15 Қыркүйек, 2014 NEWS
Интернет-конференция: Ирина Советжанқызы (Толық жауап)
Қазақтілді және орыстілді журналистер сиясы екі түрлі қаламмен жазамыз
Қазақтілді және орыстілді журналистер сиясы екі түрлі қаламмен жазамыз
Айым:
- Ирина ханым, Сіз қиян-кескі оқыс оқиғалардың ішінде жүресіз. Өміріңізге, жеке басыңызға қауіп төнген сәттер болды ма?
- Рахмет, Айым! Қиян-кескі болмаса да, өзге әріптестеріммен бірге оқыс оқиғалардың ішінде жиі жүретініміз рас. О баста, журналист мамандығына таңдау жасаған кезде-ақ, бұл саланың қызығымен бірге қаупінің де болатынын білдік. «Жеке басыма қауіп төнді» деп тым асыра айтпай-ақ қояйын, бірақ қорқытқандар, дөрекілік танытқандар көп болды. Әсіресе, соңғы жылдарда болған екі жағдай есімде қалыпты. Бірі – Боралдай кентінде болған лаңкестерді жою операциясы. «Арыстан» арнайы жасағының екі бірдей жауынгері опат болған операция кезінде, алғашқы ақпараттарды анықтап, оқиға орнында жүргенбіз. Қасымда әріптесім Асқар Меңдібаев, белгілі журналист Шынар Сағындықова мен «Разберемся» бағдарламасының редакторы Мухит Сапарбаев болған. Сенімді дерек көздерінен - бір лаңкестің әлі қолға түспегенін естіп алғанбыз. «Мүмкін кездестіріп қалармыз, сөйтіп, елден бұрын камераға түсіріп аламыз», - деген журналистік қызығушылық үшін, ешқайсымыз жеке басымызға келер қауіптің салмағын сол сәтте саралап жатпадық. Дала тым қараңғы, оқиға орнына кіре алмасақ та, таңғы алтыға дейін кете алмай жүрдік. Әрине, құдай сақтап, әлгі террорист табылмады.)) Өйткені, артынан белгілі болғандай, біздің арнайы жасақ оқиға орнынан қылмыскерлердің қашып кетуіне мүмкіндік бермеген. Ойлаңызшы, артынан білдік қой, көзі жойылғандар - он бірдей аса ауыр қылмысқа қатысы бар қылмыстық топ екен. Екінші жағдай – Шу жақтан қайтып келе жатып, жолай кездескен кафе қожайындарының тек түрік тілінде хабар тарататынын телеарнаны қосып қойғанын көріп, түсіру жұмыстарын бастап кеткенбіз. Бастапқыда аяқ астынан пайда болған камераны түсінбей қалғандар, артынша, бізді қорқытуға көшті. Тіпті, адам толы бірнеше көліктерін шақырып, олар жарты жолға дейін артымыздан қуып келді. Түнгі 1-2-лердің кезі ғой, қорқып қалғаным рас.)
Нұрлы:
- Сізді былайғы жұрт тележурналист ретінде жақсы таниды. Ал қызмет жолыңызды оқып отырсақ мерзімді басылымдарда журналист болыпсыз. Бүгінгі қазақ журналистикасы турасында ойыңызды білгім келеді.
- Қазақ журналистикасына жоғарыдан қарап, баға беретіндей дәрежеге жеткен жоқпын. Дегенмен, газетте де, телеарнада да жұмыс істеген журналист ретінде айтқым келетіні - журналистиканың бұл екі саласының да атқарар жүгі ауыр. Және қос салада да «сен тұр, мен атайын» дейтін марқасқа журналистер жетерлік. Бірақ, жалпы алғанда, қазақ журналистикасын жабыла құрағанымызбен, яғни, қазақ мемлекетін осы елде тұратын барлық ұлт өкілдерінің құрайтыны секілді, қазақ журналистикасын құрайтын - қазақтілді және орыстілді журналистер екі бөлек ойлаймыз, жазуымыз да әр басқа. Бір елдің журналистикасы деген аты болмаса, мақсатымыз ортақ, мүддеміз бір десек те, сиясы екі түрлі қаламмен жазамыз. Жасыратын несі бар, кейде ұлттық мүдде, қазақтың жайы деген мәселеге келгенде, орыстілді журналисттердің басым бөлігі (орыстар деп ұлтына бөліп тұрғаным жоқ –И.С) – үнсіз отыра қалады. Бірақ қазақтың жайын қозғау, тілінің тағдырын айту – ұлтшылдық деген сөз емес! Тіпті, кейде үндемегені де дұрыс дейтін де кезіміз болады. Өйткені, ел жабыла көтеріп жатқан мәселеге қолдау көрсетудің орнына, қарсы шығатындар табылады.
Динара:
- Сіздің журналистік қызметіңізде лидерлік қаблетіңіз анық байқалып тұрады, тұрғындарды ылғи да жинап алып, тәртіпті түрде пікір айтулары үшін ұйымдастыра білесіз, алдағы уақытта биліктен немесе басшылық орындардан көрінуіңіз мүмкін бе? Осыған дейін де ондай лауазымдардан ұсыныс түсті ме?
- Сұрағыңыз қызық екен, мен тұрғындарды жинап алмаймын, өздері жиналып алып, бізді шақырады. ) Ал, Сіз айтқандай, биліктен немесе басшылық орындардан ресми түрде ұсыныс түскен жоқ. Бірақ, ұсыныстан гөрі, «Информбюроны» бағалағаны деп түсіндім, үлкен қызметтегі ағалардың Астанаға шақырып, арнайы тілдескені бар. Арамызда «Қалай қарайсың?» деген тұрғыдағы әңгіме болды. Бірақ менімше, әркім өзінің қолынан келетін іспен айналысуы тиіс, қолымнан әзірге, келмейтінін айттым.
Ақпараттық қауіпсіздікке алаңдасақ ең алдымен қазақтілді БАҚ-қа қолдау көрсетілу қажет!
Елдос:
- Бүгінгі дәуірдің ең үлкен соғысы – ақпараттық соғыс. Сіз сол “соғыстың” алғы шебінде жүрсіз. Айтыңызшы біздің елдің ақпараттық қауіпсіздігі қаншалықты деңгейде? қайда бара жатырмыз? жеңсек жеңгеніміз қайсы? жеңілсек не себептен?
- Ақпараттық қауіпсіздікке алаңдасақ, ең алдымен осы елдің мемлекеттік тілі – қазақтілді БАҚ-қа қолдау көрсетілу қажет! Басқаны былай қойғанда, жарнамамен жан бағатын ақпарат құралдарына жақсы таныс жағдай бар – жарнама бергіштер орыстілді БАҚ-ты таңдайды. Ол – орыстілді тілшілер мықты деген сөз емес, керісінше қазақтілді көрермен мен оқырманның құқын аяққа таптау деген сөз! Естуімше, еліміздегі қазақтілді ақпарат құралдарының үлес салмағы – алты пайызға да жетпейтін көрінеді. Құдай бетін ары қылсын, ел шетіне жау келсе, алты-ақ пайызбен қай жыртығымызды жамап үлгереміз? Өйткені, жоғарыдағы жауабымды қайталап айтам, ұлттық мүдде, қазақтың жайын қозғауға келгенде, емешегі үзіліп тұрған басқа тілді БАҚ өкілін көрмедім.
Есіл:
- Қазақ журналистикасында кімдерді жоғары бағалайсыз?
Серік Әбікен, Нәзия Жоямергенқызы, Жұлдыз Әбділдә, Болат Мүрсәлім, Гүлбану Әниятқызы, Қасым Аманжол, Шынар Сағындықова, Мұхит Сапарбаев, Дина Төлекова, Жанар Байсемізова. Аты бірден есіме түспей тұрған, жазғаны – жұмыр, тілі – өткір журналистер көп қой. Менің ұғымымда, мықты журналист – жазғанынан жүрегі көрінетін, жұмысы – уақытқа бағынбайтын, яғни, ұйықтап жатса да, түннің бір уағында түртіп жіберсең, диктафоны мен камерасын құшақтап оянатын, бір сөзбен айтқанда, өзі таңдаған мамандығын шын мәнінде, жанымен жақсы көретін адам.
Тұранкер:
- “31 арнаның” Ресейдің (ресейліктердің) ықпалында екенін білеміз, сіздер де қандай цензуралар бар? Дайындаған ақпараттарыңыздың эфирге жіберілмей қалған кездері болды ма? Қаламаған тақырыбыңызда сюжет дайындаған тұстарыңыз ше?
- «31 арна» – Ресейдің ықпалында емес! Басшыларымыздың айтуынша, компания акциясының 20 пайызы ғана - СТС медианың еншісінде екен. Онда да тәуелсіз арна бұл байланысты - тек табыс табу мен бизнес активтерін дамытуға негіздеген. Басқа елдің өкілдеріне бағынбайтынымызды – «Информбюроның» тұрақты көрермендері біледі деген ойдамын. Дайындаған ақпараттың эфирге жіберілмей қалған кезі болды. Бірақ ол материал толыққанды, жан-жақты зерттеліп барып, басқа күні эфирге берілетін. Сондай-ақ, ұлтараздық сипат беруі мүмкін, немесе тақырыбы – қазақ қоғамы қабылдай алмауы мүмкін кейбір материалдардың эфирден берілмей қалған кезі болды. Қаламаған тақырыпта сюжет жасаған кезім де болды.
Түрен:
- Бүгінгі қазақ баспасөзі, қазақ журналистері мемлекеттік билікке немесе жекеменшік ұйымға қаншалықты ықпал ете алады? Өзіңіз көтерген мәселелердің дұрыс шешілгені көп пе, әлде аяқсыз қалғаны ма? Нақты мысалдар келтіріңізші…
- «Аяқсыз қалған» - деген жақсы емес. Шынымды айтайын, әсіресе, қайырымдылық мақсатта жасалатын сюжеттердің нәтиже бермеуі, яғни көмек сұраған жанға – жәрдем жетпесе, оған өзімді кінәлі сезінетін болыппын. Мен мүмкін, көрерменге әсер ететіндей жеткізе алмаған шығармын деп. Әдетте, көмек сұраған адамдарға қатысты сюжет жасасам, эфирден кейін, редакцияда отырып, барлық телефон қоңырауларына жауап беруге тырысамын. Телефон нөмірлерін алып, ол кісілерге көмек сұраған адамның телефонын беріп, дегендей. Сонда байқағаным – қанша жерден, «қоғам қатыгезденіп кетті» - деп, байбалам салсақ та, қайырымды, мейірімді жандар өте көп. Сондай сюжеттерден соң, редакциядағы телефон қоңырауларын игере алмай кетемін). «Информбюро» көтерген көп сюжеттің арқасында, баспанасыз кейбір отбасылар үйлі болды, айлықтарын ала алмай жүргендер – жалақысын алса, баласын мектепке орналастыра алмай, шырылдаған ата-аналардың алғысын алған да кезіміз болды. Жемқор басшыларының әрекетін әшкере еткен кейбір жұмысшылардың, өздеріне күн көрсетпейтін басшыларының орнынан кетуін талап еткен талаптарының орындалуына мұрындық болдық.
Е .Төлеубай:
Ерлік қой бұл заманда ел деуің де,
Буылып елің үшін белбеуің де.
Иринажан өзіңе алғысым зор,
Жұлдыз бол елің алқар сен көгімде.
Арнамыз 31-ге сәтті сапар…
Жарқылдаған алдаспандай ел көгінде!!!
- Рахмет! Көрерменнің көңілінен шыға алсақ, біздің мақсатымыздың орындалғаны).
Әнші-биші эфир толтырған телевизия саласында – жетістіктің өлшемі немен өлшенетінін де ұқпай қалдық қой
Е .Төлеубай:
- Ирина ақпарат саласында жүрсіз, жеткен жетістігіңіз деп нені санайсыз? Бұл саланы талдағаныңызға өкінген кездеріңіз болды ма?
- Ауыз толтырып айтатындай, жетістікке жеттім деп ойламаймын. Оның үстіне, әнші-биші эфир толтырған телевизия саласында – жетістіктің өлшемі немен өлшенетінін де ұқпай қалдық қой). Балаларыма көп уақыт бөле алмай кеткен кездерім болмаса, журналистиканы таңдағаным үшін, ешқашан өкінген емеспін! Жұмысымды жақсы көремін!
Бала:
- Қалайсың , Ирош?
- Рахмет, жақсы! Ирош деп жақын адамдарым айтады, сондықтан қалымды сұрап отырған достарым сияқты).
Полат:
- Журналистік сапармен шетелге шығып тұрасыз ба? Барған болсаңыз қандай елдерге?
- Журналистік сапармен, Түркия елінің бірнеше қаласына, Мәскеуге, Үндістанға бардым. Арманым – Парижді көру!)
Doldа:
- Koktemde Urimzhide bolgan okiga turaly algashky bolyp khabar Bergen telearnalardyng biri sizderding arnalaryngyz boldy, zhalpy sonday akparat kozderin kaidan alasyzdar? 31-ding Urinzhide menshikti zhurnalisteri barma?
- Ғаламтор деген жақсы болды, «Информбюроны» шетелдегі қандастарымыз көп көреді екен. Оған дәлел – бізге Қытайдан, Франциядан, Моңғолия қазақтарынан жиі хат келіп тұрады. Әлеуметтік желілер арқылы да сырттағы ағайынмен хат алысып, пікір алмасып тұрамыз! Ал, Үрімшідегі жағдайды да осындай достарымыздың арқасында білдік. Және қытай компаниясының Үрімшідегі соққыға жығылған отбасыдан кешірім сұрап, моральдық, материалдық өтемақы бергенін естідік. Ең бастысы – қытайлар өз жерінде басынбақ болған біздің ағайыннан кешірім сұрады. Ал, Үрімшіде біздің тілшілер жоқ, көрерменіміз бар).
Юрка деген жалғыз орысының өзі орысшасын ұмытып қалған ауылда дүниеге келген едім
Марғасқа:
- 31-де біз білетін біраз мықты жалынды журналистер бар, шындықты жақсы айтады, көреміз, риза боламыз, дегенмен де осы ұлтжанды, қазақ кеуделі тілшілер 31-дің арналық имиджіне қаншалықты ықпал етіп жатыр, даңғаза жарна мен ұятсыз киноларды көрсетуді бұл арна қашан тоқтатады немесе 31 қашан толық қазақ жанды арна болады?
- Пікіріңізге рахмет! Дегенмен, 31 телеарна – мемлекеттің бюджетіне көз алартпайтын, қарапайым тілмен айтқанда, өз жанын – өзі бағып отырған коммерциялық арна. Яғни, жұмысшыларының жалақысын – сол жарнама мен басқа да мен секілді шығармашылық ұжым түсіне бермейтін қаржы көздерінің арқасында беріп отыр. Жарнама берушілер де кез-келген телеарнаға жалаулатып тапсырыс бере бермейді, рейтингі жоғары, көрермені көп телеарналарды жағалайды. Яғни біздің рейтингіміз жақсы, сол себепті жарнама берушілер көп, ол дегеніңіз – біздің де жалақымыз жырымдалмайды деген сөз. Ал, мен басшылыққа барып, менің жалақымды қысқартып, жарнаманың санын азайтыңыз деп айта алмаймын ғой). Ал, фильмдерге келсек, эфирге шығатын кино өнімдеріне - мен жауапты емеспін, бірақ көп көрерменнен – 31-дің кинолары жақсы деген пікірді көп естимін!).
Олжас:
- Сіздің есіміңіз қалай қойылған, не мағына береді?
- Мен кейде есімімді өзгерткім келеді. Шын айтам! Бірақ атам арқалатқан аманатқа қиянат жасағым келмейді! Кейде атыма тілім келмей жатқандарға, өзі қалаған есіммен атауына тыйым салмаймын! «Индира» - десе де, «әу» деп жүре беретінім сондықтан). Есімімді – атам, өзіміз ата деп кеткенбіз, әкемнің туған ағасы Жәрден деген кісі қойған. Айтуынша, менің дүниеге келгенімді айтып, сүйінші сұрағанда, газет оқып отырыпты. Онда Ирина есімді қаршадай орыс қызының 1000-ға жуық адамды немістердің тұтқынынан босатқаны туралы ерлігі жарияланыпты. Бірақ қаншама адамға бостандық сыйлаған қаршадай қызды немістер ұстап алып, өлтірген екен. Қаршадай қыздың қайсарлығына тәнті болған атам, есімімді өжет, батыр болсын деп ырымдап, Ирина қойыпты. Әйтпесе, үй салатын жалғыз Юрка деген орысының өзі орысшасын ұмытып қалған ауылда дүниеге келген едім). Кітаптардан оқығаным, бұл есім – бейбітшілік, тыныштық деген мағына береді екен.
Жұлдыз:
Сіз қай жақтан боласыз әпке, Сізді кіші жүз деп естідім, рас па, қай рудың қызысыз?
- Мен Алматы облысы, қазіргі Райымбек ауданы, Қайнар ауылының тумасымын. Ұлы жүз, албанның – алжанымын!
Талгат:
- Неге 31 арна, 30 емес, 32 емес? Ол не мағына береді? Сосын сіз ашқан “сөздің шыны керек” хабарынан кейін хабарласып, сонда көтерілген мәселелерді талқылаушылар болып тұра ма?
- 31 телеарнаны ашқан азаматтар – осындай үлкен медиахолдингті жаңадан ашқан кездерінде 31 жаста болған екен. Ал, «Сөздің шыны керек» жобасына келсек, ол бағдарламаны мен ашқан жоқпын. Арнамыздың басшылығы осыдан екі жыл бұрын, журналистік зерттеу жанрына құрылған жаңа жоба ашамыз деді. Оның сценарийін жасауға журналистер арасында байқау жарияланды. Әрі, қомақты жүлделі боласың, әрі шығармашылығыңды шыңдауға мүмкін аласың деген сөз. Сөйтіп, қанжығамыз Бас жүлдемен майланған болатын). «Сөздің шыны керекте» Саламат Омаш, Мақсат Мәлікұлы деген мықты журналисттер жұмыс істеді. «Информбюроның» барлық тілшілері жұмылдық. Өткір, өзекті мәселелер көп көтерілді, қазір де көтеріліп жатыр. Және жоба эфирден өткен соң да талқылап, хабарласатындар көп.
Орақты:
- Ирина, кейде дайындаған сюжетіңді эфирге шығармауға тырысатын лауазымды тұлғалар бола ма? Ақша ұсынатын бай-манаптар ше? Журналистік құқығың тапталған кездер болды ма?
- Кейде сюжетіңді түсіріп болмай жатып, эфирге шығармауға әрекет жасайтын пысықайлар, редакцияның есігінің алдын жағалап жүретінін естиміз. Өзі туралы жағымсыз материал жасағанды кім жақсы көрсін, айтқанына көнбейтінімізді білгенде, аяғыңнан шалуға әрекет жасап, бізді басшыларға жамандайтындар болады. Бірақ даулы материалдың ақ-қарасын анықтай алмай, әбігер боп жүргенде, басшылықтың қолдау көрсетуі қуантады.
Назар:
- Рзамын Иринага!!!
- Рахмет, Назар!
Сая:
- Журналист болмағанда кім болар едіңіз?
- Журналист болмағанда, дәрігер болатын едім.
Айдана:
- Қазақстанның ең үлкен мәселесі не деп ойлайсыз? Өзіңіз үнемі айтатын әлеуметтік мәселелер ме әлде?
- Кеше психолог Анна ханымнан қатыгездік, ашушаңдық тақырыбында сұхбат алған едім. Сонда, психолог ханым, біздің қоғамда адамдар тым ашушаң болып кеткенін айтқан болатын. Оған себеп – асқазанының жайы деген еді. Сол секілді кез-келген мәселе - шешілмейінше, өзекті. Бірақ әлеуметтік тақырыпты көтеруді қор санайтын журналистер бар. Өйткені, оны ұсақ тақырыпқа балайды. Бірақ әлеуметтік ахуалы төмен, айлықтан-айлыққа дейін өлместің күнін кешіп жүрген елге – саясаттың құны көк тиын. Жалақысы бір пайызға өссе, қуанудың орнына, қымбатшылық қайта қысады-ау деп қайғыратын қоғам өкілдеріне мемлекеттік деңгейде өтетін ас та төк тойларға бөлінетін қаражаттың көлемі туралы ақпардың қажеті жоқ. Өйткені, ай сайын банктегі несиесі үшін алты мың теңгесін тұрақты түрде төлеуге қауқары жетпей жүрген жұрттың – ол миллиондар мен миллиардтарды айтуға тілдері де келмейді. Бір күн үйде ыстық су өшіп қалса, әбігерге түсетін қалалықтардың жаппай жарығын өшіріп тастаса, не болады? Ал, алтынның үстінде отырса да, су мен жарыққа жарымай отырған қаншама ауыл бар? Түрлі ереуілдер мен бас көтерулер – әлеуметтік теңсіздіктер орын алған жерде жиілейді. Сондықтан әлеуметтік мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Ал, әлеуметтік ахуалы оңалған, қарны тоқ адамның ашуы деген не тәйірі, шай орамал кепкенше.
Ұлпан:
Ирина, сіз ылғи да айғайлап тұрған мәселелердің басы-қасында жүресіз, сізді ондай жерге координаторлар жібере ме, әлде өзіңіз сұранып барасыз ба? Сосын, сізге мемлекеттік телеарналардан (Қазақстан, Хабар, 24) сұраныстар болды ма, бізге жұмысқа кел деген сияқты?
- Координаторлар – келген ақпаратты тіркеп, түсіру тобы баратын жермен байланыс орнатады. Кімнің, қайда, не түсіретінін жауапты редактор белгілейді. Үш арнаның біреуінен ұсыныс түскен. Бірақ өз жұмысым бар ғой).
Шыңғыс:
- Журналистика деген қанша дегенмен әйел адамға ауыр жұмыс, сіз балаларыңыздың қасында аналық кеңес айтып отыруға тиіс уақытыңызда әлде бір қиян-кескі ақпараттық ұрыстың арасында жүруіңіз мүмкін, шындығында жұмысыңыз сізді үйден гөрі түзде көбірек болуға жетелейді, балаларыңызға аналық мейіріңізді толық арнай алмай қаламын деп қорықпайсыз ба? Қазақы болмыс деген бар, әйел-ана! Журналистикадан кетуді, дұрысында дәл осы алашапқын телетілшіліктен кетуді жоспарлаған кезіңіз болды ма?
- Журналистика – еркек, әйелге бөлінбейді. Журналисттер де басқа мамандық иелері секілді, таңертең жұмысына кетіп, кешке үйіне қайтады. Күн сайын төтенше жағдай болмайды ғой. Және түнгі түсірілімге шықсақ, ертесіне немесе басқа күні сол жұмыстан тыс уақытта жұмыс істегенің үшін, демалуға болады. Таңертең балаларымды мектепке өзім апарып тастаймын, кешке сабақтарын оқуға көмектесемін. Жұмыста жүрген кез-келген әйелдің күнделікті тірлігі бұл. Жұмыстан қолым қалт етсе, балаларыммен уақыт өткізгенді, ойнағанды, қыдыртқанды ұнатамын. Оның үстіне, балаларым тым кішкене емес. Тағы да кішкентайлы болып жатсақ, үйде отыруға тиіс уақытта отырармыз!) Жақсы себеппен демалысқа шыққан жақсы ғой). Телетілшіліктен де өзге айналысатын шағын кәсібім бар. Журналистикадан шаршағанда, сол тіршілігіме түбегейлі кетемін).
Нұрбақыт:
- Қазақ баспасөзіндегі сөз бостандығына көзқарасыңыз қалай? Айтпақ болған дүниеңізді шарасыздан іркіп қалатын сәттер жиі бола ма?
- Басқаларды білмеймін, бірақ «Информбюрода» айтқымыз, көрсеткіміз келген сюжетке шектеу қойылған жоқ!
Ерден:
- Телетілшілерді соңғы кездері әнші мен әртіс ығыстырып тастады кәдімгідей, себеп, не де деп ойлайсыз?
- Телетілшілерді емес, тележүргізушілерді ығыстырып тастады деңіз. Өйткені, журналист болып, оқиға ортасында жүрген өнер адамын көрген жоқпын. Бірақ өнер адамдарының жаппай – эфирге отыруы, тележүргізушілердің әлсіздігінен емес, олардың құлағынан редактормен байланыс алынып тасталса, фонограммасыз ән айта алмайтындай күйге түсетін бе еді, кім білсін?! Негізі – әркім өз ісімен айналысқаны жөн!
Арман:
- Сіздердің жаңалықтар қызметіндегі журналисттерді қатты сыйлаймын, күйіп түрған ұлттық мәселелерге үн қосып жатасыздар. Осы қалыптан танбаңыздар, бәрібір кімнің кім екенін былайғы жұрт біліп отыр. Шығармашылық табыс тілеймін!
- Рахмет Арман!
Сұңқар:
- Қазақ баспасөзіндегі ең өзекті тақырыптардың бірі – қандастар. Олар туралы жазуды көптеген мемлекеттік БАҚ доғарды. Қазір 31, Абай, Қамшы, Ұлт қатарлы бірқатар ақпарат құралдары қаузап отыр. Өткенде қытайдағы қазақтардың басындағы жағдайды өзіңіз бастап көтердіңіз. Сол Қытай елінде үлкен дүмпу тудырды. Шектен шығып бара жатқандар сирағын тартты. Арғы беттегі ағайынның ішінен сол хабарды көріп “жоқтаушымыз бар екен ғой” деп кемсеңдеген жандарды көрдік. Тура осы мәселеге алдағы уақытта тағы да алаңдай жүріңіз!
- «Сырттағы қандастардың жағдайына алаңдамаңдар, олар туралы жазбаңдар!» деген ешкімге тапсырма келген жоқ! Сіз айтқан ақпарға аз ғана ақпарат құралы алаңдаса, оның жауабы жай ғана – бұл ақпарат құралдарын ұлтын сүйетін азаматтар басқарып отыр деген сөз. Пікіріңізге рахмет! Журналист жұмысының жетістігі деген осы.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір