23 Ақпан, 2015 NEWS
МЕН СІЗДІ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕДІ ДЕП СЕНЕМІН, НҰРЕКЕ!
Аса мәртебелі, Нұрсұлтан Әбішұлы!
Аса мәртебелі, Нұрсұлтан Әбішұлы!
Біраздан бері Қазақстан халқы ассамблеясы жағынан 2015 жылы мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс түсіп жатқаны белгілі. Қазір бұл ұсынысты қоғамның әр саласы, жекелеген зиялы қауым өкілдері дұрыс жасалған таңдау деп жоғары бағалауда, жарыса үн қосуда.
Мұндай тарихи, саяси мәні зор мәселені, әрине, әркім өз көзқарасы, мүддесі тұрғысынан зерделейді.
Біз шеттен келген және келуге құлшынып отырған қандастарыңыз үшін де бұл таңдаудың орны тіпті бөлек.
Қазақ көші, алыста жүрген ағайынды Атажұрт Қазақстанға шақыру – тәуелсіздіктің таңы жаңа атқан сонау алғашқы жылдары-ақ Сіз қолға алған Ұлы бастама.
Сіздің қамқорлығыңыздың арқасында 2012-жылға дейін алыс-жақын шетелден елімізге 952 882 этникалық қазақ оралыпты.
Өкінішке орай, 2007 жылы Үкімет басына К.Мәсімов келген күннен бастап, Қазақ көшінің басына қара бұлт үйіріле бастады. Соңы 2013 жылғы төрт жылсыз азаматтық берілмейтін заңның қабылдануымен аяқтады...
Сіз осынау саяси қателікті бірден аңғарып, халқыңыздың бағына туған ұл екеніңізді тағы бір мәрте дәлелдеп, сұңғылалық көрсеттіңіз! Қашаннан бергі қалыптасқан кемеңгерлік болмысыңызды әйгілеп, ұлылық таныттыңыз...
Араға алты ай салмай жатып, аталмыш Заң жобасына өзгеріс енгізу туралы бұйрық бердіңіз. «Қандастарымызға жол ашуымыз керек. Қазақтың жері кең. Орналасамын деген жерін өзі таңдасын!»,- деп, бір-ақ кестіңіз!
Солтүстікке орналасқан жеті облысқа келетін ағайындарға ерекше қомқорлық жасау туралы шешім қабылдаттыңыз!
Міне, соның арқасында, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қазір Мәжілісте талқылануда.
Біз соған өз тарапымыздан ұсыныстар берудеміз. ҚР Үкіметі жағынан шығарылған №111 Қаулыдағы екі кедергі алынып тасталса болғаны, алыстан келетін ағайынға даңғыл жол ашылмақ.
Қазақ Елінің аспанында Азаттықтың Көк туы желбірегелі биыл - 24 жыл.
Біз Сіздің сол тәулсіздікті жариялай салып, жарты ай өтпей жатып-ақ: «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан ата-мекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деп ағыңыздан жарылған «Ақ тілегіңізді» өмір бойы аузымыздан тастамай, айтып келеміз. Әр жазған мақаламызға тұздық етуден жаңылған кезіміз жоқ. Күн өткен сайын, оның құны арта түскендей. Қазақ көшіне көлеңке түсе бастаса, бірден көтеріп шығамыз...
Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығының 2002-жылы Түркістан қаласында ашылған екінші құрылтайында Сіздің бір жарым сағат сөйлеген жан тебірентерлік сөзіңіз жазылған видеоны шаң басқан архивтен тауып, сіргежиар бөлігін қайта-қайта жаңғыртуымыздың, ел есіне салуымыздың да басты себебі – сол Сізге деген тілеулестіктің белгісі.
Көріп отырмыз, халықтың Сізге деген ықыласында, сенімінде шек жоқ. Шешендеріміз бұл жолы да Сізге тең келер, Сізбен орын таласар ешкім жоқ деп жатыр. Солай!
Дегенмен, Н.Ә.Назарбаев отыз жыл Ел тізгінін ұстағанда, бір ізбасар тәрбиелей алмапты десе, бұл да жақсылықтың нышаны емес-ау. Сонда, біреу: «Қазақтың алтын құрсақ аналары не бітіріп жүрген?!» десе, не демекпіз?!
Әрине, қазақта Абай жалғыз, Махамбет дара екені о бастан шындық!
Құдайға тәубе! Отыз жылда Сіздің тәліміңізді алып, уақыттың ауыр сындарынан қаймықпай өткен, қиын кезеңдерде қасыңыздан табылып келе жатқан, президенттікке лайық азаматтар жоқ емес, бар. Біреу емес, бірнешеу! Дана халқымыз "ат тұяғын тай басар" деген. Құдай жалғыздықтан сақтасын!!!
Қиюы қашып, қисыны кеткен саланы бірден қалпына келтіріп, жайнатып жіберетін, туған халқын тура Сіз секілді жан-жүрегімен сүйетін Иманғали Тасмағамбетов пен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасарлығына Өзіңіз арқасынан қағып, шығарып салған, дипломатияның жілігін шағып, майын ішкен, бес тілде еркін сөйлейтін Қасым-Жомарт Тоқаев неге тұрады?! «Тыныш жүрсе» Әкежан мен Ғалымжан, тірі болса Алтынбегіңіз кімнен кем еді?! Одан бергі жас тұлпарлар Ерлан Қарин, Берік Әбдіғалиев, Бауыржан Байбектер де болашақ Ел тізгінін ұстайтын жігіттер.
Қай-қайсысы да Сіздің зор мақтанышыңыз, сенімді серігіңіз деп білеміз.
Бірақ, бәрі-бір, таңдау мен салмақ Сізге түсіп тұр. Неге?
Өте-мөте, Украинадағы шиеленісті шешуде, ТМД-дағы тыныштықты сақтауда Сіздің рөліңіздің зор екеніне төрткүл дүниенің көзі әбден жетті. Тұлғалық болмысыңыз тіпті асқақтай түсті.
http://youtu.be/KyosRWV-RQ0Сіздің «Қазақстан халқының санын 2020-жылға қарай 20 миллионға жеткіземіз!» деген Ұлы үндеуіңіз бар.
Қазақ көші, міне, пәле-жаладан арылып, қайта жаңғыру алдында тұр.
Сіздің тікелей бастамаңызбен құрылған Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын жаңа бастады.
Батыс салған санкциялардан бас көтере алмай қалған Ресейдің Біздің экономикамызға әсері айқын көріне бастады.
Халқыңыз Сіздің осы Ұлы жоспарларыңызды ойдағыдай орындап шығыуыңызға мүмкіндік беруде, Нұреке. Сонымен бірге, ЕЭО-ға байланысты тығырықтан алып шығудың да нық сенімі тағы Сізге жүктеліп отыр.
Оның ар жағында «ЭКСПО-2017» және бар...
Жақында Қазақстандағы блогерлер альянсы Сіздің президенттік өкiлеттігіңізді 2022 жылға дейiн созатын референдум ұйымдастырайық деген бастама көтердi.
Негізі, осы бастама өте орынды секілді.Себебі, жоғарыда айтылған ұлы жобаларыңызды, Алла амандығын берсе, Сіздің кең көсіліп, еркін еңсеруіңізге, солтүстік аймақты қара орман қандасыңызға толтырып үлгеруге мол мүмкіндік туады. Бұл – бір.
Екінші жағынан, Тәуелсіздіктің төл тумалары жетіліп үлгереді.
Мысалы, 1991-жылы туғандар 2022-жылы отыз жасқа келе бастайды. Мектепке барғандар отызды еңсеріп, қырыққа таяңқырап қалады. Ал, университетке түскендер қырықтың қырқасына ілініп үлгереді... Олар біз секілді Сталин, Ма́о Цзэду́н, Чойбалсандардың шоқпарын жеп өскендерден емес, Тәуелсіздіктің төл перзенттері. Тізгінін Сіз ұстаған Егемен Қазақ Елінің бодандыққа санасы уланбаған, отаршылыққа жүрегі шайылмаған нағыз жаужүректері. Кеудесі асқақ, рухы биік. Жатқа жалтақтауды білмейді! Сіз жолға қойған «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің барлық елінен білім мен ғылымның нәрін жұтқан, тәжірибеден өткен. Кезегі келгенде, мемлекеттік қызметтің қандайы болмасын, шетінен дөңгелетіп әкетеді. Қазір де олардың алды өсіп, министрлік дәрежелі креслоларға отыра бастады...
Ел есінде болса, қазақтың аса көрнекті жазушысы Қабдеш Жұмаділов 1993-жылы жазған «Болашақты болжағанда» атты мақаласында «Көне тарихқа көз жіберсек, халқымыздың осындай дәуірлеген, басына бақ қонған кездері аз болмаған. Сондай жалаулы замандардан кейінгі ұрпаққа: «Қасым салған қасқа жол», «Есім салған ескі жол» деген ескерткіштер қалыпты. Сөз жоқ, біздің халқымыз қазір де сондай жаңғыру кезеңінде тұр. Егер Перезидент Назарбаев осындай қиын өткелден сұрінбей өтіп, «Қазақстан» атты кемені қақпа тастардың ешқайсысына соқтырмай, аман алып шығар болса, ол таңдаған тәуелсіздік жолы да болашақта «Нұрсұлтан салған нұрлы жол» аталарында күмән жоқ! Иләйім, солай болғай! Кемедегінің жаны бірге» дегендей, сол жолдың нұрлы да, баянды болуына азаттық таңын қатар тұрып қарсы алған бәріміз де мүдделіміз» («Қалың елім, қазағым...» кітабы, Қазақстан баспасы, 56-, 57-беттер) деген еді.
Құдайға шүкір, Қазақстаныңызды бүгінге дейін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай аман алып келдіңіз.
Біз қазір сол «Нұрсұлтан салған нұрлы жолға» ілінудің соңғы басқыштарында тұрғандаймыз.
Алдағы күндерге апаратын жоба-жоспар тас-түйін жасаулы!
Демек, Сіз, құрметті Нұреке, «Қазақстан» атты үлкен кемені осы тәуелсіз ұрпақтың қолына аман-сау аманаттасаңыз екен деп тілеймін!
Алыста жүрген ағайынның Сізге, Сіздің жүргізіп отырған дана саясатыңызға деген құрметі бөлек. Олар қандай қиын-қыстау жағдайды басынан өткеріп жүрсе де, Өзіңіз айтқандай, халқымыздың асыл қазынасы-төл мәдениетін жоғалтпауға, тілін, дінін сақтаға барын салып келеді. Құдайға тәубе, әзірге дейін өздері тұрған елдерде ұлт аралық қатынас пен қоғамдық тыныштықты қатаң сақтағандарының арқасында, Қазақстанның, оны басқарып отырған Сіздің беделіңізге зәредей нұқсан жеткізген емес. Қайта бұл жағынан бізге үлгі боларлық жағдайда.
Міне, Қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығы тойланады дегенді естіп, Қытай Халық Республикасынан 2014-жылдың қыркүйегінде Ұлы Жібек жолын бойлап, Тараз қаласын бетке алып мәдениет керуені жолға шығыпты. Керуенде 136 түйе, 10 ат арба, 25 автокөлік және жүзден аса керуенші бар көрінеді.
Бұл да болса, Сізге, Отанға деген зор құрметтің, сағыныштың, қолдаудың белгісі!
Мен өз басым шеттен оралған қандасыңыз ретінде де, ақын ретінде де, Қазақ көшінің жанашыры тұрғысынан да биыл мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы түсіп жатқан ұсынысты қолдаймын.
Әрі Сіздің жеңіске жететініңізге кәміл сенемін!
Алла Сізді Жамбыл атаңыздың жасына жеткізсін!!
Жаратқан Ием ӘЛЕМДЕГІ БАР ҚАЗАҚТЫҢ БАСЫН негізін Сіз өз қолымен қалаған тәуелсіз Қазақ Елінде қосуға нәсіп етсін!!!
Ізгі ниет,
зор үмітпен,
ақын
Ауыт МҰҚИБЕК
22-ақпан, 2015-жыл
Астана
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір