• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 21:54:03
Алматы
+12°

07 Ақпан, 2015 NEWS

Берекет Кәрібаев: Қазақ хандығы туралы 60 сериялы фильм түсірілуі мүмкін

Тарихшы, ғалым Берекет Кәрібаевпен өткен интернет-конференцияның жалғасын назарларыңызға ұсынамыз.

Тарихшы, ғалым Берекет Кәрібаевпен өткен интернет-конференцияның жалғасын назарларыңызға ұсынамыз.

(Басы мұнда)

Тілекші:

Қамшы ақпараттық порталы 550 жылдыққа шығармашлық бәйге жариялады, Павлодар мен Петропавл атауын Керей мен Жәнібек атына ауыстыруды көтердіhttp(http://qamshy.kz/?p=16716), бұған сіздің көзқарасыңыз қалай? Қазақ хандарының ішінде Абылай ханнан басқаларының не Облыс тұрмақ көше аттарынада берілмеген? Бізге осы мемлекетті силап кеткен хандарымыздың бағасын қашан береміз?

Берекет Кәрібаев:

Бір адамның атын қалаға берге мен қарсымын. Ол жерлердің бұрынғы аттары бар. Петропавлды қазақтар бұрын Қызылжар деп атады. Павлодарды Кереку деп атаған. Ал, өзгерту керек болса, Павлодарды Ертіс қаласы деп атауға кеңес берер ем. Керісінше Керей мен Жәнібекке Қазақстанның басты қалаларынан, әр ауылдан, әр ауданнан даңғылдардың атын беріп, мүсіндерін қоюы керек. Кіші жүз, орта жүз, ұлы жүз хандарын қосқанда қазақта жалпы 35-40 хан болған. Одан кейін Ресей мойындамаған, бірақ, қазақ мойындаған хандар болды. Мысалы, Арынғазы хан, Қаратай сұлтан. Егер оларды қосатын болса билеуші әулетте 100-ге жуық хан-сұлтан бар. Оның бәріне көше беру міндет емес, әрине. Дегенмен Қазақ хандығы дәуірінде қазақтың ұлықтауына лайық 7-8 ханды айта аламын. Керей мен Жәнібекте ескерткіш бар. Биылғы 550 жылдыққа байланысты тағы да көшелер берілуі мүмкін. Одан кейін Қасым ханға құрмет-атақ беруге болады. Ол қазақ халқының этникалық териториясын қалыптастырған адам. Хақназар хан осы атақтарға өте лайықты тұлға. Тәуекел хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан, Әбілқайыр хан. Осы хандардың ескерткіштерін Астана, Алматы сынды үлкен қалаларға қою керек. Бұл тұлғалар мемлекеттіліктің символы.

https://www.youtube.com/watch?v=QmLCSIHBFwA

Ермек:

Бүгінгі күнде Қазақ хандығы ұғымын қалыптастырып, тарихты ұрпақ санасына сіңіру үрдісі тым әлсіз болса да жүрілуде. Ертең саналы ұрпақ өсіп шыққаннан кейін осы тарихтағы ақтаңдақтарға таң қала қарауы мүмкін. Біздің тарихтағы ақтаңдақ тұстар деп сіз қай тұстарды айтасыз? Әлде ондай тұстар жоқ па?

Берекет Кәрібаев:

Болшевиктер 1917 жылы билікке келіп, ССР деген мемлекетті 1920 жылы құрылды. Кеңес Одағында тарихты оқыту тек 1934 жылы қолға алынды. Біз 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін тарихшыларымыздың санасына сіңіп қалған Маркстік, Лениндік методологиядағы тарихты бір-ақ күнде өзгерту мүмкін емес. Ол не деген сөз? Ол заманда тарих міндетті түрде қанаушы, қаналушы таптардың тұрғысынан жазылады. Кеңес Одағында халық екіге бөлінді. Қанаушы тап және қаналушы тап. Біз тарихты сол қаналушы тап тұрғысынан жаздық. Ал, қанаушы таптың өкілдері кімдер болды? Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайберді, Мұхаметжан Тынышпаев. Мінеки, бүкіл элита қалып қойды. Таптық тұрғы тарихты түсіндіреді, бірақ, толық емес, біржақты түсіндіреді. Жартылай, шала түсіндіреді және ең керемет жерлері қалып қояды. Ұстазымыз Мәмбет Қойгелдінің бір пікірі бар: «Неге мен кеңес үкіметін жек көрем?       Өйткені, менің бала шағымда қалыптасатын кезімде мені Әлиханнан ажыратты, Міржақып, Ахметтерді оқытпады» деген. Тәуелсіздік алғаннан кейін көне сүрдектен бас тарттық. Ал, оның орнын не басуы керек? Тарихшылар абдырап қалды. Бірақ, тарих жазылуы керек. Сол кезде ғалымдарымыз өзіне-өзі келе бастады. Бұрынғы идеологияның орнын өркениеттілік деген термин басты. Ол мәдениеттанушылық, философиялық категориялар. Азаматтық тұрғы, бұл жердегі азамат – адам. Адамдардан халық шығады. Халық дегеніміз – ұлт. Енді тарих ұлттық тұрғыдан жазылады. Осылайша жаңа көзқарс, ұлттық ұстаным қалыптасып келеді. Заңның қалыптасып халық санасына сіңуі сияқты, методологияның да қалыптасуына ондаған жылдар кетеді. Тарихтағы біздің тұлғаларымыздың бәрі қайтып келді. Ұлттық тұрғы деген осы.

Muratjan:

Берекет мырза, еңбектеріңіз жана берсін! Сізге бір сұрақ. Қазақ хандығының бастауы Шыңғысханда жатыр. Шыңғысхан туралы бүгінде әр-түрлі пікірлер айтылып, талас-тартыстар жүріліп жатыр. Осы туралы сіздің пікіріңіз қандай?

Берекет Кәрібаев:

Ол пікірлердің бәрін білемін. Студенттерім де осы жөнінде сұрақ қояды. Лекциялар оқып жатырмыз. Әлемдегі жүз жылдық, мың жылдық тұлғаны анықтайтын агенттіктің анықтауынша бірінші мың жылдықтың тұлғасы Мұхаммед пайғамбар, ал, екінші мың жылдықтың адамы деп Шыңғыс ханды атаған екен. Яғни, Шыңғыс хан әлемдік тұлға. Ол әкеден қалған мұраға ие болып қана қалған жоқ, өзі еңбектеніп, тірнектеп жинап ұлысын Ұлы империяға айналдырды. Оның енгізген реформалары әлі күнге дейін келе жатыр. Ол адамзаттың қоғамдық қатынастарын бір деңгейден екінші деңгейге көтерген тұлға. Ал негізінде қоғамдық қатынастардың дамуы үрдісі өте жай жүреді. Шыңғысхан көне патрихалдық қатынастарға негізделген қоғамды дамыған феодалдық қоғамдық қатынастарға көтерді. Одан да мықтысы Шыңғысханның мықты әскери тәртібі. Мысалы, Шыңғысхан өзінің 120 мың әскерімен өзінен 3 есе күшті Мұхаммед Хорезмшахты айналасы үш-ақ жылда жеңген. Оның әскерінде 450 мың адам бар. Орта ғасырда мынадай заңдылық болған, егер сен басқа елген соғыс ашпақ болсаң және жеңуді мақсат тұтсаң әскерің қарсылас елден үш есе көп болуы керек. Ал, Шыңғыс хан керісінше.

Шыңғысхан өзінің шығу тегі жайлы аңызды және идеологияны қалыптастырған адам. Ол қазақта әлі күнге дейін келе жатыр. Қазақта мемлекетшілдік сана басым. Бізді күні кешеге дейін орыс жұрты бодандықта ұстаса да, үш қазақтың басы қосылса бір басшы сайлайды. 1931 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістердің бәрінде басшы, хан сайлап алып отырған. Орта ғасырда хан – Алланың жердегі көлеңкесі ретінде қабылданған. Шыңғысхан хандардың негізін қалаған тұста, ол – моңғол еді, ал жүз жылдың ішінде бүкіл моңғолдық элементтер дешті-қыпшақ аумағында қыпшақтанып кетті. Оған тіл, мәдениет, дін бәрі әсер етті. Ең соңғы рет моңғол тілінде 1270 жылдары ғана Византиядан келген елшілер қабылданған. Ал, одан соң бұлар біртіндеп қыпшақыланып кетті. Тіпті Шыңғысханның ұрпақтарының есімдерінен-ақ бұл үрдісті анық байқауға болады.

Гумиловтың мынадай сөзі бар: «Шыңғысхан – қыпшақ мұхитына құйылған моңғолдың бір тамшысы». Шыңғысхан өзіне дейінгі биліктің жүйесін де өзгертті. Ол барлық билікті өзіне, яғни, орталық бір адамға шоғырландырды.

Серік:

Кешегі хандық кезінде билер мен сұлтандардың хан билігінде әсері қалай болды? Сұлтан, би, батырлардың ел саясатында өз орындарын айтып берсеңіз? бұл сұрақ әр рудың өзінің сұлтан, би, батырлары болғандықтан туып отыр.

Берекет Кәрібаев:

Бұл туралы менің монографиямда айтылады. Орта ғасырдағы моңғолдық фактордың, моңғол билеушілерінің қыпшақыланып кетуі, өз діндерінен айырылып, исламға көшуі, қыпшақ, түркі тілдеріне көшуі сонымен қатар, моңғолдық мемлекеттік жүйенің де қыпшақылануы немесе қазақылануы деген бар. Жалпы дәстүрлі түрде моңғолдарға дейін Қазақстан аумағында қыпшақтар болды. Қыпшақ хандығында хан болды, ханмен қатар, дәрежесі тең ақсақалдар кеңесі болды және билер соты болды. Бұл дәстүр сол кезде өмір сүрген барлық ұлыстарда болды. Ал, Шыңғысханның мықтылығы бүкіл билікті атқарушы билікке тәуелді етті. Кейін жүз жыл өткеннен кейін моңғолдардың қыпшақыларнуы дейін үрдіс жүрген кезде, жергілікті жердегі билер, ру-тайпа көсемдерінің рөлдері көтеріле бастады. 20 жыл бойы Алтын Ордада Батидың ұрпақтары бір-бірімен соғысып, 25 хан ауысқан кезең туды. Сол кезде кім жергілікті ру-тайпаға иек сүйесе, сол мықты бола бастайды. Сөйтіп, бірте-бірте жергілікті ру-тайпа көсемдерінің беделі арта бастайды. Айналып келгенде, енді билікке хан өзі келмейді, бұлар билікке ханды әкеле бастайды. Сондай жол-жорамен билікке жап-жас жігіттер келе бастады. Мысалы, Әбілқайыр 1428 жылы таққа отырғанда бар болғаны 16-17 жастағы бала болды. Ал, Моғолстанда шағатайлық ұлыстың негізін салған Моғылық темір ол да бала болды. Бір оқиға болса ол кездейсоқ болуы мүмкін, ол екінші рет қайталанса оған назар аудару керек, ол үшеу болса онда ол тарихи заңдылық болғаны. Бұл заңдылыққа әсер еткен фактіні білу керек. Бұл үрдіс моңғолдық фактордың әлсіреп, жергілікті этникалық күштердің күшейгенін білдіреді.

Керей мен Жәнібек Әбілқайырдан өз күштерімен кеткен жоқ. Олар Орда-Ежендік тайпалардың күшімен кетті. Орда-Ежендік тайпалар дегеніміз кімдер? Анау XIII ғасырдан бері Жошының үлкен баласы Орда-Еженнің ұлысында өмір сүретін тайпалар. Олар арғындар, алшындар, наймандар, қоңыраттар, жалайырлар, үйсіндер. Айналып келгенде, қазақты құраған негізі тайпалардың бәрі осында кездеседі. Мен бұларды Орда-Ежендік тайпалар деп атаймын. Өйткені, Орда-Еженнің ұлысында өмір сүрді. Маңғыт ұлысында өмір сүргендер маңғыттар делінеді, Шайбан ұлысында өмір сүргендер шайбандықтар деді. Ал, Орда-Ежен ұлысында өмір сүргендері не үшін орда-ежендіктер демеске?!

Керей мен Жәнібекті қолдаған тайпалар осылар.

Жанерке:

Абылай ханнан кейін Уәли емес, хан тағына Қасым отырған болса жағдай басқаша болуы мүмкінбеді?

Берекет Кәрібаев:

Тарихи заңдылық бұзылмайды, сәл өзгерістер болуы мүмкін еді. Жалпы, Абылайдың өзін қазақтар 1771 жылы Әбілмәмбеттен кейін хан сайлағанымен, орыстар тек 1778 жылы ғана хан ретінде мойындаған.

Абылай өлгеннен кейінгі кез орыстардың дендеп еніп кеткен кезі. Ал, бұл XVIII ғасырдың соңы, егер XVIII ғасырдың басы болғанда жағдай басқаша болар еді. Жалпы, ол заманда орыстардың жаулап алу саясатын тоқтататындай күш жоқ еді. Зеңбірек пен винтовкаға қарсы садақпен, қылышпен шыға алмайсың.

Әмина:

Қазақ хандығының 550 жылдығыа кино түсіргелі жатыр, сол кино туралы сіздердің ақыл кеңестеріңізді алдыма? Кино қалай шығады деген үміттесіз?

Берекет Кәрібаев:

Жақында ғана «Алматы» телеарнасының «Шындығы сол» деген хабарына қатыстым. Сол хабарға қатысып отырып, осы киноға байланысты көп жағдайға қанық болдым. Хабарға осы киноға байланыс режиссерлар, тарихшылар жалпы оншақты адам қатысты. Фильмге жауапты Дидар Амантай, сценарий жазып жатқан Смағұл Елубай, тарихшы Мәмбет Қойгелді, тарихшы Ғани Меңлібаев және мен.

Менің түсінгенім кино 10 серия болады екен, хронологиясы Қазақ хандығының құрылуынан Қасым ханға дейін екен. Егер бәрі жақсы болып, кино ойдағыдай түсіріліп жатса бұл сериял созылып Кенесары хан дәуіріне дейін келмек. Егер сәтін салса жалпы саны 60 серияға дейін жетпек. Кино сценарийы ақпанның 10-на дейін бітеді деді, біткеннен кейін оны тарихшыларға оқытатыны жайлы айтты. Кино мамыр айында басталып, қазан айында аяқтауды жоспарлап отыр екен. Ал, менің өзіме тікелей кеңесші бол деп ұсыныс жасаған жоқ.

Аман:

Қазақ хандары Орда Еженнің ұрпағы Орыс ханның ұрпақтары, Жошының 3 ұлының бір Орда Ежен болса бірі жарты әлемді билеген Бату хан, енді бірі Керей мен жәнібек бөлініп шыққан Шәйбани әулеті, Бұлардан тыс Қазақ даласында Үгедей мен Шағатайдыңда ұрпақтарыда Қазақ даласында өз үстемдіктерін жүргізген, сонда Қазақ хандығы құрылғансоң ары қарай бұл әуеттердің хандыққа қандай әсері болды? Олар Қазақ хандығында кімдер болып қалды?

Берекет Кәрібаев:

Қазақ жерінде хан болған тек Жошының ұрпақтары. Оның ішінде Батидың ұрпақтары Алтын Орда жағында болды. Олар 1359 жылы бірін-бірі қырып, ең соңында Бердібек қалып еді, ол да бір әмірдің қолынан қаза тапты. Бұл жөнінде Әділғазыда: «Нар мойыны Бердібек хан тұсында кесілді» деген сөз бар. Бұл 1241 жылдан басталған Бати хан әулетінің 1359 жылы толық үзіліп, жойылғанын білдіреді.

Батидың Орда-Ежен деген ағасы бар және 12 інісі бар. Солардың ішінде Жошының бесінші ұлы Шайбан және ең кенже ұлы Тоқайтемір билікке таласады. Арасында Орда-Ежендіктер де таласады. Бұл талас нәтижесінде Қырымда, Қазанда тоқайтемірліктер билікке келді, Сібірде Шайбандықтар билікке келді. Ақырында олар қуылып Орта Азияға кетсе, Қазақстан жерінде Орда-Ежендіктер қалды. Бұл тек Жошының ұлдары, ал үгідейліктер, шағатайлықтар, төлеліктер Қазақстан жерінде болған жоқ. Төленің бір ұлы Құбылай қытайды билеп, қытайланып кетті, бір ұлы Құлағу Иранды басып алып, сол елге сіңді. Шағатайлықтар Орта Азияда болды. Бүгінгі біздің шағатай тілі, шағатай жазуы деп жүргеніміз сол. Үгідейдің ең мықты немересі Қайду еді, олар 1300 жылы өлтіріліп, мемлекет таратылып, шағатайлықтарға қосылып кетті.

Бүгінгі таңда шағатайлықтардан ешкім жоқ, тек біздің қазақта ғана Жошының ұрпақтарынан төре атанған әулет сақталып қалған.

Сәрсен:

Қазіргі Қазақ жастарының төл тармхымызды зерттеу жағы қалай болып жатыр?

Берекет Кәрібаев:

Бүгінгі таңда жастардың тарихқа қызығушылығынан көрі, мемлекеттің, үкіметтің тарихқа мән беруі басып кеткен сияқты. Жастарға, жасөспірімдерге тарихты оқытудың жаңаша форматын ойлап табу керек. Мысалы, кітап емес 30 сериялы фильм түсіріп берсеңіз соны көреді, әрі естерінде көбірек қалды. Ал, кішкентай балаларға Қазақ хандығы жайлы, батырлай жайлы мультик түсіріп берсеңіз олар соны көбірек қызықтап қарайды.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір