25 Қаңтар, 2019 Спорт
Совет Одағының 19 дүркін чемпионы атанған тарихтағы жалғыз хоккейші
1971-1992 жылдары Жексенбеков Алматының «Динамосының» сапында чемпионат кестесіне орай 540 ойынға қатысты.
Мұрат Жексенбековті ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарының басынан сырттай білуші едік. Алланың қалауымен, 1985 жылдың күзінде бетпе-бет жүздестім. Қараторы келген, оңқай асықтай ғана азамат екен. Сол тұста Совет одағы көгалдағы хоккейіндегі ең атақты спортшының бірі болса да бізді баласынған жоқ. Ол кезде спорт журналистикасына әлі төселе қоймаған кезіміз, соған қарамастан қойған сұрағымызды байыппен тыңдап, бауырына тарта сөйлесті. Бұдан кейін де талай кездестік. Көп әңгіменің тиегін ағыттық. Қашан көрсең де, аңқылдаған, қарапайым қалпынан танған емес.
Иә, Мұрат Жексенбеков сол тұстағы қазақ жұртына мүлде таңсық көгалдағы хоккей ойынынан Совет одағы чемпионаттарындағы мұрты бұзылмайтын екі бірдей рекордтың иесі.
Бірінші рекорд – Совет одағы бойынша Мұрат Жексенбековтен басқа көгалдағы хоккейден 18 дүркін чемпион атанған басқа ойыншы жоқ. Бұл дегеніңіз тумысынан табанды, жаратылысынан ерекше дарынды адамның ғана қолынан келетін ерлік! Сол кездегі Алматының «Динамосы» кілең таңдаулы ойыншылардан жасақталғандықтан, командадағы бәсекелестік өте жоғары деңгейде еді. Мұрат 20 жыл бойы Совет одағындағы ең күшті команданың ең үздік ойыншыларының бірі болды.
Екінші рекорд – Совет одағы чемпионаттарында алаңға ең көп шыққан хоккейші кім десеңіз, ол - Мұрат Жексенбеков! 1971-1992 жылдары Жексенбеков Алматының «Динамосының» сапында чемпионат кестесіне орай 540 ойынға қатысты (Мысалы, «Динамоның» ең мерген шабуылшысы А. Гончаров 390, атақты хоккейші А. Мясников 402, совет құрамасының капитаны болған Ф. Зигангиров 405 рет алаңға шыққан). Сол кездегі көгалдағы хоккей чемпионатында әр команда маусым бойы 26 рет бәсекеге түсетін. Енді есептеп көрейік, 20 жылды 26 ойынға көбейтсек, 520 ойын болады. Сонда біздің Мұрат 20 маусым бойы бабын жоғалтпай, әр ойында алаңнан табылып отырған. Адам темір емес, керек десеңіз, жиырма жылда ауа райына және қолданысқа байланысты темір де бабын жоғалтуы мүмкін. Ал Жексенбеков спорттық бабын 20 жылдан аса уақыт Совет одағы хоккейінің ең жоғары талабына сай деңгейде сақтай білген. Мұраттың орнына алаңға шығуға қаншама өрендер жанын салып ұмтылғанын дәл қазір тап басып айту қиын. Жексенбеков жасы 41-ге келгенше 25 жастағы алмас қылыштай жігіттерге, 30 жастағы тәжірибесі әбден толысқан, сақа ойыншыларға дес берген жоқ. Осыдан кейін қазақ жастары доп ойындарына қабілетсіз, командалық сындарға жарамайды деп қалай айтуға болады.
Мұраттың бұдан басқа да спорттық атақтары жетерлік: Жексенбеков көгалдағы хоккейден 1982,1983 жылдары қатарынан екі рет Алматының «Динамо» командасының капитаны ретінде Еуропа чемпиондарының кубогын жеңіп алса, 1979,1983 жылдары Қазақстан құрамасының сапында Совет одағы халықтары спартакиадасының екі мәрте жеңімпазы атанды. Марат 1977 жылы допты хоккейден Совет одағының чемпионы атағына қол жеткізді. Яғни, Мұрат Жексенбеков Совет одағының 19 мәрте чемпионы!
Бұған қоса, 1977-1986 жылдары қатарынан 10 жыл бойы Совет одағының ең үздік 22 ойыншысының қатарынан табылды. Одақ құрамасында ойнады. Бес рет совет кубогын жеңіп алды.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында қазақтың Алматы қаласындағы үлесі 20 пайызға жетер-жетпес жағдайда еді. Біз секілді басқа ұлттың қуықтай «времянкасын» жалдайтын қазақ жастары Саян, Мұраттарды іздеп, стадионға барушы едік. Ғұлама бапкерлер Эдуард Айрих пен Қазбек Байболовтан тәлім алған Саян Шаймерденов, Мұрат Жексенбеков, Серік Қалымбаев, Берікқазы Сексенбаевтар ғажап ойындарымен тәнті қылатын. Туған елімізде өгей адамдай күй кешіп жүрген біздер бұл бауырлардың жеңісімен рухтанып, жадырап қайтушы едік. Бұл азаматтар тек спортшы ғана емес, ұлт рухының шарқайрағы еді.
Мұрат жайында тағы бір қызықты дерек: ССРО чемпионатында бақ сынаған 14 команданың Жексенбековтен басқа барлық ойыншысы доптаяқты оң жағына ұстаса, біздің бауыр доптаяқтың қайқы басын төмен қаратып, сол жағына ұстайтын. Соның өзінде Кеңес одағы мен Еуропаның небір айтулы шабуылшылары тасқамал қазақтан тайсақтап тұратын.
Мұратты қазіргі жастардың басым көпшілігі білмейді. Себебі, қазақ спортында айтулы тұлғаларды насихаттау, оларды тарих шежіресіне тіркеу жағы кем соғып жатыр. Турасын айтсақ, ұлтымыздың спорттық тарихын бір жүйеге түсіру жағынан ұяттымыз. Бүгінгі шағын мақала, шама жеткенше, осы бір олқылықтың орнын толтырсақ деген ниеттен жазылған еді.
Қыдырбек Рысбек
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір