02 Қазан, 2014 Саясат
Ресеймен әріптестік - орыс экономикасына донор болу
Әлемдік экономикада соңғы уақытта адамзаттың назарын аударып отырған бірнеше маңызды заңдылықтарды байқауға болады. Солардың ішінде ең маңызды екеуін атап...
Әлемдік экономикада соңғы уақытта адамзаттың назарын аударып отырған бірнеше маңызды заңдылықтарды байқауға болады. Солардың ішінде ең маңызды екеуін атап өтер болсақ, біріншісі - ешқандай саяси кездесулерге қарамастан Ресейге қатысты санкциялардың тоқтатылмауы. Екіншісі, мұнай құнының құлдырауы. Бұл құбылыстар арасында себептік байланыс ондай айқын болмағанмен, саралап қарасақ екеуін де жүзеге асырушы АҚШ екендігін байқаймыз. Себептері мен салдары әр түрлі болғанымен бүгінде бұл әрекеттердің негізгі мақсаты айқын. Ол Ресейді тізе бүктіру және Ресейдің ішкі және сыртқы саясатын әшкерелеу.
Санкциялар саясаты қайда апарары белгісіз болғанымен, оның зардабын Ресей тартып отыр.
Дәл бүгінгі күні Ресей ештеңеге қарамастан өзінің Украинадағы мүдделерінен бас тартпайтындығын аңғартуда. Дегенмен бұл сценарийдің жалғасы қандай болмақ? Осы сауалға жауап іздеп көрелік.
Басты мәселе, Ресей мен АҚШ арасындағы тайталас Батыс әлемі мен Ресей арасындағы таласқа айналып барады. Бүгінгі күні Ресейге қатысты экономикалық санкциялар саясатына Батыс Еуропа елдері мен Канада, Австралия сынды мемлекеттер де қолдау көрсетіп отыр. Әрине, Ресей өзінің ұлыдержавалық амбицияларының нәтижесінде түскен осы күрделі экономикалық қарсыластықты батыс пен шығыс қақтығысына айналдырғысы келгенімен, бұл саясат нәтижелі болды деп айту қиын. Ресей өзінің ең жақын одақтасы деп жарнамалап жатқан Қытай Халық Республикасының өзі бұл жағдайда бейтараптық сақтап отыр. Иә, Қытай Ресей газын тұтыну туралы шартқа қол қойды, иә Қытай Сирия мәселесінде Біріккен ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесінде «қалыс қалды», иә, Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымының шеңберінде әскери жаттығулар өткізді... Бірақ бір минут та Қытай өзін «Ресейдің қолдаушысы» ретінде жарияламады. Ресейдің санкцияларының нәтижесінде нарығына кіре алмай қалған еуропалық азық-түлік өнімдерін жеткізуге келісім берген Үндістан, Түркия, Бразилия секілді елдер бұл шараға ұлттық экономикасын қолдау үшін бара жатқандығын жасырмайды. Тіпті Беларусь секілді Ресейдің жақын одақтастарының өзі бұл дағдарыста өздерінің «бейтараптығын» жариялап үлгерді. Сондықтан бұл таласта Ресейдің «одақтастары» бар деп айтуға болмас.
Келесі мәселе - бұл санкциялардың тысында қайшылықты құбылыс мұнай бағасының арзандауымен тұспа-тұс, мұнай өнімдерінің ішкі нарықта қымбаттау үдерісі байқалуда. Бұл, алдымен, Ресей нарығындағы бәсекелестіктің әлсіздігі мен монополизмнің басымдығын көрсетуде. Яғни мұнайдан түскен табыстардың көлемі төмендегендіктен ресейлік мұнай өндірушілер өз табыстарын мұнай өнімдері есебінен толықтыруға мәжбүр болып отыр. Бұл жағдайда әлемнің Ресей мұнайына тәуелділігіне қарағанда, Ресейдің өз мұнай өндірушілеріне деген тәуелділігін көрсетеді. Демек, бүкіл әлемді мұнай құбыры арқылы қадағалауға тырысқан Ресей экономикасының өзі толықтай дерлік шикізат экспортына тәуелді екендігі анық көрінуде. Тарихи шолу жасар болсақ, Ауғанстанға әскер кіргізген КСРО-мен күресте АҚШ осы мұнай бағасын төмендету саясатын ұстана отырып қарсыласының экономикасын әлсіреткендігі белгілі. Нәтижесінде Кеңестер одағы ыдырауына негіз қаланды. Жағдайдың сорақысы мұнай бағасының төмендеуінен зардап шегіп отырған жалғыз Ресей емес, Қазақстан секілді көршілері де болып отыр.
Үшіншіден, Ресей экономикасы бұрын-соңды болмаған «капитал қашуын» тіркеуде. Тиімсіз инвестициялық саясат, мемлекеттік реттеу механизмдерінің қуаттылығы, саяси мүдденің экономикалық мүддеден басымдығы тек шетелдік инвестициялардың келуін шектеп отырған жоқ, ресейлік инвесторлардың өзінің инвестицияларын сыртқа шығаруға ықпал етіп отырған факторлардың бірі болып отыр. Нәтижесінде елге келетін валюта көлемі қысқарып, Ресей рубліне сұраныс төмендеуде. Мұны өткен аптадағы Ресей рублінің девальвациясынан байқауға да болады. Бұл көрші мемлекеттерге, соның ішінде Қазақстанға да ықпал етпей қоймайды. Инфляция деңгейінің жоғарылауы нарық заңдылығы. Бұдан әлде қайда күрделі нәтиже елдегі ақша тапшылығы. Ресей Үкіметі шетелден келген инвестициялардың азаюына байланысты ірі инвестициялық жобалар мен ауыл шаруашылығын қолдау үшін өздерінің ұлттық қорларындағы қаражатты жұмсауға мәжбүр екендіктерін жариялады. Осы уақытқа дейін Ресей экономикасының бәсекеге қабілеттігін нығайтып, сыртқы қарыздарын қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық қор қаражатын бұл мақсаттарға жұмсау үкімет қолындағы реттеу механизмдерінің азайғандығын көрсетеді. Ал, ең сорақысы Ресей соңғы жылдары экономикалық өсімнің қарқындылығын қамтамсыз етіп, экономиканы әртараптандыруға ықпал еткен жаңа технологияларды тарту мүмкіндігінің шектелгендігі сезіліп отыр. Бұл жақын арада Ресей экономикасы өсімінің төмендеуіне алып келетіндігі айқын. Бұл сөзсіз Ресей көршілеріне, соның ішінде Қазақстанға да кері әсерін тигізері анық. Ал ең бастысы бұл халықтың тұтыну қабілетіне тікелей кері әсер ететіндігі айқын. Яғни халықтың әл-ауқаты төмендейді.
Төртіншіден, Ресей аннексияланған Қырымды қолдау үшін миллиардтаған доллар шығындарға баруға мәжбүр. Қырымның Янукович тұсында әлсіреген инфрақұрылымын, қордаланған экономикалық мәселелерін шешу үшін федералды бюджет қомақты қаржы бөлуге мәжбүр. Ал бұл инвестициялардан қайтарылым болады ма? Белгісіз. Себебі, Путин президенттігінің тұсында нығайып алған мемлекеттік аппараттың тиімсіз менеджерлік қасиеттерін соңғы жылдары экономикаға қатысушы барлық субъектілер айқын сезіп келеді. Оның үстіне мемлекеттегі жемқорлықтың кең қанат жаюы, Қырымдағы инфрақұрылымдық жобалардың тиімді жүзеге асырылатындығына күмән тудырады. Бұл тұрғыдан «жалпыхалықтық референдумда» Ресей құрамына кіруге дауыс берген жаңа Ресей азаматтарының уақыт өте келе өз шешімдеріне өкінішпен қарау ықтималдығы жоғары.
Ең маңызды сұрақ, Қырымның Ресей құрамына кіруі, егемендік пен мемлекеттік биліктің жалғыз қайнар көзі болып табылатын Ресей халқына не берді? Өкінішке орай қосымша шығындар мен қымбатшылықтан басқа ештеңе берген жоқ деуге мәжбүр боламыз. Сонда Ресей түсінігіндегі мемлекеттік мүдде мен халық мүддесі екі бөлек ұғым ба? Ресей халқына осы мәселе төңірегінде ойланатын уақыт жеткен секілді. Ал Қазақстан секілді Ресеймен интеграциялық бірлестіктер шеңберінде ынтымақтастық орнатып отырған мемлекеттер үшін әріптестік қағидаларын қайта қарауға тура келетін секілді.
Шыңғыс Ергөбек
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір