• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 15:41:45
Алматы
+12°

26 Қыркүйек, 2014 Ұлы көш

Қожаберген батырдың ақ туы сақталған сандықшаны көрдік

Үстіміздегі жылдың 12-14 қыркүйек күндері Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында өткен Ер Жәнібек батыр Бердәулетұлының 300 жылдығына арналған дүбірлі асқа...

Үстіміздегі жылдың 12-14 қыркүйек күндері Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында өткен Ер Жәнібек батыр Бердәулетұлының 300 жылдығына арналған дүбірлі асқа Қазақстаннан арнайы аттанған топтың ұйымдастырушыларының бірі ретінде қатыстым. Қордың вице-президенті, белгілі кәсіпкер Жеңіс Түркияұлы басқарған автокеруеншілердің қатарында Жігер Жанәбілұлы, Жанымхан Ошанұлы, Толқын Аханұлы, Алмас Зұлқажыұлы, Қойшыбек Мүбаракұлы, Оразбек Базарбайұлы қатарлы отыздан аса азаматтар болды. Бұл туралы бұқаралық ақпараттық құралдарында айтылып, жарияланғандықтан қайталаудың қажеті шамалы.

Өлгейге барғаннан кейін бізді Алматыдан жолсерік болып барған Оңғар қажы Маусымұлы ағамыздың немере-інісі Қуанған деген азамат күтіп алып, бастаушымыз болды. «Қанына тартпағанның қары сынсын» дейтін қазақпыз ғой, жетінші атамыздан қанымыз қосылатын бұл ағайындардың қонақжай бауырмалдығын көріп, көңіліміз бір марқайып қалды. Алыс жолға «ақ тұлпарын» алқынтып айдап барған Оразбек Базарбайұлы екеуміз барған күннен сол шаңырақта болдық. Бұрында Оңғар ағамыздан Қожаберген бабамыздың қастерлі туы туралы естіген едім. Ол кісі – соңғы ширек ғасырда батырдың ақ туын қолымен ұстап, көзімен көрген жалғыз адам, сондықтан ол кісінің қасымызда болғанына қатты қуандық. Өлгейдегі ас беріп, той тойлаған топтан гөрі Оразбек екеуміздің ойымыз өзгеше болды. Біз барған күннің ертесі түс мезгілі өз жоспарымыз бойынша Бұғыты сұмының Сүттібұлақ жайлауына тарттық. Жол бойы Оңғар аға мен Қуанған ағаның таныстыруына қарағанда, 1992 жылғы Қожаберген бабамызға арнап өткізген дүбірлі ас та осы өңірде өтіпті. Он жыл бойы аймақты ағалаған Қабдолла Шілдебайұлының торы жорғасына арнап қойылған ескерткіш тас та көзімізге шалынды.

Біз  жарты сағаттан астам уақыт жүріп, киелі ту сақталған қасиетті қара шаңыраққа да келдік. Бұл батырдың алтыншы ұрпағы Жұмаштың шаңырағы еді. Ол кісі бірер жылдың алдында бақилық болып, қазіргі әулеттің ұйтқысы сексенді алқымдаған Зуқай Айдарханқызы апамыз екен.

Алдын-ала барамыз деп келісіп қойғандықтан, ешқайсысы бізді жатырқамай, жылы қабақпен қарсы алды. Басқасын қайдам, ту сақталған шаңыраққа сәлем беріп кіргеннен бастап менің ой әлемім астан-кестең болды. Баба рухына құран бағыштап, аят оқыдық. Аман-саулық сұрасып, дастархан жайылған шақта Оңғар қажы бабамыздың киесі қонған қасиетті тудың бүгінгі сақтаушы иесі болған анамызға шай үстінде Оразбек екеумізді таныстырып,  арнайы салемдесе келгенімізді айтты. Біраз үнсіздіктен кейін ғана сөзге араласып, біздің Қаба асып, Қазақстан басып, арнайы  келгенімізге разылығын білдірді. Жақында ғана бір азамат туды сақтауға арнайы күміспен қаптатып, сандық жасатып берген екен. Үлкен сандықтың құлпын ашып, ішіндегі тудың көлеміне ғана лайықтап жасаған сандықшаны алып шықты. Туды бұрын соңды Оңғар қажыдан басқа ешкімге көрсетпегенін айтып, бізге де рұқсат етпеді. Ораз екеуміз ту сақталған сандыққа маңдайымызды тигізіп, дұға тілеп аттандық. Оңғар қажының айтуынша, сандықтағы тудың биіктігі 1.50см, ені70см көлемінде екен. Қазақ-жоңғар соғысында 1731-1758 жж. отыз жыл жорық жолында желбіреген киелі ту арада жүз жылғы жуық уақыт өткенде 1869-1870 жж. елге Қызылаяқ лаңы (Чин империясының әскері) 1939-1948жж Алтай қазақтарының көтерілісіне Моңғолиядан көмекке келген Тоқай, Қалқабай, Базылдар бастаған партизандар қолында желбіреп барған).

Қазақ даласында қазірге дейін толық сақталған жалғыз ту осы Қожаберген батыр Жәнібекұлының киелі ақ туы екенін ескерсек, бұл құнды мұра рулы елдің емес, исі қазақтың қарашығындай қорғайтын қастерлісі екені анық. Қожаберген батыр жайында моңғол, қытай, орыс деректерінде көп кездеседі. Сондықтан бұл тақырып турасында алдағы уақыттарда арнайы қалам тербейтін боламыз.     

 

Талапбек Тынысбекұлы

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір