• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Желтоқсан, 13:31:44
Алматы
+7°

15 Наурыз, 2013 Әдебиет

Таңжарық Жолдыұлы - 110. "Ол да рас, құпия ұйым құрғанымыз"

Бүгін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлының туғанына - 110 жыл. Бар ғұмырын Алаштың азаттығы үшін арнаған Тәкеңнің есімі қазақ...

Бүгін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлының туғанына - 110 жыл. Бар ғұмырын Алаштың азаттығы үшін арнаған Тәкеңнің есімі қазақ тарихынан өшпес орын алары сөзсіз. Ол - бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ірге тасын қалап кеткен Алашорданың Қытай жеріндегі тікелей өкілі болды. Алаш идеясының тартушысы, жоқтаушысы атанды. Соның салдарынан сол кездегі Қытай өкіметінің аяусыз езгісіне ұшырап, бар-жоғы 44 жасында бұ дүнидемен қоштасты есіл Ер!

...Бөгелмей жазып өлем, сен оқып өл,

Тартамын ақыр жаза соның үшін...

Бұл ақын Таңжарықтың түрмеде жазған жыр­лары тыңшы-тергеушілер тінтуі ке­зінде қолды болып, өзі сол үшін тергеліп, өлім­ші болып таяқ жеп, жан азабы мен тән азабын қатар тартып жатқанда, «Енді өлең жазбай-ақ қойыңызшы, аға!» деп жа­ны ашыған түрмелес інісіне айтқан сөзі. Ақынның аузына бұл сөзді Тәңірі сал­ған шығар, ол шынымен де «жазып өлді».

Таңжарық Жолдыұлы поэзиясы­ның 80 пайызы түрмеде жазылды. Ал, оның тер­геушілер мен тыңшылар тарапынан жойыл­ғаны қаншама?! Бізге жеткені – тас түрменің түнегін жарып шық­қан жарық сәуле сынды. Мір­жа­қып, Мағжан секілді ағаларының орыс түрмесінің бетон қабырғалары тұн­шықтырып, алты Алашына жетпей қал­ған «Абақтыдағы дауысы», тергеуде көрген жан төзгісіз азабы, Таңжарық ақын жырында жаңғырып тұрғандай әсер қалдырады.

...Дөңгелек бір тақтай бар қалың шапқан,

Бетіне қанмен сырлап, бояу жаққан.

Жалаңаш құйрық қойып отыр, – дейді,

Қаратып ұшын өрге шеге қаққан.

Көмірге отырғызып ұсақ шағып,

Қан деген май құйрықтан судай ағып.

Үрпіңе ши жүгіртіп боздатқанда,

Шыбын жан шығып кетпей тұрсын нағып?!

Адамның жаны кетіп денесінен,

Құйрықты алсаң жұлып шегесінен.

Тәңірге дауысың жетіп зарланасың,

Тырнақтың ине сұқса көбесінен.

Бұл ақынның «Түрме халі» дейтін ұзақ толғауынан үзінді. Оқудың өзі кі­сі жүрегіне салмақ түсірер осы тән мен жан азабы сұлтан боп туған Алаш арыстарының басынан бағы ауғанда, түрме «садистерінен» көрген қинауы. Оларды осылай атамасқа шараң жоқ. Адам баласын қинаудан ләззәт алатын «садистер» болмаса, есі дұрыс жан иесі мұншалық хайуандыққа бара алмас еді. Шығыс Түркістан зиялыларын ке­лісім бойынша, Кеңес-Қытай чекис­те­рі бірге тергегенін, ал Таңжарық Жол­дыұлын «Господин Таңджарик как жизнь?» деп «шегір көзін сық­си­та­тын» орыс тергеушісі Полинов сұраққа тарт­қанын ескерсек, орыс түрмесі мен қытай түрмесіндегі тергеу-азаптау тәсілдерінің ұқсас болғаны өз-өзінен түсінікті. Құпия қоймаларда сақталып қалған Алаш арыстарының атылар ал­дындағы фотолары да біраз жайға қа­нықтырғандай. Осы қасіретті жырлардан жаны мен тәні қатар шырқы­ра­ған аяулы ақынның жүрек лүпілі мен саусақ табын сезгендей боласың.

«Түрме әдебиеті» деп аталатын жа­ңа терминмен індете зерттейтін жоқ­шысын күтіп жатқан Таңжарық ақын поэзиясы, Бұқара Тышқанбаев, Тілеу­жан Сақалов, Оразанбай Егеубаев, Тұр­лыбек Мәмесейіт сынды азулы да алым­ды жазушы-ғалымдар зерттеп, зер­делегеніне қарамастан, жаңа заман­ның көзімен үңілуді қажет етеді, архив қоймаларындағы әлі ашылмай отыр­ған біраз құпия жайға да түннің шетін түргендей там-тұмдап сәуле түсіреді. Бұ­рын заманның құрсауымен айтылмай көкейде тұншығып қалған зарлы шын­дық  жарыққа шығар күнін аң­сай­ды. Белгілі білімдар Серік Не­ги­мов­тің пайымымен айтсақ, «Алаш идея­сын – Әлихан, Ахметтердің бас­тамасын жал­ғастырған саяси жауынгер», бұл та­рап­тағы өзінің әділ бағасын әлі ал­ған жоқ.

Соның бірі – жұрт аузында айтылып жүрген Мақсұт Сасанұлы, Әбеу Құ­дышұлы, Таңжарық Жолдыұлы бас­таған «арғы беттегі» қазақ зиялыла­ры Шығыс Түркістанға «қоныс ау­дар­ған» қазақтың тұңғыш ұлттық үкіметі әс­кери кеңесінің мүшесі Райымжан Мәр­секұлы мен Ыбырайым Жайнақов сын­ды Алаш идеясының айнымас са­р­­баздарымен қосылып, Алашорда­ның Қазақстанда іске аспай қалған ұлы мұраттарын орындау жолында, Құлжа қаласында «Алаш-азаттық» атты құпия ұйым құрып, Шығыс Түр­кістан азаттығы үшін күрескені жа­йындағы әңгімелер. Жұрт аузын­дағы осы сөз­дерде шындықтың сілемі жат­қан се­кілді. Бұл ақын шығарма­ларын­да да із қалдырған. «Тұтқындалу» атты ұзақ тол­ғауында тергеушінің аузынан бе­рілетін шумақтарда:

...Алып тұр Алтай жақтан Әбеу хабар,

Амалын Баркөл жақтың Шәмси табар.

Құсайын Үрімжіден саған келген,

Кісің көп сенің мұнда елге шабар.

Бұл істі Мақсұт құрған басында алғаш,

Бір қазақ Мақсұт айтса кірмей қалмас.

Бастап жүр ол кеткен соң Жәйірбегі,

Олардың қайсы қазақ тілін алмас.

Білесің оның бәрін ішінде өзің,

Қай қазақ саған келіп ақыл салмас.

Таратып жатасың сен ұйымшадан,

Кетеді бірден-бірге бәрі жалғас, –

делі­неді. Таңжарықты 1925 жылы Қазақ­стан­нан қайтқаннан бастап жіті ба­қылауына алып, басқан-тұрғанын хат­­тап-шоттап жоғарыға жолдап отыр­­ған Қытай тыңшыларының бұл сұ­рағы тегін болмаса керек. Бұл жерде дұс­панға сатылған ел арасының «үн­де­местері» де «иелеріне» адал қызмет ат­қарған сыңайлы.

Ақын:

Айдатқан бізді ұстатып ағайындар,

Қош енді жолыққанша жақсы жаса, – деп, айдалып бара жатып жауларымен де бабадан қалған мәрт мінезбен қоштасады. Әр заман «тасқа шапса майырылмас» алдаспандарымен қоса, көзге қораш сатқындарды да туғызады. Бұл жолдар ақынның өзі:

Ахмет, Абай, Әсет, Мержақыптар,

Жетпейді оған жисаң мың баланы.

Шәкерім, Әріп пенен Мұрын, Омар,

Көмбеге олар шапса, тың барады, – деп құрметпен еске алатын «ұлттың ұстазы» Ахмет Байтұрсынұлының:

«...маған ауыр осылардың бәрінен,

Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны», – деп, таусылатын құсасымен үндесіп жатыр.

Тергеушілер тарапынан «қай қазақ Мақсұт айтса, кірмей қалмас» делініп отырған Мақсұт Сасанұлы хақында қаперге ілер бір жәйіт бар. «Қазақ» газетінің 1917жылғы №222 санында «Баспахана туралы» деген атпен Іле қазақтарынан келген хат жарияланған. Көзіқарақты оқырманға бұрыннан таныс болса да, осы қысқа хаттың мә­тінін толық келтіреміз:

«Қазақ» басқармасының баспахана туралы жазған сөзіне ішіміз еріп, Қытай қол астындағы Күнес елінің қазақтары «Азамат» серіктігіне 600 сом ақша жібердік. Қолға алған ісінен біз де құр қалмалық дедік. Алаш туы­ның астына біз де қосылдық. Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда, басқа көзі ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз. Бүтін алты Алаш болып бір баспаханаға ие бола алмаса, қанша ноғайға күлкі болмаймыз ба? Баяғыдан бері телміргеніміз аз ба? Шөміштен қағылып жүргеніміз бе? Егер қазақтың бір баспаханасы болса, әр түрлі газет-журнал басылып, қазақша мектеп кітаптары көбейіп, көзіміз ашылар еді.

Мақсұт тәжі Сасанұлы, Молда Нұр­бекұлы, Қасболат Байболатұлы,         Шайыр­бек Сасанұлы, Рақым Ақыл­бек­ұлы, Жиенәлі Мейірманұлы».

Ұлы Абайдан басталып, Алашорда арыстары кезінде ұлттық қозғалысқа ай­налған қазақ жұртының рухани өр­леуінің барометрі «Қазақ» газеті бол­ғаны түсінікті. Бұл рухани-әлеу­меттік буырқаныс Қытай боданында отырған қа­зақтарды да шарпымай қалған жоқ. Демек, Қазақ баласының біртұтас алаш деп соққан жүрегін шекара сы­зығы бөле алмаған. ХХ ғасыр басын­дағы Шығыс Түркістан қазақтары тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі Мақсұт Сасанұлы ертеден «қараңғы бір шет жерде» тұрып, «Алаш туының ас­тында» болған деуге хақымыз бар. Жал­пы, бұл кейін қаузалатын, өз алдына бөлек әңгіме. Тек сөз ретіне кел­гесін айтып отырмыз.

Таңжарық ақынды Қазақстанға келу­ге іңкәр еткен кей ағайын жазып жүр­гендей «...Қазан төңкерісі жеңіс тауып, социалистік Кеңес Одағы құ­ры­­лыпты» деген хабар емес, осы Са­сан ауы­лына келіп тұрған «Қазақ» газе­ті­нен алған тәрбиесімен жүрегіне ор­нық­қан «Алашқа қызмет қылсам» де­ген арманымен қоса, Алашорда ұлт­тық үкіметінің автономия алуына бай­ланысты күллі қазақ аспанын жаң­ғыртқан, «Жасасын, Алаш автономиясы!» деген ұран болса керек. Әйт­песе:

Таңжарық Жолдыбаев мәшһүр атым,

Белгілі алты Алашқа жазған хатым»– дейтін тәкаппар ақын, аяулы ағалары­ның басып кеткен ізін үлгі тұтып:

Аз жазып қысқаша өмір тарихымды,

Кетпекпін ойыма алған формалымша.

Жақтырса жастар алып оқып жүрсін,

Ахымет, Мержақыптың жорналынша»  – демесе керек-ті.

Ақын шығармаларын талмай жинап, зерттеген, бар өмірін осы игілікті іске арнаған Алаштың бір дегдар ұлы Оразанбай Егеубаев 2001жылы Үрім­жіден шыққан Таңжарық шығарма­лары­ның екі томдық толық жинағына жазған алғысөзінде: «...Кеңес Одағы құ­рыл­ғаннан кейін Қазақстандағы Алашорда партиясының Шинжаңға келген  адамдары, Шинжаңда өздері­нің құпия  ұйымдарын құрып, бұрынғы қимылдарына кірісе бастайды» деген дерек келтіреді. Мұны Алаштың көсемдерінің бірі Халел Досмұха­медтің тергеушіге берген жауабында: «...біздің басты мақсатымыз – барлық қазақтың басын қосу болатын. Біз қытайдағы қазақтарды да қосып алудың жолын қарастырдық. Әрине, олар өздері мекендеп отырған территориясымен қазақтың құрамына кіруі керек деп есептедік» дейтіні де растай түседі. Ақынның «Түрме тарихы» атты өлеңінде:

...Тұрдақын, Айса төре, Жайнақов бар,

Құлжаның қаласында елу адам,

Бір түнде әкетіпті бірақ айдап...

Немесе:

Байбатша – Ыбырайым, Жайнақовпен,

Жөнелді Сағатбектер соңына ере, –

деп баяндалады.

Бұл өлең менің есіме бала күнімдегі бір уақиғаны түсіреді. Тоғызыншы сы­нып оқитын кезім еді. Құлжа қала­сында мектеп-интернатта болатынмын. Ауылдағы үйіме барып қайтуға автобусқа міндім. Автобус қозғала бастағанда, жанымдағы бос орынға ентігіп келіп бір жас жігіт отырды. Қолымда «Бес ғасыр жырлайды» атты кі­таптың (кирилл харпімен) көшірмесі бар еді. Біраз жүрген соң қасымдағы жігіт түртіп, оны қайдан алғанымды сұрады. Мен Іле педагогикалық инс­титутындағы ақын ағаларымнан ал­ғанымды айттым. Ол менің кирилл хар­пін танитыныма қуанып қалды. Өлең жазатынымды білген соң, тіпті жақсы көріп кетті.

– Алашорданы білесің бе?

– Білемін.

– Онда Ыбырайым Жайнақовты да білетін шығарсың?

Мен басымды шайқадым. Ол қо­ңыр сумкасынан көнелеу екі кітап алып шықты. «Алаш һәм Алашорда» де­ген кітап екен.

– Мен Ыбырайым Жайнақовтың немересімін. Ол да алашордашыл болған, – деді.  ...Ұмытпасам, немересі­нің аты Мадияр болатын. Алаштың сол асы­лының ұрпағы Іле облысы, Мұң­ғұл­күре ауданы, Ақсу ауылында тұра­ты­нын айтып еді.

Шара Таңжарыққызы «Жас қазақ» газетіндегі мақаласында: «...30 жылға дейін оның өлеңдерін оқуға тыйым сал­­ды. Ақынға «ұлтшыл», «жапон шпио­ны» деген жала жауып, өлеңдерін өр­теді» деген дерек келтіреді. Есіңізге алыңызшы, құрметті оқырман, Алаш көсемдерінің де түбіне жеткендегі таққан айыптары тура осындай болатын. «Басты мақсаты – барлық қазақ­тың басын қосу» болған есіл ерлерге тағылған айыптың да ұқсас болғаны кездейсоқтық емес.

Басы айдауда, қолы байлауда жү­ріп, жарық таңды аңсаған және сол таңның жарқырап атарына шүбәсіз сенген ақынның жүрек қанына қа­лам­сабын малып жазған жырының түнек­тің түбінен, өзі шексіз сүйген Алашына жетуге нәсіп еткен мейірімді Аллаға мың мәрте шүкір! «Түрме халі» тол­ғауы­нан келтірілген мына шумақтар оның Алты Алашқа айтар өсиеті сынды.

Бәрі өлді Үрімжінің қаласында,

Қырық екі, қырық үшінші жыл арасында.

Қорлықпен сол сабаздар кетті арманда,

Балаңның қалды бұл кек баласына...

Өлсек те, өлмес біздің атағымыз,

Белгілі істеп жүрген «шатағымыз».

Алыстан алтын сәуле бір күлімдер,

Болғанмен қазір түнек жатағымыз.

Алатын құнды қуып иеміз бар,

Біз де елміз шөберелі, аталымыз.

Зұлымға рас қарсы тұрғанымыз,

Ол да рас, құпия ұйым құрғанымыз.

Кекпенен қолымызға құрал алып,

Желкеден гоминдаңды ұрмағымыз.

Келсеңдер Үрімжінің қаласына,

Көзің сал қалтарыс, сай-саласына.

Осыны өле-өлгенше ұмытпа деп,

Тапсырып кет балаңның баласына...

Көргенін атасының оқып көрсін,

Кектеніп, көзін салып, көңіл бөлсін!

Бабамның тарихы деп табын танып,

Залымнан кегін алып, қолында өлсін!

Келеді түн орнына жарық сәуле,

Сенемін, емес мұным бекер әуре.

Сөзімнің түбін ойла енді елім,

Қолыңа осы сөзім тисе зәуде.

 

Ербол АЛШЫНБАЙ.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір