• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 13:28:19
Алматы
+12°

20 Шілде, 2014 NEWS

Шолу: Ұшақ апаты туралы АҚШ пен Еуропа баспасөзі не деп жатыр?

Амстердамнан Куала-Лумпурға бет алған малайзиялық жолаушылар ұшағының Украина шығысында атып түсірілгені әлем ақпарат құралдарын шулатып жатыр. Оқиғаға...

Амстердамнан Куала-Лумпурға бет алған малайзиялық жолаушылар ұшағының Украина шығысында атып түсірілгені әлем ақпарат құралдарын шулатып жатыр. Оқиғаға байланысты БҰҰ қауіпсіздік кеңесі шұғыл отырыс өткізді. Орын алған апаттың жауапкершілігінен Украина жақтың да, ресейшіл сепаратистердің де қашқалақтап жатқанын жазады әлем ақпарат құралдары. «Ұшақта сексен жас бала, үш сәби және Мельбурнде өтетін СПИД-ке қатысты халықаралық конференцияға бара жатқан жүз маман, бір әйгілі математик тағы бір БҰҰ қызметкері болған», - дейді Дэйли Мейл. 834829

Батыс ақпарат құралдары ұшақты атып түсірушілер ресейшіл сепаратистер болу мүмкіндігі өте жоғар екендігін айтуда. «Уолл-стрит джорнал» мен «Вашингтон Пост» газеттері «АҚШ арнаулы қызметінің алғашқы қортындысы бойынша, сепаратистер ұшақты атып түсіргендігі анықталды»,-деген мазмұнда мақалаларын жарыса жазды. Ал, CNN-дықтардың айтуы бойынша, бір АҚШ қорғаныс қызметкері орын алған оқиға хақында былай деп мәлімдеген: «Арнаулы қызметкерлердің тексерулері мен сараптамаларының қортындысында жолаушылар ұшағының Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистер жағынан атып түсірілгендігі анықталды». Бұл туралы Лос-Анджелес Таймс «Украинадағы ресейшіл сепаратистердің малайзиялық ұшақты атып түсіргендігі туралы алғашқы дәлелдемелерді АҚШ арнаулы қызметкерлері дайындап болды»,-дейді кешегі ақпаратында. АҚШ жағы жалғасты түрде дәлелдемелерді іздестіріп, сараптамаларын жалғастырып жатқандығын, соңғы қортындыны ұзамай жария ететіндігін жазады Лос-Анджелес Таймс. Батыс ақпарат құралдараы Украинаның бір жоғары лауазымды қызметкерінің CNN-ге «Бук» зымыран кешенінің қараңғы түнде Ресейге бет алған бейне жазба туралы айтқандығын жариялап отыр. Алайда, Украинаның халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Антон Геращенконың «Малайзиялық ұшақты атып түсірген зымыран Ресейге баяғыда әкетіліп болды және оның көзі құртылып үлкерді.»,-деп болжам жасайды. Бұл туралы «the guardian» кешегі ақпаратында «Шығыс Украинадағы сепаратистер малайзиялық ұшақты атып түсірді деп болжанған Бук зымыран кешеніне қатысты барлық ақпараттар мен жалғанымдардың көзін құртуда»,- деп отыр. Сепаратистердің бақылау аумағына жататын Снежное мен Торездің арасындағы ұшақ апатқа ұшыраған маңайда кетіп бара жатқан «Бук» зымыран кешенінің видеолары мен фотолары сепаратистердің сайттарынан өшірілген. Украина арнаулы қызметкерлерінің ұшақ апатына сепаратистердің қатысы бар екендігін айғақтайтын аудио жазбаны жариялағанын да айта кетекен «the guardian»: «Ресей Украинадағы сепаратистерге бүкіл айғақтарды, интернет жарияланымдарымен қосып, барлығын өшіруге бұйрық берген болуы әбден мүмкін»,- деген НАТО-ның арнаулы қызметкерінің пікірін ортаға салады.

« Бұл алғашқы дәлелдемелер мен сараптамалар Ресейге тіпті де қысым әкелуі және АҚШ пен оның Еуропадағы одақтастары Мәскеуге қарата жаңа қадамдарға баруы мүмкін»,-дейді батыс ақпарат құралдары. Алайда, АҚШ президенті кешегі мәлімдемесінде бұл туралы кімнің «қандықол» екендігін айтуда асығыстық танытпады. Лос-Анджелес Таймстың айтуынша, кеше АҚШ президенті Барак Обама 298 адамның жанын жалмаған Малайзиялық Being 777 ұшағының ресейшіл сепаратистердің бақылауындағы аумақта атып түсірілгендігін мәлімдеген. «Әзірге мынаны анықтап болдық: жолаушылар лайнері «жер-әуе» санатындағы зымыранмен атып түсірілген. Ал бұл атып түсіру ресейшіл сепаратистердің бақылауындағы территорияда орын алып отырғаны да анық»,-деген Барак Обама ақ үйдегі мәлімдемесінде. АҚШ президенті шығыс Украинадағы сепаратистерге Ресей тарапынан көптеген жоғары қуатты қарулар мен астыртын әскери көмектер беріліп жатқандығын да қадап айтқан. Ал, Кешегі CNN ақпаратына негізделгенде, бұл іс хақында «Егер ресейшіл сепаратистердің ұшақты атып түсіргендігі дәлелденсе, онда мамандар Ресейдің құрылғыны меңгеруге көмек бергендігін де жоққа шығара алмайды»,-дейді АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Саманта Пауэр. Ол тағы Ресей енді Украина дағдарысы жөнінде дұрыс қадамдар жасауы қажеттігін айтып өткен. « Ресей ғана бұл соғысқа нүкте қоя алады. Ақиқатында Ресей бұл соғысты міндетті түрде аяқтатуы тиіс»,-дейді Пауэр. Оның айтуынша, АҚШ пен Украина дипломатиялық жолмен шешуге талпынса да, алайда, Мәскеудің қыңырлығы бәрін қиындатып тұрған көрінеді. Ал әуе лайнерді сепаратистердің атып түсіргені жайындағы айғақ-дәлелдемелр туралы АҚШ өкілі былай дейді: «Алғашында сепаратистер ұшақты атып түсіргені туралы әлеуметтік желілерде жар салып, мақтанғандай болып еді. Кейін оның көзін құртып үлгерді.» «Бір жолда 300-ге жуық жазықсыз жанның өмірін қиды. Олардың арасында әйелдер, балалар және әлемнің әр елінің азаматтары болды»,-деген Украина президенті Петро Порошенконың сөзі мен Ресей президенті Владимир Путиннің кінәні Украинаның өзіне аударғандығын айтқан CNN-дықтар: «бейсенбідегі малайзиалық ұшақтың апатынан кейін, Украина мен Ресей бір-бірін жазғырып, жауапкершіліктен бастарын ала қашуда»,-дейді. Дэйли Мейлдің айтуынша, Малайзиялық Being 777 әуе лайнері атып түсірілген дәл сол уақытта, содан 15 км қашықта Сингапур әуе компаниясының ұшағы да өтіп бара жатқан-ды. және сол күні 55 ұшақ сол қауіпті зонадан өткен екен.

Айтпақшы, Украина тарапының соңғы ақпараттарына сүйенсек, сепаратистер ұшақтағы төлем карталары мен асыл бұйымдарға да қол салған көрінеді...

«Дэйли-Мейл», «Уолл-стрит джорнал», « Вашингтон Пост», CNN, «Лос-Анджелес Таймс», «The guardian» газеттерінің ақпараттарына шолу жасаған:

Талғар Дәлелғазы

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір