13 Наурыз, 2015 NEWS
«ҚАЗАҚ» АТАУЫ МЕН ҚАЗАҚ ҰЛТЫНЫҢ ШЫНАЙЫ ТАРИХЫ
"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне!
"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне!
1-бөлім. Қазақы рулардың шығу тегін «мәңгүрт-тарих» шеңберінен тыс зерттеу!
Адамның адам болып қалыптасуы үшін, материалдық және рухани қажеттіліктерін өтеу керек. Материалдық қажеттілікті білеміз. Рухани қажет нәрселер не, десеңіз, бұл – тіл, дін және тарих сияқты рухани білімдер!
Мысалыға, өз тарихын білмейтін кісі, білместік кесірінен өз ата-бабасын танымай, тіпті дұшпан санап, өзіне жаулық істер жасауы мүмкін! Мұндай әрекетті, Ш. Айтматов сөзімен айтқанда, «мәңгүрттік» деп атайды. Кеңес өкіметі, қазақ тарихын бұрмалап, өңін теріс айналдырып, ата-бабаларымызды танымастай етіп, едәуір залалын тигізген! Тәуелсіз ел болсақ та, жоғалған тарихты қалпына келтіру мен дамыту оңай болмай отыр! Шүкір, биылғы, қазақ хандығының 550-жылдық мерейтойы, тарихи санамызды түгендеуге елеулі үлес қосары анық! Дегенмен, мәселе жетерлік! «Ауруын жасырған – өледі» дейді. Өкінішке орай, қазіргі қазақ елінің тарихы – бұл, әлі де былығы көп «мәңгүрт-тарих» деңгейінде! (Ескерту! «Мәңгүрт-тарих» атауын, тарихымыздағы шығу тегімізді танымастай өзгерткен бұрмалаулардың бар екенін көрсету үшін қолданып отырмын!)
Тарихты түзету үшін де, оның бұрмаланған жерлері мен кезеңдерін анықтап алайық. Тарихи танымымызды зымияндықпен шатастырулар сонау Ақ патшаға бодандық кезеңде басталған. Ал, Кеңес Өкіметі тұсында бұл іс шырқау биігіне жеткен. 1) 1916-1921 және 1930-1933 жылдардағы ашаршылық қырғыны; 2) 1918-жылдан басталған араб әрпіндегі діни-тарихи кітаптарды жою; әліпбиді араб әрпінен латынға, сосын кирил әрпіне көшіру; 3) 1937 жылғы «халық жауларын», яғни қазақ зиялыларын атып-қамап жою; т.б. небір зобалаңдар өтті ғой! Ол заманда, халқымыз тарихты түгендемек түгілі, өз басын аман алып қалудың өзімен әуре болды емес пе?! Яғни, тарихи кітаптарымыз, оны білетін тарихшыларымыз түгелдей жойылды!
Кеңес өкіметі, мұнымен қоймай, тарихи танымынан қол үзген қазақ халқын, өңі теріс айналған «тарихпен» оқытып, мыйларын «құлдық санаға» жадылауға кіріскен. Яғни, Компартияның (яғни орыс-жөйіт ғалымдарының) қатаң қадағалауымен, мың-сан үзіктерден бұрмалана құрастырылған «Қазақстан тарихы» атты шағын ғана «мәңгүрт-тарих» деуге боларлық оқулықтар жазылған. Бұл кітапшада, негізінен «Қазақстанның Ресейге өз еркімен бағынуы» тәптіштеп «жырланады»! Ал оған дейін, «қазақ» тарихы қайда болған десеңіз, жауабы бұлыңғыр! Олардың сипаттауынша, қазақ тарихы ежелгі сақ тайпасымен астасып «қас-сақ» болып, сонау сақ дәуірінен бері «елеске айналған»! Яғни, «қас-сақ» болып ешкімге көрінбей-білінбей, тарихи жазбаларға ілікпей жүре берген-мыс... Сақтарды нүкістер жаулаған, сосын ол мекенді үйсіндер басып алған. - Ол кезде қазақ (яки, «қас-сақ») қайда болды?- десеңіз – Белгісіз-мыс!...
4-7-ғасырларда көктүріктер аты-шулы елге айналды. Шығыста Қытайға, батыста Дербентке дейінгі аймақта Алып қағанат құрды!
8-9-ғасырларда түркеш, қимақ, оғыз-қыпшақ, қарлұқ, ұйғыр, қырғыз, татар елдері Тұран даласында әйгілі елдерге айналып, даланы дүбірлеткен.
10-12-ші ғасырларда Қарахан, Хорезм-шах, Қарақытай (Батыс Ляо) мемлекеттері құрылған.
- Бұл замандарда қазақ ұлты қайда болды? Сақ заманынан қалыптасқан «қас-сақ» қайда жүрді? Ол жайлы дерек неге еш жерде жоқ? – Жауап түсініксіз! Яғни, «қас-сақ» тайпалары түрік, түркеш, қимақ, оғыз-қыпшақ, қырғыз атанып кеткен бе? Әлде, оларға бағынышты болып жүрген бе? – Белгісіз-мыс...
Сосын, көрінбейтін «қас-сақ» ата-бабамызды Шыңғысхан-моңғолдары шапқыншылық жасап, басып алыпты-мыс! 13-15-ғасырларда Шыңғыс әулеті, шығыста: Корей мен Қытайды; батыста: Венгрия(мәдияр), Рұм(Османлы түріктері), Иран, Ирак, Сирияны; түскейде: Ауғаныстан, Үндістанды; терістікте: Тұманды теңіз (Солтүстік мұзды мұхит теңіздері) бен батпақты орманға ұласатын орыс княздіктерін бағындырыпты! – Ол кезде қазақ ұлты қайда болды? Не істеді? - Бұл сұрақтарға да нақты жауап жоқ! Мұндай үнсіздіктер мынадай күмәнді ойларға жетелейді:
– Шамасы, қазақ ұлтының қыпшақ, қаңлы, үйсін, дулат, найман, керей, сияқты жеке рулары, өздерін «түбінде айбынды қас-сақ боламыз» деп, бірақ та, бір-бірімен біріге алмай 15-ші ғасырға дейін жүрген шығар?! Басқаша айтқанда, «қазақ» ұлты сонау сақ заманынан кейін «қас-сақ» аталып, құлдықтан құлдыққа түсіп, тарихшылардың көзіне көрінбеген-мыс!
– Жоқ! Олай емес! Бұл ойлар – сіздерге өңі теріс айналған «мәңгүрт-тарихты оқытудан» пайда болған теріс түсініктер! Шындық мүлдем басқаша!... Мысалыға, өз аға-ініңді, жақындарыңды мойындамай, олармен біріктіретін ата-бабаңды жоққа санап: «Мен әуелден бар болғанмын, ата-бабаларымнан бұрын болғанмын! Ата-бабамның, және аға-інілерімнің маған ешқандай туыстығы жоқ!» - деу қандай «мәңгүрттік» дерсіз? Өкінішке орай, біздің тарихымыз, осындай адасу жолында жүр!
Ресейдің ақ патшасы, сосын Кеңес өкіметі қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек, татар, башқұрт, ноғай сияқты түркі халықтарының бәрін өзіне бағынышты еткен соң, олардың тарихи кітаптарын жоюға, әрі «мәңгүрт-тарих» жазып, түркі халықтарын бір-бірінен бөлшектеуге, өзара өштестіруге, және ортақ бабаларын танымастай «мәңгүрт етуге» барын салған. Міне, осындай себептерден де, біз, сонау сақ заманынан «қазақ» ұлтын іздеп адасып жүрміз! Дұрысында көршілес, тілі, тегі, ел-жұрты мен тарихы бір болған бауырлас ұлттардың қай заманда бізбен бірге болғандығын, қандай елде өмір сүріп, қалай аталғанымызды, қашан және қалай бөлінгенімізді зерттеуіміз керек еді!...
17-ші ғасырдағы орыс және еуропа саяхатшы-зерттеушілері Азияны барлау арқылы мынадай деректер қалдырған: «түрік тілін білетін адам Венгриядан Қытайға дейінгі елдерде жергілікті жұртпен аудармашысыз-ақ сөйлесіп түсінісе алады». Яғни, 17-ғасырға дейін түркі жұрты туыстықтарын жоғалта қоймаған! Ежелден Тұран даласы деп аталған бұл өлке, сонау парсы тарихшыларының, және Заратуштра діни-кітабының жазбаларынан табылады. Тұрандықтардың тілі ғана емес, шығу тегі мен тарихы да, әлбетте ортақ. Қазақ ұлты да соның ішінде екенін мойындау керек!
15-ші ғасырдан 17-ші ғасырға дейінгі Қазақ хандығы құрамында, білсеңіздер, қырғыз, қарақалпақ, ноғай, башқұрт сияқты талай ұлттар болған. Қасымхан тұсында Қазақ хандығы батыста Қырым мен Дон өзеніне дейін, теріскейде Ресей мен Қазан-хандығына дейін, ал түскейде ауған-тәжік, моғол елдеріне дейінгі жерлерді түгел иемденген. Және де, осындай кең алқаптағы халықтардың бәрі де ортақ - түркі тілінде сөйлескен. Ол заманда Қазақ хандығына бағынбаған көршілес түркі текті елдер, атап айтсақ: өзбек, түрікмен, осман-түріктері, азербайжан, Дағыстан мен шешен, мәдияр (венгр), Қырым мен Қазан татарлары, естек (башқұрт), ойрат, Алтай кіжі, қалмақ, моғол, бурят, сақа – бәрі де түркі тілінде сөйлесіп, бір-бірімен оп-оңай түсінісе алған.
Көршілес түркі ұлттардың рулық құрамына бір қаралықшы! Мысалыға, қырғыз, қарақалпақ, ноғай ұлттарын құраған рулардың жартысына жуығы қазақта да бар. Өзбектердің көбі өз руларын білмейді, бірақ арасында қоңырат, маңғыт, қият, сияқты рудан шыққанын айтатын өзбектер табылады. Алтай кіжі(алтай кісі), башқұрт сияқты ұлттардың руларын сұрасаң, олардың талайы: найман, керей, табын сияқты руластарымыз болып шығады. Тіпті, моңғол, қалмақ атанып жүргендердің де ішінде руластарымыз баршылық екен. Ендеше, «аталған туыстарымыз қалайша басқа ұлт болып кетті? Біз қалай қазақ атандық? Ортақ аталарымыз қайда? – деген сауалдар қойып, жауап іздеу керек!
«Елу жылда - ел жаңа, жүз жылда – қазан!» деген! Арасы 2-3-ғасыр ішінде, тегі де, тілі де бір рулас ағайын-туыстарымыз, өзге ұлтқа айналып, бөтен әліпби мен «мәңгүрт-тарихты» оқу арқылы бөтен ұлтқа айналып, тіпті тілімізді де түсінісе алмайтын, әрі бір-біріміздің шығу тегімізді бөтенге санайтын деңгейге жетіппіз! Бұл жағдайға жетуімізге, жоғарыда айтып өткенімдей, Ақ патша мен Кеңес өкіметінің зымиян-қитұрқы саясаты ерен еңбек қосқанын білгеніміз жөн! Олар өзіне бодан болған түркі елдерінің тарихи кітаптарын өртеп жоя берген. Мысалыға, Алтын Орданың Сарайшық, Берке-Сарай, Аштархан, Жүкетау сияқты, аты әйгілі 50-шақты үлкен қалалары болған. Ол қалаларда небір бай кітапханалар, әрі заманауи жетістіктер болғанын талай еуропалық тарихшылар жазып кеткен. (Ол қалалар «қамалсыз» болғанын көріп, шетелдік саяхатшы-барлаушылары таңданғанын жазып кеткен. Өйткені, Алтын Ордаға, ол заманда ешкімнің шабуыл жасай алмайтынына өздері сенімді болған! Ордалықтар «қамалмен» өздерін қамап отыруды намыс көреді екен!) Сол қалалардың кітапханалары, кітаптары түгел ізім-қайым «жоғалып кетуінде» сыр бар! – Ресейге бодан болғаннан бастап, «Мәскеуліктер» түрік тарихын жоюға, кітаптарын өртеп жоюға күш салған! Бірақ та, 18-ші ғасырда, Тұран тарихына сұраныс туа бастаған. Бұл кезде, тұрандықтар жайлы кітаптар еуропалықтар үшін тың жаңалық болып жатты! Яғни, қытай, парсы, араб, османлы (түрік), армян, латын, қытай тілдерінде жазылған түркі тарихы жайлы кітаптар, еуропа елдерінде аударылып, кең таралып жатқан.
18-19-ғасырларда орыстың жеке зерттеушілері,(В.Г.Тизенгаузен және т.б.) өкіметтің тапсырысынсыз-ақ, түрік нәсілді халықтардың тарихын, Шыңғысхан мен оның шежіресін, Алтын-Орда тарихын, Әмір Темір мен оның әскери қол құру мен соғысу өнерін, және т.б. деректерін іздестіріп, жинастырып, газет-журналда жариялай бастаған.
Мұны байқаған Ақ патша, Алтын-Орда мен түрік нәсілді ұлттардың тарихын қайта жазуды, яғни шетелдердегі тарихи кітаптарды орысша аударып, сосын оларға сәл-пәл үйлестіре отырып, бірақ та көп жерін бұрмалап, «мәңгүрт-тарих» жазуды нұсқап, арнайы тарихшыларды жалдай бастаған. Себебі, 2-ші Екатерина сөзімен айтқанда: «Бұлар өз тарихын білсе, әлемді жаулап алады» екен. Мұндай зымиян-істі Кеңес өкіметі де ептілікпен жалғастырған.
Дәлірек айтқанда, 1930-шы жылдан бастап, әлемге әйгілі болған түркі тарихына қатысты кітаптарды Иран, Үндістан, Қытай елдерінен орысшаға аудартқан. Айталық, Бағдат кітапханасынан: Джувейни «Жиһангер», Рашид ад-Дин «Джами ат-тауарих»(4-томдық), Үндістаннан: Джузжани «Табакат-и Насири» («Насирова разряды», яки «Насыр топтары» 23-ші кітаптары) және басқалар аударылды.
Мұндай түрік тарихына қатысты орысша аударылған кітаптар, «мемлекеттік маңыздағы құпия» саналып, арнаулы мұрағаттарға сақталды! Ол мұрағаттарға түркі тектес тарихшы-ғалымдар, әлбетте, кіре алмаған! Тек өкіметтің зымиян саясатын жалғастыра алатын орыс-еврей тектес ғалымдар ғана ол мұрағаттарға кіріп, керек мәліметтерін алып, «мәңгүрт-тарих» жазуға өз үлестерін қоса алған. Ал қазақ ғалымдары болса, негізінен сол орыс-еврей ғалымдардың түрік нәсілділер жайлы жазған еңбектерін оқуға, әрі «негізгі дереккөз» ретінде пайдалануға мәжбүр болды.
Өкінішке орай, тәуелсіздік алсақ та, бұл үрдіс әлі де сақталуда. Мысалыға, жоғарыда аты аталған кітаптар (Рашид ад-дин, Джузжани, Джувейни), әлі күнге қазақша аударылмаған. Қазақша түгілі, орыс тіліндегі аудармаларын да еліміздің кітап дүкендерінен, яки кітапханасынан таппайсыз. Оларды тек қана интернет-кітапханалардан табуға болады. – Әрине, орыс, яки басқа шет тілінде!
(Ескерту! - Парсы тілін білетін И.Жеменей атты ғалым Рашид ад-Диннің 2-том кітабын қазақшаға аудару жұмысын жеке өзі бастаған екен. 1-ші томын аяқтауға жақындағанын баспасөзде мәлімдеген. Бірақ, қаржылық көмексіз, көмекші ғалымдарсыз бұл кітапты түгел аудару, әрі көп тиражбен басып шығару қиын болмақ! Өкімет арнайы тапсырыспен аудартса ғой! Оған қоса Иран, Ирак,т.б. елдер кітапханаларына аудармашы-тарихшыларды жіберіп, қосымша деректер іздетсе, мүмкін Рашид ад-Диннің «жоғалып кеткен» 3-ші, 4-ші томдары да табылып қалар ма еді, кім білсін!...)
Әсіресе, Рашид ад-Диннің «Джами ат-тауарих»(«Жалпы тарих», яки «тарихтар жинағы») кітабының аты көп айтылуының сыры бар! Бұл кітапта, Шыңғысхан заманында пайда болған «моңғол» атты халықтың да түрік тілді, түрік нәсілді халық екені нақты дәлелдермен айтылған. Шыңғысхан-моңғолдарының қолданған атау сөздері де түсіндірмесімен қосып берілген. Мысалыға, сол кітаптағы бір атаудың «моңғолша» түсіндірмесін келтірейін: «моңғол тіліндегі «ағайын» сөзі, бұл - «аға» және «іні» деген екі сөзден құралған. Яғни, аға-інілі туыстар, деген сөзден шыққан». – «Ағайын» атауын қазақтар әлі қолданып келеміз ғой!...
Енді, Шыңғысханның шежіресі жайлы, аса қызғылықты деректерді атап өтейін:
1) «Түбінде, моңғолдар таза моңғолдар мен кейін моңғол аталғандарға бөлінеді. Кейін моңғол аталғандарға найман, керей, жалайыр, қырғыз, қарлұқ, қыпшақ, ұйғыр, меркіт, татар, ойрат, төленгіт, т.б. жатады. Ал таза моңғолдарға, Ергене-қон қонысына қамалып көбейген Нүкіз бен Қиян ұрпақтары жатады. Олар 18- ру-тайпаға айналыпты. (1-том, 1-ші кітап: УКАЗАТЕЛЬ названий тюркских кочевых народов: ... кои были на ЭРГУНЭ-КУНЕ: нукуз, урянкат, КУНГИРАТ, икирас, олкунут, куралас, элджигин, кункулают, ортаут, конкотан, арулат, килингут, кунджин, УШИН («хушин»-үйсін болуы керек), сулдус, илдуркин, баяут и кингит). Сол 18-дің ішінде, Шыңғысханның бабалары «хушин»(Үйсін) тайпасынан саналады.
2) «Таза моңғол» да екіге бөлінеді екен: «дәрлекин», және «нирун».
Бұл бөлінуді сыры мынада. Добун-Баян мен оның әйелі Алан-Гуа (Алаң-Куә) атты ата-аналарынан екі ұл туылып, сосын, Добун Баян қайтыс болады. Ал Алаң-Куа болса, «түнде шаңырақтан түскен сары өңді кісіден» үш жылда үш сары өңді ұл табады. Осы сары өңді ұлдардан тараған ұрықты «нирун»(«нұрлы», «алтын ұрық») деп атайды. Ал Ергене-қоннан шыққан қалған ру-тайпалардың бәрі «дәрлекин-моңғол» аталған. Яғни, қоңырат, хушин рулары да - «дәрлекин-моңғол».
3) «Нирун» рулар да Шыңғысханға туыстық жақындығы бойынша бөлінеді. (Алаң-Куәнің кіші ұлы – Боданшардан, ол – Шыңғысханның арғы атасы.) Боданшардан үлкен екі сары ұлынан: қатаған (бүгінгі қырғыз ұлтын ішінде Қатаған руы көп), салжуыт, тайжуыт, чинос, т.б. танымал рулар тараған.
Боданшар – Шыңғысханның түп атасы. Оның баласы Дутым-Мэнэн(Тудың менен) Шыңғысханның 9-шы атасы. Оның тоғыз ұлы болған, бірақ та жалайырлардың қолынан 8-ұлы өліп, 9-шысы Қайду-хан ғана аман қалыпты. Қайду-ханнан Байсұңқар, одан Түмбине-хан туылған.
«Нирун» ішіндегі Шыңғысханның 4-ші атасы Түмбине-ханның тоғыз ұлынан тараған рулар көп. Олардың ішінде өзімізге керектісін атап өтейік.
4) Түмбине-ханның 1-ші ұлы - Жақсы. Одан тарағандар: нұяқын, урут, маңғыт (Маңғыттар Ноғай Ордасында көп болғандықтан, оларды «маңғыт елі» деп те атаған); 3-ші ұлы - Качули. Барулас руы содан тарайды. (Әмір Темірдің руы – Барлас); 6-шы ұлы - Қабыл-хан. (Қабылхан Шыңғысханның 3-ші атасы); 8-ші ұлы «Булджыр». Бұл атаудың дұрыс жазылмағаны орысша-аудармада ескертілген. Яғни, ол Бәйдібек болуы да әбден мүмкін. Булджырдан тарағандар ішінде: Дуклат(дулат), Сукан(суан) рулары бар. - Біз үшін ерекше назар аударуға тұрарлық, әрі зерттеле түсуі тиіс жайт осы! (Тағы бір ескеретін жайт: - Рашид ад-Диннің 3-4-ші томы жоғалып кеткен екен. Ұлы жүздің қалған рулары сонда жазылған болуы әбден мүмкін!)
5) Аталған Дуклат, Сукан рулары Шыңғысханның Теміршың аталып, хан сайланбай тұрған кезінен-ақ қасында болған. Теміршың мен Жамұқа-шешеннің соғысы барысында, Дуклат пен Сукан руларының аты бірнеше рет аталып кітапқа түсіпті. Яғни, Жамұқа-шешен бастаған 13-тайпалық әскерге қарсы тұру үшін Теміршың да 13-күрен қосын құрады. «Күрен» деп, шеңбер пішіндес құрылған әскери-қорғаныс шебін айтады екен. (Орыс-казактардың «Курень» сөзінің де шығу тегі осы атау!). 13-күреннің біреуі Дуклат руынан, ал тағы біреуі Сукан мен өзге де рулардан құралғаны кітапта жазылыпты.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рошиди» («Хақ жолдағылар тарихы») кітабында былай деген: «Шағатай ұлысында Дулат руының өкілдері «тархан» аталып, «Маңлай-сүбе» жерін (яғни Қашқария мен Жетісуды) ұрпақтан ұрпаққа қалатындай меншігіне алған. Сосын, Дулат-әмірліктерін құрған.» Дулаттың әмір болуы – олардың тегінде төрелермен ағайындық жақындығын көрсетеді. Дулаттардың қарамағында ұлы жүздің өзге руларының да болғаны, айтпаса да түсінікті болар! Олай болса, Ұлы жүз қазақтарының көпшілік рулары – Шыңғысханға ең жақын «нирундар» болып шығады.
6) Ергене-қон мекенінен шыққан 18-тайпа ішіндегі Шыңғысхан тайпасы - Хушин (Үйсін) екен! Ұлы жүздің көпшілігі үйсін ғой! Үйсінге жатпайтын Жалайыр руы - «дәрлекин-моңғол». «Джами ат-тауарих» ішінде жалайырлар жайлы мынадай нәрсе жазылған. Олардың бір бөлігі Тудың Мененнің 8-ұлын өлтірген соң, күнәсін өтеу үшін тірі қалғандары Қайду-ханға құлдыққа берілген. Содан бері олар Шыңғысханның ата-бабаларының қарамағында жүрген.
- Орта жүз рулары: Найман, Керей, Уақ - «моңғол аталғандарға» жатады. Мұны Рашид ад-Дин 13-ші ғасырда айқын жазып кеткен. Орта жүздегі Арғын руы болса, «таза моңғол» болған. Ол жайлы өзге дерек көздерінен білуге болады. Мәселен, Қырымды «моңғолдар» басып алғанда, сол жерді олар рулық меншік-жайлымға бөлген. Сол бөліктің үлкені, «моңғолдың Арғын руының иелігі» болған.
-Кіші жүз қазақтарын құраған рулардың да көпшілігі алшын-татар сияқты «моңғол аталған» тайпаларынан тараған болуы керек! Бірақ, кіші жүздегі Табын, Тама, Рамадан рулары мен Орта жүздегі Тобықты рулары Үйсіннен таралған рулар екенін Востров сияқты зерттеушілер жазып кеткен.
Аталған деректер, бүгінгі қазақ ұлтын құраған рулардың көбі Шыңғысханға ағайын-туыс, құда-жекжат, көрші-қолаң болғанын, яғни тілі де, тегі де бір ру-тайпалар болып шығатынын көрсетіп тұр!
2-бөлім. «Қазақ» атауының мағынасы.
Кеңес өкіметі тұсында, «қазақ» атауының мәні қандай?» - деген сауалға, шындыққа үйлеспейтін: «қас-сақ», «қай-сақ», «қашақ», «ақ-қаз» дегендей болжал-қиялдар айтылып, шатастырған. Мұндай «мәңгүрт-тарих» болжалынан басқаша зерттейтін қазақ тарихшыларын, әдебиетшілерін, зиялыларын Кеңес өкіметі «пантүркист» деп, қуғын-сүргінге ұшыратып, талайын түрмелерге де тоғытқан!... «Мәңгүрт-тарихты» әшкере ететін шынайы тарихымызға бет бұрайын!
Кеңестік саясат тарихқа киліге қоймай тұрған кездегі тарихшылардың «қазақ» сөзін зерттеулеріне келсек, олар бұл сөздің әскери термин екенін нақты айтып, дәлелдеп кеткен. Мысалыға, Сәкен Сейфуллин атамыз «Қазақ тарихынан қысқаша мағлұмат» атты еңбегінде, былайша тарихи талдау жасайды:
«1) Атақты Ноғайханның заманында, Кавказдан черкестерді шақырып келіп, Рылск деген қаланың маңына орнатқан. Сол черкестер өздерін өздері «қазақпыз» деген.
2) 1397-жыл мен 1410-жылдарда Қырым татарларының біразы Литва еліне ауып барған. Литва королінің хат тасушысы қызметінде болған татарлар «қазақ» атанған. Ол кезде орыстың «казак-орыс» дегендері шықпаған кез еді.
3) Күншығыс жақта 1456-жылы Жәнібекті хан көтерген ноғайлар – қазақ атана бастап Қазақ хандығын құрғанда, 1474-жылы Қырым ханы Меңлікерей, 3-Иван атты орыс князіне жазған хатында: «Сенің жеріңді тартып алуға мен ұландарымды, мырзаларымды - қазақтарымды жібермеймін» - деген.
4) 1523-жылы Морозов деген орыс Түрік сұлтанына айтқан сөзінде: «сенің қазақтарың бізге тие береді» деген.
Бұл мағлұматтардан көретін нәрсе мынау: көп елінен оқшауланып шығып, жауынгерлік кәсібінде болғандарды «қазақ» деген!».[1] (Сәкен Сейфуллин)
Шоқан Уәлихановтың «қазақ» сөзі жайлы зерттеп, жазған тұжырымы бойынша: «қазақ сөзінің әргі мәні – жан мен тәннің еркіндігі мен биік рухын білдіретін, европалық серілікке(рыцарство) тән!»
Араб, парсы, өзбек, түрік, ноғай, орыс-казак жазба мұраларынан да «қазақ» сөзінің жауынгерлік ұғым екенін табуға болады. Мысалға, Қырым мен Азау теңізі маңынан бастап Еділге дейінгі аймақты жайлаған Ноғай атты халық болған. Әзірде олар бірнеше жүз мың ғана қалған, Ресейде. Сол ноғайлардың «Ноғай халық жыры» атты кітабының «Қазақ, қазақ дегенде» атты жырына қаралық:
«Қазақлықта минген арық ат,
Байлардың семизине матармыз.
Қазақлықта киген сұр шепкен,
Байлардың шұғасына матармыз.
Қазақ эрлер көп йатса,
Алтын-күміс табар ма,
Қазақ ерлер қақырмай,
Қанлы көбик түкирмей,...»[2]
Бұл жыр ноғай ерлерінің де «қазақшылық» құрғандығын айқын көрсетеді. Осы сияқты башқұрт-қазақтары, татар-қазақтары, қырым-қазақтары, өзбек-қазақтары, тіпті аса сирек те болса қызылбас(иран)-қазақтары болғаны жайлы тарихи деректер бар. Өзбек-парсы жазба мұралары арқылы, әйгілі Ақсақ Темірдің де, Мухаммед Шейбанидің де жас кезінде «қазақшылық құрғанын», олардың «қазақы соғыс өнерін» терең меңгергенін мәлімдейтін деректерді табамыз. Шейбани тарихында былай дейді: «Көп заман «қазақ болып жүрген кісінің бірі – Шейбани. Оны «дер заман қазақ» деп атаған.[3]: «Бұл қазақлықта оған көп қатынасудан айырылмаған турур». Рузбеханның айтуынша, Шейбани көп заман қазақ болып жүріп, қазақ ұлысын басқаратын ең ұлы хан, Дешті-қыпшақтың ұлы адамының бірі Бұрындыққа қарсы шықты.[4] Шарафуддин Ияаздидің «Зафарнама» кітабында, 1376 жылы Ақсақ Темір әскерінде «Қазақ мыңы» болғаны баяндалған. Тоқтамыстың да әскерінде қазақтар болған. Олар Орда шетінде қосындар құрып, шатырларда тұрса керек. Бұған келесі деректер дәлел. Шоқан Уәлиханов былай жазады: «1391жылы Тоқтамысқа қарсы жорыққа шыққан Әмір Темір, Дешті қыпшақты күзетіп отырған қазақ ұлысын қатты қиратып, олардың хандары Амет пен Саметті өлтіріп, бақсыларын тегіс құртып, орнына машайыхтар жібереді. Одан бұрын қазақтардың табынатын иесі атасының әруағы, көк аспан, күн, ай, от, жер-су болатын.» (Валиханов, І-т., 212б). Шарафуддин былай жазады: «Сайып қыран(Әмір Темір) алдынан Орданың(Тоқтамыстың) тақты қорғап тұратын Чатур қазақ өлейіті (шатырлы қазақ өлкесі) шықты. Олар Сайып қыранның тегеурініне шыдап тұра алмады. Чатур қазақ елін түгесімен қиратып, мал-мүлкін талап алды.»[5]
Ресейдегі орыс-казак әскери қауымының белгілі тарихшылары (И.Ф.Быкадоров(1882-1957) пен Д.И.Яворницкий(1855-1940), және т.б.) жазған «История казачество» еңбектеріне қарасақ, онда казак пен қазақтың шығу тегі бір екені ашық айтылған. Жалпы, орыс-казак тарихшыларының барлығы да «Алтын Орда» ыдыраған соң, Орда құрамынан өздерінің аталары шыққанын айтады. Ал «казак» сөзінің мағынасы не? – деген сауалға нақты жауап таба алмай, кейбірі Абай атамыз жазғанына сүйеніп «ақ қаз» дейді, кейбірі тағы басқадай бір түрік атауы дейді. Және «казачество»(«қазақшылық құру») дегеннің өз еркімен әскери-жортуылға шығу, яки өз еркімен әскери қосындар құрып ел қорғау екенін айтады. (Орыс-казактарды да Мәскеу патшалары бірнеше рет шапқынға салып, талай тарихи кітаптарын өртеп, сосын өзгертілген тарих жазып, сонымен оқытып отырған. Сол себепті де, олардың «қазақ» атауының шығу мағынасын ұмытуы таң қалдырмаса керек).
Бұл деректерге қарап, қорыта келе: «Кеңес өкіметіне дейінгі заманда, «қазақ» сөзінің жауынгерлік ұғым екенін барша зерттеуші ғалымдар мойындаған» дей аламыз.
Кеңес өкіметінде жасалған «мәңгүрт-тарих» былай болжайды: - «Қазақ» сөзінің мағынасы «қас-сақ», «ақ-қаз», «қашақ», «қаз-ғақ» дегендей болжалдарға тіреледі! «Қазақ» сөзі жауынгерлік ұғым болуы да мүмкін, бірақ бұл дәлелсіз»... Басқаша айтқанда, «мәңгүрт-тарихшылар» жоғарыда біз атап өткен қаншама мол деректерді, яғни «қазақ», «қазақшылық құру» жайлы жауынгерлік тұрғысында сипатталған жазбаша-ауызша мұраларды «дәлелсіз» санап, ысырып қоя салады. Сосын, өздерінің қияли-жалған болжалдарын ұсынып, «киргиз-кайсак» деген сөзге үйлестіріп, «қас-сақ» деп, сонау «сақ заманындағы» қазақтарды дәлелдемек болып, өтіріктің тұманына кіргізіп жоқ қылады!... Мұндай алдауды доғарып, «қазақы жауынгерлік» жайын зерттеуге көшетін уақыт жетті!
«Қазақ» атауы жауынгерлік ұғым! - Ол қандай жауынгерлік ұғым? Не мағына береді?» – деп сауал қойып, соған жауап берейік!
Меніңше, «қазақ» сөзінің түбірі «қаза» сөзі.
«Қаза болды», «соғыста ерлікпен қаза тапты» деп майданда өлген ерлерді, яғни батырларды қастерлейміз ғой! Байқасаңыздар, майданнан тыс өлім жайлы түрліше басқа атаулар қолданылады. Мысалыға, өз үйінде, өз ажалымен көз жұмған кісіні «қаза тапты» деп айтпайды, «қайтыс болды», «бақилық болды», «дәм-тұзы таусылды» дегендей сөздермен сипаттайды. Яғни, «қаза болу» - бұл, дәрежесі өзге өлімнен биік тұратын, батырлықтың дәлелі болатын сөз. Қаза болған ерді жоқтап, ел-жұрты түгел «аза» тұтқан.
«Қаза» сөзіне «ақ» дегенді жалғасақ «қазақ» сөзі шығады. Мәселен, «ел-жұртым үшін ҚАЗА-АҚ болам!» деген батырлық сөздер ерлердің ұраны бола алады ғой! «Қаза-ақ» сөзі осындай ұран болса керек.
«Нағыз ер - елдің шетінде, жаудың өтінде жүреді!» дейтін нақылымыз бар. Яғни, қазақы ерлер ел шетіне шығып, өзге елдерге жортуыл жасап, немесе өзге елмен шекаралық иен далада әскери қосындар құрып ел қорғап жүрген. Оларды бүгінгі тілмен «шекарашылар әскері» деуге де болар. Осылай, ел қорғап жүріп өлген «шекарашыны» – «қаза болды» деп елі қастерлейді. Себебі, ел шетіне шығып қос тіккен ерлер – бұл қаза-ақ болуға бас тіккен батырлар саналған. Мұндай әскери қауымдарды «қазақтар», «қазақшылық құрушылар» деп аталуы табиғи заңдылық.
Әмір Темір мен Мұхаммед Шейбанидың өмірбаянына қарасақ, екеуі де жас кезінде қазақшылық құрыпты. Яғни, жігіт-желең кезінде қазақшылық құрып, қартайғанда және ауырғанда ел жұртқа барып бейбіт тірлік кешкен ерлер, ол заманда аз болмаса керек. Сондай-ақ, бүкіл өмірін қазақшылыққа арнап, үй-жайлы күйінде, әйел-баласымен де қазақшылық құрып жүретін атышулы батырлар болғаны да анық. Қазақ аталатын тайпалардың пайда болуын тек осындай батырлар әулетінің болуымен ғана түсіндіре алармыз. Әлбетте, «қазақ» аталатын тайпалар ешкімге тәуелсіз, ерікті, еркін тірлік кешкен. Сахараның о шеті мен бұ шетіне дейін кезіп, шерулетіп жүре берген.
«Қазақшылық құру» - бұл көнеден келе жатқан Тұрандық халықтардың ортақ дәстүрі болуы керек. 1245-жылы Мәмлүктер билеген Мысыр мемлекетінің қыпшақтары ортасында жасалған араб-қыпшақ сөздігінде, «қазақ» сөзіне «еркін, кезбе адам» деген мән берілген екен. Жаугершілік заманда «еркін, кезбе адам» болып жүру, жоғарыда біз сипаттап өткендей жауынгердің ғана қолынан келетін. Ал қарусыз, әлжуаз кісі далада көлденең біреуге кезігіп «жем» боп қалады емес пе?!
15-ғасырдағы түркі елдердің «билеушілері» қазақы тайпалардың көбейіп кетуін қаламайтын болған. Өйткені, қазақтар салық төлемейтін. Яғни, оларға қазақтардан гөрі салық төлейтін қарашалар санын көбейту тиімді еді. Олар өз қазақтарын азайту үшін, олардың кейбірін жиі қуғындаса керек. Бірақ, қазақшылық құруға шыққан төре тұқымына қуғын болмас. Мұны, Әлішер Науаи былай жазады: «егер Шах қазақ болып кетсе, оған кім әскерін шығарып, кім қылышын көтерер еді?».(Абушқа, 222 бет).
Қорыта айтқанда, «қазақ» атауы – әскери, «мен қаза-ақ боламын» деген ұраннан шыққан ерлер сөзі!
3-бөлім: «Қазақ» ұлтының пайда болу тарихы
«Қазақ» атауының 15-ші ғасырға дейін ұлт атауы емес, «шекарашы ерлер» сипатындағы жауынгерлік атау болғанын, жоғарыда айтып өттік. Енді, қалай ұлт атауына айналған тарихын тізбектеп өтейік. Ескерту! «Ұлт», яки белгілі бір «мемлекет-азаматы» атауы, уақыт өте басқаша өзгеруі мүмкіндігін ескеруіміз керек.
Жоғарыда, бүгінгі қазақ аталатын ұлт құрамын зерттеп, олардың көпшілігі Шыңғысханға ағайын болғанын көрсеткенбіз. Әлбетте, ол кезде, ата-бабаларымыз «моңғол» атанды. Осы атаумен көпшілік тарихшылар жазбасында қалды. Ал оған дейін: татар, найман, керей, қырғыз, қыпшақ, оғыз, қаңлы, қимақ, түркеш дегендей сан-алуан атауларды иеленгенімен, бәрі де тілі мен тегі бір түріктер, яки тұрандықтар екенін білген. Шыңғысханның Қытайға жазған хатында, ол өзін Ғұн әулетінің билеушісі - «Шанью билеушілері» әулетінің ісін жалғастырушы ретінде таныстырғаны бар. Яғни, тұрандықтардың ғұн, үйсін, ұлы иозы, сақ сияқты атышулы елдері, әлбетте біздің арғы тегіміз саналады. Бірақ, оларды «қазақ (ұлты) болған» деу – адасушылық! 15-ші ғасырға дейін «қазақшылықты кәсіп еткен» шекарашы-ерлер ғана болғанын тарихи деректерден көре аламыз.
Шыңғысханның төрт ұлына бөлінген Ұлыстарға бөлшектенген ата-бабаларымыз, уақыт өте басқа атаулар алып, тіпті бөлек ұлттарға айнала бастаған. Қазіргі, сан-түрлі түрік нәсілді ұлттар – соның нәтижесі. Бүгінгі қазақ ұлтының ата-бабалары, негізінен, Жошы ұлысы мен Шағатай ұлысында жүріп, түрліше аталған кездері де болған. Аты-шулы Ноғай-ханның заманында, оның қамқорлығында болған жұртты «ноғайлар» атаған. Оның ішінде, бүгінгі қазақтың арғы аталары да бар болғанын ауыз әдебиетімізден тануға болады. «Ноғайлы-қазақ елінде, Жиделі-Байсын жерінде...» деп келетін жыр-шумақтарына қараңыз. Мұндай деректерге сүйеніп, Ноғай-ханның қазақшылыққа қандай да бір қатысы болса керек, деуге болады. Бәлкім, ол өзі қазақшылық құрып қоймай, қарамағына қазақы ерлерді көп ұстау арқылы да Ордада үлкен беделді, әскери-күшке ие болған шығар!? - Әйтеуір, Ноғай мен Қазақ атауларының қатар жүруінің бір сыры бар!
«Алтын орданы» мұсылман ел еткен атақты Өзбек-хан тұсынан бастап, көпшілік мұсылман болып, өздеріне «Өзбек адамы», «өзбектер» деген атау алған. Әлбетте, оның ішінде бүгінгі қазақтың бабалары да бар. Тіпті, Керей мен Жәнібек сұлтанның қарамағындағы жұрттың өздерін «өзбек-қазақ» аталған ғой. Осы оқиғаны тереңірек шолып өтейік.
Ақ Орда 1428-жылы Барақ хан өлген соң екіге бөлінді: маңғыттардан құрылған Ноғай Ордасы және Әбілхайыр Ордасы, (Көшпелі-Өзбек хандығы). Әбілқайыр-хандығы «Ақ Орда» атауын иеленді. Ноғайлар Қырымнан бастап Еділ, Жайыққа дейінгі жерлерді мекендейді. Ал, «Көшпелі-Өзбек хандығы» шығысында Моғолыстанмен, шығыс-терістікте Башқұрт, Қазан татарларымен, ал түстігінде Темір әулетінің иеліктерімен шектесіп жатты.
1450-60 жылдары Жоңғарлар от-қаруды игеріп, Көшпелі-Өзбек ұлысына жиі шапқыншылық жасай бастайды. 1457 жылы жоңғарлар Шу маңына қос тігіп, жеңіл-атты әскермен Сыр бойы қалаларына шапқыншылық жасаған. Қарсы келген Әбілқайыр-ханды ашық соғыста ойсырата жеңген. Әбілқайыр-хан Сығанақ қаласына тығылып, сауға сұрап, кепілге баласын беріп, масқара келісім-шарт жасасып әзер аман қалады.
Шамада, 1458 жылы, Ақ Ордадан (Көшпелі-Өзбек Ұлысынан) Орысханның ұрпақтары Керей Барақұлы мен Жәнібек Болатұлы сұлтандар бастаған ерікті жауынгерлер бөлініп, меніңше «қазақшылық құрып» шығады. Бағыты, жоңғарлардың басып алған Жетісу аймағы. Олар жеткенше, жоңғарлар да Тәңір тауынан асып, тайып отырады. Әрине, бұл бөлінуге басқа да себептер қосымша болуы мүмкін. Мәселен, қыпшақ Қобыланды мен Ақжол-би арасындағы жанжалдан, соңғысының өлім құшып, осы себепті арғындар Әбілқайырдан Қобыландыны ұстап беруін талап етіп, ол көнбегесін, одан бөлектене бастаған. Әбілқайырдың жоңғардан жеңілуі мен Керей-Жәнібек сұлтанның «қазақшылық құрып» шығуы, арғын руларының қолдауына осылай да ие болуы мүмкін.
Өзбек Ордасынан шыққан соң-ақ, Керей мен Жәнібек туының астына 20 мыңға жуық қазақы жауынгер жиналған екен. Ол кезде 20 мың қазақы әскер дегенің кез-келген елді абыржытатындай елеулі күш еді. Сондықтан олармен одақтасқысы келіп, Шағатай ұрпағының Есенбұқа деген ханы (яғни Моғолыстан ханы) Шу өзені маңайын «тарту етеді». Шындығына келсек, бір жыл бұрын ғана, Шу маңын жоңғарлар басып алып, қосын тіккен мекен бос жатқан! «Өзбек-қазақ» қолы келе жатқасын, жоңғарлар мол олжасын алып тайып тұрғандықтан, ол жерлер бос жатқан еді.
«Өзбек-қазақ» қолының моғолыстанға шабуылдау қаупі де бар еді. Осы себепті, Есенбұқа-хан «өзбек-қазақ» қолымен татуласу үшін жер берген. Бұл кезде, Мәуеренархдағы Әмір-Темір әулеті Моғолыстанға қарсы соғыста, шағатай нәсілінен Жүніс-ханды Ираннан алдырып, жаңа соғысты бастаған. Есенбұқа-хан Керей-Жәнібекпен татуласу келісімінде, оларды Жүніс-ханға қарсы одақтасы, әрі Шу бойындағы тосқауылы ретінде пайдалануды көздейді. Одақтас ету үшін, Есенбұқа-хан, жерге қоса, өз қарамағындағы Үйсін-Дулат тайпаларын да «тарту етеді»...
Шындығында, Есенбұқа-хан оларды басқара да алмай келген. Дулаттар, сонау Шағатай заманынан бері (Өртөбе, сосын Полатшы атты дулат аталары) «тархан» атанып, «Маңлай сүбе» аймағын иеленіп, яғни Қашқариядан бастап, Жетісу, Шаш, Ферғанаға дейінгі аймақтарда әмірлік, яки бектік билігін жүргізіп тұрған. Моғолыстанның талай хандары Дулат бектерінің қолдауымен ғана таққа отырған. Есенбұқа болса, Дулат(Үйсін) руларын «қазақтарға беру» арқылы қауіпті бәсекелесінен құтылғысы да келген болар.
Шу маңындағы Қозыбасы тауына( бүгінгі Құлжабасы, Хан тауы) келіп ту тіккен Керей мен Жәнібек қолы өздерін «өзбек-қазақтары» деп атағаны тарихта жазылған. Ескере жүріңіз: «өзбек-қазақ» дегенің, бүгінгі «орыс-казак» деген атауға ұқсас. Бұл атау, бұлардың өзбек елін қорғайтын қазақы-шекарашы әскер екенін көрсетеді.
Шуға келген Керей-Жәнібек қолы, басында кілең ерлерден құралған, таза әскери қосын еді. Сосын оларға «Дулат тайпасы» (ішінде бүкіл Ұлы жүз рулары бар) қосылған кезінде, олар мал-жанымен, қатын-балаларымен бірге келеді. «Дулаттарға» еліктеп, Керей-Жәнібек қолының ерлері де, Әбілқайыр-Өзбек Ұлысында қалған мал-жандарын біртіндеп көшіріп ала бастайды. Осылайша қазақтар саны күрт өсе бастап, бірер жылда, шамада 100 мыңнан асатын бұқаралы елге айналады.
Қазақ хандығының құрылуын осылай тамамдауға болар еді. Бірақ, аздап қиял-болжамға ерік берсек, онда төмендегіше жалғастыруға да болар!
- Қалың елге айналған, мал-жаны көп «өзбек-қазақ» қолы үшін жайылым керек, яғни әскери жорықтар жасалу керек еді. Бұл кезде Өзбек хандығына түскейден жоңғар шапқан болса, сондай-ақ шығыс пен теріскейдегі шапқыншылық жасаушылар да болған. Мәселен естектер (башқұрт), Қазан татарлары, қалмақтар, «кәпір-қазақтар»(казактар) және басқалар. Керей мен Жәнібек сұлтандар, шығысқа, солтүстікке, батысқа шерулетіп, Әбілхайыр хандығының барша шекарасын қорғайтын қазақы әскер құруға кіріседі. Бұл үшін, «өзбек-қазақ» жұртын үш жүзге бөлуге тура келеді. «Ұлы жүз» - Шу мен Жетісу аймағын; «Орта жүз» - Алтай, Тарбағатай, Сарыарқа аймағын; «Кіші жүз» - Еділ-Жайық, Маңғыстау аймақтарын мекендеп, «Әбілқайыр хандығын» түгел қоршап алса керек.
Ауыз әдебиетімізде Асан қайғы жыраудың Жәнібек-ханға айтқан сөздері бар (Мұндағы Жәнібек – Алтын Орда ханы емес, қазақ ханы болуы да мүмкін!), мынадай:
Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Оймауыттай тоғай елінің,
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемнен де елді көшірдің,
Ойыл деген ойыңды,
Отын тапсаң тойынды,
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың.
Ойылдан елді көшірдің,
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген,
Екі семіз қолға алып,
Ерлер жортып күн көрген.
Еділ деген қиянға,
Еңкейіп келдің тар жерге.
Мұнда кеңес қылмасаң,
Кеңестің түбі нараду...
Ақылды белд
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір