• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Қараша, 08:06:46
Алматы
+12°

15 Қаңтар, 2013 NEWS

Бақыт Еженханұлы. Қабанбайдың мөрі

БЕЙЖІҢДЕГІ ҚЫТАЙ­ДЫҢ БІРІНШІ ТАРИХИ МҰРАҒАТЫН­ДАҒЫ «ӘСКЕРИ БАСҚАРМАҒА ЖОЛ­ДАН­ҒАН ҰЛЫҚ­ТАРДЫҢ МӘНЖУ ТІ­ЛІНДЕГІ МӘ­ЛІМДЕМЕЛЕРІНІҢ КӨ­ШІРМЕСІ» АТТЫ ЦИН...

БЕЙЖІҢДЕГІ ҚЫТАЙ­ДЫҢ БІРІНШІ ТАРИХИ МҰРАҒАТЫН­ДАҒЫ «ӘСКЕРИ БАСҚАРМАҒА ЖОЛ­ДАН­ҒАН ҰЛЫҚ­ТАРДЫҢ МӘНЖУ ТІ­ЛІНДЕГІ МӘ­ЛІМДЕМЕЛЕРІНІҢ КӨ­ШІРМЕСІ» АТТЫ ЦИН ПАТШАЛЫҒЫНЫҢ МҰРАҒАТ ҚҰЖАТТАРЫ ҚОРЫНАН, ОНДАҒЫ ҚҰЖАТТАРДЫҢ МИКРО­ФИЛЬМ­ДЕРІ АРАСЫНАН САҚТАЛУ НӨМІРІ 1736-03 ЖӘНЕ МИКРОФИЛЬМ БОЙЫНША 051-001761 НӨМІРЛІ «ША­ҒАТАЙ» ЖАЗБА ТІЛІНДЕ ХАТТАЛҒАН ТА­РИХИ ҚҰЖАТ ТАБЫЛДЫ. Құжатта қытай мұрағатшылары тара­пы­нан микрофильмде 2 бет болып көр­сетілген, оның бір бетінде хаттың мәтіні, екіншісінде хат жолдаған адамдардың 2 мөрі басылған аталмыш құжат туралы ешқандай түсіндірме жазылмаған, онда тек құжаттың фотокөшірмесі мен оның мәнжу тіліндегі аудармасы берілген. Хат­тағы шағатайша тіл-жазу осыған дейін біз кездестірген осы тілде хатталған қазақ жаз­­баларының немесе қашқариялық ұйғыр, қоқандық өзбек­тердің хаттарындағы тіл-жазуларынан ерекшелеу. Ал мәнжу тіліндегі аудармасы да хаттың түпнұс­қасынан қысқалау екендігі байқалады. Бір қызығы – хатқа басылған екі мөрдің әр­біреуінің сол жақ жанында мөр мәтінінің мәнжу тіліндегі аудармасы берілген, онда былай делінген: 1. «kucuk hojo i temgetu», яғни «Кү­шікқожаның мөрі» (Сол жақтағы мөрдегі жазу); 2. «Habambai i temgetu», яғни «Қабан­байдың мөрі» (Оң жақтағы мөрдегі жазу). Оң жақтағы мөр біздің назарымызды ерекше аударады. Өйткені, осыған дейін біз кездестірген мәнжу тілді мұрағат құ­жаттарында Қаракерей Қабанбайдың есімі осылай «Habambai» деп хатталған. Демек, бұл хат қазақтың әйгілі батыры Қабанбай­мен қатысы бар екендігі әбден ықтимал. Де­генмен, Қабанбай батырдың мөрі қа­лайша бұл хатқа басылған? Оның қасын­дағы мөрде көрсетілген «Күшікқожа» кім? Жалпы, елеусіз болып келген осы тарихи құжат қандай жағдайда қалыптасқан? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін, біз әуелі хат­тың мәнжу тіліндегі аударма нұсқасын қазақ тіліне қайта аударып шығуды жөн көрдік: Хаттың қазіргі қазақ тіліне аудармасы: «АБКАЙ-ВЕХИЙЕХЕ («ЦЯНЬЛУН» СӨЗІНІҢ МӘНЖУ ТІЛІНДЕГІ БАЛАМАСЫ) ҰЛЫ ХАНҒА КҮШІКҚОЖА БАС­ТАҒАН, СҰЛТАН-БЕКЕЙ БИ, ЕСІМ БИ, ҚАРА БИ, ҚАРАМЕНДІ БИ, ҚҰЛМАМЕТ БИ, АЛЛА-НАЗАР БИ ҚОСТАҒАН ҮЛ­КЕН­ДІ-КІШІЛІ БАРШАМЫЗ БІРАУЫЗ­ДАН ҰЛЫ ЕЖЕН ХАНҒА ҚҰЛ­ШЫЛЫҚ ЕТІП БАС ҰРАМЫЗ. БІЗ ДЕ ҰЛЫ ЕЖЕН ХАНҒА ЕҢБЕК КӨР­СЕТІП, ҚАШҚЫНДАРЫҢЫЗ БОЛ­ҒАН ЖАҒДАЙДА ӘСКЕРИ ЛАГЕРЬ­ЛЕ­РІ­ҢІЗГЕ ХАБАР ЖЕТКІЗІП НЕМЕСЕ СОЛ ҚАШҚЫНДЫ ТҰТҚЫНДАП АПАРЫП БЕРСЕК. ҚАРАҚАЛПАҚ ЖҰРТЫНАН ЕЛШІ БОЛЫП КЕЛІП [ЕДІК], ҚАБАНБАЙ КЕДЕРГІ ЖАСАП ЖІБЕРМЕЙ ЖАТЫР. ОСЫ ХАТ БАТЫРҰ ЦЗЯНЦЗЮНЬНІҢ ЕЛ­ШІСІ БАТҰРҒА ТАПСЫРЫЛДЫ. БАТҰРҰ ЦЗЯНЦЗЮНЬ ӘРІ ҚАРАЙ АБКАЙ-ВЕХИЙЕХЕ ҰЛЫ ХАНҒА ЖЕТКІЗГЕЙ…». Жоғарыдағы хаттың мәнжу тіліндегі аудармасын оқи келе, біздің есімізге өзге бір Цин патшалығының мұрағат құжаты тү­седі. Цин патшалығы цяньлун жыл­нама­сының 23-жылы 9-айдың 1-күні, яғни 1758 жылы 2 қазан күні мәнжу тілінде хатталған, қытай мұрағатшылары тарапынан «Шет аймақты тыныштандыру армиясының оң қол орынбасар цзянцзюні Чебденжабтың «қазақ Күшікқожа өз елін бастап бізге ба­ғынып келді, оның осыған байланысты кө­терген хатнамасы патша ағзамның назарына жіберілді» деген мазмұндағы мә­­­лім­демесі» деп тақырып қойылған осы құжаттың факстық жазбасы бізбен Қытай­дың Бірінші тарихи мұрағаты бірлесіп шығарған «Қы­тай-Қазақстан қарым-қа­тынастарына байланысты Цин дәуіріндегі мұрағат құ­жат­тарының жинағы (І том)» атты факстық құжаттар жинағына енгізілген. Қытай мұ­рағатшылары тарапынан берілген мәлімет бойынша, Қытайдың Бірінші тарихи мұ­рағатындағы бұл құжаттың сақталу нөмірі мынадай: құжаттың түпнұсқасы бойынша – 1712-038; микрофильм бойынша – 0500564. Құжаттың транскрипциясы мен оның қазіргі қазақ тіліндегі аудармасын біз өзі­міздің «Қазақ хандығы мен Цин патша­лығының саяси-дипломатиялық қатынас­тары туралы қытай мұрағат құжаттары (І том)» атты еңбегімізге енгізгенбіз. Онда құжат авторы Чебденжаб өз патшасына (Цяньлунға) былай деген екен: «Пақы­рыңыздың Батұрұ есімді қорғаушысы Қазақ жерінен қайтып келіп былай деп мәлімдеме жасады: «Мен қазақ Қабан­бай­дың ауылында қарақалпақтың Күшікқожа есімді адамына кезігіп қалдым. Сонда Кү­шікқожа маған былай деді: «Мен қарақал­пақтардың ауылынан 10 адам бастап келіп Қабанбайға «қазіргі таңда сіздер барлық­тарыңыз ұлы ханмен қарым-қатынаста болып жатыр екенсіздер. Өз кезінде біз өзара сауда қатынаста болған едік, ал біз де барша еліміздің «осылайша ұлы хан мен қа­рым-қатынаста болып, олармен бірге бейбіт әрі тыныш өмір сүрсек» деген өті­ніштерін білдіруге келгенбіз. Бақытымызға орай батыр Цзянцзюньнің жіберген елшісі сізбен кездесіп отырмыз. Ендеше біз [осы орайды пайдаланып] қарақалпақ елінің барлық бұқарасы атынан өзіміздің ұлы ханмен қарым-қатынас орнатқымыз келе­тіндігімізді білдіріп хатнама көтеріп отырмыз, батыр Цзянцзюнь оны біз үшін ұлы патшаға жеткізіп бергей. Бұрын болса қазақтар бізді толассыз тонап келген, ал енді, міне, осыдан былай біз ұлы патшамен қарым-қатынаста болып тыныш өмір сүре алатын болдық», – деді де дереу хат жазып, оның үстіне мөр басып, маған тапсырды. Мен хаттағы жазуды танымағандықтан, тілмаштан оны маған оқып беруді талап еттім. Хатта былай делінген екен: «60 000 отбасы қарақалпақты басқаратын Күшік­қожа, Сұлтанбек би, Есімбай, Қара би, Қорбота би, Халахмат би және Алданазар қатарлы үлкенді-кішілі адамдарынан дат: Абкай-вехийехе-и ханға басымызды иеміз. Егер [сіздер тараптан] қашқан қаш­қындар біз жаққа келсе, онда біз хабарын жеткі­земіз. Қарақалпақ елшілері біз осында келіп едік, Қабанбай Абкай-вехийехе-и ханға біздің айтқанымызды жеткізбей отыр. Енді міне, біз өз хатымызды батыр Цзянцзюньнің [елшісі болып келген] қор­ғаушы елшісіне тапсырып, батыр Цзян­цзюньнен сол хатты Абкай-вехийехе-и хан­ға жеткізіп беруді өтінеміз». Сонан соң мен, Батұрұ, Күшікқожаның маған тап­сырған осы хатын Қабанбайға көрсетіп едім, Қа­банбай: «Олардың сіздермен қа­рым-қа­тынаста болғысы келетіндігі шын. Алайда, олардың тұратын жері тым алыста бол­ғандықтан, әрі-бері елші жіберу ісі өте қиын болар», – деді де, Күшікқожаның әлгі хатының үстіне өз мөрін де басты» … Мен өзімнің мәлімдемеммен бірге қарақалпақ Күшікқожаның хатының түпнұсқасын да патшаның назарына жіберіп отырмын …». [Цяньлун жылнамасының 23-жылғы 9-айдың 1-күні [осы мәлімдеме жіберілді]. Цин ұлығы Чебденжабтің бұл мәлім­демесін оқи келе, біз оның жоғарыдағы жаңадан табылған белгісіз хатпен тікелей қатысы бар екендігіне көзіміз жетеді: жоғарыдағы белгісіз хаттың мәнжу тіліндегі аударма нұсқасында айтылған әңгіме мен Чебденжабтың қарақалпақ Күшікқожа жазған хат мазмұны туралы берген мә­ліметі негізінен сәйкеседі, екі құжаттың арасында тек мына тұстарға байланысты бір-бірімен ұқсаңқырамайтын жайттар байқалады: а) Чебденжабтың мәлімде­месінде «60 000 отбасы қарақалпақты бас­қаратын Күшікқожа» деген сөздер жоға­рыдағы белгісіз хаттың мәнжу тіліндегі аударма нұсқасында кездеспейді; ә) Екі құ­жаттағы Күшікқожанікінен тыс басқа 6 адамдың есімдері сәл өзгешелеу болып жазылып, бірінші құжатта олар «soltun bekei bi», «esim bi», «hara bi», «hara minde bi», «holmamat bi» және «ala najar bi» деп келсе, екіншісінде тиісінше «soltobekbei», «esem­bai», «harabei», «horbotabei», «halahmatbei» және «aldanajar». Дегенмен, бұл айыр­машылықтардың барлығын түсіндіруге болады: Чебденжабтың мәлімдемесінде «60000 отбасы қарақалпақты басқаратын Күшікқожа» деген сөздер жоғарыдағы белгісіз хаттың мәнжу тіліндегі аударма нұсқасында кездеспегенімен, хаттың ша­ғатай тіліндегі нұсқасында кездеседі (тек онда «60 000 отбасы қарақалпақ» деген сөз тіркесі «6 шаһарлы қарақалпақ» деп жа­зылған. Ал есімдердің өзгешелеу болып қалыптасқандығы – құжат авторларының жат тілді есту қабілеттерінің айыр­машы­лығы немесе құжаттардың хатталған кез­деріндегі орфографиялық ақаулықтардан туындаған. Қорытынды біреу: біздің Қытайдың Бі­рінші тарихи мұрағатынан жаңадан тапқан белгісіз хатымыз дәл Цин ұлығы Чеб­ден­жаб­тың өз патшасына жолдаған мәлім­демесінде айтатын «қарақалпақ Күшік­қожаның хатының түпнұсқасы», ал хаттағы екі мөрдің иесі де анық болды: оның бі­ріншісі аталмыш хатты жазған қарақал­пақтың биі Күшікқожа болса, екіншісі сол дәуірдегі қазақ халқының ұлы тұлғала­рының бірі – Қаракерей Қабанбай батыр. Аталмыш хат пен оның мәнжу тіліндегі аударма нұсқасы кейін келе мәлім себептермен сол хатты жолдаған Чебденжабтың мәлімдемесінен ажыратылып тасталған (шағатай немесе тот-моңғол тілінде хат­талған мұндай Ортаазиялық хатнама әдет­те Цин ұлығы жазған мәлімдеменің «қо­сым­ша құжаты» ретінде сол мәлімдемемен бірге сақталынады), ал ол өзге құжаттар топтамасы арасына ағып барып «белгісіз құжатқа» айналып шыға келген. Цин ұлығы Чебденжаб өз мәлімдемесін «цяньлун жылнамасының 23-жылғы 9-ай­дың 1-күні», яғни 1758 жылы 2 қазан күні жазған, демек, Қабанбай батырдың мөрі басылған қарақалпақ Күшікқожа бидің хаты осы 1758 жылы тамыздың соңы мен қыркүйектің басы аралығында хатталған болса керек. Күшікқожа хатының шағатай тіліндегі түпнұсқасынан қазіргі қазақ тіліне аудармасы: «ПАҚЫРЫҢЫЗ КҮШІКҚОЖА ҰЛЫ АБҚАЙ ТӘҢІРІНІҢ ҰЛЫНА СӘЛЕМ! АЛТЫ ШАҺАРЛЫ ҚАРАҚАЛПАҚ ҚАЗАҚПЕН БІР БОЛДЫ. СҰЛТАНБЕКЕЙ БИ, ЕСІМ БИ, ҚАРА БИ, ҚАРАМЕНДІ БИ, ҚҰЛМАХМЕТ БИ СЫНДЫ ҮЛКЕНДІ-КІШІЛІ БАРШАЛАРЫ БЫЛАЙ ДЕДІ: «ТӘҢІР ХАНЫНА БАС ҰРАЙЫҚ, ОЛАР­ДЫҢ ШАЛҒАЙДАҒЫЛАРЫ [ҚАШ­ҚЫН­ДАРЫ] БОЛСА БІЗ ДЕ ХАБАРДАР БОЛ­САҚ, БІЗ ДЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУГЕ ДА­ЙЫН­БЫЗ». СОЛ СЕБЕПТЕН, БІЗ ҚА­­РА­ҚАЛПАҚ ЖҰРТЫНАН ЕЛШІ БОЛЫП КЕЛГЕНБІЗ, АЛАЙДА ТӘҢІРДІҢ [ҰЛЫНА ЖӘНЕ СІЗГЕ БЕРМЕК БОЛҒАН] СЫ­БАҒАМЫЗДЫ ҚАБАНБАЙ ЖІБЕР­МЕ­ДІ. ЦЗЯНЦЗЮНЬ БАТЫРДЫҢ ЕЛШІСІ БАТҰРҒА БҰЛ ХАТЫМЫЗДЫ ТАПСЫР­ДЫҚ. ЦЗЯНЦЗЮНЬ БАТЫРҒА ТАПСЫРЫП БЕРГЕН ОСЫ ХАТЫМЫЗДЫ ЦЗЯН­ЦЗЮНЬ БАТЫР [ӘРІ ҚАРАЙ] ТӘҢІРДІҢ ХАНЫНА ТАПСЫРЫП БЕРГЕЙ…» Енді «Қарақалпақ Күшікқожа би не мақсатта осы хатты жазған?» деген сұраққа келсек. Жоғарыдағы көрсетілген Күшік­қожа хатының шағатай тіліндегі түп­нұс­қасы, мәнжу тіліндегі аударма нұсқасы және осы хатпен байланысты Цин ұлығы Чебденжабтың жолдаған мәлімдемесі қатарлы тарихи құжаттардан білгеніміз: біріншіден, Күшікқожа бастаған қара­қалпақ жұрты Цин патшалығымен қарым-қатынас орнату мақсатында болған; екін­шіден, қарақалпақтар Цин патшалығына көмек көрсетіп, Цин патшалығының «қашқын­дарын» тұтқындап беруге дайын екендіктерін білдірген; үшіншіден, Кү­шікқожа қара­қал­пақтардың «қазақтармен бір болдық» және «қазақтар сияқты Цин патшалығымен бірге бейбіт әрі тыныш өмір сүрсек» деген ниетте екендіктерін айтқан. Демек, Күшікқожа би бастаған қарақалпақ көсемдері елдерін қа­зақтарға жақын жерге көшіруді көздеген. Бұның басты себебі туралы біз дәл сол кезде сау­даның жайын бақылау мақсатында Үрім­жіге бара жатқан Қабанбай батырдың ұлы Едігенің Чебденжабқа айтып берген әңгі­месінен біле аламыз. Жоғарыдағы аталған Чебденжабтың мәлімдемесінде бұл туралы былай делінеді: «МЕН, ПАТШАНЫҢ ҚҰЛЫ, [БАТҰРҰ АЙТҚАН] ОСЫ ІС ТУРАЛЫ ҚАБАН­БАЙ­ДЫҢ ҰЛЫ ЕДІГЕ ҚАТАРЛЫЛАРДАН СҰ­РАП ЕДІМ, ОЛАР: «БҰРЫН ҚАРАҚАЛ­ПАҚ­ТАР БІЗДІҢ ЕЛДЕГІ ӘБІЛҚАЙЫРДЫҢ ІНІСІ БҰЛҒАРЫНЫ (?) ӨЛТІРІП ТАС­ТАҒАН, СОЛ СЕБЕПТЕН БІЗДЕГІ АБЫЛАЙ, ӘБІЛҚАЙЫР ҚАТАРЛЫЛАР ӘСКЕР БАСТАП ОЛАРДЫҢ ЖҰРТЫН ШАПҚАН, СОНДА ОСЫ ЕЛ ӘРІ [ОҢТҮСТІККЕ ҚА­РАЙ ?] КӨШІП КЕТКЕН. ОНДА БАРҒАН СОҢ БҰЛАРДЫ ТАҒЫ БҰХАРАЛЫҚТАР ТОНАП, ЕЛ-ЖҰРТТАРЫ ЖАН-ЖАҚҚА ШАШЫЛЫП КЕТКЕН. ОЛАР БІЗДІҢ ҰЛЫ ХАНМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ОР­НАТ­ҚАНДЫҒЫМЫЗДЫ ЕСТІП, ӨЗДЕРІ ДЕ ОСЫЛАЙ ІСТЕСЕК ДЕП КЕЛІП ОТЫР. ОЛАР ӨЗ ҚОНЫСТАРЫН ОСЫ ЖАҚҚА ҚАРАЙ КӨШІРІП, БҰРЫНҒЫ КӨНЕ ЖҰРТТАРЫНА КЕЛІП ОТЫРМАҚШЫ. БІЗ ОЛАРДЫҢ ОСЫ ТАЛАБЫН ҚҰПТАП, ОЛАРДЫҢ КӨНЕ ЖҰРТЫНА ОРАЛУЫНА РҰҚСАТ БЕРІП ОТЫРМЫЗ» ДЕП ЖАУАП ҚАЙТАРДЫ…». Едігенің сөздері сайып келгенде мынаны меңзеп тұр: қарақалпақтар қазақтар сияқты көне жұрттарына оралмақшы, оған қазақтар рұқсат берген (демек, жердің қазіргі иесі – қазақтар). Ал ол үшін қара­қал­пақтар Цин патшалығымен де жақсы байланыста болғылары келеді. Мұнда Едіге маңызды бір мәселені, яғни Жоңғар хан­дығы жойылғаннан соң өз кезінде жоңғар­лардың басып алған жерлеріне «біз қа­зақтар ие боламыз» деген әңгімені Цин ұлықтарына астарлап қозғап отыр. Жалпы, XVIII-XIX ғасырлар аралығын­дағы қазақ-қытай қарым-қатынасының ең бір күрделі қыры немесе екі елдің қарым-қатынасына өзіндік ықпалын тигізген мә­селе − Қазақ халқының шығысқа қарай өз­дерінің Жоңғар шапқыншылығы кезінде айырылып қалған көне жұртына оралуы және сол тарихи үдерісте туған «Жерге кім ие болуға тиісті?» деген екі ел арасындағы ұғымдық келіспеушілік пен әр елдің жүр­гізген саясаты болды. Мұндай мәселелердің пайда болуының негізгі себептерінің бірі − Цин патшалық билеушілерінің импе­рия­лық пиғылынан туған ірге кеңейту саяса­тының жүргізілуі. Цин патшасы Цянь­лун­ның және оның Орталық Азиядағы ұлықта­ры­ның ұғымы бойынша, бұрынғы Жоңғар хандығының иелігінде болған жерлердің барлығы Цин патшалығына тән болуға тиісті. Өйткені Жоңғар хандығын қират­қан – Цин патшалығы. Ал қазақ халқы болса, олар шығыстағы жоңғарлар басып алған өздерінің атажұртын ешқашан естерінен шығармаған және сол атажұрттарына оралуды әу бастан мақсат еткен − мұны біз екі ел арасындағы қарым-қатынас енді орнай бастаған кездегі қазақ көсемдерінің сөз-әрекеттері туралы Цин патшалық мәлімет­терінің өзінен-ақ оқып біле аламыз: бі­ріншіден, Абылай хан тұңғыш рет Цин патшалығына елшілерін жібергенде-ақ Цин патшасынан Тарбағатай сынды жер­лерді қазақтарға қайтарып беруді талап еткен. Екіншіден, 1755 жылы 17 қыркүйек күні мәнжу тілінде хатталған бір құжатта мынадай мәлімет сақталған: Төле би қатар­лы қазақ көсемдері Цин ұлықтарына: «Қа­зір, міне, сіздер біздің көне жұртымызға келіп отырсыздар…(біздің) елдегілер жеке-жеке өз жұрттарымызға оралсақ деп тілек білдіруде» деген сөздер айтқан. Үшіншіден, 1758 жылы 27 қаңтарда мәнжу тілінде хат­талған бір құжатта (сондай-ақ «Цин Гаоцзун шилу» мен «Пиндин Чжунгээр фанлюе» сынды дәстүрлі қытай дереккөз­де­рінде) найман Құттыбай батырдың Цин ұлықтарына айтып берген бір әңгімесі сақ­талған, онда Құттыбай батыр: «Біздің қазақтың үш жүзі басқосып, қалмақтарды Қашқарға, Йеркендке және қырғыздардың жеріне дейін қуып жібермек», – дегенді жеткізген. Ал міне, өз кезегінде Қабанбай батырдың ұлы Едіге де орайды пайдаланып, осы әңгімені қозғап отыр. Қазақтар осы бір ұлы мақсаттарына жету үшін тек білектің күші ғана емес, мүддесі түйіскен, Құдай айдап әкеліп жаңа көрші болған Цин елінің тамырын басып, онымен неғұрлым тіл табысып, әртүрлі әдіс-амалдар арқылы онымен бейбіт байланыста болу керек екендігін де түсінген. Сол себептен де, екі ел арасында «жылқыға жі­бек» сауда қатынасы орнатыла басталған. Ал қазақтардың Цин патшалығымен тату-тәтті қарым-қатынас орнатуының тағы бір тәсілі – олар алғашындағы Әмірсана бас­таған жоңғар қалмақтарымен одақтасып Цин патшалығына қарсы тұру саясатын өзгертіп, керісінше Цин патшалығына көмек қолдарын созып, оларға жоңғар қол­басшыларын тұтқындап бере бастаған. Қабанбай батырдың ұлы Едіге мен інісі Төметайды Үрімжіге жіберуінің себебі де осы болатын. 1758 жылы 9 қазан күні мәнжу тілінде хатталған «Тұй-жаңгин Нұсанның қазақ Қабанбайдың ұлымен жылқы саудасын жасағандары туралы мә­лімдемесі» тақырыбындағы бір Цин пат­шалық мұрағат құжатында былай делінеді: «Қабанбай өз ұлы Едіге мен інісі Төметайға 50-ден астам адамын ертiп, [біз жі­берген?] елші­мен бірге Букучағанның ұлын Үрім­жіге айдап апарып, ол жердің қанша­лықты алшақ екендігін және сондағы саудагерлер са­нының қаншалықты екендігін білу үшін келе жатыр. Олар өздерімен бірге 500-дей жылқы айдап келе жатыр». Күшікқожа бидің Цин патшалығына хат жазуының тарихи астары осындай. Күшікқожа би қатарлы қарақалпақ көсем­дері қазақтардан үлгі ала отырып, шығыс­тағы көкжиекке көз тігіп, өз елдерінің тынысын кеңейтуге, өздерін шаршатқан ортадан құтылып, елдерін еркіндеу әрі кеңірек етек жаюға мүмкіндігі бар кеңістікке бас­тап апаруға талпынғылары келген. Алайда, олардың бұл ниеті мен жоспары ақыры іске аспай қалған – бұның себебі туралы бізге ешқандай тарихи дерек жетпеген. Дегенмен, бұған кедергі болған сыртқы се­бептердің қатарында Цин патшалығының Орта Азия өңіріне саясатының қалыптасуы, әсіресе шекара саясатының қа­лыптасуы себебі бар екендігі даусыз.

Бақыт ЕЖЕНХАНҰЛЫ, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Азия және Тынық мұхиты аймағы бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымының докторы.

dmk.kz

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір