестіремін», - дейді ол.  

inform.kz

Тағы бір көпбалалы, жалғызбасты ана Гүлмира Салыбаеваға әкімдік өз үйінің маңынан жеміс-жидек сататын дүңгіршек орнатып берді. Оның 10, 8, 7 жастағы және 8 айлық балалары бар. «2012 жылы балаларымды алып, Оңтүстік Қазақстаннан Астанаға қоныс аудардым. Пәтер жалдап тұрдық. Кондуктор болып жұмыс істедім. Балалардың әкесі келді, бірақ тағы тастап кетті. Бала күтімімен үйде отырғандықтан, 6 баласы бар сіңліме көшіп бардым. Ол да жалғызбасты. Үйде отырған соң, әкімдікке барып, жеміс-жидек сататын орын алуға көмек сұрадым. Бастапқыда көмектессе, өзім дөңгелетіп әкетемін. Олар үйдің қасына дүңгіршек орнатып, жарық жалғап, ішіндегі жеміс-жидек, көкөністерге дейін толтырып берді. Мұндай көмек боларын күтпедім», - дейді Г. Салыбаева.

inform.kz

Енді Гүлмира сіңлісімен бірге жұмыс істеп, балаларға қарайласып, сату орындарын көбейткісі келеді. «Елорда әкімдігі көмек сұрап келген барлық аналарға жәрдемдесуге тырысады. Оқуға, курсқа бара алмайтын, біліктілігін көтеруге уақыты жетпейтін, қаражат табатын мүмкіндігі жоқ көпбалалы аналар бар. Олар бізге кішігірім бизнес-жоспарларын әкеледі. Немен айналысқысы келетінін, қай аудан, қай көшенің ыңғайлы болатынын айтады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында, кәсіпкерлермен бірлесіп, мүмкіндігінше көмектесуге тырысамыз», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева. Оның айтуынша, кәсіпкерлік көмекте баласы көп, мүмкіндігі шектеулі немесе асыраушысы жоқ, кедейліктің шегіне жеткен отбасыларға баса мән беріледі.    

inform.kz

Айта кетейік, елордалық «Берекелі баспана» бағдарламасы аясында «Көпбалалы отбасы» санатында тұрғын 150 арендалық пәтерге сертификат беру басталды. Аренда құны - пәтердің әрбір шаршы метріне 70 теңгеден. Яғни, орта есеппен көпбалалы отбасылар айына 6-7 мың теңгеге пәтер жалдап тұра алады. «Көпбалалы отбасы» санатында тұрғын үй кезегінде тұрғандар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (Р.Қошқарбаев көшесі 39) жүгінуі тиіс (байланыс нөмірі: 79-34-50). Бүгінде елордада 46 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 3 мыңнан астамы - көпбалалы отбасы.



"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір