20 Қыркүйек, 2014 Спорт
Қанат Ислам: Америкадағы Қазақ елшілігінен «Уағалалейкумассалам» дегенді естігенде, Отанымның барына шексіз қуандым
Интернет-конференция: Қанат ИСЛАМ (Толық жауап)
Тұранкер: Қош келдіңіз Қанат аға! Елді сағындыңыз ба? Шетте жүргенде сіздің сағынышыңызды не басады??
- Әрине, елді сағынамын. Бірақ, ол жерде басты мақсат қазақтың намысын бермеу, нәтиже мен табыс. Ол үшін көп жаттығу, тынбай еңбектену керек. Шынын айтсам ел-жұртым деп сағынуға уақыт та таба алмайсың.
Арыс: Ассалаумағалейкүм жерлесім, бала кезіңде, Қабада сендермен бірге Абзал дейтін бала дайындалған ба еді? Әнші Қажымұратпен араласып тұрасың ба? Рахмет!
- Уағалайкүмассалам! Абзал қазір Алматы қаласында. Екі балаға әке болып, аман-сау жүріп жатыр. Қажымұрат ауылдасым ғой, жақсы сыйлаймын.
Айна: Амансыз ба Қанат аға?! Сіздің елге келгеніңізді естіп қуанып қалдық, АҚШ-тағы күндеріңіз қалай өтті, сіздің қол жеткізген жеңістеріңізге дән ризамыз, әр қашан сіздің жеңіс туын желбіреткен кезіңізде марқайып қаламыз, талмаңыз аға, жеңіске жете беріңіз!?
- Тілегіңізге рахмет! Ол жақтағы күндеріміз тек қана дайындықпен, тынбайтын жаттығумен өтті, әр сәтім жеңіске деген ұмтылыс қана.
Дастан: Аман оралдыңыз ба батыр бауырым, маған сізге АҚШ-тағы жасалатын күтімнің жайы қызық, қанша дегенмен де жылы жұмсағын алдыңызға тосатын анаңыз қасыңызда емес, қазы-қарта, жал-жаясын дайындайтын көп қазақ та жоқ онда, жалпы денсаулығыңыз қалай? Ол жақтағы күтім көңілдегідей ме??
- Аллаға шүкір, денсаулығым жақсы. Әрине, қазақтың қанына сіңіп кеткен тамағы - қазы-қартаны сағынасың. Біздің ел «өлесің» деседе ет жейтін халық қой. Дегенмен, ол жақтағы негізгі тамақ балық пен тауық және түрлі көкөніс. Менде тамақ таңдап жеу құқығы жоқ, талап етілген тамақты жеймін. Күтім ойдағыдай, алаңдаушылығыңызға рахмет!
Кемел Қаратай: Қанат інім, қалың жақсы ма? Айналайын жалының сөнбесін, арының басылмасын! Бұл жолы қанша уақыт болмақсың елде, мұнда қашан бір жола келесін, көңіл-күйің қалай?
- Жақсымын аға. 20 қыркүйек менің промоутерім келеді, 30-ына дейін бірге қайта ұшып кетуіміз мүмкін. Өйткені маған демалуға болмайды. Бір күндік демалысым 10 күндік жаттығу еңбегімді жоғалтады. Көздеген биік, алға мақсат орындалса, шетелде бір күнде тұрмаймын.
Жексен: Қанат, сіздің соңғы жекпе-жегіңізде “Аллаһуакбар! Алға, Қазақстан!” деп айғайлағаныңызды естіген сәтте ерекше тебіреніске түсіп кеттім, сіздің қарсылас шыдатпайтын білегіңізді емес, Қазақстанды, Қазақты сүйетін жүрегіңізді қатты сыйлаймын, әмәнда аман жүріңіз, мерейіңіз үстем бола бергей, қасқайып бар Қазақтың қанаты болып жүре беріңіз! Қоятын сұрағым, шетелдік БАҚ сізден жиі сұхбаттар ала ма? Шетелдің басылым беттері сіз туралы қалай жазады??
- Пейіліңізге алғыс білдіремін. Иә, менің жеңістерім туралы «Доминика Колумбия», «Экуатор Америка» басылымдарында шыққанын естідім. «Келді, қысқа уақытта үлкен нәтижелерге жетті, рекордтарға қол жеткізді» деп жазып жататын көрінеді.
Дүйсенбек: Ассалаумағалейкум Қанат аға, сізге әрқашан амандық тілеймін. Келесі жекпе – жегіңіз қашан болады және одан кейін чемпиондық атаққа таласуға мүмкіндігіңіз барма?
- Шынын айтқанда осы жолғы жарыс чемпиондыққа таласудың келіп тұрған мүмкіндігі еді. Бірақ мені әуесқой бокста бәрі танығанымен, кәсіпқой бокста қазірге мен ешкім емеспін. Кәсіпқой бокспен айналысқан екі жылдың ішінде мен басқаша Қанат болдым. Менің промоутер, жаттықтырушыларым осы атағымды қорғауым керек екенін, WBA реитингінде дәрежем тағыда көтерілуі керек екенін айтып, чемпиондық сайысқа жібермей отыр. Келесі кездесуден кейін чемпиондық атаққа таласамын, Алла бұйыртса. Ендігі кездесуді қазанның 30-ы деп жоспарлап отырмыз, өзгеруі де мүмкін.
Аманжол: Туған жұртыңыздың, отаныңыздың тағдырына алаңдайтыныңыз анық, негізінен қандай қазақ баспасөздерін қарайсыз, кітап оқуға, интернет қарауға уақытыңыз болып жата ма?
- Әрине, уақыт бола қалған кезде Қазақ елінің жаңалықтарын, Қытай қазақтарының басында болып жатқан оқиғаларды қалт жібермей оқып отырамын. Өйткені өз елімнің тағдыры әрқашан назарымда. Елден жырақта жүріп, бейжай отыра алмайсың.
Алтынбек ТӨРЕ: Ассалаумағалейкүм, Қанат бауырым! менің өзіңе қоятын 3 сұрағым бар еді: 1) енді шамамен қанша кездесу өткізуің керек чемпион болуың үшін? 2) Неге біздің елден барғандардың барлығы WBA тұжырымы бойынша бокстасады? неге WBC-тен бастамайды немесе сол тұжырымның чемпионы болуға талпынбайды? басқа тұжырымның чемпиондығына таласуға қандай кедергілер бар? 3) Үшінші сәбиің АҚШ-та дүниеге келіпті, бауы берік, өскенде саған серік болсын! АҚШ заңы бойынша ол бірден сол жақтың азаматтығын алды. болашақта балаларыңды АҚШ-та қалдырып, сол жақта біржолата өсіріп, сол елдің жергілікті тұрғыны қылу жоспарда бар ма?
- Алғашқы сұрағыңызға жоғарыда жауап берілді. Чемпиондық атаққа келесі бәсекеден соң-ақ таласа аламын. Ал, тұжырымдама бойынша ешқандай кедергі жоқ. WBC, WBA, WBO, IBF тұжырымдамаларының кез келгенін таңдауыңа болады. Дегенмен боксшының келісім-шартқа отырғаннан кейін таңдау құқығы болмайды. Басында жұмыс қалай басталды, солай кете бересің. Оның үстіне бірден бәріне шамаң келмейді, дәрежең көтеріліп, көп кездесу өткізсең кез келгенін алуыңа болады. Мысалы Генадий Головкин біреуін алып, енді екінші тұжырымдамада бокстасып жүр. Менің де келесі жылдан бастап WBC бойынша бақ сынауым мүмкін. Балаларыма келсек, болашақта АҚШ-та қалмайды, олар да Қазақ елі үшін жұмыс істеуі керек. АҚШ-тағы жұмысым аяқталған кезде олар да менімен бірге Отанына оралады.
Зекей.Е: Қанат бауырым алла амандығыңды берсін! Мен сенің Ерлан ағаңның 新疆大学 де қатар оқыған сабақтасы болам, ағаң Ерлан қазір қайда? Егер мүмкін болса [email protected] ға қат жазып хабарлассын. Ал өзіңе қояр сұрағым әрі тілегім алла қаласа кәсіптік бокстан әлем Чемпионы болып арманың орындалса келесі қадам қазақ жастарына бокстан жеке мектеп ашу болар? әрі солай істесең деген өтінішім бар!
- Әмин, Ержан аға. Ағам Ерлан қазір осы жақта, елге келіп еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп жатыр. Ол кісінің біраз уақыт бұрын осы «Қамшы» порталында сұхбаты жарияланды. Мақсат еткен жеңістерге жеткен соң мен де қара домалақтарды шынықтыруға ден қоятын боламын.
- Көкшоқы: Қанат қазақ! Мен сені осылай атағым келеді. Сен қазақсың, қазақ сен. Сондықтан сенің аманатың ауыр. тек жұдырықтасып қана елдің азаматы атану аздық етеді. Бүкіл Алаштың азаттығын, Қазақстанның ертеңін ойла. Мен білемін. Шетелден келген әр қазақ өз әлінше жұмыс атқарып жатыр. Енді жұдырықтай жұмылып, қазақтың бақытты болашағын жаратуға қызмет етуге тиіссіңдер. Менің сөзіме келісесің бе? Аманатты арқалауға дайынсың ба? Ал қалың қазақ сенің арқасүйерің. Саспа!
- Сеніміңізге, құрметіңізге рахмет! Бәрі де алдағы уақыттың еншісінде. Алла қаласа ел үшін қолымыздан келгенін аянып қалмаймыз.
Алаң: Тәуелсіздік ең ұлы құндылығымыз десек те,осы 23 жылда қазақ сиырдың бүйрегіндей қырыққа бөлінді. Таза қазақ, шала қазақ, оралман қазақ, жергілікті қазақ, салаф қазақ, софы қазақ…. қойшы, қолына түссе бір-бірін аяйын деп отырған жоқ. Өзің қандай пікірдесің? Қашан, қалай бір ауызды, бір тілекті боламыз. Еліміздегі діни ахуалға көзқарасыңды білгім келеді. Алда-жалда Алаштың өзі діни алауыздыққа ұрынса, қай ұстанымда боласың?
- Біз мемлекеті бар ұлтпыз және осы мемлекетті ұрпаққа аман жеткізу – кез келгеніміздің мойнымыздағы парыз. Мемлекет бәріміздің үйіміз, алауыздыққа ұрынып, өз үйінен далаға жүгірген адамға не деуге болады?! Уақыттың сынынан өтіп, тек бірліктің ғана қазақты «ұшпаққа» шығаратынын шын түсінетін кез келеді деп ойлаймын.
Орыс: Өзге саладағы “Қанат Исламдарды” атай аласың ба? әлде шетелден келген қазақ тек спортта ғана өзін дәлелдеді ме?
- Шетелден келген бауырларымыздың арасында өз саласының майталман мамандары аз емес, оны санамалап жатудың қажеті де жоқ. Олар әлі де еліне еңбек етеді, әлі де шетелде жүрген мықты қазақтар елге келеді.
Абылай: Елдің үміт артқан азаматы ретінде Қазіргі Қазақстанның ең үлкен үш артықшылығы мен үш кемшілігін атап берші…
- Қазақ елінің өзгелерден озық тұстарын үшеумен шектеу қиянат болар. Ал мені ең алаңдататыны жоғарыда айтқандай қазақтың ауыз біршілігі мен ана тілінің бүгінгі жайы. Сондықтан, кез келген қазақ азаматы «менікі ғана дұрыс» дегенді қою керек. Ал өз елінде, өз Отанында жүріп өзге тілге ерік берген, ана тілін аяққа таптаған азаматтарды түсінбеймін. Тіл – әрбіріміздің абыроймыз, беделіміз және ұрпағымыздың болашағы. Тілімізді сыйлата алмай отырып, өзімді сыйла деу – бекершілік.
Ертуған: Біздің қазақтың ғана спортшылары, өнерпаздары саясатқа сараң келе ме? әлде аш пәледен қаш пәле деп жүре бере ме? Неге ел намысы таразыға түскен сәттерде бір ауыз “мыңқ” етуге жарамайды? Путин мемлекетің жоқ деді, Жириновский Қазақстанды басып алу керек деді… ойына келген оттап жатыр. Осыларға жауапты тек журналистер ғана беру керек пе?
- Мен азамат ретінде ел намысын көтеруге қашан да дайынмын. Ал спортшы ретінде айтар болсам, мені әлі әлем таныған жоқ. Бірдеңе айту үшін сөзіңнің далаға кетпегені, сөзіңмен тыңдаған жұрт санасатын болуы керек. Бұл тұрғыдан менің саясатқа араласуым әзірге ерте. Бірақ тарихтың таразысы, өсіп келе жатқан ұрпақ – мемлекеттілігіміз туралы айтылған әрбір сөзге жауап алатын болады.
Әлижан: Келесі кездесуіңіз 13 қазанда болады деп естідік, кіммен жұдырықтасатыныңыз шешілді ме? Жеңістеріңіздің экономикалық пайдасы қаншалық?
- Менің кездесуім 30 қазанға жоспарланғаны туралы жоғарыда айттым, менімен колумбиялық және америкалық екі боксшының біреуі кездесуі мүмкін. Алайда кіммен жұдырықтасатынымды мен шешпеймін. Мен бақ сынап жүрген WBA тұжырымы боксшыларды өздері саралайды. Олар әрине ұпайлары, жеңістері жағынан деңгейлес боксшыларды бәсекелестіреді. Әзірге жеңістерімнің экономикалық кірісі болған жоқ.
Мұхтар: Ассалаумағалейкүм Қанат мырза, сіздің қанжығаңыз әр майланған сайын біз де қуанышқа көміліп жатамыз, қуанып қана қоймай Алладан амандығыңды тілеп жүреміз, иләйім ешқашан мысың құрымасын! Сұрағым араға бірнеше жылдар салып, амандық болып осы бокстың бар белесін бағындырсаң елге келіп, ел тізгінінің бір шетінен ұстау туралы ойладың ба, мен сені Украинаның Виталий Кличкосы сияқты көремін, сен сияқты жігіттер қашан да елге керек, себебі елді ақылды, ақшалылар ғана емес айбарлылар да басқару керек! Бұлай деп мойныңа көп жүк артсам айып етпе, алайда сен әлі де Қазақтың биігінде жарқырайтын жұлдызы бол!
- Ыстық ықыласыңызға үлкен рахмет! Шындығын айтқанда бәріміздің істеп жүрген жұмысымыздың түпкі мақсаты - елге бір септігі тисе екен деген талпыныс. Ертең бұл жерде сіз бен менің ұрпақтарымыз, ұрпағымыздың ұрпақтары алаңсыз өмір сүруі керек, ол үшін біз оларға бірдеңе қалдыра алуымыз қажет. Бұл тұрғыдан мен де қолымнан келгенін аянып қалмайтын боламын. Неге біз орысқа жалтақ болуымыз, болмаса басқа біреу келіп неге бізге үстемдік көрсету керек? Осы себептен де бәріміз басқаларды бізбен санасуға мәжбүр етуге тиіспіз, ол үшін әлі көп тер төгілуі керек. Әрбір азамат өзі ісінде «шыңға» шығып, мықты қазақ екенін дәлелдей алса біраз мәселелер өздігінен шешілетін болады.
Ақылбай: АҚШ жерінде жүргенде жадыңа не түйдің Қанат, не үйрендің жат жерден, Қытайда болдың, АҚШ-та болдың, Қазақстанның олардан ең басты қабылдау керек тәжірибесі не болуы мүмкін, Қазақстанды айтып мақатанайын десең мақтанатын ештеңе таппай қалып қысылатын кездерің бола ма?
- Қытайды алып қарайтын болсақ, олар дамуының алғашқы қадамдарында ынтымақты, тыныштықты ұран қылып жіберді. Соның арқасында он жылдың ішінде әлем санасатындай тауар өндіруші держава болды. Сөйтіп тыныштықтың, өзара ынтымақтың жемісін көрді. Ал, Америкаға қызығатыным - ондағы адамдар өздері жасап жатқан мемлекеттің заңын қатты құрметтейді, қатал бағынады. Бұған әрине Америка өзінің мемлекет болып құрылу жолындағы бірнеше ғасырда әрең қол жеткізді. Ал бұндай мемлекеттерде өзіңнің жаңадан ғана қабырғасы бекіп келе жатқан мемлекетіңмен мақтану қиындау. Ең бастысы - еліміздің іргесін шайқалтып алмауымыз керек.
Назгүл: Қанат аға жарайсыз! Бұл жақтағы Бақтияр Артаев, Ардақ Назаровтар сізге хабарласып қаліңізді біліп тұра ма?
- Иә, аман-саулығымызды біліп, жағдай сұрасып тұрамыз.
Жулдыз: Майамиде дайындық қай тілде болады сіздерде, ағылшыныңыз қалай, жетіліп қалды ма? Балаларыңыз ержетіп келеді, ол жақта қазақ аз, олардың тәрбиесін қайтып жатсыз, тілдері қазақша шығып жатыр ма?
- Дайындық ағылшын тілінде жүріледі. Сондықтан өз салама, күнделікті тұрмысқа қажетті сөздерді игердім. «Ағылшыншам» күннен күнге жақсы болып келеді. Ал балаларым қазақ тілінде сөйлейді, қазақша ойлайды. Өйткені біз отбасымызда тек қазақ тілін ғана қолданамыз. Оның үстіне жастары әлі кішкене, мектепке бара қойған жоқ.
Берікбол: http://qamshy.kz/?p=63 Мына сілтемеде осы сайтпен алғашқы интернет-конференцияда болғаныңызда: – егер, Лондон олимпиадасына барсам Қытайдағы біраз лауазымды орнынан кетер еді депсіз. Жалпы Қытайға барып тұрасыз ба, ол жақта бірге дайындалған, бірге жүрген ұлты қазақ емес достарыңыз барма?
- Әрине, айтады ғой, «Ұлттың жаманы жоқ, адамның жаманы бар» деп. Құдайға шүкір екі елдің ынтымағы жақсарып келеді. Қытай болсын, ұйғыр болсын жақсы достарым бар, хабарласып, халімді білім тұрады. Спортта бірге болған барлығымен дос ретінде, адам ретінде жақсы сыйласып тұрамыз.
Шоқпар: Рио-де-Жанейрода 2016 жылы болатын жазғы олимпияда ойындарына қатысасыз ба аға, Қазақстан атынан шығатын шығарсыз иә?!
- Қатыспаймын.
Оралбек Алмас: Алаш аспанынан ұшып, мұхиттың арғы жағында жұдырық түйістіріп жүрген бауырымыз үшін барлық қазақ мақтану керек. Жарайсың қандас, тек қана алға!!!!!!
- Рахмет, Алмас.
Ауыт Мұқибек: ҚАНАТ ИСЛАМҒА
Қанат інім қай құрлықта жүр екен,
Алаш жұрты, оған жеңіс тіле сен!
Кесең егер толып тұнық бақытқа,
Десең егер шын жарысқа ілесем!
Уақыт өзі арнасымен дөңгелер,
Шын батырға асқар шың да жол берер.
Сен емес пе ең, анау алыс қиырдан,
Қазақстан, қайдасың деп келген ер!
Шын батырсын, Оспандайын батырсын,
Бес құрлыққа жетті сенің атың шын.
Қазақ туын желбіретіп биікте,
Кездескенді қырып келе жатырсың!
Өміріңе қойған жансың белгі сап,
Сен отырған санаймын мен төрді тақ!
Бір қысуға жарамады сені кеп,
Ильяны құшақтаған Кең құшақ!
Емес едің сен, әрине, бөтенім,
Жетпегенін кешесің бе жетенің?!
Бір сүюге жарамады сені кеп,
Манезаны сүйген анау От ерін!
Сені алып Өр Алтайдан шыққан жол,
Ары асырды қаласынан Ыстамбұл.
Бір қысуға жарамады қолыңды,
Шын Шан Лоның қолын келіп қысқан Қол!..
Саған бақыт тілегенмен құрбың әр,
Шеттегі елің – шыныменен мұңлылар.
Туған Отан тұғырына тартпаса,
Бұл қорлыққа сен жыламай, кім жылар!
Бұл сұмдыққа қалай ғана шыдайсың,
Болып қалды Қазақстан түбі айқын.
Естідің бе, келе жатыр күн туып,
Бес миллион қазақ түгел жылайтын!
Соқпақ та жоқ, біз жүретін жол тұрмақ,
Депутатың шеттерінен солқылдақ.
Ниетте екен Қазақстан көз жаспен,
Құрғап қалған Арал суын толтырмақ!!! - Астана. 2013
- Ықыласыңызға рахмет, аға!
Жаныашыр Демеу: Ұстамдылық пен Сәттілік! Головкинмен бірге жаттығу жоспарда бар ма? Қазақстанды қаншалықты біледі екен ол жақта? Қазақ тілі кең көлемде өтімді, керекті болу үшін не қажет, өз талдауың?
- Әрине. Бокста мықты болуың үшін сондай мықтылармен бірге жаттығуың керек. Алдағы уақытта бірге шынығу ойда бар. Ал, Американың жұрты Қазақстанды керемет біледі екен деп өтірік айта алмаймын. Олар көбінесе тек алпауыт елдерді ғана таниды. Қазақ тіліне келсек, ең бастысы, өзің өз тіліңде сөйле, сосын өзге ұлттан талап ет.
Ықылас-Қожа: Ассаламу алейкум Қанат аға! Қош келдіңіз. Сіз нағыз қазақ деп бас бармақпен мақтана көрсететін азаматсыз. Асыра мақтағандық емес, оны сіз ісіңізбен де, сөзіңізбен де дәлелдеп жүрсіз. Алланың берген күш қуатымен жеңген әр жеңісіңізге шүкір етіп қуанамын. Жаратушы Иеміз басыңызға хидаят, жүрегіңізге терең иман, білегіңізге күш-қуат берсін! Алла Тағала сізге отбасыңызға екі дүниенің бақытын берсін! Амин!
- Әмин, Алла разы болсын!
Қолқоюсыз: Сенің болатын жекпе-жектеріңді неге алдын ала хабарламайсың? Егер алдын ала қашан және қайда болатынын білсек мүмкін интернеттен іздеп көрер едік. Видеоларыңды да шығарып тұру керек. Командан және Нелсон Лопес қашан осыларды қолға алады?
- Барлығын енді қолға алып жатырмыз. Осы жолғы елге келудегі басты мақсатым да сол. Алла қалас, алдағы күнде әрбір сайысымды көре алатын боласыздар.
Е.Төлеубай: Ассалаумағалайкүм! Бұл жолы қанша уақытқа демалысқа келдің? Келісім-шарт жайлы не дейсің, 2 жылдық келісімнің уақыты аяқталды ма? Келесі жекпе-жектер кімдермен , қашан? Қаншауы белгілі әзірге?
- «2 жыл» деп кесіп айтарлық келісім жоқ. Басқа сұрақтарыңызға жоғарыда жауап берілді.
Сендеп: Қанат Ислам алдыменен қазірге дейін жеткен жетістіктеріңе құтты болсын айтамын,өзіңе қояр сауалым: Өзіңнің көтерген жекпе-жектеріңді уақыты өткеннен кейін ғаламтордан біліп жатамыз,кейде тағатымыз таусылып «Nelsons» промоутерлік компаниясымен хабарласыр мән-жайды біліп жатамыз,boxrec.com сайтына да артынан тіркеліп жатады,«Nelsons» промоутерлік компаниясының сайтының жаңалануы да өте баяу,қазір сайт жабылып қалыпты, қуанарлығы қазақстанда екі азамат өзіңнің жекелік сайтыңды ашқалы жатыпты,менің білгім келгені жекпе-жектің алды-артындағы ақпараттық үгіт жұмыста кім жауапты?
- Ақпараттық үгіт жұмыстарына промоутерлік компания жауапты, жұмыстың сапсына да солар жауап береді.
Шәдиар: Туған күніңізбен аға, сіздің үш баланың әкесі дейді, балаларыңыз туралы айтыңызшы, сізге тартқаны бар ма? Ертең боксер болам дей ме олар?
- Олар әлі кішкене ғой, мен үшін бастысы қазақ болып, иманды болып ержеткені керек. Өмірдегі таңдауларын өздері жасайтын болады.
Сендеп: Қанат өзіңнің жекпе-жектеріңді қашан HBO , Showtime қатарлы теле арналардан көре аламыз,чемпиондық белдікке алла қаласа неше кездесуден кейін , қанша уақытта таласуың мүмкін. Қазақтың көк байрағын әуелетіп,еліңді әлемге таныта бер. Әр қашан сүйіншілі хабарыңды қазақ халқына жеткізіп келдім,әлем чемпионы болуыңа тілектеспін.
- Тілегіңізге рахмет!
Сендеп: 1. Астана президенттік спорт клубымен келісім-шарт қалай болып жатыр, алда олардан қаржылай қолдау болама? 2.Басқа тұжырымда,басқа салмақта бақ сынау жоспарда бар ма?
- Менде соны күтіп отырмын, әлі шешілген жоқ. Басқа тұжырымда бақ сынау туралы жоғарыда айттым. Әрине алдағы жоспарларда бар.
Сұлтан Жанболатов: Өзіңе әлгі сүйектен мүсін жасаған жігтпен бірге болағннан соң кезіге алмадым. Бірақ бірге жүргендей-ақпын. Саған ғана емес, интернетке де рахмет! (менің блогымда http://ramazanuli.blogcn.com/ да барсың).18 жеңісіңе 18 рет қуандым десем аз айтқан болармын. Жалғыз-ақ үмітім мен тілегім бар. Ол – денсаулығыңа аса мұқият та құнтты бол! Дәрігерлер ақылын құлағыңнан түсірме! Сөйтіп жүрсің бе? Алла жар саған! Ұлтжандылық – керемет рух!
- Алаң көңіліңізге, ақ тілегіңізге үлкен рахмет, аға! Міндетті түрде кеңесіңізге құлақ асамын. Сізге де Алла күш қуат берсін! Ғұмырыңыз ұзақ болсын!
Қуатжан: Аға сіз екі жылдан бері шетелдесіз, виза мәселесін қалай шешіп жатырсыздар?
- Бәрі де заңды түрде шешіліп жатыр.
Нұрғали Нұртай: Ассалаумағалейкүм Қанат аға! АҚШ-та тұрғылықты қазақтар барын еститін едік, ол жақтағы қазақтар сізге сәлемдесіп келіп тұра ма? Немесе өзіңіз іздеп барып аралас-құраластық жасайсыз ба? Қазақстанның ол жақтағы елшілігінен сізге қолдау-көмектер бар ма?
- Әрине, ол жақтағы болсын, онда жолы түскен қазақтар болсын сәлемдесіп, ықластарын білдіріп тұрады. «Жарыстарыңа шақыр, көрейік, қолдау білдірейік» деп жатады. Елшілікпен де хабарласып тұрамыз. Қызым туылған кезде құжат жөнінен кеңес сұрап телефон шалдым.
– Алло, Ассалаумағалейкүм, - десем,
- Уағалайкүмассалам, - дейді қоңырау көтерген елшілік қызметкері. Ондай сөзді Америкада тұрып естігенде қатты толқыдым.
Керемет қой, мұхиттың ар жағындағы алып елде сенің мемлекетіңнің елшілігі бар. Саған ие болатын Отаның бар.
– Қазақша сөйлесуге болама? – десем,
- Айта бер, бауырым! – дейді. Маған одан артық не көмек керек болсын?! Бұл менің есімде қалған Америкадағы ең әсерлі жағдай.
Зарина: Сәлеметсіз бе аға! Қазақта батыр туса ел ырысы дейді, сіз бүгінде елдің намысын көтеріп жүрген батырсыз. Біздің ұлтта қай-қашанда да батырдың бірнеше әйелі болған, сізде жеңгеміздің үстінен әйел алу туралы ойлар бар ма? Жеңгеміздің оған деген пікірі қалай? Жалпы, көп әйел алу дегенге қалай қарайсыз, қазақтың көбейгені жақсы ғой!
- Қазақ қыздарының басқа ұлт өкілімен кетіп бара жатқанын көрсем, қатты қызғанамын. Әкетіп бара жатқанды емес, ілесіп бара жатқан қарындасымды аяймын. Намыстанамын. Жұдырықпен шешіле салатын болса ғой... Ал, екінші әйел мәселесін ойлайтын бір минут артық уақыт жоқ. Мүмкіндік болып жатса неге тағы бір арудың жары болмасқа?! Ислам дінінің қағидаларына сай, мүмкіндігі жетіп тұрып, екінші әйел алғандарды әйелқұмарлықтан емес, ұлттын ертеңін ойлаған, қазақ қыздарының жат қолында кетуіне жол бермеген деп түсінетін уақыт жетті. Көп әйел мәселесін былай қойғанда, жасы біразға барып қалғанша бойдақ жүре беретін жастар да «мен ұлтыма не беріп жатырмын?» деп ойлануы керек.
Баян: Осы сайтта жарияланған ағаңыздың сұхбатын оқығанбыз, онда сізді Алла бұйыртса әлем чемпионы болады деп үлкен үміт артып отыр, біз сіздің Әлем чемпионы болатыныңызға сенеміз, сұрағым боксшы үшін әлем чемпионынан да биік атақ бар ма? Яғни сіз Әлем чемпионы болған соң қандай атақ үшін тер төгесіз?
- Дайындалып, мақсат қоя білсе әр қандай адам чемпион бола алады. Яғни өмірімнің мәні, жалғасы «чемпион» болумен шектеліп қалмайды. Бастысы Алланың құлы, Алаштың ұлы дейтін атқа лайық болу.
Ars: Қанаттың жеке кездесулері топталған кескін жинақтарын көптеп басып тарату керек қазақ жастарына.
- Жақсы ұсыныс. Рахмет, пейіліңе!
Жомарт-Қасым: Қазақстан азаматы болғаныңыз себепті қандай да бір нәрсеге қолыңыз жетпей қалған кездер, немесе бір жарысқа қатыса алмай қалған уақытыңыз болды ма? Алдағы уақытта Қазақстаннан басқа елдің азаматы болуыңыз мүмкін бе?
- Басқа ел азаматы атанудан Құдай сақтасын. Отанға келу, Отанда өлу – әрбір қазақтың арманы деп ойлаймын. Маған Қазақстан азаматы болғаным үшін ешқашан кедергілер болып көрген жоқ.
Назар: Сіз келгелі бірнеше күн болса да әлі мемлекеттік телеарналар сізді экраннан көрсетпеді, әдетте біреу шетелге барып жәй ғана жарысқа қатысып келсе де гүл беріп қарсы алып жатады, сізге деген үлкен ақпараттық қолдау байқай қоймадым, бұл тұрғыдан өкпеңіз бар ма?
- Құдайға шүкір, уақыт айырмашылығынан сәл қателескеніміз болмаса, аэропортқа күтіп алуға барған бауырларым, журналистер қауымына мың алғыс! Елге ешқандай өкпе жоқ, қайта ақ пейілдерін көрсетіп жатқандарына рахмет!
Гүлжауһар: Қанат мырза сізге Алла қуат берсін! Соңғы апталарда сіз туралы сайт ашылғанын естіген едік, бұл сайт жөнінде не айтасыз? Сіздің хабарыңыз бар ма? Бұл сайт кеш ашылған жоқ па?
- Америкадағы жаттықтырушыммен арнайы келісім-шарт бар. Сондықтан сайт туралы да алдағы уақытта нақты келісімге келетін боламыз. Ал сол жұмысты қолға алып, жүргізейік деп ниет білдірген жігіттерге көп рахмет.
Біржан: Қанат бауырым, елге келгеніңе қуанып қалдық, елден не өзгеріс байқадың?
- Елдің еңсесі тіктеле түскен, бұрынғыдай емес қазақылық байқалады. Көшеде болсын, әуежайда болсын қазақ тілінде қызмет көрсету көбейгені қуантты.
Ербол: Қанат мырза, Америкада сізді баптауға жұмыс жасайтын топта қанша адам қызмет етеді, олардың нешеуі қазақтар(қазақстандықтар)? Жаттығу режиміңіз қалай?
- Ол жерде 2 жаттықтырушым, менеджерім бар. Командам жақсы жасақталған. Мен үшін 4-5 адам жұмыс істеп жатыр. Таңғы бес пен 7-8 дер арасында жаттығамын. Одан кейін демалыс, түстен кейін тағы да 3-4 сағат жаттығу залында боламын.
Сая: Ағажан, Сіз қандай тағамдарды сүйіп жейсіз? Жеңгеміз асты дәмді әзірлей ме?
- Біз үшін астың төресі, ең сүйіктісі – қазақша ет қой. Ал жеңгеңнің «аспаздығына» келсек, қазақ қыздары қашан да тек дәмді тағам әзірлейді емес пе?!
Мұрат: Ғаламтор, әлеуметтік желі дегендерді пайдаланасыз ба? Қандай үлгідегі ұялы телефонды пайдаланасыз?
- Достарыммен хат-хабар алысу үшін әлеуметтік желілерді пайдаланып тұрамын.
Айдын: Боксқа келуіне жеке өзіңіз себеп болып, қазір топ жарып жүрген шәкірттеріңіз бар ма?
- Тап өзім тәрбиелемесем де ізімді басып келе жатқан жігіттер жетерлік. Біздер ұшқан ортада осы саланың жеңімпазы болып, топ жарып жүрген жігіттер түгелдей өзімнің інілерім. Ертең менен де мықты талай жігіт шығатынына сенемін.
Жақсылық: Байқайтыным, Куба елінің боксшылары әлемде алдыңғы қатарда, олардың ондай мықты болуының сыры неде болуы мүмкін?
- Куба туралы айтатын болсақ, менің жаттықтырушым өзі испан болғанымен Кубада туылған. Олар еңбектене біледі. Әйтпесе кубалықтар дене жағынан болсын, гендік жағынан болсын қазақтардан ешқандай артық емес. Чемпион бола алмайтын боксшы жоқ, чемпион тәрбиелей алмайтын жаттықтырушы көп. Бәрі де жаттығу мен жаттықтыруға байланысты.
Ақкісі Жанкерім: Аман-сау жүрсіз бе Қанат аға! Деніңізге саулық тілеймін! Қояйын деген сұрағым 2008 жылғы Бейжің олимпиадасында сізді жеңген Банто Суарес Карлоспен қайта бір рет бокстасып көрдіңіз бе? Көрмеген болсаңыз онымен тағы бір бокстасуға дайынсыз ба? Жалпы ол боксшы қайда жүр қазір? Оның карьерасы қандай? Нендей табыстарға жетті?
- Ол жігіт Бақыт Сәрсекбавтан таяқ жеген соң хабарсыз кетті ғой :-)
Мұхамед: Неден қорқасыз?
- Алладан.
Теміртас: Сіздің Аллдан парыз етілген Намаз құлшылығын өтеп жүргеніңізді білеміз, Майамиде мешіт бар ма? Сізді жаттықтырушылар мұсылмандығыңызға қалай қарайды?
- Құдайға шүкір, ол қалада мешіт бар. Әр жұма сайын барамын. Ораза айтты да жақсы қарсы алдық. Жаттықтырушыларым діни ұстанымыма құрметпен қарайды.
Шайзат Асенгалиулы: Ассалаумағалайкүм Қанат аға !!!! Елге хош келдіңіз !!! Деніңіз сау болсын, мейлі қайда жүрсеңіз де аман жүріңіз !!!! Біз сізді жақсы көреміз, Алла қолдасын сізді !!!
- Әмин!
Арыс: Қашанда қасыңыздан табылатын сенімді достарыңыз кімдер?
- Менің жеңісіме қуанып, өз жеңісіндей қабылдайтын әр қазақ сенімді досым. Қолдауын аямайтын достарым жетерлік, оларға Алла разы болсын!
Жалын: Өткенде Қытайдағы Қазақтардың Қытайлардан таяқ жегені туралы естіген боларсыз. Бұл туралы не айтасыз…
- Қаны бір қазақ ретінде жаным ауырады. Ол әркімнің «үйінің» жеке шаруасы. Келем дегендерге Қазақстанның есігі 23 жылдан бері ашық тұрды. Әлі де ашық.
Сұрақ: Орыстың құлдығынан қашан құтыламыз деп ойлайсыз? әсіресе көп қандасымыздың санасына сіңіп қалған “орыссыз күнім қараң” деген құлдық санадан қандастарымызды қалай арылтсақ болады? ұлтшыл азамат ретінде осы сұрақтарға сіздің пікіріңізді білгіміз келеді.
- Абай атамыз «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген. Әр қазақты жүрегіңмен досым деп, ет жақыным деп қабылда. Миллиондаған қазақ ұрпағы өсіп келе жатыр. Кімнің құл, кімнің ұл екенін солар көрсететін болады.
«Қамшы» порталы: Қымбат уақытыңызды бөліп, оқырмандарымызбен бүкпесіз сырласқаныңызға үлкен алғыс білдіреміз.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір