• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 23:35:35
Алматы
+12°

05 Наурыз, 2015 NEWS

Қазақстанда қарттардың құқығын қорғайтын заң жоқ

Қарт адамдарды күту, оларға жақсы жағдай жасау дегенді ауызға алғанда біз «қолын жылы суға малып» үйде отырса болды ғой, одан артық не керек деп ойлаймыз....

Қарт адамдарды күту, оларға жақсы жағдай жасау дегенді ауызға алғанда біз «қолын жылы суға малып» үйде отырса болды ғой, одан артық не керек деп ойлаймыз. Кейде тіпті кесірлікпен «асарын асады, жасарын жасады, отырсын енді үйінде, балаларының тілеуін тілеп» деп бір-ақ кесеміз. Ал белі ұйып, аяғы сал болып, басы қаңғырып, түрлі ойлардың тұтқыны болып қалмас үшін бір мезгіл оларды қолтығынан алып, таза ауаға шығарып әңгімелесу, жақсы көретін ән-күйін бірге тыңдасып, әңгімелеріне, ақылдарына құлақ түру дегенді еске алмаймыз. Өстіп көңіл бөліп отырсақ, олардың жастары да ұзара түсіп, денсаулықтары да жақсарып, бала-шағасының, ағайынның, елдің амандығын тілеген баталары да арта түсер еді. Парламент Мәжілісінің депутаты Тұрсынбек Өмірзақовты кейде таңертеңгі мезгілде 90-ға келіп қалған анасын қолтықтап, жаяу қыдыртып жүргенін көріп тәнті боласың. «Қолы тимейтін адам» іздесең нақ осы кісіні алдымен атауға болар еді. Ол Мәжілістегі заң жобаларын талқылауға экономика ғылымының докторы болғандықтан белсене қатысады, білікті ұсыныстарын жасап, ойлы пікірлерін қосады, оның үстіне халықтың түрлі мұқтажын көтеретін депутаттық сауалдарды да көп жасайтын депутаттың бірі осы. Қала берді қазір әйелінің басқаруындағы жеке бизнесіне де бақылау жасап отырады. Осындай, толып жатқан маңызды жұмыстарына қарамай Төкең 90-дағы анасын қолтығынан алып, қыдыртудан жалықпайды... Міне, осы депутат Мәжілістің соңғы отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады. Сауалы қарт адамдардың уақытын көңілді, белсенді өткізу мәселелерін шешуге байланысты болды. Біздің халқымыздың 10 пайызы зейнет жасындағы адамдар екен. Ал енді осылардың құқын қорғап, жағдайын жасау туралы бірде-бір заң жоқ көрінеді. Рас біздегі «Зейнетақы туралы», «Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен оларға теңестірілгендерге жеңілдіктер беру туралы» және т.б. заңдар мен актілерде олардың құқы біршама үстірт шалынып кетеді. Қала берді Президент талап еткенде, Республикалық ардагерлер алқасы қозғағанда, «Дүниежүзілік қарттар күнінде» бір реттік, жарым реттік көмектер беріліп, сыйлықтар жасалып, концерттер қойылып жатады. Алайда тұрақты болмағандықтан бұлар қарттарды үзіліссіз қолдау деп айтуға болмайды. Сондықтан депутат басқа да дамыған елдердегі сияқты қарттар турлы арнаулы заң әзірленіп, олардың демалысын, бой жазып қыдыруын, көңіл көтеруін т.б. ұйымдастыратын арнайы құқылық нормативтік құжат қабылдауды ұсынды. Шын мәнінде, бүгін қарттықты ойламай шапқылап жүргендердің бәрі ертең қартайып, осындай заңға мұқтаж боларын бүгін ат үстінде жүргенде ойлағаны дұрыс-ау. Дана қазақ үш дауасыздың бірі – Кәрілік екенін қатты ескертті емес пе? Ендеше өзімізді қартаймайтындай көрмейік, кәрілікті қолдайтын, құптайтын, белсенді демалыстарын ұйымдастыратын арнайы заң қабылдайық дегің келеді. Мұндайды өркениетті елдердің бәрі әлдеқашан қабылдаған. Мәселен, Франция, Германия, Израиль және т.б. елдерде мұндай құқылық құжаттар баяғыдан бері бар. Онда кәрі адамдардың медициналық көмекке аса зәру екендігі де ескерілген. Сондықтан геронтология (қарттық туралы ілім) мен гериатрия (қарт адамдарды емдеу) ғылымдарын дамыту да қарастырылған. Біздің мақтап жүретін «Саламатты Қазақстан» бағдарламамызда бұлар үстірт қана шалынған. Поликлиникалардың бәрінде геронтолог болу керек делінгенімен олар да жетпей жатады. Өзінің сауалында депутат мазмұнды қарттыққа ең басты қажеттіліктерінің бірі – өзара, немесе сөздеріне құлақ түретін жастармен әңгімелесу дейді. Сондықтан қарттар клубы құрылып, бір мезгіл оған барып тұрса, ақсақалдарымыз бен апаларымыз бір жасап қалар еді-ау дейді ол. Мысал үшін қарттар клубы ұйымдастырылған жерлерді, олардың көркемөнерпаздар ұжымдарын атап, оған қатысып жүргендердің жүзі жарқын екені бірден байқалатынын да айтып кетіпті. Кәрісін сыйлауда өз өнегесімен де үлгі көрсетіп жүрген депутат осылай дейді. Ал енді министріміз бұған не дер екен?

Серік ЕЛЕУ, сарапшы

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір