• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Желтоқсан, 13:33:04
Алматы
+7°

20 Наурыз, 2013 Әлеумет

Құрылыс материалдарының 80 пайызын отандық кәсіпорындар ұсынуы керек

Соңғы уақыттары Қазақстанда цемент, бетон бұйымдары, қабырғалық және жылу сақтайтын материалдар, гипс, таскендiр, арматура, гипстi картон, қиыршық тас, құм...

Соңғы уақыттары Қазақстанда цемент, бетон бұйымдары, қабырғалық және жылу сақтайтын материалдар, гипс, таскендiр, арматура, гипстi картон, қиыршық тас, құм сынды құрылыс материалдарын өндіру ісі жолға қойылған. Дегенмен де отандық құрылыс материалдары құнының шетелдердің арзан импортымен салыстырғанда қымбат. Дағдарыс кезінде еліміздегі құрылыс материалдарын тұтынуының қысқаруы, өндiрiс көлемiнiң төмендеуіне әкеп соққаны жасырын емес. Алдағы уақытта отандық құрылыс материалдарының сапасы мен өндiрiс көлемiн арттырып, жоғары сапаға қол жеткізуінің маңызы зор. Сондай-ақ, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындардың заңды мүдделерi мен құқықтарын қорғауды да назардан тыс қалдырмаған жөн. Үкімет бұл бағытта отандық құрылыс материалдарын өндіруге ден қойған кәсіпорындарға сұраныстың болуына, инновациялық даму мүмкiндiгін кеңейтуге, құрылыс материалдары өндiрiсi бойынша кәсіпорындарды басқарудың озық үлгісі мен жаңа технологияларын енгізуіне көмек қолын созуы тиіс.

Ерлан АЛШЫНБАЕВ, «АССМ-01» құрылыс компаниясының директоры, құрылысшы.

Соңғы уақыттары Үкіметтік деңгейде қабылдаған «Қолжетімді баспана — 2020» және Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамыту бағдарламалары мен ірі жобалар ел аумағындағы құрылыс материалдарын өндіретін компанияларға тың серпіліс беріп отыр. Айталық, бір ғана «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын әзiрлеу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi осы бағдарлама бойынша 7 млн. шаршы метр баспана салуды жоспарлап отыр. Осы ретте министрлік құрылыс жұмыстарының көлемiн қайта есептеп, қаншалықты құрылыс материалдары қажеттiлігін анықтауы тиіс. Дәл осындай есеп-қисаптар ТКШ-ні жаңғырту және «Ақбұлақ» бағдарламасын іске асыру барысында да жүргізудің маңызы зор. Бұдан басқа еліміздегі жол құрылысына да қомақты құрылыс материалдары қажет. Осындай ауқымды жұмыстарды абыроймен атқару үшін бізге сапалы құрылыс материалдары аса қажет. Бүгінде Үкімет үдемелі индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан өндіріс ошақтарына қажетті құрылыс материалдарының 80 пайызға жуығын отандық кәсіпорындар ұсынуы керек деген талап қойылып отыр. Егер ойға алған бұл меже толықтай іске асатын болса, мемлекеттік бағдарламалар құрылысқа қажетті түрлі бұйымдар шығарып жатқан отандық кәсіпорындардың жұмысына серпіліс туғызатыны сөзсіз. Бүгінде құрылыс жүргізу ісі заман көшінен қалмай, алға озып кеткені белгілі. Іргелі, стратегиялық маңызды құрылыстарды жүргізу үшін бізге білікті құрылысшылар аудай қажет. Үкімет «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелге жастарды оқыта бастаған тұста елімізде кәсіби-техникалық мамандарды дайындауды қосымша алып жүрудің маңызы зор еді. Кезінде кәсіптік маман дайындауға тиісті деңгейде көңіл бөлгенімізде маман тапшылығы мәселесімен бұлайша бетпе-бет келмес едік. Бұл бағытта Үкімет пен кәсіпорындар бірлесіп жұмыс істеуінің маңызы зор. Ауылдағы кәсіптік-техникалық мамандар дайындайтын колледждермен арадағы байланысты жандандырған жөн. Алдағы уақытта «Болашақ» бағдарламасы бойынша заңгер, экономист мамандарын оқытудың қажеті жоқ. Олар сырт елдерге барады да сол елдің заңы мен экономикасы жайында терең білім алып келеді. Ал Қазақстандағы экономика мен құқықтық қатынастар мүлде басқа. Заңгерлер мен экономистерді дайындауға еліміздегі жоғары оқу орындарының шамасы жетеді. Қайта біз сырт елдерге техниканың сырын үйренуге талпынған жастарды жіберуіміз керек. Тәуелсіздік жылдары гуманитария саласының тұтқасын ұстайтын мамандар толығымен қалыптасты. Ал техникалық интеллигенция барынша қартая түскен. Алдағы уақытта біздер жастардың техникалық мамандықтарды таңдауына кеңінен жол ашуымыз керек. Қазіргі таңда өндіріс пен құрылыстың басында жүрген білікті мамандардың жасы 50-ден асып кеткен. Жастарды техникалық мамандықтарға баулымасақ, алдағы он жылда өндіріс ошақтарында жұмыс істейтін мамандарды емге таба алмай қалуымыз мүмкін.

Кедендік одақ құрылған соң, әлі аяғына нық тұрмаған отандық кәсіпорындарымыз Ресей мен Белоруссияның кәсіпорындарымен бетпе-бет келіп, өзінің мүмкіндігін бағамдады. Қазақстандағы кәсіпорындардың аталған екі елдің кәсіпорындарымен бәсекелестікке түсе алатын толық мүмкіндігі бар. Ал Шығыстағы көршіміз Қытаймен құрылыс материалдарын өндіріп, жарысқа түсу мүмкін емес. Үкімет құрылыс материалдарын өндіруге талпынған кәсіпорындарға салықтық, жеңілдетілген несие тұрғысынан қолдаулар көрсетуі тиіс. «Индустриялды-инновациялық бағдарламаның шеңберінде салынатын зауыт, фабрикаларға 80 пайызға дейін отандық құрылыс материалдарын қолдану керек», деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдегені белгілі. Түсіне білген адамға бұл үлкен қолдау. Алдағы уақытта отандық кәсіпорындардың мүддесін көздейтін мұндай игілікті бастамалардың аясын кеңейте түсуіміз керек. Президент Үкіметтің алдына нақты осындай міндет қойған соң, құзырлы орындар құрылыс материалдарын өндіретін отандық кәсіпорындарды қолдау шараларын кеңейтуі қажет. Қазақстан – жер аумағы үлкен мемлекет. Алматыда өндірген құрылыс материалын сонау Атырауға, Шығыс Қазақстанға жеткізу үшін қыруар шығын шығады. Ал Ресей мен Белоруссияда халық тығыз орналасқан, қажетті инфрақұрылым да жоғары деңгейде дамыған. Үкімет отандық кәсіпорындардың өрісін кеңейтуді ойласа, ел ішіндегі көлік пен темір жолдарды барынша дамыту қажет. Бұдан басқа кәсіпорындар үшін коммуналдық төлемдерді де кемітіп, салықтық жүктемелерді мейлінше азайтудың да маңызы зор. Қазақстанда құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардың өнімі бағасы бәсекелестеріне қарағанда төмен болуы шарт. Бұл үшін Үкімет электр бағасы мен коммуналдық төлемдердің бағасын Ресейден кем қылмау тиіс. Сондай-ақ бизнесте жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың да жолын кесуіміз керек. Ресейдің құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындарымен салыстырғанда Қазақстанның зауыттары шағын. Зауыттың өндіретін өнімі көп болған сайын, оның өзіндік құны да аз болатыны белгілі. Сондықтан біздер Ресейдегі бәсекелестерімізді айналып өту үшін инновациялық заманауи өндіріске бой ұруымыз керек. Бұл үшін құрылыс саласы жоғары деңгейде дамыған елдермен ынтымақтастығымызды кеңейтіп, көптеген біріккен кәсіпорындар ашуға күш салуымыз керек.

Қазақстанда Ресейден кем түспейтін минералды-шикізат базасы бар. Айталық, гранит, мрамор, саз және құрылысқа қажетті түрлі руданы еліміздің кез келген жерінен табуға болады. Бұл шикізаттарды әрі қарай өңдеп, дайын құрылыс материалын жасап шығаруға болатындай өнеркәсіптік инфрақұрылым да біршама қалыптасқан. Қазіргі таңда Қарағанды, Теміртау, Павлодар, Шымкент сияқты қуатты өнеркәсіптік индустриялды аймақтар толық күшінде жұмыс істеп жатқан жоқ. Сонымен қатар, Балқаш, Жезқазған және Теміртау қалаларының ірі металлургиялық кәсіпорындарының қалдықтарының көп қоры іске аспауда. Алдағы уақытта аймақтардағы шикізат өнімдерін құрылыс материалдарын дайындауға кеңінен қолдануымыз керек. Кеңес заманында Қазақстанда темір-бетон конструкцияларын және үй салатын көлемді панельді өнеркәсібі жақсы дамыған болатын. Сол кезде бір ғана Алматы үй-құрылыс комбинатында 7 мыңнан астам адам еңбек еткен еді. Қазір көптеген адамдар көлемді панельді-құрылыс комбинаттарын салу керектігін түсіне бастады. Неге, панельді құрылыс? Біріншіден, бұл өте арзан, жылдың кез келген уақытында тез және оңай монтаждап, еліміздің кез келген аймағына жылдам жеткізуге болады. Алматының Ақсай ықшамауданында АҮҚК панельдерімен екі ай ішінде тоғыз қабатты екі подьезды үйлер тұрғызылды. Алматы үй-құрылыс комбинатының базасында типтік жобалау болған. Соның арқасында сапалы бетон қабырғалар шығаруға мүмкіндігі жоқ ауылды жерлерде мектептер мен ауруханалар көптеп салынды. Мектептер мен ауруханалар 2-3 ай ішінде АҮҚК панельдерімен монтаждалғанын білемін. Қазір осы сияқты ауылдық жерлердегі қоғамдық орындардың құрылыстары жеке жоба бойынша қымбат материалдармен жасалынады. Сондай-ақ жұмыс кадрларының жетіспеушілігі мен транспорттық жоғары шығынның есебінен объектілерді өткізу уақыты кешіктіріліп жатқаны да жасырын емес. Қазақстандағы жұмыс кадрлары әрқашан жетіспеген, қазір тіпті. Себептері: үлкен территория, аз халық. Барлық құрылыс нысандарында Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген еңбек мигранттары жұмыс жасайды. Олар заңсыз жұмыс істегеннен кейін, олардың жанында криминалды-жемқорлық оқиғалар белең алатыны белгілі.

 Қазіргі таңда елімізде құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындарының мүддесін қорғайтын, қордаланған мәселелердің түйінін тарқататын қоғамдық ұйымдар некен-саяқ. Еліміздің әр аймағында құрылыс заттарын шығаруды мықтап қолға алған шағын кәсіпорындар баршылық. Олардың жұмысына кедергі келтіріп, адымын аштырмайтын жайттар да кездесетіні жасырын емес. Алдағы уақытта осындай келеңсіз жайттарды қауымдастықтың араласуымен заң шеңберінде шешіп отыруды алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз. Біздер құрылыс материалдарын өндіруші кәсіпорындар арасында тең құқықты бәсекелестiктің қалыптасуын және монополияға қарсы заңдылықтардың сақталуын басшылыққа алмақшымыз. Сондай-ақ кәсіпорындарға салық және кеден заңы, экология бойынша заңдық кеңестер беруді де жоспарлап отырмыз. Жалпы, салық пен кедендегі түйткілдер шағын және орта бизнес өкілдерінің басты бас ауруы десем артық айтқандық бола қоймас. Қазақстан өзінің Тәуелсіздігіне қол жеткізіп, нарықтық қатынастарға көшкен кезде көптеген кәсіпорындар өзінің жұмысын тоқтатып, мыңдаған кәсіби мамандар жұмыссыз қалғаны белгілі. Олардың біршамасы өздерінің тарихи отанына бет алса, қалғаны жергілікті кадрлар саудаға бет бұрып, мамандығы бойынша жұмыс істеуді тоқтатқан-ды. Бүгінде біздер осы маман тапшылығын айрықша сезініп отырмыз. Сондықтан қауымдастық кәсiби кадрларды тартуға, дайындауға және қайта даярлауға баса мән беріп отыр.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір