• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 19:43:32
Алматы
+12°

18 Қаңтар, 2015 NEWS

Оттан ыстық Отанның, қабағы қатулы болса...

Олар келіп жатыр, кейбіреуі кетіп жатыр... Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар? Олар туралы ауылдағы асүйден бастап Астанадағы «ақылдылар үйіне» дейін...

Олар келіп жатыр, кейбіреуі кетіп жатыр... Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар? Олар туралы ауылдағы асүйден бастап Астанадағы «ақылдылар үйіне» дейін тілге тиек етеміз. Кейде мақтап еңбеққор, адал, иманды, кейде даттап сауатсыз, мәдениетсіз, оқымаған дегендей. Оларды ауыз екі тілде жанымызға жақын тартып, ағайын, қандас, ал алыстатып Қытай, Моңғол, Өзбек, Қарақалпақ, құжаттың тілінде "Оралман" атаймыз.

- «Кезінде біздің бар байлықты артып, малды айдап, шекара асып қашқан екен. Содан бізде жылан жалаған жұт, ашаршылық болып, екі миллион адамнан айрылып қалыппыз. Соғыс жылдары Ұлы Отанды қорғамақ түгілі біз қан кешіп, қайғы жұтып жатқанда, олар май жұтып жатпады ма, ал Егемендік алған соң оралып жатыр, оралып жатыр...», - дейді біреулер.

- Ақиқатында олай емес. Олар мекен еткен жердің бәрі Алаштың ата қонысы. Таскентты(Ташкент өзбектер солай атаған) біздің алауыздығымыздан пайдаланып, Сталин алашапанды ағайынға сыйға берген. Қарақалпақ дегенің кәдімгі қара Қазақ, ал Орынбор "Алаш орда" Алыптарының ізі қалған, біз Қазақстан болғандағы бірінші Астанамыз. Жоңғарды жер бетінен жойған соң, "алдымен ел ауғанда Қызай ауған" деп, Найманның Матайынан тарайтын сол рулы ел жылжи көше, Жетісудің төріне, Үшбурылды барып мекен қылған екен. Абылай хан қолын қондырған, Қабанбай батырдың шоқысы бар жерде отыр. Ал абақ керейді Ер Жәнібек батыр бастап, бар Түріктің мекені, ата жұрт Алтайға көшіп қоныстанған екен. Біз Фашистпен соғысып жатқанда, Қытайдағы қазақтар Шығыс Түркістанды құрыпты. Олардың да көсемдері мен шешендері  оққа байланыпты, «халық жауы» болып айдалыпты. Екі ғасыр алдында Орыс пен Қытай шекара бөліскенде арғы бетте қалған ағайын, ашаршылық пен қуғын-сүргінде барған елге пана болыпты, - дейді біреулері.

Сөйтіп, "оралман" ағайынға әртүрлі көзқараспен қараймыз, қызығып, сүйсініп, қызғана, мүсіркей, жанашырлықпен дегендей. Олар бізге бауырмалдықпен, еркелей, кейде жаутаңдап тосырқай қарайды.

Капиталистік ел болған соң бәріне нарықпен ойлап, құн көзқарасымен қараймыз. «Олардан не пайда, бізге не керегі бар?» дейміз. Көмек қаражат беріп көрдік те, соңынан министр Ерболат Досаев айтқандай "олардың тіптіде көп келуі үшін" оны да қысқарттық. «Өзіміз үйсіз-күйсіз жүргенде, бар қаражатты оларға беріп»  деп көбіміз өкпелеп жүрсек, бір экономистердің есебінше, олар бізге алғанын алпыс орайтындай салым әкеліп салған екен. Ақшасы құрсын дейікші, бір миллионға жуық адам, өшіп бара жатқан ұлттық рухқа жалын, тілімізге қорған, дінімізге сүйеніш алып келді емес пе?

Кеденнен өтіп келе жатып, кеденшілердің айқайын естіп кемсеңдеген кейуананы, жаутаңдаған жастардың жанарын көрдік. Құжат қабылдау бөлмелерінде қаршадай қыздардан туылғалы естімеген сөзін естіп, «Қаңғыртқан Құдай-ай» деп, Жаратушыға налыған жандарды көрдік. «Ей, осы ауылдың иесі барма? Келгелі жылдан асып барады, қайдан, қалай келдіңіз деген «ақ жағалы» көрмедік қой деген» ақсақалдың ренішін естідік. «Кімге өкпелейміз, Құдай салса құл көнер деген, бәрі ұрпақ үшін» деген көздерінен үміт отын байқадық. Не десек те, не айтсақ та, қалай қарасақ та бізден оларға берілетін көмек қаражат та, көп күттіріп жүрген көк куәліктің заңы да, көк шатырлы үй де, мал бағып, егін салар жердің де кергі шамалы екен. Оларға бізден ең әуелі жылы қабақ, жағымды сөз, жайсаң көңіл, бауырмал құшақ керек. Оларға ғана емес бір-бірімізгеде сол керек-ау. Олар қайтсын «Оттан ыстық Отанның, Қабағы қатулы болса»...

Әлібек Ыдырыс

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір