• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 19:57:48
Алматы
+12°

 ҚР Білім  және  Ғылым  Министрлігі Ғылым комитеті М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми кеңесінің шешімімен 2012 жылдың 4 шілдесінен 1 тамызына дейін  Моңғолия мен РФ Алтай республикасы Қошағаш қазақтары арасында фольклорлық экспедиция жүргізілді. Бұл өлкеге «Шетелдегі қазақтардың әдебиеті, фольклоры, өнері» деген ауқымды тақырыпты қамтитын  құрамында 6 ғылыми қызметкер, 1 маманды телеоператор  қатысқан кешенді экспедиция  алғаш рет ұйымдастырылды. Біз экспедиция мүшесі әдебиеттанушы ғалым Ақеділ Тойшанұлын әңгімеге тарттық.

 Аға, осы жолғы экспедицияның жалпы барысы қалай болды? Қандай аймақтарға ат басын тіредіңіздер? 

   Экспедиция барысында Монғолиядағы қазақтар шоғырланып өмір сүретін Улаанбаатар, Дархан, Шарынгол, Налайхан Хархорым т.б. ауылдарды сонымен бірге қаладағы қазақтар да қамтылды.Бұл өңірде экспедиция 4-14 шілде аралығында өтті. Баян-Өлгий аймағы бойынша Бұғыты, Алтынцөгц, Баяннуур, Толбо, Дэлуун, Бұлғын, Сагсай, Улаанхус, Цагааннуур, Ногооннуур сумындары мен Өлгей қаласы қамтылды. Қобда аймағы бойынша Қобданың Бұлғыны, Қобда қаласы, Қобда сумыны фольклорлық экспедицияда қамтылды. РФ Алтай республикасының  Қошағаш ауданы, Жаңа ауыл ауылы, Төбелер ауылы, Горно-Алтайск қаласы, Усть-Кан районы Тұраты ауылы қамтылды. Моңғолияда 150 000, Ресей Федерациясы Алтай Республикасы Қошағаш ауданында  12 000 қандасымыз өмір сүруде. Алтай Республикасында  207 000 халық болса оның 116 500 орыс, 62,2 000 алтайлықтар, 12,1 000, яғни 6 пайызын қазақ иленуде.

 Экспедициядан қандай олжамен оралдыңыздар? 

   Бұл жолғы ғылыми экспедицияда тоқсанға жуық кісілердің ауызынан фольклордың сан-салалы үлгілерін, айталық қара өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, беташар, жоқтау, сыңсу, діни қиссалар, аңыз,миф,  төйгелеу жыры мен шөрелеу жырлары, сонымен бірге фольклорлық үлгілер жарияланған сирек кездесетін кітаптар жиналып алынды. Экспедиция мүшелері моңғолия мен ресейдегі  20–ға жуық ақын-жазушы қаламгерлермен жолығып, олардың шығармаларын тексеріп, кітаптарын жинақтады. Мәселен, Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы С.Таукейұлының 6 томдық шығармалар жинағын, ақын Ш.Рахметұлының 3-томдық шығармаларын, Мағауия Сұлтанияұлы, Сұраған Рахметұлы, Байыт Қабанұлының 3 томдығын, Ербақыт Нүсіпұлының прозалық кітабын жинастырды. Ұланбатыр, ­Өлгий, Қобда қаласының кітапханаларында болып «Шұғыла»,« Жаңа өмір», «Үгітші» секілді газет-журналдардың, сонымен бірге сирек кездесетін кітаптардың көшірмесін жасатты. Театртанушы А.Мұқан Баян-Өлгий драма театры, сонымен бірге ауылдағы көркем өнерпаздар клубының мүшелерімен кездесті. Баян Өлгий аймақтық театрының тарихымен, ондағы театр қайраткерлерінің шығармашылығы туралы деректер жинастырды. Бейнелеу өнерін зерттеуші Раушан Қарғабекова Ұланбатыр, Өлгий, Қошағаш Жаңа ауыл музейінде сақталған қазақ халқының қолөнеріне қатысты,  сонымен бірге кәсіби суретші, мүсіншілердің туындыларымен жіті танысты.  Музыкатанушы Зүлфия Қасымова Ұланбатыр, Өлгий, Қошағаштағы әнші-күйшілермен кездесіп, сазгерлердің шығармашылығын зерттеді. Еңбек Абдолда, Арыстан Абдолла, Ален Абдолла, Тілеубек Муса, Нұрболат Табысханұы секілді сыбызғышылардың мұрасымен танысты. Эстрада әншісі Шұға Смайылқызымен Ұланбатырда кездесу жасады. Әншілер халық сазгерлерімен бірге  Ф.Бержан, А.Тілеген, Х.Мұсайф, М.Ербол, Б.Мұратбек, Ш.Ербол т.б жергілікті композиторлардың әнін көбірек орындайтынын анықтады.

  Сапар барысында қандай тосын сыйға кез болдыңыздар? 

  Экпедиция барысында қазақ халқының Жорға аю биі ел арасында әлі де өмір сүріп отырғандығы ғылыми жаңа нысан ретінде алғаш мәрте анықталды. Бұл биді билеушілер «Жорға аю» күйін домбырада орындап, сонымен бірге осы бидің шығуы туралы аңызды айтып, биді биледі. «Жорға аю биі» кәсіби деңгейде телекамераға тартылды. Ғасырлар керуенінен сымбатымен өткен халық мұрасы  «Жорға аю» биінің ел арасында  кездесуі – шынымен таңғажайып құбылыс деуге болады. Бұл биді билеушілер тек бір ауылда ғана емес, қайта арасы алшақ орналасқан әр аймақтан жолығып отырғандығы, биленген бидің буын ритімі, мимикасы   өзара ұқсас болып келетіндігі зерттеушілерді таңдандырады. Айталық , бидің нағыз нақышына келтіріп орындалған түрін Баян-Өлгийдің Дэлуун сумынындағы  Самалхан Марданқызының (1938 жылы Баян-өлгий аймағы Ұланқұсын сұмынында туған) билеуінде видиеоға түсіріп алдық. Өнерпаз бұл биді жалғыз ағасы Қамза деген кісіден 1948 жылдары үйренгендігін, қазір немерелеріне үйретіп жүргендігін әңгімелеп берді. Дәл осы «Жорға аю» биін Қобда аймағының Бұлғын сумынындағы  Өкен Сауырбайұлы (1959 жылы туған) деген азамат та күйімен ілесіп биін билеп берді. Бұл кісінің ағасы халық өнерпазы Қалқабек Сауырбайұлы «Жорға аю» биін Ұланбатыр, Қобда театрындағы үлкен сахналарда 1986 жылдары билеп, халықтың алғысын алған екен. Ал Алтынцөгце сумының тұрғыны Уатхан Имаммахмұтұлы деген ақсақал да (1941 жылы Қытайдағы Алтай аймағының Көктоғай ауданында туған) «Жорға аю» биінің бар екендігін, аңызымен бірге айтып, күйін шертіп, биін билеп берді. Сонымен бірге  Дархан уул аймағы Хонгор сумынында тұратын Зұлқарнайын Бекбайұлы (1938 жылы туған) да жорға аюдың биін билеп көрсетті. Бұл мәліметтерді саралай келе Монғолиядағы қазақтар арасында қазақтың халық мұрасы «Жорға аю» биінің де кең көлемде таралғандығын байқауға болады. Сонымен бірге жоғарыдағы өнерпаздар бүгінгі кең көлемде ел арасына жаңа әрлеумен таралған «Қара жорға» биінің күйі мен буын ритімі мүлде өзгеріп кеткендігін тілге тиек етті. Қазіргі «Қара жорға» деп  билеп жүрген күй «Қос күрең» немесе «Сал күрең» деп аталатын халық күйі екендігін, ал «Қара жорға» күйінің мүлде басқа екендігін айтып, күйді тартып көрсетті және қара жорғаның көне нұсқасын өздері  билеп берді.

Экспедициялық жұмыстың нәтижесінде қазақ халқында би болмаған, немесе қара жорға биі моңғолдан таралған деген үстірт пікірлер толық жоққа шығарылды деуге болады. Біріншіден, М.Әуезов фольклор туралы белгілі бір зерттеуінде «Қазақта «Қара жорға» деген би бар, оны билеушілер аңызын айтады, күйін де тартып береді» деп жазған болатын. Екіншіден, Оспан батырдың ордасына моңғол маршалы Х.Чойбалсан кездесуге барғанда қазақтар ән айтумен бірге би билеген, мұны маршалдың көмекшісі Чагдарсүрэн естелігінде жазып қалдырған. Үшіншіден Зуха батырдың баласы Солтаншарип бастаған ел Гималай асып, Кашмирде біраз уақыт тұрақтаған. Америка журналистері қазақ босқындарымен кездесуге барғанда олар ұлттық ойын-сауықты да қызықтап жазып алған. Минан Абыла деген батырдың алты жасар қызы қара жорға секілді ұлттық билерді билеген. Америкада жарияланған бұл фотодерек  табылып отыр. Минан Абыла апай «Қара жорға»,   «Жорға аю»,  «Көк төбет»  секілді билердің бар екенін айтып отыр.

   Моңғолия қазақтарында ауыз әдебиетінің қандай үлгілері жақсы сақталыпты?

   Зерттеу барысында Монғолия қазақтары арасында жұмбақ жанры кең көлемде таралғандығы, сонымен бірге сонылығы, хатқа түспеген жаңалығымен ерекшеленді. Халық арасынан экспедиция мүшелері ғылыми айналымға әлі де түсе бермеген жүздеген  жұмбақтар жазып алды. Бұдан сырт ерекше назар аударатын жағдай – «Жоқтау» жанрының бүгінге дейін ел арасында айтылып келе жатқандығы. Бұл жанрдың көптеген үлгілері  халық  арасынан ерекше өтінішпен жазылып алынды. Қара өлеңнің қаймағы бұзылмағандығы да дәлелдене түсті. Бұрын ғылыми нысанға түсе бермеген көптеген тың жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, ғұрыптық фольклор үлгісінің ерекше үлгісі  «Қозыны төйгелеу» жыры мен  «Ешкіні шөрелеу» жырлары да  әнімен бірге жазылып, экспедиция қоржынына түсті. Ертеректе жарияланған халық мұрасына қатысты сирек кездесетін жинақтар, қолжазбалар жиналып, сканермен көшіріліп алынды.

   Ал, енді Ресейдегі сапарларыңыз жайында тоқтала кетсеңіз? 

  Ресей Қошағаш ауданы Жаңа ауыл, Төбелер, Қошағаш тұрғындары, сонымен бірге Алтай республикасы Усть-Кан ауданы Тұраты  ауылы қазақтары  кешенді экспедицияға тұңғыш рет қамтылды.  Қошағаш қазақтарында қара өлең, жоқтау, тарихи аңыздар, шежірелік деректер әжептәуір сақталғаны байқалды. Әсіресе «Жоқтау» жанрының бұл өңірде өміршең салт екендігінің куәсі де болдық. Мысалы,  1928 жылы туған  Нұрғайша Сақанқызы қайтыс болған күйеуі соғыс ардагері Тегшін Нөкенұлының киімдерін тұлдап, осы тұлдың қасында отырып, арысын жоқтау салтын атқарды. Бір ерекше айтатын жайт –   қазақ баспасөзінде әредік-әредік  «Крещенный казахи» (Шоқынды қазақтар) деген атауға ие болған Усть-Кан ауданы Тұраты ауылын мекендейтін 70 отбасы, жиыны 300 қандасымыз зерттеуге қамтылды. Бұл  аядай ауылдан Совет Одағының батыры Қыдыран  Туғанбаев, Жәнібек Елеусізов деген екі қаһарман туып шығуы тегін емес болса керек. Зерттеу барысында осы ауылға қазақтардың орналасуы туралы шежірелік деректер, оларды отырықшы халықтың қалай шоқындырғаны туралы мәліметтер, сонымен бірге осы ауыл тұрғындарының қазір мешіт ашып, имам сайлап, ата діні мұсылмандыққа бет бұрғаны туралы деректер жазылып алынды. Ауылдағы қариялар қазақ тілінде еркін сөйлейтіндігі ән айтып, жыр жырлайтындығы – ұлттық зерде мен иммуниттеттің бекем екендігін байқатады.   Тұраты ауылының тұрғыны 1934 жылы туған руы найман,  саржомарт Күләш Жүсіпқызы басқа емес алдымен  былайша «Елім-айдың» зарлы әуеніне басты:

 

Шағи шапан кимесем сән келмейді- ау,

«Елімайға» салмасам ән келмейді, Елім-ай, елім-ай.

Бойында тұратының арша ап жүрмін,

Аршамды көтере алмай шаршап жүрмін, Елім-ай, елім-ай.

Туысым сонау жүрген аман дейді –ау,

Хабарын өзім барып  көрсем екен, Елім-ай, елім-ай!

Әңгімелескен Хазірет Әбділда 

 

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір