• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

01 Қараша, 11:40:22
Алматы
+12°

Филфактың сәні – Бүбіш апай

 Шашы бұйра, сұңғақ бойлы апайдың дауысы филфактағы талай «балмұздақтың» жүрегіне жүк түсірген шығар. Бізге де сөйтті. Не көрсек те, сол апайдан көретінімізді білдік. Сабақ беретін ұстаздармен біздің арамызға түсіп, шыр-пыр болатынын ішіміз сезеді. Сол ашуды тиісті студенттен өз деңгейінде ала да біледі. Әй, қайдам, бірақ Смайылов Жандос сияқты «батырлар» Бүбіш апайдың «бұйрығымен»  оқудан сан рет «ауызша» шығарылып, сан рет қайтарылды.

Алғашқы қаламақы

 «Жаралы сезім» және заман келбеті». «Айт» журналына жарық көрген ең алғашқы мақалам осылай аталды. Мен сияқты «факультет ақынынан» журналист жасап жүрген Самал Дәрібаев ағам болатын. Басқасын қайдам? Әйтеуір мақалам шықты деп бір қуансам, аз күннен кейін қаламақы алдым деп екі қуандым…

 Бұл қаламақының құны ол кезде бір айлық стипендияммен тең еді. Расында, кәдімгідей шабыттанып қалдым. Тағы бір мақала жаздым. Тағы қаламақы. Үшінші мақаланы бастап жүргенімде журналдан көз жазып қалдық.

«Фамилияң әңгіме айта ма?»

 Факультеттегі ең «шустрый» ағайлардың бірі филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдіманов еді… Өзгені білмеймін? Өзім үшін ол кісінің «ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті» дейтін еңбегі қымбат болатын.  Тілінің бізін қадап, дәрісін дәмділеп беретін.  Қызығып тыңдайтынбыз. 50 минуттың ішінде жақсылап отырып 5 рет күлесіз. Әр күлдіруінің астарында мән бар. Бүкіл «потоктың» басын қосып, "бар-жоғыңды" бір белгілейді. Сондай кезде қалпағының ар жағынан күн сығалайтын «көлеңкебектерді» қағытатыны болу керек, көпшілікке таныстау фамилиялар кезіксе, «ей, бәленше, фамилияң әңгіме айта ма?» дейтін. Оған біздің қасқалар тайынсын ба? Біреуі «айтады», біреуі «айтпайды» деп  мәз болып жатушы еді…

«Сен де келдің алпыстың жарымына»

 Марқұм ұстазымыз, белгілі әдебиеттанушы-ғалым Бақытжан Майтановтың бейнесі жүрегінде жылуы бар әрбір студенттің көз алдында қаларсы сөзсіз. Өйткені баладай сүйкімді бет-әлпеті бар ағайымыздың жүзінен мейірім лебі есіп тұратын. Білгіштігін бұлдап сызданып, жүзінен ызғар шашатын оқымыстылардың жанында ол кісінің орны айрықша еді… Қашан көрсең жымиып амандасып, хал-қадерінше әдебиет туралы пікірімен бөлісетін. Ағайдың кезекті бір лекциясы жүріп жатқан.

«Көп болды достармен бас қоспағалы,

 Қоспаған соң көтерер тост та қалды…

Таңғалмаңдар Алмастың алымына,

Қызғанбаңдар Бікеңнің салымына.

Мен де жүрмін мастанып бұл күндері,

Махаббаттың оранып жалынына.

Ал, Беке, қарап жүрмей қыз тауып ал,

Сен де келдің алпыстың жарымына», – деген өлең жолдары Нұржұма ақынның қолынан менің алдыма топ ете түсті. Қарымта өлең жазылды да, Бақытжан ағамыз бен студенттердің алдында оқуға кірістік. Ұстазымыз аса бір ризалықпен күліп алды. Ренжіген жалғыз адам. Отызға келген Берікбол досымыз еді…

Шешен тілдің шебері

 Керегі жоқ, ондайда қалың сабақ,

 Тұрсаңыз болды тыңдап жарым сағат.

 Бүкіл қазақ әдебиетін миға құйып,

 Тұлғалардың береді бәрін санап .

Мұндай декан елде жоқ. Бізде ғана бар. Мейлі факультеттің дәстүрлі кездесу кештері болсын, мейлі салиқалы басқосулар болсын ол кісі сөз алған әрбір минут текке кетпейді. Нағыз шешен тілдің шебері. Тиісті сабақтарына қатыса алмай қалып жүрген еркелер мен серкелер сол жиналыстың бірінде болып калса, «е, қазақ әдебиетінің тарихы мынадай екен ғой» дейтіні сөзсіз.

 Бұл біздің декан – Қансейіт Әбдезұлы.

5-топтың апайы

 Көзі доп-домалақ, өзі топ-томпақ, сүп-сүйкімді топ жетекшіміз болды. Білімі бізден қаншалық үлкен болғанымен, группаласымыз Берікболдан бір-ақ жас үлкен еді. Сол Жайна апайымыз сабаққа кіргенде бәріміз жайнап кетеміз. Тобымыздың ынтымағы жаман болған жоқ. Төрт жыл бойы «5- группа» деген атымызға сай болдық.

 5-топтың қыздары,

 Арулар аққу шетінен…

 Айта алмай тұрмыз біз бәрін

 Сүйгіміз келед бетінен, – деп дүрілдейтінбіз жігіттер. Біз жарықтық сол бесінші топтың қыздары дейтін қатарға апайымызды да қосушы едік. Онымызды ешкім білген жоқ-ау шамасы…

Фазағамның «көкесі» едік

Фазағамның ұстаздық жолы өз алдына. Бірақ «Көкелерім» деген сөзі көкейімізге қонатын. «Біздің де жалымыздан сипап, кекілімізді тарайтын баптаушымыз, жақтаушымыз бар екен ғой» дейтінбіз.

 «Көкелерім» дегеннен кішірейген жоқ Фазағам. Қайта біздің көкеміз болды. Енді біз кімге «көкелерім» деп маңдайынан сипай аламыз?

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір