• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 13:37:47
Алматы
+12°

08 Тамыз, 2014 Ұлы көш

ҚОС АЗАМАТТЫҒЫ БАРЛАР – ОТАН САТҚЫНЫ БОЛЫП ЕСЕПТЕЛЕ МЕ?

Қазақстанда  бір басында екі елдің азаматтығы бар  депутаттардың бар екені анықталды. Бүгін  еліміздің Бас прокуратурасы Парламентте Ресейдің де азаматтары...

Қазақстанда  бір басында екі елдің азаматтығы бар  депутаттардың бар екені анықталды. Бүгін  еліміздің Бас прокуратурасы Парламентте Ресейдің де азаматтары емін-еркін жұмыс істеп жүргенін жария етті. Бұндай мәлімдемені Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков жеткізді: «Екі елдің азаматтығын алып, заң бұзған  азаматтардың аты-жөнін алдағы уақытта міндетті түрде жариялаймыз. Олар қазір мемлекеттік қызметте, тіпті Парламенттің қос палатасында еңбек етіп, екі елдің де жеңілдіктерін бірдей пайдаланады. Яғни екі жақты  зейнетақы, жәрдемақыға қарық болып жүр. Ал бұл біздің Ата заңымызға мүлдем қайшы келеді». Конституциямыздың басты талабын таптап жүргендер өзге емес күнара  заң жазып,  ай сайын жаңа құжат қабылдайтын  депутаттардың арасында бар болып шықты. Еліміздің Бас прокуратураның анықтауынша  олардың екінші азаматтығы Ресейге тиесілі. Алайда әзірге құзырлы орган мемлекеттік құпиямызға  қауіп төндіріп тұрған депутаттардың аты-жөнін жарияламады. Прокуратураның айтуынша олар Қос азаматтығы барлар туралы ақпарат алуға Мәскеуге бірнеше рет хат жолдапты. Бірақ, әзірге көршілерміз қол ұшын созуға құлықсыздық танытқан. Ал мұндай азаматтар  алда-жалда істі болып, іздеу жарияланса, екі елдің арасында жан сауғалап, ұстатпай кетуі әбден мүмкін. Бұны Нұрдәулет Сүйіндіковтың өзі мойындады: «Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін Ресейдің көмегі мен қолдауы керек. Өйткені екі елдің  азаматтығын алған адамдар туралы мәліметтер мен  екі мемлекеттің  көші-қон  саласындағы жалпы ақпаратын  біріктіру керек .Ал о баста мұндай келісім болмағандықтан, көршілеріміз әзірге келіспей отыр». Сүйіндіков Астана телеарнасына берген сұхбатында да "екі ел азаматтығын алған адамдары мен көші-қон саласындағы ақпаратын біріктіруі керек" дегенді айтты, әрине бұл қадам көрші ел азаматтығын алған "отандастарымыз" туралы ақпаратты бізге бергенімен тұтас азаматтарымыз туралы деректі көрші елге жайып салу деген сөз, ақпараттақ қауіпсіздік дегеніміз сонда қайда қалмақ?!

Ал, Бас прокурор Асхат Дауылбаев  Астанада өтіп жатқан халықаралық прокурорлар форумында еліміздің қараусыз қалған  шекара аймақтарын лаңкестер мен бүлікшілер әбден майшелпекке айналдырғанын айтып дабыл қақты: «Мемлекетіміздің шекараның ашық, қараусыз жатқан бөлігі, оның ішінде теңіз аймағы да есірткі тасымалдаушылармен қатар ірі лаңкестік топтар да қылмыстық әрекет үшін еркін пайдалануда.  Сондықтан сол  лаңкестік топтарды,  оларды қаржыландыру көзін анықтап, қару-жарақ тасымалына тыйым салу  үшін бірігіп  әрекет етуіміз керек.» Бас прокурордың Ресейдің құзырлы органдарымен  бірлесіп әрекет етуге  тәуелдіміз деп, көршілерімізге қайта-қайта алаңдауы орынды. Өйткені Еуразиялық экономикалық одақ аясында оған мүше мемлекеттер  шекаралары  айқара ашылмақ. Мұндай ұрымтал тұсты халықаралық ірі қылмыстық топтың  серкелері ұтымды пайдаланып қалуға барынша ұмтылады. Біздің бір түсінбегеніміз «қараусыз қалған шекаралық аймақтар» деген тіркес, сонда қалай, шенділер өзге елдің азаматтығын алып ап жымпиып жүрсе, шекаралық аумақтарымыз қараусыз жатса, бұл сірә қандай тәуелсіздік?!

Жыл басталғалы бері одақтың жыры жаңғырумен келеді, саясатсыз экономика туралы қанша рет айтылса да саясаттың дақпырты шыға береді. Ортақ әуе кеңістігі, ортақ әскер, ортақ төлем, ортақ байланыс жүйесі туралы көп айтылды. Өткен аптада ортақ валютаның әңгімесі шықты, енді қалғаны «ортақ азаматтық» еді. Ата заңымызда Қазақстан азаматының  ҚР азаматтығымен қатар екінші бір елдің азаматтығын алуына тиым салынатыны жазылған, заңды жақсы білетін азаматтардың өзі заңды бұзып отырса ел болашағы не болмақ?! Бұған ең әуелі Конституцияның кепілі Президент жауап беруі керек сияқты. Кеше ғана үкімет отырысында айтылған Президенттің «шетелдегі қазақтардың келуіне жағдай жасалуы керек» деген сөзіне қуанып қалған халық бүгінгі «қос азаматтық» жайлы қорқынышты әңгімеден үрейленіп қалды. Бұндай қитұрқылықтың ел болашағына, тәуелсіздігіне деген қатері туралы, осындай қысылтаяң кезде шашылып жүрген ат төбеліндей қазаққа не қажет екені туралы белгілі журналист Серік Әбікеннің пікірін білген едік:

- Ресей кеше ғана қос азаматтығы бар тұлғаларға 200 мың рубль айып ақы салатын заңды қабылдады, қос азаматтыққа тиым салынғанымен анықталған жағдайда жазалау шаралары қандай болмақ?

Serik Abiken - Қос азаматтығы бар адам - қосмекенді. Бақаны көргенде денеңіз тітіркеніп, жиренесіз ғой. Сондықтан қос азаматтығы бар адамдарды көргенде де осындай күй кешемін. Бізде қос азаматтық заңмен тиым салынған. Ол кімге керек? а) кәсіпкерлікпен айналысып, салықтан жалтарудың амалын іздеген пысықайларға, ә) "ертең қашамын?" деген түпкі ойы барларға... Бас прокуратура өкілі Сүйіндіков мәжіліс депутаттары арасында да екі елдің төлқұжатын ұстап жүргендер бар екенін мәлімдепті. Демек Басы бүлінген балық болдық қой... Меніңше бұндай адамдарға "Отанын сатты" деген бап қолданылуы керек!

-  Қос азаматтығы бар жеке азаматтардан Қазақстанға келетін қауіп қандай?

Қос азаматтыққа көз жұма қарауға болмас. Украина біздей әлжуаздау елдерге ащы сабақ болуы керек. РФ-ның Украинаға әскер енгізе алмауына кедергі болып отырған факторлардың бірі Донецк облысындағылардың барлығы Украина азаматтары екені деп білемін. Ал, ертең Қазақстанның солтүстігінде осындай бүлік шығып, біздің "қазақстандықтар" қойнынан РФ төлқұжатын шығарсы басқа мемлекеттің азаматтарына күш қолданған болып шыға келеміз. Өзге елдің азаматтарын қорлауды жаһандық ұйымдар да құптамайды. Негізі ауруды асқындырмай бітеу жараны дер кезінде сылып отыру керек.

- Заң бойынша тұрғылықты жеріндегі елдің заңына қайшы келмесе этникалық қазақтарға 3 айда азаматтық беру бар болатын. Ол былтыр 4 жылға дейін ұзарып кетті. Осындай алмағайып заманда сырттағы қазақтарды жеделдетіп елге әкелу үшін қандай шаралар қабылдау керек?

- Қандасты елге қайтару ойыншыққа айналды: біресе 5 жыл, біресе 5 жыл азаматтық алмайды деп үрейлендірді. Одан соң "енді 1 жылда азаматтық алады" десті. Демек сырттағы қандасқа ала-құла ақпар жетуде. Оларды атамекенге келсек сарсаңға түсеміз деген үрей биледі. Өз оралман қандастарды басым солтүстік өңірге қоныстандырсақ деген ойды құптаймын. Бірақ біздің билік бұл істі ақ пейілмен атқаратынына сенбеймін. Себебі "халық санын 20 млн. жеткіземіз" деген мақсатты жүзеге асырудың ең оңай жолы сырттағы ағайынды жинап алу еді. 17 млн-ға шеттегі 5 млн қазақты қоссаңыз 22 млн. жүгіріп жетер едік. Ал келер жылы біртұтас экономикалық кеңістік туралы келісім күшіне енсе бізге Ресей мен Беларустан жұмысшылар ағылады және олар біздің заң орындарына тіркелуге міндетті емес?! Өзге ұлт өкілдерінің саны артса қазақтың күйі одан ары мүшкілдене түспек. Яғни, қазақ елін аман сақтап қаламын деген басшы болса қазір шеттегі қазақтың аяғына жығылып жүріп, жеделдете атажұртқа жинауы керек.

Нұрғали Нұртай

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір