• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 20:07:22
Алматы
+12°

10 Желтоқсан, 2012 Ұлы көш

Қазақ зиялыларының форумы: "Нұрлы көшті" сорлы көшке айналдырған кім?(видео)

Сейсенбі күні Алматыда өткен қазақ зиялылары форумының кезекті отырысы қазақ көші-қоны мәселесіне арналды. «Абай.кз» интернет порталының ұйымдастыруымен...

Сейсенбі күні Алматыда өткен қазақ зиялылары форумының кезекті отырысы қазақ көші-қоны мәселесіне арналды. «Абай.кз» интернет порталының ұйымдастыруымен өткізілген жиынға елге танымал зиялылыар, белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, журналистер, ата жұртқа оралған азаматтар қатысты.

Төменде форумнан түсірілген бейнежазба мен «Дат» газетінде жарияланған материалды ұсынып отырмыз.

 

Қайдасыңдар, қазақтар?!

«Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген қазақтың мақалы «Нұрлы көшке» арналғандай. «Нұрлы көштің» қаңтарылуына ел ішіндегі жантықтар бар кінәні бұрынғы үкімет басшысы Мәсімовке жапса, қазаққа жаны ашитын азаматтар президент Назарбаевтың өзі себепші болғанын сейсенбі күні Алматыда өткен қазақ зиялыларының «Қазақ көшіне » арналған форумында ашық айтты. «Ұлы дала» қоғамдық қозғалысы мен «Абай.кз» интернет порталының ұйымдастыруымен өткізілген жиынға елге танымал зиялылыар, белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, журналистер, ата жұртқа оралған азаматтар қатысты.

Қаңтарылған көштің үзілген бұйдасын жалғап, жетелеп ерте жөнелетін құзырлы мекеме жоқтың қасы болып тұрған заманда, «қазақты қайтсек көбейтеміз» деген арман сағымға айналар түрі барын осы форум барысындағы әңгіме ауанынан анық байқадық.

 

Қабдеш ЖҰМАДIЛОВ,  Халық жазушысы:  Көшті тоқтатқан - БІР АДАМ...

Шетелдегi бауырларымызды көшiрiп әкелу - Тәуелсiз Қазақстан үшiн нөмiрi бiрiншi мiндет. Қара шаңырақтағы қазақтардың шетте жүрген қандастарымызды көшiрiп алуы - парыз.

Шыны керек, әуелде көш жақсы басталды. Келе-келе тоқырауға ұшырады. Тәуелсiздiктiң 20 жылдығында сарқылып, тоқтап қалды. Менiңше, билiктiң, билiк басында отырғандардың салғырттығынан осы күйге түстiк. Көшті Мәсімов те, Мусин де тоқтата алмайды. Тоқтатқан бәріңіз білетін «данышпан» - бір адам ғана. Соның қалауымен ғана тоқтады. Өз қазағынан, өз ұлтынан қорыққан осыларды көрдім!

Билiк қазақтың көбеюiне мүдделi емес. Қажет десеңiз - қорқады, үрейленедi. Мәселен, осыдан 3 жыл бұрын жалпыұлттық халық санағы өттi. Халықтың саны үш дүркiн өзгердi. Алғашында Қазақстандағы қазақтың саны 67,8 пайыз дедi. Екi айдан кейiн 65 пайызға түсiрдi. Тағы 3 ай өткеннен соң 63 пайызға азайтты.

Менiңше, бүгiнде қазақтың саны 70 пайызға жетiп, моноұлт болды. Қазақ елi ұлттық мемлекетке айналды. Қазақстан халықтарының ассамблеясының көк тиындық құны қалмады. Бiрақ билiк қазақтың санын қолдан кемiттi. Қазақ көшiн қолдан тоқтатты. Көштiң иiсi танауына бармайтын адамдарды көшi-қон саясатын басқаруға жiбердi. Шеттен келген ағайынның мұңын түсiнедi деп, облыстардағы көшi-қон полициясы басқармасы басшысының орынбасарлығына қандастарымызды ұсындық. Құлаққа iлмедi.

Сондай-ақ қазақ көшiнiң тарихына, шежiресiне үңiлу жоқ. Мәселен, алдағы сәуiр айында қазақ көшiне 50 жыл толады. Сол көштi еске алу керек. Бір айдың iшiнде 200 мың қазақтың Тарбағатайдағы, Шәуешектегi шекарадан асуы үлкен мәнге ие. Мұны уағыздау қажет. Дәл қазiр көштiң насихаты жоқ. Мәселен, Ресей орыс халқының саны кемiгенiнен қауiптенiп, амал жасауда. Ал Қазақстанның айдағаны бес ешкi, ысқырығы жер жарады.

Шетте жүрген қазақты көшiрiп алуға асығу керек. Өйткенi күн өткен сайын шетелде қалған диаспораларымыз ассимиляцияға ұшырап, жұтылуда. Қазақ болудан қалып барады. Диаспора қоймадағы зат емес: бүгін болмаса, ертең алам дейтін. Ол - жанды организм. Халықтың жүрегi қазақ деп соғып тұрғанда, Қазақстанға көшiрiп алу қажет.

Бұрын қаржы тапшы дейтiнбiз. Қазiр қалтамыз қалыңдады. Ұлттық қордағы қаражат аз емес. Ұлттық қорды ұлттың басын бiрiктiруге жұмсамағанда, қайда жұмсаймыз? Жекешелендiру саясаты қолға алынған кезде, қазақтың үштен бiрi сыртта жүргенде, жердi сату не сұмдық деп, өре түрегелдiк. «Қандастарымыздың да ата-бабалары осы жердi жаудан қызғыштай қорғаған. Үлесi, еншiсi бар!» - дедiк. Сонда да жердi сатты.

 

Рахым АЙЫПҰЛЫ:Оралмандар мәртебесіКЕЛІМСЕКТЕРМЕНбірдей болып қалды

Дүние жүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы сан ғасырға созылған бодандықтан соң, тұтас әлем қазақтарына ғаламат рухани сілкініс тудырған тарихи уақиға болды. Ата-бабамыз армандаған осы күнге дейін отаршылдық үстемдік тұсында біздің туған халқымыз өз басынан қандай нәубеттерді өткермеді?!

Өкінішке қарай, тәуелсіздіктен бері қазақ көші дәл соңғы жылдардағыдай дағдарысты жағдайға тап болған емес. Дәлірек айтқанда, қаңтарылып тоқтаудың аз-ақ алдында тұр. Бұл жағдайға байланысты өткен жылы дүние жүзі қазақтарының IV құрылтайында президент Н.Назарбаевтың өзі де соңғы екі жыл бойы көшіп келу квотасының орындалмағанын ашық мәлімдеді. Өткен жылдың желтоқсан айындағы ресми мәліметке сәйкес, көшіп келу квотасының небары 33 пайызы ғана орындалған. Аталған құрылтайда елбасы «қандастарымыздың құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюды» қадап тапсырған болатын. Өкінішке қарай, президент тапсырмасын орындауға біздегі атқарушы билік асықпайтын сияқты. Себебі ол кісі бұл сөзді өткен жылдың алғашқы жартысында айтқан болатын. Міне, осы жылдың соңғы жартысы да аяқталуға жақын, бірақ баяғы жартас - сол жартас күйінде қалып отыр. Тіпті елге оралған қандастарымыздың жағдайы одан бетер қиындай түсті. Мұның ең басты себебі - біздегі құзіретті биліктің өз қандастарымыздың жағдайын жылдан-жылға қолдан қиындатып отырғандығы дер едім. Атап айтар болсақ, республика үкіметі ең алдымен осыдан бірнеше жыл бұрын-ақ ешбір негізсіз, себеп-сылтаусыз 1992 жылы 23 қыркүйекте қабылданған «Шетелдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» №791 қаулысының күшін жойды. Соның кесірінен елге келген өз қандастарымыздың мәртебесі келімсектермен бірдей болып калды.

Бұдан кейін, 1999 жылдан бастап қолданысқа енген тағдыр тәлкегімен бөлініп-жарылған отбасылардың халықаралық адам құқығы пактілері негізінде шетелдердегі туыстарын өздерінің жеке кепілдігі арқылы шақыртып алуының жолын жапты. Президенттің тапсырмасын аяқасты етіп отырған Үкімет халықаралық пактілерді қайтсін?! Өткен жылдың 14 сәуірінде премьер-министріміз өзі қол қойған №307 қаулысымен «Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуын құқықтық реттеудің жекелеген мәселелері» деп аталатын 2000 жылы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің №136 қаулысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу арқылы елге келетін өз қандастарымыздың Қазақстан Республикасындағы жағдайын мүлде қиындатып жіберді. Соның кесірінен визасының мерзімі біткен сан мыңдаған қандасымыз сот шешімімен елден қуылып, бес жыл мерзімге дейін өз отаны Қазақстанға қайтып оралу құқығынан айрылды. Міне, осындай өз үкіметіміз тарапынан жасалып отырған жасанды тосқауылдардан кейін көші-қон квотасының орындалуынан қалай үміттенуге болады. Одан да сорақысы, осы жылы үкімет көшіп келу квотасын 2015 жылға дейін тоқтату жөнінде қаулы қабылдады. Елбасымыздың «түрлі кедергілерді жою» жөніндегі тапсырмасының керісін істеп келген Мәсімов үкіметінің отставкаға кетуін қандастарымыз жылы қабылдады ғой деп олаймын. Себебі ел-жұрт аталған кемшіліктерді С.Ахметов үкіметі түзейді деп үміттенеді.

Ал дәл қазір оралман қандастарымыздың басындағы ең үлкен қиындық - олардың елге келгеннен кейінгі азаматтық алудағы әкімшілік кедергілердің есіңнен тандыратындығы. Өткен жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның жаңартылған нұсқасында оралмандарға азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібі қолданылатындығы айтылған. Әрине, заңдағы бұл жаңалық құптарлық жағдай. Бірақ жақыннан бері оралман ағайын азаматтық алуда өзі келген елінен қылмыс жасамағандығы жөнінде анықтама әкелуі шарт деген талап қосылыпты. Және оған сол елдің осындағы дипломатиялық өкілдіктері растап мөрін басады екен. Басқа елді білмеймін, Қытайда бұл мәселе әлдеқашан заңмен реттелген. Мысалы,»Қытай Халық Республикасы азаматтарының шекарадан кiрiп-шығуы туралы» ҚХР Заңының 8-бабында: «Төмендегі жағдайлардың біреуі болса, азаматтардың шекарадан шығуына тыйым салынады» - деп айқын жазылған. Бұған мыналар кіреді: «1.Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар және қоғам қауіпсіздігі, прокуратура немесе сот орындарының біреуі күдікті деп тапқан азаматтар; 2. Соты аяқталмаған азаматтық дау-шарға іліккендер; 3. Жазасын өтеушілер; 4. Еңбекпен түзеу мекемесінің тәрбиеленушілері».

Заңнан әліппелік сауаты бар адамдардың барлығы осыған ұқсас заң талаптарының барлық елде бар екенін білмеуі мүмкін емес. Соған қарамастан, оралман қандастарымызға 20 жылдан аса уақыт қойылмаған басы артық талап қою кімге керек болғанын өз басым түсіне алмадым. Алматы қаласында тұрақты тіркелудің адам айтқысыз машақатын да айтпай кетуге болмайды. 2010 жылы Алматы қалалық мәслихаты қабылдаған тіркеуге тұрудағы адам басына 15 шаршы метрден кем болмауы жөніндегі шешімі қандастарымыздың басындағы жағдайды ерекше қиындатып жіберді. Бұдан тыс, елімізге оқу іздеп келген шетелдердегі қазақ диаспорасы ұл-қыздарының жағдайы да кісі қызығарлық емес. Олардың оқуға қабылданғанға дейінгі уақытша тіркелу орындарының болмауы және тіркелу мерзімін создыра алмауы, оқуға қабылданғаннан кейін азаматтыққа құжаттарын рәсімдей алмауы олардың өміріндегі ең басты қиындық саналады. Өткен жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 33-бап, 1-тармағы, 2-абзацындағы: «Қазақстан Республикасына білім алу мақсатында келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін тұрақты тұруға және Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау туралы өтініш беруге құқылы», - деген ерекше тағдырлық маңызы бар нормалардың болуына қарамастан, жоғары және арнаулы оқу орындарының көбісі оларды жатақханаларға тұрақты тіркелуге қолдау хат бермейді.

Әрине, құқықтық базадағы өзіндік кемшіліктер де жетіп артылады. Мысалы, 23-баптың 6-тармағында: «Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келісім алған этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар мен олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасы аумағына келген кезде, көлік құралдарын қоспағанда, жеке мүлкіне кеден төлемдерін төлеуден босатылады», - деп жазылған. Байқап қараған адамға мұнда да мысық тілеулі біреудің ағайынды алалап, бір бөлімін шөміштен қағуға бағытталған жат пиғылының құлағы қылтияды. Тұтас 23-бап оралмандарға арналған жеңілдіктер мен басқа да көмек түрлеріне арналған соң, мемлекетке салмақ салмай, өз мүмкіндігімен елге оралған ағайынды нақ бір кінәлі адамдай, бар жиған-тергеніңді жат жұртта қалдырып, кеденнен 50 келі жүгіңмен ғана өтесің деп міндеттеудің қандай қажеттілігі болғанын түсінсем бұйырмасын. Міне, енді көшіп келу квотасының 2015 жылға дейін тоқтатылуына байланысты елге оралған қандастарымыздың барлығы да бар жиған-тергенін жат жұртта қалдырып кетуге мәжбүр. Аталған жағдайға байланысты қазақ көшін қалыпты арнаға бұру мақсатында төмендегі құқықтық және әкімшілік шараларды қолға алу қажет деп білеміз.

 

Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы:Билік сырттан келетінҚАЗАҚТАН ҚОРҚАДЫ

Сырттан келетін ағайындарға қаржылай, әлеуметтік көмек көрсете алмайтындай елімізде экономикалық дағдарыс бар ма? Жоқ! Ел басына экономикалық нәубет туып отырған жоқ. Жеріміздің кеңдігі мен байлығы іштегі ғана емес, сырттан келетін қандастарымызға жағдай жасауға жеткілікті. Демек, экономикалық дағдарыс сылтау бола алмайды.

 

Әлде ел ішінде соғыс, ұлтаралық қақтығыстар сияқты кедергі боларлық себептер бар ма? Ондай нәрселер де жоқ. Басқа диаспоралардың өкілдері де сырттан келетін қазақтарға қарсылық танытып отырған жоқ. Бәлкім, демократиясы шамалы, еркіндігі шектелген, әділетсіз қоғамда өмір сүреді деп, сырттағы ағайындардың өздерінің Қазақстанға келгісі жоқ болар? Мұндай да себеп жоқ. Өйткені туған жердің топырағына жете алмай, арманда кеткен Қажығұмар ақсақалдың тілегін сырттағы миллиондаған қандастарымыздың аңсап жүргені анық. Жүздеген немесе мыңдаған қазақты емес, ең ақыры бір ғана Қажығұмар ақсақалды елге жеткізе алмадық.

Өз қандастарымызды елге көшіру саясаты неге өзгерді? Неге басталған істі биліктегілер аяқсыз қалдырды? Меніңше, жоғарыдағылар сырттан келетін қазақтардың белсенділігінен қауіптенеді, сескенеді. Өйткені олардың елге жанашырлығы, тәуелсіздікті қадірлеуі өте жоғары. Сондықтан да сырттан келгендерге туған жеріндегі келеңсіз құбылыстар түрпідей тиеді. Неге бұлай өмір сүреміз, неге мемлекеттік тіл үстемдік құрмайды, неге ел байлығы шетел асады деп, саяси белсенділік танытуы авторитарлы билік жүйесіне қатер болып саналады. Ұлттық сананың нығаюы, ұлттық мәселелерді көтеріп, жағдайымызды қиындатып, билігімізді әлсірете ме деген қорқыныш болуы мүмкін.

Егер сырттан миллиондап қандастарымыз келетін болса, қазақ тілінің мәселесі өзінен-өзі шешіледі. Орыс тілінің үстемдігі жойылады. Қалаға қазақтарды мейлінше көбірек шоғырландырса, ұлттық мәселе де кедергісіз шешіледі. Сондықтан осыдан сескенетіндер билік басында аз емес. Орыстілді шенеуніктер мен қазақ тіліне шорқақ басшылардың сырттан келетін көшті тоқтатуға жымысқы саясатты астыртын жүргізіп отырғанын байқау қиын емес. Бұл менің субьективті пікірім. Бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы - жанайқайды президентке тікелей жеткізу деп білемін. Тағы да «мен білмей қалдым» дегізбес үшін, елге, халыққа, ұлтқа шын жаны ашитын ағаларымыз бен азаматтарымыздың қолына бүгінгі жиынның қорытынды қарарын ұстатып, сол кісіге жіберуіміз керек. Сонда ғана осы жиында көтерілген мәселелер мен сұрақтардың жауабын президенттің өзінен тікелей сұрап, нақты жауабын алуға болады.

Нәбижан МҰХАМЕТХАНҰЛЫ, ғалым: ҚҰЖАТ ЖИНАУДЫҢ ӘЛЕГІ сырттағы қазақтарды кеудеден итереді

Оралман студенттердің білім алуына байланысты мәселелер көп. Бір миллион халық отанға оралды. Дегенмен, бір халықтың үштен бір бөлігі шетелде өмір сүріп жатқандықтан, Қазақстанға этникалық қазақтардың оралу үрдісі жалғаса береді. Соның ішінде ең керемет саясат - тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басталған болатын. Қандастарымыздың ұл-қыздары мен бала-шағасы Қазақстан Республикасында білім алуына толық жағдай жасалған болатын. Оның заңдық негіздері де бар. Бір ерекшілігігі - жыл сайын бөлінетін квота жоғары оқу орындарына түсетін студенттердің екі пайызын ғана қамтыған. Нақтылап айтқанда, 1400 студентке арналған.

Этникалық қазақтардың елге келу саясаты өзгерген жоқ, Мәселен, 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Конститутциясының 30-бабында, 12-бабының 4-тармағында ҚР шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайы туралы, 1995 жылы маусымның 19-да қабылданған №23/37 заңында оралман жастардың елде білім алуына толық заңдық негіз жасалған болатын. 2011 жылғы қабылданған «Көші-қон туралы заңның» 4-бабы 9-тармағында «атқарушы мекемелерге этникалық қазақтардың тарихи отанына қоныс аударуына жәрдемдесу керек деп көрсетілген».

Бірақ кейбір заңнама мен кейбір ережелерде оралман студенттердің Отанына оралып, білім алуына кедергі келтіретін тұстары бар. Мысалы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасында шетелдік білім ұйымдары берген білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау (баламасын белгілеу) туралы ереже бекітілген. Осы ереже 2003 жылы 8 тамызда №542 бұйрықпен жарияланған. Ережеде «білім алуға өтініш білдірген білім туралы құжаттарды берген оқу орнының аккредиттеу туралы немесе лицензиясының көшірмесі оқу орындарының нөмірімен расталған құжатын ұсынуы керек» деп жазылған.

Демек, шетелде орта мектеп немесе жоғары оқу орнын бітірген азаматтар Қазақстанда білім алам десе, осы құжаттарды өткізуге тиіс екен. Басқа мемлекеттерді білмеймін, Қытай мұндай құжатты бермейді. Пекиндегі Ұлттар университетін бітірген бір азамат осында ғылыми дәреже қорғау үшін лицензия алуға барғанында, «кеше ғана мемлекет болып құрылған Қазақстан қандай елсіңдер өзі? Біздің шәкірттермізден Еуропадағы жоғары оқу орындары мұндай құжат сұраған емес, керек болса, интернеттен қарап алыңдар», - деп қайтарған.

Әсіресе орта мектеп бітіріп келген 17-18 жастағы баланы Астанаға жіберіп, куәлігін өткізуге қандай мүмкіндік бар? Оралман жастарды құжат жинаудың әлегі шошытты, келем деушілердің азаюының басты себебі осы. Моральдық әрі экономикалық жағынан да үлкен шығынға батыратын себептері осында тұр.

Екінші, соңғы жылдарда виза алу мәселесі өте қиындап кеткен, Қазақстанға Қытайдан келіп оқитындар алдымен қонаққа келу визасы бойынша үш айға келіп, емтихан тапсырады, үш ай өткен соң ғана жоғары оқу орындарында тұрақты тіркеледі. Соңғы кезде Үрімжіден немесе Пекиннен оқу визасын ашып келуді талап етуде, сондықтан қайтадан Қытайға барып әлгі құжатты алып келгенінше, алпыс күн де өте шығады. Демек, виза жасауға жарты жыл уақыты кетеді. Оқу оқи ма, әлде виза жасауға шапқылай ма, тиімсіз жағдай осы болып тұр.

Қытайда жоғары оқу орнын бітіріп келгендер магистратура мен доктарантураға қабылданбай, дайын мамандар орта жолдан кері қайтып жатыр. Біз бұл мәселеде заңдық ережелердегі сәйкессіздік кедергі болып отыр деп түсінеміз.

Оралмандар саясатын дұрыс жүргізу - ұлттық біртұтастыққа бастайтын бірден-бір жол. Сондықтан бұл саясатты әлсіретіп, қолдан кедергі жасамай, ол ары қарай дамуға тиісті деп ойлаймыз.

 

Бейсенқұл БЕГДЕСІНОВ, Түркіменстаннан келген қазақ: ЕЛШІЛІК ЕСІКТІ ЖАПТЫ

«Оралман» деген термин маған ұнамайды, Қазақстанда осы сөз «боғауыз сөз» сияқты болып кеткен, мәселен, Ресейге көшіп барам десем, олар үшін мен «отандаспын». Ал Қазақстанға келгенде «оралман», қайдан келдің деген кекесін сөз сияқты.

Жаңаөзен оқиғасына Түркіменстаннан келген оралмандар кінәлі деу - барып тұрған жала. Шынын айтсақ, сол Жаңаөзнге шапыраштыларды апарып тұрғызып қойса, көтерілістің көкесі сонда болар еді. Оралмандарды әкелуде мына Ресейден үлгі алайықшы. Олар халқы ең аз өңірлерге қоныстандырады да, жұмыспен де, үймен де, өзге де көмекпен қамтамасыз етеді. Ал Қазақстанның шетелдегі елшіліктері сондағы қазақтар үшін еш жұмыс жасамайды. Түркіменстанда Қазақстанның елшілігі болмағанда, ондағы қазақтар отанымызға тезірек оралар ма еді. «Театр киім ілгіштен басталады» демекші, Қазақстанның сырттағы мемлекеттілігі елшіліктен басталады. Түркіменстанда Қазақстан елшілігі ашылғаннан бері, көп мәселеге шектеу қойылған. Елшілік болмаса, қазақтар үшін жақсы болатын еді. Өйткені оның қызметін басқа елшілік атқаратын еді. Сол елшіліктің арқасында солар жергілікті телеарнада біз қазақ-түркімен туысқан халықпыз, дініміз, тіліміз бір деп мәлімдеме жасаған соң, Түркіменстандағы 33 қазақ мектебі жабылып қалды. Тіліміз бір болса, сендерге жеке мектептің қажеті не деді.

 

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,«D»

 

 Қарардағы қадалар 

 ТОҚТАП ҚАЛҒАН КӨШ  қайта жандануы қажет...

 Республика аумағында Көші-қонды басқару құзіретін ІІМ-нен алып, арнайы министирлік немесе агенттік етіп қайта жасақтау қажет;

 1992 жылы 23 қыркүйекте республика үкіметі қабылданған «Шетелдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» №791 қаулысын қайта қалпына келтіру керек;

 2010 жылдың 14 сәуірінде ҚР премьер-министрі қол қойған №307 қаулысының күшін жойып, «Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуын құқықтық реттеудің жекелеген мәселелері» деп аталатын 2000 жылы 28 қаңтарда қабылданған ҚР үкіметінің №136 қаулысын қайта қалпына келтіру және жетілдіру керек;

 Жыл сайын 20 мың отбасыға арналған көшіп келу квотасын 2015 жылға дейін уақытша тоқтата тұру жөніндегі үкімет қаулысының күшін жою қажет;

 Шетелдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстан Республикасына кедергісіз оралуы үшін, оларға еліміздің шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінен, өз өтініштеріне сәйкес, бір жылға еш кедергісіз көп мәрте виза беру қажет;

 Өткен жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның жаңартылған нұсқасында оралмандарға азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібі қолданылатындығы айтылған. Бірақ жақыннан бері оралман ағайын азаматтық алуда өзі келген елінен «қылмыс жасамағандығы жөнінде анықтама» әкелуі шарт деген талап қосылыпты. Және оған сол елдің осындағы дипломатиялық өкілдіктері растап, мөрін басады екен. Қытайда және басқа да алыс-жақын шетелдерде бұл мәселе әлдеқашан заңмен реттелген. Мысалы, «Қытай Халық Республикасы азаматтарының шекарадан кiрiп-шығуы туралы» ҚХР Заңының 8-бабында: «Төмендегі жағдайлардың біреуі болса, азаматтардың шекарадан шығуына тыйым салынады» - деп ашық жазылған. Бұған мыналар кіреді: 1) Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар және қоғам қауіпсіздігі, прокуратура немесе сот орындарының біреуі күдікті деп тапқан азаматтар; 2) Соты аяқталмаған азаматтық дау-шарға іліккендер; 3) Жазасын өтеушілер; 4) Еңбекпен түзеу мекемесінің тәрбиеленушілері». Демек, елге оралған қандастарымызға жиырма жыл бойы қойылмаған мұндай басы артық талап қоюға тыйым салу қажет;

 Республика аумағындағы барлық жоғары және арнаулы оқу орындарына этникалық қазақ студенттерін жатақханамен қамтуға және ҚР азаматтығын қабылдау туралы өтініш берушілерге еш кедергісіз қолдау хат беруге міндеттеу керек;

 «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 23-баптың 6-тармағында: «Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келісім алған этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар мен олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасы аумағына келген кезде, көлік құралдарын қоспағанда, жеке мүлкіне кеден төлемдерін төлеуден босатылады» - деп жазылған. Тұтас 23-бап оралмандарға арналған жеңілдіктер мен басқа да көмек түрлеріне арналған соң, мемлекетке салмақ салмай, өз мүмкіндігімен елге оралған ағайынды бар жиған-тергеніңді жат жұртта қалдырып, кеденнен 50 келі жүгіңмен ғана өтесің деп міндеттеудің ешқандай қажеттілігі жоқ. Міне, енді көшіп келу квотасының 2015 жылға дейін тоқтатылуына байланысты елге оралған қандастарымыздың барлығы да бар жиған-тергенін жат жұртта қалдырып кетуге мәжбүр. Сол себепті барлық көшіп келуші этникалық қазақтардың жеке мүлкіне кеден төлемдерін төлеуден босату керек;

 Қазақ көшінің жағдайы, оны жандандырудың нақты жолдары хақында ҚР парламентінде арнайы тыңдау өткізу қажет.

 

қабылданды.

 

Алматы қаласы, 2012 жылғы 4 желтоқсан

«Общественная позиция»

http://youtu.be/If_AKt5Lb40 http://youtu.be/-txYzIQHWmY http://youtu.be/rpFzL_qYmwY    

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір