• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 22:24:48
Алматы
+7°

05 Мамыр, 2012 NEWS

Қанат ИСЛАМ: Кәсіпқой боксқа АҚШ-та дайындаламын

Алаш Қанаттай азаматының барына риза.  "Қамшыда" онлайын конференцияда болған үш күнде қалың оқырман соны көрсетті. Қарапайым жұрт көкейлерінде жүрген...

Алаш Қанаттай азаматының барына риза.  "Қамшыда" онлайын конференцияда болған үш күнде қалың оқырман соны көрсетті. Қарапайым жұрт көкейлерінде жүрген сұрақтарын іріккен жоқ. Порталымыздың крилица нұсқасы мен төте жазу бетінде Қанат Исалм туралы ақпаратқа жалпы мыңнан астам оқырман  көз жүгіртіп, көңіл аударды.

Қазақ намысының "Қамшыгеріне" алдағы күнедерде алар асуы биік болсын деген тілек айтамыз!  

Aрман:  Ассалаумағалейкум, Қанат. Қазақ елі сізге әрқашан тілектес. Дегенмен, АҚШ-қа кететініңіз рас па?

-  Иә, Алла қаласа жақында кетемін. Негізі «Astana Arlans» командасымен бір жылға ғана келісім-шарт жасалған. Сондықтан былтыр Әзірбайжанда өткен әлем чемпионатына «Astana Arlans» құрама командасының мүшесі ретінде баратын болғанмын. Чемпионаттың өтуіне бір апта қалған кезде қатыспайтындығымды білгеннен кейін,  командадан кету ойда болды. Дегенмен, жігіттердің өтінішімен қазірге дейін жүрдім. Ендігі жерде кәсіпқой бокстан Амеркикада дайындаламын. Негізі 2008 жылдан бері ұсыныстар көп түскен.  Қазір тиісті құжаттарымды дайындау үстіндемін. Кезінде Марат Мәзімбаев дайындалған Майамиге шамамен бір жылға бармақпын.

Бүлдірге:   Қанат бауырым, жеңіс тілеймін! «Арландардың» соңғы жеңілісінің сыры не де?

– Негізі командадағы адам қатені  өзгеден емес, өзінен іздеуі керек. Біз кейде ананы анандай, мынаны мынадай деп бағаламақ боламыз. Бұл жерде барлығымыздың жіберген қателігіміз бен кемшілігіміз болды. Бастығымыздан бастап жаттықтырушыға дейін, одан қалса боксшыларға дейін біраз кемшіліктер жібердік. Негізі менің ойымша жаттықтырушылар мен басшылар боксшыларға баса назар аударуы тиіс еді.  Түптеп келгенде, Астана арландарында мықты, кәсіби деңгейі жоғары спортшылар көп болғанымен, олардың бабын жаттықтырушылар келістіре алмады.

Нұрғали Нұртай: Ассалаумағалейкүм! Қанат аға! Туған жеріңіздегі қазақ қандастарымыздың арасынан әлі сіздей таланттар көп шығатыны анық! Үкілеген үміті сіз болып жүрген Қытайлар сіз ата мекеніңізге тартып отырғанда арттағы қандас бауырларыңызды додаға шығаруды тоқтатыпты деп естідік, Сіз елге келмей тұрып-ақ қазақтың мақтанышына айналаған азаматсыз, ата мекенге оралуыңыз біраз бауырларыңыздың бағын байлап кеткен жоқ па?

– Бұл жерде біреудің өмірі біреуге байланып қалған ештеңесі жоқ. Бәрі бір Алланың қолында. «Келем» деген жігіттердің біразын елге әкелуге атсалысып жатырмыз. Кытайдың спартакиадасына қатысып, содан соң келем деушілерде бар. Біреудің жолын біреу ешқашан кесе алмайды. Сондықтан мұндай пікірмен келісе алмаймын. Бәлкім, кейбіреулері бір екі жарысқа аз барған шығар. Сол үшін жолы жабылды деу қате.

KazakhBoy: Қанат, сенің Лондон олимпиадасына қатыса алмай қалуыңда қандай да бір сырлар бар ма? Оған Қытай елінің әсері болды ма, жоқ әлде біздің өз қазағымыз ба?

–  Лондонға бара алмай қалуыма тікелей Қытай үкіметіне себепші болды. Қазақстандағы жанкүйерлерім барлығы дерлік бір кісідей атсалысты. Елбасымызға ғана бармадық. Қалған лауазымды тұлғалар өтініштерін жазып, қолдарын қойғандарын өз көзіммен көрдім.  Қытайдің ішінде өздерінің заңы бар. «Қытайдың құрамасында болғандарға, олимпиадаға қатысқандарға  шетелге шығуға болмайды» деп қызыл мөрді тарс еткізіп басқан. Қытайдың 2012 жылғы Лондон олимпиадасына дайындаған спортшыларының бірі мен едім. Қазір Қытай қатты қобалжулы. 2008 жылы олимпиадаға 10 боксшы жолдама алса, биыл  6 спортшы ғана зорға иеленді. Сол алтауының ішінде біреуі жүлде алса алады, алмаса олда жоқ.

Бірқазақ: Құрметті Қанат Исләмұлы, тарихи отанға бір жолата көшіп баруды қай кезден бастап ойға алдыңыз, қандай бөгеттер болды? Қазақ боксының қазіргі деңгейі қандай, болашаққа қандай дайындықтар керек? Қазір отбасыңыз туралы, келін туралы айта кетесің бе ?

– Он бір жасымнан бастап, Үрімжіде жүрдім. Қазақстанның бар екенін естиміз, отанымыз бар екенін білеміз.  Қазақстанға кету ойда болды. Дегенмен, көп ұлттың әсері ме, ерекше намысшыл болады екенсің. Өз ұлтымның жағдайын ойлап, Қытайдағы мәртебесін көтеріп кеткім келді. 2004 жылы Қазақстанға кетпекші болғанмын. Бірақ, дәл сол кезде Қытай кұрамасында едім. Кетсең «қашқын» атанатының сөзсіз еді. Бас-аяқсыз, ел жұртты улатып-шулатып тастап кету жігіттікке жатпайтын нәрсе. Ал 2009 жылы ұстазымның тілегін жерге тастай алмадым. 2010 жылдың басынан тиісті құжаттарды дайындап, Қазақстанға келдім. Бөгеттердің болуы қалыпты жағдай.

Меніңше, қазақ боксына үлкен өзгерістер енгізу қажет. Көптеген жаттықтырушылар Кеңес дәуіріндегі қатып қалған қағиданы ұстанады. Негізі бұл дұрыс емес. Спорт деген медицина сияқты күнде  дамып жатыр. Ескі қағида мен жаңа әдіс-тәсілдер қарама-қайшы келуде. Өзге елдерден тәжірибе жинақтап, үйренуіміз керек. Құр айқаймен ештеңе өнбейді. Спорт медицинасын дамытқанымыз жөн. Жастарымызды шетелге оқуға жіберіп, шеберліктерін шыңдауға тиіспіз. Спорт медицинасы дамыса ғана, жақсы көрсеткіштерге қол жеткіземіз.

Құдайға шүкір, Қазақстанға келіп шаңырақ көтердік. Мансұр деген ұлым бар. Келіннің есімін айтпай-ақ қояйын.

Көзая: Ассалаумағалейкум, Қанат аға! Естуімше сізді Лондон олимпиадасына қатыса алмайтын болды дейді. Сонда халқаралық дене-тәрбие орындарына пара беріп болса да қатысуыңызға болмады ма?

– Ол жерде пара деген әңгіме жүрмейді. Түгел дерлік саясат дер едім.  Басқалар тас санаса, қытайлар құм санайды. Олардың жүргізетін идеологиясы өте күшті. Қытай құрамасында жүрген кезде: «Сендер тек ел үшін қызмет етулерің керек. Бағып-қағып, тәрбиелеп, өсірдік. Сондықтан сендерде бірінші орында тұрмыс емес, мемлекет тұруы тиіс» дейтін. Егер мен Лондонға барар болсам, ондағы көптеген лауазымды тұлғалар орыннан кетер еді. Сондықтан жол берген жоқ.

Қазақ боксында пара береді деген әңгімені көп естиміз. Бұл рас па?

– Егер әңгіменің жетегіне кете берер болсаң, шындықтан адасып қаласың. Өз басым біреудің пара беріп жатқанын көрген емеспін.

Қазақ: Қанат сен Астана арландары құрамына кіргенде саған қазақ елі үлкен үміт артып еді. Бірақ шыны керек жырғатпадың. Не болды бап келіспеді ма?

Сылтау айтсаң, айтар нәрсе өте көп.  Негізі адам өзінің   кемшіліктерін  мойындау керек. Қанша уақыт бойы жақсы нәтиже көрсеткеніммен, өзге түгіл өзімді-өзім әлі күнге толық тани алмай жатырмын. Әзірбайжандағы чемпионатқа дайындалу барысында «Astana Arlans» командасының біраз жаттығуынан қалып қойдым. Кінә іздеу керек болса өзімнен ғана іздеймін.  Алла бұйыртса, алда әлі де жарыстар болады. Сол жарыстарда өзімді дәлелдеймін.

Казығұрт: Ассалаумағалейкум, Қанат аға! Қытайдағы қандастарыңыздың жоғын жоқтаған кездеріңіз болды ма? Жалпы, оралмандар маселесінде шеттегі кеше өзіңді өсірген елдің мұң-мұқтажын атажұртқа айта алдың ба?

– Мен саясатта жүрген жоқпын. Бірақ спорт саласында жүрген Қазақстанға келгісі келетін азаматтардың Отанымызға оралуына ықпал етсем, әкеле алсам, соның өзі ұлтыма титтей де болса тигізген пайдам. Болашақта өмірлік жұмысымның бірі осы болар деп ойлаймын. Өкінішке орай, оралман дегенді қазақ жұртшылығы басқа ұлт ретінде қабылдап жатыр. Жақсы көретіндер де, жақтыра бермейтіндер де бар. Құлдық санасы басым кейбір адамдарда өзін-өзі жек көру, жан жағына жалтақтау, басқаға еліктеу сынды сезімдер болады. Дегенмен біздер «өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанына түңілсін» деген қағиданы ұстануымыз керек.  Негізі тегі асыл азаматтар қандастарын дұрыс қабылдайды, «арам қандылар» теріс қабылдайды деп түсінемін. Ал түптеп келгенде бір-бірімізді қор санау қазақты масқаралаумен бірдей.

Тататуңға: Ассалаумагалейкум, бокстан басқа қандай өнерге қырыңыз бар?

–  Бокстан басқа өнерге қырым бар деп айту қиындау. Ауыл шаруашылығын соның ішінде мал шаруашылығын жақсы көремін.

Төле: «Арландар» сапында өнер көрсеттіңіз, кейде төрешілер жағынан әділетсіздікке ұшыраған кездеріңіз болды. Бұл әрине әркез болатын жағдай. Дейтұрғанмен мен байқасам сіз көбінде қарсыласыңызды нокаутпен жеңуге кулшынасыз. Бірақ қарсыласыңыз әдісқой немесе мықты болғанда бұл әдіс керісінше өнім беруі мүмкін. Бұл туралы не дейсіз?

– Әркімнің техникасы әртүрлі. Қарсыластарымды әрқашанда сыйлаймын, бассалып нокаутқа түсірем деп ойламаймын.  Рингте спорт, күш сынасу сияқты ғана ұғым болады. Рингтегі жігіттер барлығы бір-бір қойдың қалжасын жеген жігіттер. «Ананы былай қылам, мынаны бүйтем» дегенге келе бермейді. Спорттың аты спорт.

Ал әділетсіздік туралы айтар болсам, боксқа қадам басқаннан бері әділетсіздіктің түр-түрін көріп келе жатырмын. «Битке өкпелеп, тоныңды итке тастама» демекші, жеңіске немесе жеңіліске бола мойымаймын. Бір жеңіспен аспанға ұшып кете алмайтының секілді, жеңілгенге де мойынсал болып жерге кіріп кетпеу керек. Бұл жігіттікке сын. Жеңілсең жеңіске қарай ұмтыл, жеңсең тағы да жеңуге еңбек ет! Жеңіс пен жеңіліс өмірдің шындығы, заңы, талабы.

Астанадан: Қанат, бокстан кейінгі бағыт қалай? Ойланып жүрсіңбе ол туралы?

– Басты назарымда – ұлтымның тағдыры. Келешекке жоспар құрмаймын. Спорттан кетсем де, келгісі келген жігіттерді қолдаймын.

Иман: Дін талаптарын, Аллаһтың парыздарын қаншалықты орындап жүрсің?

Арғы аталарымыз діндар кісілер болған. Құдайға шүкір бес парызды орындауға тырысып, бес уақыт намазымызды оқып жүрмін.  Намазға жығылғаныма 4-5 жылдан асты. Әкем жеті жасынан бастап арабша оқыған.

Бір қырсық: Қанат қалталы әулеттің қызын алды деп естідім, сол рас па? Сосын, Бауыржан Оспанов нақты қандай көмек көрсеткенін білгім келеді?

– Атажұртыма алғаш келе салғанда жалғызсырағандай болдым. Содан үйленуге бел буып, «маған жар керек» деп бауырларыма қолқа салдым. Бастысы ата-анасы намаз оқитын мұсылмандар болсын деген тілегімді айттым.   Содан 3-4 қызбен кездесуге тура келді. Ақыры қазіргі жарыммен отбасын құрдым. Бірінші рет кездескенде көңіліме ұнағандықтан, екінші жолы бірден қыздың әкесімен жолықтым. Үшінші жолы құда жақтың мақұлдығын алып, үйлендік.

Бауыржан Оспанов маған ғана емес бүкіл қазаққа қамқор бола алатын азамат. Ол кісі қара басының қамын ойлап жүргендердің қатарынан емес.  Отанын тастап, шетелде қашып жүргендер бұл кісінің қолына су құймақ түгілі, аяғын сүртуге де жарамайды.

Қанат: Қанат Алла ұзақ ғұмыр берсін. Жұдырығың қарсыласыңа шойын болып тисін. Сен додаға кіргенде миллион қазақтың бірі ретінде тынысымды алмай,тақымымды қысып отыратын қазақтың бірімін!!!! Әрине өз ақылың өзіңе жетер жігітсің ғой. Дегенмен, қолғапты шегеге ілетін кез жетті деп ойламайсың ба?(күшім азайды-ау деп) арландар сапында биыл шынымен де жақсы ойын өрнегін көрсете алмадың!!! Капитандықтан ертерек бас тартуың керек еді, амал не?! Сенгеніміз селге кетті…Меніңше осындай елге сыйың тұрғанда үлкен спортпен қош айтысқаным жөн-ау еп ойламайсың ба?

– Маңдайыма жазылған  бұл да бір тағдыр. Мен ертең жеңетінімді немесе жеңілетіндігімді білмеймін. Бірер жеңіліс үшін бокспен қоштасар болсам, мен бастамай жатып-ақ аяқтап тастап кетер едім. Спортшыға сын көтере алмау, жеңілістің ащы дәмін көтермеу жараспайды. Әзірге боксты тастамаймын.

Рушыл:  Қай туғансын Қанат?

– Қазақпын.

Бек: Ассалаумағалайкум, сізге Алла медет берсін! Шәкірт тәрбиелейсізбе?

– Шәкірттерді әзірге әкеліп жатырмын. Болашақта тәрбиелейтін шығармыз. Туған ағам жаттықтырушы болғаннан кейін кейбір боксшыларды жарыстарға қатыстырып жатырмыз. Жақында ғана бір оқушысы үшінші орынды иеленді.

Zevs: Боксты таңдағаныңызға өкінген кезіңіз болды ма? Жеке отбасыңыздың өміріне қауіп төнген кез басыңыздан өтті ме? Айта отырсаңыз

– Боксты таңдағаныма өкінген кезім болған жоқ. Отбасыма қауіп төнген кез болмады. Құдай сақтасын!

Діншіл: Соңғы кездері бокста жолыңыздың болмай журуіне кайын жұртыңыздың катысы бар ма  немесе дін жолын қатты ұстанып кеткен жоксыз ба?

–Олардың менің кәсібіме ешқандай қатысы жоқ. Алға қарай жетелемесе, артқа тартпайды.

Казақбай:Тоқал алу ойда бар ма? Қазаққа сіз сияқты азаматтардан көп ұрпак керек кой!

– Қазірге ондай ой жоқ. Келіншегім өзі он ұл тауып беремін деп отыр(күліп).

Анар: Мен сізге ғашыкпын, Қанат аға! Қазақтың қанша қызына жар бола алам деп ойлайсыз? Шын айтам, түсімде жиі көрем…

- Қанша қызға жар бола алатынымды білмеймін. Ниеттеріңе рахмет! Алла разы болсын!

Жалпы, мен маххаббат деп жүрер болсам, боксты тастап кетуге тура келеді. Маххабат деген екі жастың бірі-біріне деген адал сезімі мен шын құрметі және сыйластығы. Бір жаттықтырушым: «Үйленіп болғаннан кейін де жақсы көріп қалады екенсің» деуші еді. Бірақ, махаббат түсінігін ер азамат жігіт ретінде дұрыс қабылдау керек. Ананы жақсы көреді екем деп анаған, мынаны сүйеді екем деп мынаған жүгіру дұрыс емес.

Әсен: Лондон олимпиадасына қатыса алмағаныңызға өкінесіз бе?

– Ия, өкінемін. Сонау шет елден үлкен мақсатты көздеп келгенде арманыңа бір қадам жетпей қалғанда қалай өкінбессің?!

Балбота: «Астана арландырының» болашағы бұлыңғырлау сияқты. Ендігі бағытыңыз қалай болады?

– «Астана арландарының» барлық жаттықтырушылары жаңалану керек деп ойлаймын. Сонда ғана оң нәтиже болатын шығар. Ал командадан кету деген мәселе бір жыл бұрын шешілген.

Дүйсенәлі Шәмек: Бір ұлттың өкілі ретінде халықаралық додаға түсу қаншалықты қиын?

– Бастысы көп еңбек ету. Себебі ұлттың намысын арқалау өте қиын.

Қаба қыраны: Қанат бауыр, амансың ба? Қайда жүрсеңде аман бол! Мен өзіңнің туған жерің Қаба ауданынан боламын. Өзіңді кішкене кезіңнен көріп жүремін. Сонда Қабаға туысшылап келіп тұрасың ба? Келіп тұруыңды шын жүректен тілейміз.

– Ия, бұйыртса барып тұрамын. Өйткені Қаба менің туған жерім. Қазірге Қытай елі ол жақтағы азаматтық тіркеуімнен шығара қойған жоқ. Оның үстіне мұндада тынымсыз тірлік. Туған жерге қайырылмай кету мүмкін емес. Құдай қаласа, сол жақтағы туыс-туғандардың жүздерін көріп, бір шәй беріп қайту ойымда бар.

Рысгүл: Боксшылардың ішіндегі жақын достарыңыз кімдер? Қатарластарыңыз дегендей... Кәсібіңіздегі идеалыңыз кім? Оқырманға айтар тілегіңіз!

–  Мұхтархан Ділдәбеков ағамнан бастап, Қазақстандағы біраз жігіттермен аға-бауырдай араласамын. Өйткені, біз көптеген қиыншлықтарды бірге өткіздік. Жеңіп қуанғанда, жеңіліп қайғырғанда бір-біріміздің жанымызда болғанбыз.

Менің идеалым - Бейбіт Шүменов.  Одан басқа мықты боксшылар бар емес пе деп жатады. Өзгенікі бізге керек емес. Алаш баласын ұлықтап, ардақ тұта алмасақ, бізді ешкім сыйламайтын болады.

Бастап жатқан жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Оқырмандарда аңғарған болар, ешкім қара басын ойлап, сайт ашқан жоқ. Көздеген мақсатымыз, ойға алған биігіміз – тек қана қазақтың мүддесі. Бар қазақтың қамын ойлайтын ұл-қыздарымыз көбейсе ғана байқуатты ел бола аламыз.

  Әзірлеген Рысгүл Рамазанова
Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір