• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 19:39:09
Алматы
+12°

27 Желтоқсан, 2014 NEWS

Сараптама: Қазақ қалай соттайды? Өзгелер ше?

Алдарыңызға «Қамшының» құқық саласына байланысты ойланарлық, ой саларлық сауалдары ұсынылып отыр. Әр жағдаятқа байланысты айыпталушыға қарсы шешіміңізді беріп,...

Алдарыңызға «Қамшының» құқық саласына байланысты ойланарлық, ой саларлық сауалдары ұсынылып отыр. Әр жағдаятқа байланысты айыпталушыға қарсы шешіміңізді беріп, оны шындықпен сәйкестігін тексеруді өтінеміз.

Сіз мемлекет басындағы адамсыз және сіздеде-юре бар, бірақ де-факто жоқ 21 жұмыс орнын (!) заңсыз құрды деп айыптайды.  Сол жұмыс орындарында сізге жақын адамдар «жұмыс жасап», қомақты жалақы алып отырған. Әрине, билік басында болғаныңыз да, пара алғаныңыз да белгілі болды. Айта кету керек, сіздің жасыңыз сот жүргізу барысында 77-ге келді. Сізді жазалау шаралары:

  • Өмір бойына бас бостандығынан айыру
  • 10 жыл қатаң жазалау режімі
  • Шартты түрде 2 жыл бас бостандығынан айыру + айыппұл 1 евро

Бұл «нантерлік іс» Париждің Нантер қалашығындағы соттың Францияның экс-президенті Жак Ширакқа қарсы қозғаған ісі болатын. Алғашында-ақ, бұл іске байланысты  Париж мэриясы таққан айыбынан бас тартып еді, кейінірек прокуратура да экс-президенттің егде жаста болуына байланысты ақталуын сұрады. Нәтижесінде, 2011 жылдың аяғында экс-президент шартты түрде 2 жылға бас бостандығынан айыру мен 1 евро көлемінде айыппұл төлеу жазасымен сотталды.

Келесі бір мемлекет басшысының да жемқорлықпен айналысқаны белгілі болды. Бұл мемлекет Франция сияқты дамыған елдердің қатарында емес, дамушы елдер сатысында. Жазалау шарасы келеседегідей:

  • 2 млн евро көлемінде айыппұл + 5 жыл бас бостандығынан айыру
  • 12 жыл жалпы түзету камерасында
  • 20 жылға бас бостандығынан айыру

Тайвань елінің бұрынғы лидері Чэн Шуйбяньды пара алғаны үшін (кісі өлтіргені үшін емес) өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Кейінірек, бұл шешім 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына өзгертілді. (Бұл жерде, Оңтүстік Азия елдерінде жемқорлық өте қатты бақылауда болатынын, әрі оған қарсы өте ауыр жаза қолданатынын мақтанышпен, қызғанышпен айта кеткен жөн).

qazaqsot

Бұл шетел заңнамасынан келтірілген бір жағдаяттағы екі шешімнің мысалы болды. Енді, сондай бір-біріне ұқсас еліміздегі екі жағдайды қарастырып көрелік.

Сіз аудандық салықтық басқарудың жетекшісісіз. Lexus-та мас күйіңізде келе жатқаныңызда абайсызда жүкті ана мен жанындағы үш жастағы сәбиін соғып өттіңіз. Бұл жағдайда «бетіңіз шыдамаған» болу керек, оқиға болған жерден тайып тұруға бел будыңыз. Қырсық шалғанда, сіздің жолыңызды оқиға куәгері бөгеп тастады. Шегінуге жол жоқ, сізді күтетін жаза:

  • 15 жыл бас бостандығынан айыру
  • 30 күндік қамауға алыну + 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру
  • 7 жыл қатаң режімде + өмір бойына жүргізуші куәлігінен айыру

Негізінде, бұл Алматыда 23 маусымда орын алған жол көлік оқиғасы болатын. Ұйғыр ауданының беделді азаматы Бақыт Құрмашев жасаған қылмысына не бары 30 күн алды. Рульге мас күйінде отырып, оқиға орнынан қашқысы келгені  - ештеңе емес. Қатты қиналтқаны – тоғыз ай жүктіліндегі ана мен сәбидің өмірінің құны 30-ақ күнге бағалануы .

Өткен жылы 6 жолаушыны қағып, бір адамның өліміне себепкер болған Сізді, абырой болғанда, түрмеге жаппай, 2 жылға жүргізуші куәлігінен айырды. Мұндайда, әкеңіздің жоғарыда отырғаны үлкен жәрдемін тигізді. Енді ұсталынбаймын дегенде... Қап! Тағы бір жолаушы жолыңызды кесіп өтті. Ішіп алған кезіңізде жолда бірде-бір адамның кездеспеуі керек сияқты еді!? Нәтижесінде, тағы бір сот үкімі:

  • 5 жылға бас бостандығынан айыру
  • 12 жылға жалпы түзеу камерасы
  • Айыппұл

Соңғы сауалды оқығанда оның айтыла-айтыла тесігі шыққан, баяғы Х6 – Мақсат Үсенов екенін түсінген боларсыздар. Оның жазасы... Жазасы бірінші нұсқадағы жауап болғанын қалай қалаймын десеңізші... Алайда, соңғысы болған сияқты. Біріншісінде қайтыс болушының әкесі айыпталушыны кешіргендіктен түрмеге қамалмай, тек 3 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған Үсенов салдарында тағы бір апатқа себепші болды

Не істесе де, мансабының арқасында құтылып жүрген осы екі азаматты құқықтық саладан не күтеді? Кім болса да, заң алдындағы бәріміздің теңдігіміз бар емес пе? Сөйтсек, екеуіне де ҚР ҚК 296, 297 бабтарына сәйкес сот істері жүргізілген екен.

296-бап. Көлiк құралдарын жүргiзушi адамдардың жол                 қозғалысы және көлiк құралдарын пайдалану                 ережелерiн бұзуы

  1. Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын жүргiзушi адамның жол қозғалысы немесе көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн бұзуы, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiрсе - екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не үш жылға дейiнгi мерзiмге көлiк құралын жүргiзу құқығынан айырып немесе онсыз екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Абайсызда кiсi өлiмiне әкеп соққан дәл сол әрекет - үш жылға дейiнгi мерзiмге көлiк құралын жүргiзу құқығынан айырып, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әрекет - бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

«Не» және «немесенің» үлкен рөлін осы жерден анық көреміз. Қылмыстық кодексте әрбір сөздің орны бөлек. Ал, егер Үсеновтың бірінші қылмысы көршілес ТМД елдерінде орын алса, онда оны күтетін сот шешімі қандай болар еді? Жауабын кестеден қарай аласыздар.

Мемлекет ҚК-тегі бабы Айыпталуы Жазасы Бізбен салыстырғанда
Армения 342 бап, 2 тармақ Абайсызда кісі өліміне әкелген әрекет 5 жылдан көп емес мерзімге бас бостандығынан айыру және 3 жылдан көп емес мерзімге белгілі бір лауазымды қызмет ету құқығынан және қызметінен босату Кемшілігіміз алғашқы елден-ақ білінеді
Әзірбайжан 263 бап, 2 тармақ Абайсызда кісі өліміне әкелген әрекет 3 жылға дейiн көлiк құралын жүргiзу құқығынан айырып, 2 жылдан 6 жылға дейiн бас бостандығынан айыру Кемшіліктерді қажет ететін жағдайда болмаса, былайша жаза қоймаймын
Беларусь 317 бап, 2 тармақ Абайсызда кісі өліміне немесе адам денсаулығына ауыр зиян келтірсе 2 жылға дейін түзеу жұмыстарын тағайындау немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе дәл сол мерзімге жүргізуші куәлігінен не белгілі бір қызмет ету құқығынан айыру Беларусьте бұл бап 2-ақ тармақтан тұрады әрі өте әлсіз. Оқығанда бірінші рет еліміздің қылмыстық кодексіне қуандым
Грузия 276 бап, 2 тармақ Абайсызда кісі өліміне әкелген әрекет 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 3 жылға дейiн белгілі бір лауазымды қызмет ету құқығынан айыру Ұнағаны осы болды, Латвиядан кейін, әрине
Қырғызстан 281 бап, Абайсызда кісі өліміне немесе адам денсаулығына ауыр зиян келтірсе 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не 2 жылдан 5 жылға дейiн белгілі бір лауазымды қызмет ету құқығынан айыру немесе 3 жылға дейiн қызметінен босату Көршілес қырғыз бауырым, бізден әрі аспапсың ғой...
Латвия 260 бап, 2 тармақ Абайсызда кісі өліміне немесе адам денсаулығына ауыр зиян келтірсе 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және жүргізуші куәлігінен 5 жылға дейін айыру не айырмау Үсенов Латвияда қылмыс жасаса, 10 жылға дейін отырар ма еді, шіркін...
Литва 281 бап, 4 тармақ Кісі өліміне әкелген әрекет 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру Қысқа, нақты әрі қатал
Молдавия 264 бап, 4 тармақ Мас күйінде кісі өліміне әкелсе немесе адам денсаулығына ауыр зиян келтірсе 4 жылдан 5 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырумен қатар 4 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру Біздің бапта «мас күйінде» деген пункт мүлдем жоқ. (Ал, Үсенов мас күйінде апатқа ұшырады)
Өзбекстан 266 бап, Абайсызда кісі өліміне әкелген әрекерт 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және белгілі бір құқықтардан айыру Тек жүргізуші куәлігінен емес, тағы бір құқықтардан айыратыны жақсы екен. Ол қандай құқықтар екенін білмесем де
Ресей 264 бап, 3 тармақ Мас күйінде абайсызда кісі өліміне әкеп соққан әрекет 3 жылға дейiн көлiк құралын жүргiзу құқығынан айырып, 7 жылға дейiн бас бостандығынан айыру
Тәжікстан 212 бап, 2 тармақ Абайсызда кісі өліміне немесе адам денсаулығына ауыр зиян келтірсе 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 5 жылға дейiн белгілі бір лауазымды қызмет ету құқығынан және қызметінен босату Бұл – Тәжікстан. Одан артық не айтасың...
Түрікменстан 326 бап, 3 тармақ Абайсызда кісі өліміне әкелген әрекет 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 3 жылға дейiн белгілі бір лауазымды қызмет ету құқығынан және қызметінен босату не босатпау Байқағаныңыздай, Грузия елінің жазасымен ұқсас
Украина 286 бап, 2 тармақ Абайсызда кісі өліміне немесе адам денсаулығына ауыр зиян келтірсе 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру және жүргізуші куәлігін 3 жылға айыру не айырмау Кісі өлімі мен денсаулыққа ауыр зиян келтіру бірдей жазаланады. Бізде олар екі түрлі тармақта қарастырылған
Эстония 204 бап, 1 тармақ Кісі өліміне әкелсе немесе адам денсаулығына ауыр зиян келтірсе 3 жылға жүргізуші куәлігінен айырумен қатар 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру Соңында: Беларусьтан басқасынан, Қырғызстанды былай қойғанда  - Қазақстанның артта қалғаны сөзсіз.

2015 жылдан бастап елімізде жаңа Қылмыстық Кодекс  қолданысқа енеді. Меніңше, заңның қаншалықты қатал, күрделі болуы ғана маңызды емес, маңыздысы оның дұрыс орындалуы, қадағалануында. Егер заң үлкен кісілердің алдында әлсіз болса, ол мемлекеттің әлсіздігі. Мемлекетте мемлекеттік тілді дұрыс пайдалана алмай жүргендерді құқықты дұрыс пайдалануға үйрету қиынға соғатыны сөзсіз. Екеуінен де амалын тауып, жалтарақтап жүргені қаншама. Әлиев, Храпуновтар – әңгімесі жабылған адамдар, оларды айтатын сөз де таусылғандай.

P.S. Мүмкін аталғандар соттан қашып құтылған шығар, бірақ оларды бұдан да қатал сот күтуде. Құдай алдындағы сот. Міне, сол кезде оларға ақша да, мансап та көмектесе алмайды. Әділдік сонда орнайды.

Құралай Исаева

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір