• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Желтоқсан, 13:18:23
Алматы
+7°

25 Ақпан, 2013 NEWS

Төте жазу латын әліпбиіне негіз болса

IT маманы  Аршат Оразовтың бауырымыз ғаламторда кириллицада жазылған қазақша мәтіндерді түркі халықтарына арналған 34 әріптіктік  латынға аударатын жақсы...

 IT маманы  Аршат Оразовтың бауырымыз ғаламторда кириллицада жазылған қазақша мәтіндерді түркі халықтарына арналған 34 әріптіктік  латынға аударатын жақсы бағдарлама жасапты. Үлкен рақмет! Тәжірибеде  пайдаланып  көрдік. Бірнеше түзетулер кіргізілсе,   өте тамаша бағдарлама болғандай екен. Қараңыз: http://www.kereknews.kz/translit.html Біріншіден: Бару, келу деген сөздердің соңындағы “у” әрпі латыншада   “–üv, -uv” түрінде келсе жақсы болады. Сонда ол baru, kelü емес, baruv, kelüv түрінде жазылуға тиіс. Екіншіден,  Қазақта “і” және “и” деген екі әріп бар. Мұның екеуін де латын әріптерінде бір қана “і” әрпімен жазған дұрыс болмайды. Сондықтан “і” деген әріпті “і” мен, ал “и” деген әріпті “iy” деп екі әріппен жазса,  дұрыс  болады. Мәселенки,  сенің, мәтін, иман, мисалы сөздерін seniñ, mätin, iyman, miysalı деп  жазылғаны  керек.  Ал “и” әрпі орыс тіліндегі бір мәтінде латынға аударғанда “і” болып келетінін ескерген жөн. Мәселен орыстың  “книга” деген сөзін латынға аударғанда “kniyga” түрінде емес, “kniga” түрінде аударған дұрыс.  Демек “и” әрпінің латын әріптеріндегі баламасы орыс және қазақ тілдерінде әр  түрлі  қолданылады. Өйткені орыс тілімен қазақ тілі екі бөлек тіл. Өкінішке орай,  осыны ескермейміз де, әр қашан орыс тілінің латын баламасын қазақ тіліне сол қалпына  қолданамыз. Ол келіп жатыр ма, келмей жатыр ма, ойлап жатқан кім бар? Үшіншіден,  сол секілді “у” әрпін  орыс алфавитінің әсерінен бүкіл қазақ жұрты тәуелсіздіктен бері қате қолданып келеді. Орыс тіліндегі “у” мен қазақ тіліндегі “у” әріптерінің  фонетикалық тұрғыдан екі басқа дыбысталатыны ескерілмейді. Сондықтан олардың латын әріптік баламаларының екі бөлек екенін ешкім аңғармайды. Негізінде орыс алфавитіндегі “у” әрпіне қазақтың кириллицасында “ұ” әрпіне дөп келеді. Ал біздің қазақтың “у” әрпінің латындағы баламасы кей кездерде “v” әрпі, кей кездерде жоғарыда аталып өткендей “uv, üv"  болып  қолданылуы  керек.   Мысалы,  “уақыт” дегенді, қазірге дейін жазылып келгендей “uaqıt” деп емес, “vaqıt”деп жазылса болады. Сол секілді “тәуелсіздік” сөзін латын әріптерімен “täuelsizdik” деп емес “tävelsizdik” деп жазылса дұрыс. Сондықтан “у” әрпіне абайлау керек. Ол дауыссыз дыбыстардан кейін келетін болса, “uv, üv” түрінде, ал сөздің басында және артынан дауысты дыбыс келетін болса,  онда “v” деп жазылады. Міне,  осы  секілді  қазақша  қаріптерді  латынша таңбалауға  болады. Ал енді мұны компьютерлік аударма бағдарламаларына енгізу де  біршама шеберлікті   қажет етеді. Оны да, құдай қаласа,   Аршат Оразов бауырым жасайды деп ойлаймын. Кезінде, атап айтқанда 1940 жылы қазақ тілінің кириллицаға  негізделіп  жасалған   алфавит өте  күрделі  болды.   Сондықтан менің ойымша, қазақтың латын алфавитін жасағанда   қазақтың кириллица алфавиті емес, ұлы тіл ғалымы Ахмет Байтұрсынның жасаған араб әріптері негізіндегі “төте әріп” жүйесін басшылыққа алған дұрыс. Сонда ғана алфавитіміз орыс әріптерінің әсер ықпалынан құтылып,  оңды өзгерістер болады деп  ойлаймыз. Төртінші,  “Х” деген әріптің латында баламасы жоқ. Мұны Ахмет Байтұрсын өзінің төте әріптерінде “қ” әрпімен берген яғни “халық” деген сөз онда “қалық” деп жазылған. Сондықтан Аршат Оразовтың латын баламасында “х” әрпі үшін “h”  әрпі орнына “q" әрпін алғаны және “halıq” орнына “qalıq” деп жазғаны дұрыс. Немесе егер тіл ғалымдары  “қ”мен “х” арасында фонетикалық айырмашылықтар бар, сақтау керек десе, онда сол “х”әрпі үшін латындағы “х” әрпін пайдалануға болады. Онда “халық” деген сөз латын баламасында “xalıq” деп жазылады. Бесінші,  Аршаттың  аударма бағдарламасында орыстың “ц” әрпі үшін латында “c" әрпі қолданылған екен. Менің ойымша, “ц” әрпі үшін таңба белгілеудің қажеті жоқ. Ол орыс тіліне ғана керекті әріп. Ол бүкіл дүниеде “ts” деп екі  әріппен жазылып жатыр. Сонда“кириллица” деген сөз “kіrіllіcа” деп емес “kіrіllіtsа” деп жазылу керек. Өйткені “c" деген әріп латын  жүйесінде басқаша дыбысталып оқылады. Алтыншы Аршаттың аударма бағдарламасында “ұ” әрпі үшін “ŭ” әрпін қолданған екен. 34 әріптік түркі әліпбиінде “u” деген әріп бар сол жеткілікті. Һәм бұл әріп латын әріп жүйесінде “ŭ” әрпіне қарағанда кең қолданыс тапқан әріп. Сондықтан “мұсылман” деген сөзді латында “mŭsılman” деп емес,  “musılman” деп жазған дұрыс. Осындай жағдайларға назар салса, Аршат Оразовтың аударма бағдарламасы өте тамаша болғандай! Сөз соңында бұл әріптер жайында Азаттық радиосында істеген Түркиялық азаматтардың тәжірибесі мол екенін естеріңізге сала кетейін. Олар Қасен Оралтай басшылығында 1988-1995 жылдары арасында осы 34 әріптік латын таңбаларын қазақ тілі үшін қолданды. Солардың бірі  - менмін. Бұл әріп жүйесі қазақ тіліне дәлме-дәл келеді. Басқаша сөзбен айтқанда,  түркологтардан бұрын (түркологтар алғаш рет 1991 жылы түркі дүниесі үшін осы 34 әріптік латын таңбаларын ұсынған еді) осы әріптерді Азаттық радиосының қызметкерлері тапқан және іс жүзінде қолданған еді. Екінші айтарым, кей зиялы қауым Қазақстанда орыс тілін де латынға  көшірейік деп ұсыныс айтып жатыр. Бұл өте орынсыз. Орыстың төл алфавиті - кириллица. Оны өзгертуге ешкімнің хақысы жоқ. Ол Ресейдің мәселесі. Орыс халқы мейлі Қазақстан, мейлі басқа елде болсын, қай әріпті пайдаланса  өз еркі. Оған араласуға ешкімнің хақы жоқ. Мәселен,  ағылшын тілі латын әріптерімен жазылады. Бүгінге дейін ресми алфавиті кириллица болған Қазақстанда ағылшын тілі кириллицамен жазылып отыр ма? Жоқ! Немістер Қазақстанда қанша  жылдан бері өмір сүріп келе жатыр. Олар да немістің ұлттық латын алфавитін пайдаланып келеді. Сондықтан латын алфавиті елді екіге бөледі, орыс тілін де латынға көшіру керек деген ұсыныстардың ешбір қисыны жоқ. Қазақстанда латын алфавитіне өзгеріс тек қазақ тіліне ғана енгізілуі  тиіс және әлемнің түрлі елдерінде сүріп жатқан дүниежүзі қазақтары да оны қолданатын болады.

Әбдіуақап Қара, тарих ғылымының докторы, профессор "Қамшы"  сілтейді
Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір