• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 22:08:06
Алматы
+12°

21 Желтоқсан, 2014 NEWS

Жиһад. Ол – соғысу емес!

Арабтың «жиһад» сөзі «күрес», «тырысу» деген мағына береді.

Арабтың «жиһад» сөзі «күрес», «тырысу» деген мағына береді.

Жиһадтың этникалық сепаратизмге, діни экстремизмге немесе лаңкестікке ешқандай қатысы жоқ. Ислам лаңкестікке қарсы, және қазіргі заманғы экстремистік ағымдарды жою, алдын алу – мұсылманның алдындағы басты міндеттердің бірі. Жиһад – бұл басқа діндегілерді қырып-жою жолындағы соғыс емес, тек Отанды қорғау жолында келіп жүгінетін мәжбүрлі шара. Алайда, тіпті соғыс кезінің өзінде де Алла мұсылмандарға әділдікті сақтап, тұтқындарға жанашырлық танытуды, қарттар, әйелдер мен балаларға зұлымдық жасамауға өсиет етеді. Шариғат: «Алла жолында тек өздеріңе қарсы соғысып отырғандармен ғана күресіңдер, бірақ (шектен) аспаңдар. Алла қылмыстыларды жақсы көрмейді», - дейді. (2:190). Отанды қорғау – мұсылманның қасиетті парызы. Туған елін қорғай отырып, мұсылман өзінің үйі мен жанұясын, мәдениеті мен дәстүрін, өз діні мен көзқарастарын да қорғайды. Осы жолда ол байлығын да, өмірін де аямайды. Ислам әскери парызды жоғары бағалайды, ал әскерде қызмет ету және Отанның шекараларын қорғау – әр мұсылманның парызы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алла жолында шекарадағы бір күндік қызмет бұл әлемдегі барлық нәрседен артық» деген.

Жиһаттың - (جهاد) араб тіліндегі сөздік мағынасы күресу, күш-қуатын жұмсау, еңбектену деген мағыналарыға келеді. Ал, терминдік мағынасында жиһад сөзінің түсінігіне дін үшін атқарылатын және пайғамбарымыздың рухани тәжірибесіне сәйкес келетін кез-келген іс-әрекет кіреді. Хадистерде жиһад – бұл Исламның өзегі мен негізгі шыңы ретінде  көрініс табады. Жиһадтың ең жоғарғы дәрежесі – адамның өз нәпсісімен күресі, рухани тәрбие және адамдарға ақиқатты жеткізу болып табылады. Қасиетті Құранда Құран ілімдерін түсіндірудің өзі «ұлы жиһад» деп аталған. (25:52).

Жиһад ұғымын экстремизм терорризм терминдерімен шатастыруға болмайды. Себебі Ислам діні тыныштықты жақтайды әрі барлық мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысады. Адам баласына қасірет әкелетін әрекеттердің барлығына түбегейлі қарсы екені Құрандағы мына аят:

وَمَا اللّهُ يُرِيدُ ظُلْمًا لِّلْعَالَمِينَ

«...АллаТағала әлемге зұлымдық етуді қаламайды.»,- дәлел бола алады. (әл Имран 108).

Ал, жиһаттың соғысу мағынасы Отанға басқыншылық жасау қаупі төнгенде екі мемлекет арасында ешқандай дипломатиялық келісім пайда бермеген жағдайда ғана іске асады. Құранның көптеген аяттарында жәбірленушінің кешірімі ізгі іс ретінде сипатталады. Мұнан бөлек, мұсылмандарға жамандыққа жақсылықпен жауап қайтару ләзім болып табылады, себебі, зұлымдықты тек махаббатпен және адамгершілікпен ғана жеңуге болады.

Алайда, егер мұсылман тұрып жатқан ел шапқыншылыққа ұшырап, жазықсыз жандардың, әйелдердің, қарттар мен балалардың қаны төгіліп жатса, онда мұндай зорлықты тек қолға қару алып қана тоқтатуға болады. Құран мұндай жағдайда мұсылмандарға Отан қорғау жолына бас көтеріп, басқыншыларға тойтарыс беруді бұйырады: «Егер біреу сендерге басқыншылық жасаса, онда сендер де олардың өздері сияқты басқыншылық жасаңдар», - дейді. (2:194). Шариғат бойынша, жиһадты, мұсылман ғұламаларымен кеңесе отырып, тек ел басшылығы ғана жариялай алады. Одан бөлек ешкім халықты соғысқа жұмылдыра алмайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Әскерге шақырғанда, жорыққа аттаныңдар», - деген. Қарулы жиһадқа тек Отанды қорғау мақсатында ғана рұқсат берілсе де әділетті болуы тиіс яғни, әйелдер мен балаларды, қарттарды жазықсыз өлтіруге, тонауға және мәйіттерді қорлауға жол берілмейді.

وَقَاتِلُواْ فِي سَبِيلِ اللّهِ الَّذِينَ يُقَاتِلُونَكُمْ وَلاَ تَعْتَدُواْ إِنَّ اللّهَ لاَ يُحِبِّ الْمُعْتَدِينَ

«Өздеріңмен соғысқандармен Аллаһ жолында соғыссаңдар да шектен шықпаңдар...» және

الشَّهْرُ الْحَرَامُ بِالشَّهْرِ الْحَرَامِ وَالْحُرُمَاتُ قِصَاصٌ فَمَنِ اعْتَدَى عَلَيْكُمْ فَاعْتَدُواْ عَلَيْهِ بِمِثْلِ

مَا اعْتَدَى عَلَيْكُمْ وَاتَّقُواْ اللّهَ وَاعْلَمُواْ أَنَّ اللّهَ مَعَ الْمُتَّقِينَ

 «Сондай-ақ, кім сендерге соқтықса, сендер де олар соқтыққандай соқтығындар және біліңдер шексіз Аллаһ тақуалармен бірге.»,- деген аяттар бар. (2:194;190)

Мұсылман ғұламасы ибн Рушд: «Исламдағы жиһад ұғымының басты міндеті ар намысы үшін мал-жанымен Аллаһ жолында күресу. Ал, Аллаһ жолында жиһад жасау өз нәпсісін жамандықтан тиып, күнәлі істерден аулақ болу»,- деген. (ибн Рушд Мұхаддимат 1.259)

Осы еңбегінде ибн Рушд жиһадты бірнеше бөлімге бөледі:

а) Жүрек арқылы шайтанға қарсы жасалған жиһад;

ә) Ділмен (көңілмен) екіжүзділерге жасалған жиһад;

б) Қолы немесе күші арқылы қоғамдағы белең алған жаппай әділетсіздікке қарсы күресу;

в) Қару арқылы отанына қауып төңген кезде жасалатын жиһад. Бұл жиһад келісімге келмейтіндей жағдай болып, соңғы амал таусылғанда ғана іске асады. Бұл туралы хз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шынайы мұжтахид – нәпсісімен жиһад жасаған мұсылман»,-деген. Адамның ең бірінші дұшпаны нәпсісі екеніне дау жоқ. Сондықтан, әр бір адам өзін шынайы түрде мұсылманмын деп санаса ішкі жан дүниесін тәкәппарлық, менмендік, екіжүзділік секілді жаман әдеттерден сақтап, тәрбиелеуі керек. Сонда ғана шынайы мұсылман деген атқа лайық бола алады. Сонымен бірге, Хз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде үш нәрсе иманның негізі деген. Олар әуелі «Лә илаһа иллаллаһ» деген адамды шынайы жақсы көріп, жақын тарту. Оны күнәлі істерден сақтап, оған тура жолды насихаттау. Екінші Аллаһтың және өзінің пайғамбарының жолында малымен жанымен жиһад жасау. Яғни, өз нәпсісін тиып, шайтанның азғыруына қарсы күресу. Соңғысы тағдырына мойынсұнып иман келтіру. (ибн Дауд. Жихад. 33.)

Жиһадтың басты мағынасы қоғамдағы барлық мәселелерді соғыс арқылы ғана емес, Ислам мейірімділіктің діні болғандықтан, оны көркем түрде шешуге тырысады. Алла тағала Құранда:

«وَالصُّلْحُ خَيْ»

«Сондай-ақ  (бейбіт) жарасу жақсы», - деген (4:128). Қасиетті Құранның көптеген аяттарында жамандыққа тек жақсылық арқылы жауап беру, кешіріммен қарауға әмір етеді. Ислам діні адамзатқа барлық зұлымдыққа шамасы келгенше көркем мінездер арқылы жауап беруге үйретеді. Бұны біз хз. Пайғамбарымыздың Тайф қаласынадағы оқиғасынан көре аламыз. Онда қатыгездік көрсеткен Тайф қаласы тұрғындарына Алладан жарылқау тілеп: «Мен жер бетіне көркем мінез қалыптастыру үшін келдім» деп дұға еткен еді.

Жиһад парыз айн және парыз кифая болып екіге бөлінеді. Парыз айын болу шарттары:

1) Екі жақтың әскерлері соғысу мақсатында бетпе-бет келіп тұрғанда шегініп, майдан даласын тастап, кері кету харам болып саналады. Бұл туралы Құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِذَا لَقِيتُمْ فِئَةً فَاثْبُتُواْ وَاذْكُرُواْ اللّهَ كَثِيرًا لَّعَلَّكُمْ تُفْلَحُونَ

«Әй иман еткендер! Қашан бір (жау) топпен қарсылассаңдар мықты болыңдар да Аллаһты көп еске алыңдар, әрине құтыласыңдар.» (Әнфал 45),-деген аят келтірілген.

2). Отанына қауып төндірген дұшпаннан елін, жерін азат ету үшін және ар-намысын қорғау мақсатында жиһадқа шығу.

3) Муфти болмаса мұсылман мемлекетінің басшысы әмір етіп, жиһад жарияласа сонымен қосылып шығу міндет болып саналады.

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ مَا لَكُمْ إِذَا قِيلَ لَكُمُ انفِرُواْ فِي سَبِيلِ اللّهِ اثَّاقَلْتُمْ إِلَى الأَرْضِ أَرَضِيتُم

بِالْحَيَاةِ الدُّنْيَا مِنَ الآخِرَةِ فَمَا مَتَاعُ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا فِي الآخِرَةِ إِلاَّ قَلِيلٌ

«Аллаһ жолында соғысқа шығыңдар дегенде салмақтарыңды жерге салдыңдар, (қозғалғыларың келмеді). Негізінде дүние тіршілігінің пайдасы ахиретке қарағанда өте аз ғана.» (9:38). Осы жағдайлардан басқа уақытта жиһад парыз айын болып есептелінбейді.

Ал, жиһад тек қана аздаған адаммен ғана бітсе, онда басқа мұсылмандар үшін парыз кифая болады. Яғни, басқа мұсылмандар үшін парыз болмайды.

لاَّ يَسْتَوِي الْقَاعِدُونَ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ غَيْرُ أُوْلِي الضَّرَرِ وَالْمُجَاهِدُونَ فِي سَبِيلِ اللّهِ

بِأَمْوَالِهِمْ وَأَنفُسِهِمْ فَضَّلَ اللّهُ الْمُجَاهِدِينَ بِأَمْوَالِهِمْ وَأَنفُسِهِمْ عَلَى الْقَاعِدِينَ دَرَجَةً وَكُلاًّ وَعَدَ

اللّهُ الْحُسْنَى وَفَضَّلَ اللّهُ الْمُجَاهِدِينَ عَلَى الْقَاعِدِينَ أَجْرًا عَظِيمًا

«Мүміндерден себепсіз  (соғысқа шықпай)  отырушылармен Аллаһ жолында малдары және жандарымен соғысушылар тең емес. Аллаһ Тағала малдарымен, жандарымен соғысушыларды дәрежеде арттырды. Сондай-ақ барлығына игілік уәде етті. Және соғысушыларды отырушылардан үстем кеңшілікке бөлеп, ірі сыйлық берді.» (4:95). Тағы бір аятта:

وَمَا كَانَ الْمُؤْمِنُونَ لِيَنفِرُواْ كَآفَّةً فَلَوْلاَ نَفَرَ مِن كُلِّ فِرْقَةٍ مِّنْهُمْ طَآئِفَةٌ لِّيَتَفَقَّهُواْ فِي الدِّينِ

وَلِيُنذِرُواْ قَوْمَهُمْ إِذَا رَجَعُواْ إِلَيْهِمْ لَعَلَّهُمْ يَحْذَرُونَ

«Сонымен қатар, мүміндердің біртұтас жауға аттанулары тиісті емес. Сонда әр топтан дін ғылымын үйреніп, олар қайтып келгенде; олардың сақтанулары үшін ескертулері керек емес пе?» (9:122),-деп барлық мұсылмандарға жиһаттың  бірдей парыз бола бермейтінін ескертіп отыр.

Ислам адамдарды жиһадқа яғни, тура жолға шақырғанда көркем мінезді әрі сабырлы болуды талап етеді. Хз. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Аллаһ Құранда:

ادْعُ إِلِى سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ وَجَادِلْهُم بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ إِنَّ رَبَّكَ هُوَ

أَعْلَمُ بِمَن ضَلَّ عَن سَبِيلِهِ وَهُوَ أَعْلَمُ بِالْمُهْتَدِينَ

«Адамдарды Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес. Күдіксіз Раббың Ол, жолынан адасқан кісіні де жақсы біледі. Әрі Ол, тура жол тапқандарды да жақсы біледі.» (16:125),-деп мұсылман емес басқа діндегі адамдарға да мәдениетті әрі олармен жақсы қарым-қатынас жасау арқылы насихаттауын бұйырған.

Ислам дінін ғылым арқылы насихаттап, адамдарды тура жолға шақыру Құранмен жиһад жасау әдісі болып саналады.

فَلَا تُطِعِ الْكَافِرِينَ وَجَاهِدْهُم بِهِ جِهَادًا كَبِيرًا

«Кәпірлерге бағынба! Олармен Құран арқылы күрес жаса!» (25:52). Хз. Пайғамбарымызда (с.ғ.с.) хадисінде: «Зұлым бір билеушіге қорықпай оның әділетсіздігі туралы ашық айтқан – үлкен жиһад.» (ибн Мәже.Фитен 4011),-деген. Бұл туралы Ислам ғұламалары да жиһад соғыс емес көркейту дамыту мағынасында екені туралы айтқан. Мәселен, шейх ибн Таймия өз еңбектерінде жиһад ұғымын былай: «Жиһадтың мағынасы бір Аллаһты бар ынта-жігерімен сүю және тақуалық амалдар жасау. Аллаһ сенімсіздік білдіргендер мен қасарысқандарды ұнатпайды.» (“Маджму’уль-фатауа” 10/192. қараңыз: http://www.turntoislam.com/forum/showthread.php?t=69687),-деп  анықтама берсе, ал, шейх Салих әл Фаузан: «Мұсылман өзін түзеу үшін құрылатын күресті біз-жиһад деп атаймыз. Бүлік шығару немесе қырып жою бұл жиһад болып саналмайды.», - деген көзқарас білдіреді. (қараңыз  http://www.youtube.com/watch?v=fefe_hQ298w http://www.youtube.com/watch?v=FIltTXfPAoo&feature=related)

Ислам діні қай жерде болса да басқыншылық соғысқа жол бермей бейбіт түрде таралуды көздейді. Басқа діндегі адамдарды зорлықпен Исламға кіргізуді Алла тағала Құрандағы мына аяттармен:

لاَ إِكْرَاهَ فِي الدِّينِ قَد تَّبَيَّنَ الرُّشْدُ مِنَ الْغَيِّ فَمَنْ يَكْفُرْ بِالطَّاغُوتِ وَيُؤْمِن بِاللّهِ فَقَدِ

اسْتَمْسَكَ بِالْعُرْوَةِ الْوُثْقَىَ لاَ انفِصَامَ لَهَا وَاللّهُ سَمِيعٌ عَلِيمٌ

«Дінде зорлау жоқ. Расында туралық, азғындықтан  ажыратылады. Енді кім жауыздыққа қарсы келіп, Аллаһқа иман келтірсе, сонда ол рас үзілмейтін (берік) тұтқаны ұстады. Аллаһ әр нәрсені естуші, білуші.» (2:256);

وَقُلِ الْحَقُّ مِن رَّبِّكُمْ فَمَن شَاء فَلْيُؤْمِن وَمَن شَاء فَلْيَكْفُرْ إِنَّا أَعْتَدْنَا لِلظَّالِمِينَ نَارًا أَحَاطَ

بِهِمْ سُرَادِقُهَا وَإِن يَسْتَغِيثُوا يُغَاثُوا بِمَاء كَالْمُهْلِ يَشْوِي الْوُجُوهَ بِئْسَ الشَّرَابُ وَسَاءتْ مُرْتَفَقًا

«Бұл Құран ақиқат! Раббыларыңнан де. Сонда кім қаласа сенсін, кім қаламаса қарсы келсін. Расында біз, залымдар үшін дуалдарды қоршап алатын тозақ отын әзірледік. Егер олар су сұрап жалбарынса еріген кен тәрізді беттерді қуыратын бір су беріледі. Ол нендей жаман орын.» (18:29);

وَلَوْ شَاء رَبُّكَ لآمَنَ مَن فِي الأَرْضِ كُلُّهُمْ جَمِيعًا أَفَأَنتَ تُكْرِهُ النَّاسَ حَتَّى يَكُونُواْ مُؤْمِنِينَ

«Егер Раббыларың қаласа әрине жер жүзіндегілерді барлығы түгелдей иман келтірер еді. Адамдарды сен иман келтіруге зорлайсың ба?» (10:99),- Исламның зорлық-зомбылыққа қарсы дін екенін аңғартып терістейді. Сонымен бірге мұсылман мемлекеттерінде тұратын басқа діндегі адамдарға өз діндерімен өмір сүрулеріне еркіндік беріп отыр. Олар мұсылмандардың дініне зиян келтірмесе олармен бейбітшілікте татулықта өмір сүруді Аллаһ осы келтірілген аяттары арқылы бұйырды.

Қазіргі таңда діни білімнің төмендігінен жиһад сөзінің мағынасын терең түсінбейтін көптеген жастарымыздың адасып жүргені ақиқат. Әсіресе, соңғы уақытта Сириядағы қарулы қақтығыстарды жиһадпен шатастырған азаматтардың да сонда барып шаһит болғысы келетіні жасырын емес. Бірақ бұл елдегі жағдайды әлем мұсылман ғұламалары жиһад деп мойындамайды. Себебі мұндағы жағдай жиһат, шаһиттік туралы Құран және сүннеттегі шарттарына еш сай келмейді.

Жиһад болуы үшін алдымен сол елдің муфтиі немесе мемлекет басшысы мұсылман халқының діни құқықтық жағдайларына қысым көрсетіліп, дұшпандық қаупі төңген жағдайда ғана өздерін қорғау мақсатында жариялау керек. Сонымен бірге, бұл мемлекетте жиһад жарияланған уақытта да ол жерге жиһадқа бару үшін алдымен өз еліңнің басшысының рұхсаты болуы тиіс. Себебі Құранда Алла тағала:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ أَطِيعُواْ اللّهَ وَأَطِيعُواْ الرَّسُولَ وَأُوْلِي الأَمْرِ مِنكُمْ فَإِن تَنَازَعْتُمْ فِي

شَيْءٍ فَرُدُّوهُ إِلَى اللّهِ وَالرَّسُولِ إِن كُنتُمْ تُؤْمِنُونَ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ ذَلِكَ خَيْرٌ وَأَحْسَنُ

تَأْوِيلاً

«Әй мүміндер! Аллаһқа бой ұсынып, пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар оны Аллаһқа пайғамбарға ұсыныңдар. Егер сендер Аллаһқа, ахирет күнінен иман келтірген болсаңдар. Міне, осы қайырлы да нәтижеде жақсы.» (Ниса 59). Егерде жоғарыда көрсетілген жиһаттың ислам құқығындағы шарттары орындалмаса ол жиһат жасаған болып саналмайды.

Дәстүрлі қазақ мұсылмандығында да жиһат сөзі басқыншылық соғыс ұғымында емес, керісінше ыждақат сөз тіркесі арқылы қоғамда тұлға болып қалыптасу үшін адал еңбек ету, білім іздеу тағыда басқа ізгіліктің жолындағы күрес мағынасында қолданғанын Тұрмағамбет ақынның "Шәкірттерге айтылған сөз" өлеңіндегі:

"...Болуды ғылымға бай ойласаңдар,

     Аз болсын ұйқы менен тамақтарың.

     Жастықта жатпай тұрмай жаһад жасап,

     Жыртықтың жаңартыңдар жамап бәрін...." мына жолдарынан көруге болады.

Таңжарық Тұрғанқұлов, дінтану магистрі

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір