• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 05:14:29
Алматы
+12°

27 Маусым, 2012 Әдебиет

Жәркен Бөдеш: Қашқын ақынға мемсыйлық берілсе, одан артық бақыт бар ма?

Жәркен аға, ассалаумағалейкум! Сіздің өлең жазу екпініңіз және оның шынайылығы мүлде бөлек. Өзім оның себебін сіздің тағдырыңызбен байланыстырып ойламын.

Жәркен аға, ассалаумағалейкум! Сіздің өлең жазу екпініңіз және оның шынайылығы мүлде бөлек. Өзім оның себебін сіздің тағдырыңызбен байланыстырып ойламын.

Өз өміріңізді мүмкіндігінше бір шолып, әсіресе «өреден ірімшігін ап қашатын, ағатай жанқалтаңда құртың бар ма?» деп жырлаған кездердегі туған жер мен атажұрт, қытай мен орыс отрасында арпалысқан кездеріңізден үзік әңгіме болса да айтып берсеңіз екен!

Әуелі ақынның тағдырымен таныс болу керек, тағдырымен таныс болмасаң сұрақ қойма. Ақынның тағдыры да, поэзиясы да – өзі. Ақын қашанда басынан не өтті, не кетті, яғни, өзін жырлайды. Біздің қазақтың тағдыры ауыр халық қой, түрлі себептермен шет жерге көшіп кетті, мұның өзі қазақ әдебиетінің бүгінгі биікке көтерілуіне өзіндік ықпалы болды,  Менің тағдырым Қытайдың «Мәдениет зор төңкерісі» деген алмағайып заманға тура келді, сонда төңкеріліп жүріп төңкеріліп қалдық, сосын ата жұртты табу керек болы. Себебі, жаңағы төңкерістен кейін онда өмір сүруге мүмкіндік болмай қалды. Сосын осында келдік,  40 жыл болды, жаман болғамыз жоқ, кітаптарым шығып жатыр, барлық сыйлықтарды алдым. Тек Мемсыйлықты алу қиындау болады екен, осы жолы оған да жоғары дауыспен өттім. Бірақ бұл сыйлықты берсе де ризамын, бермеседе ризамын. Біз ата жұртымызды адаспай таптық, сондықтан, біз бақытты адамбыз. Шекарадан Жабақ деген шалдың артына мінгесіп өттім, бала күнімде түк салмақ жоқ, кіп-кішкентай бала болдым. Жеті  атымыз бар еді, жолда жүріске жарамай қалды, сосын Жабақ ақсақал: «аттарды жіберіңдер, өзі елді тауып алады» деп жібертті. Сонда бізген бірге үш ит еріп шекараға дейін келді де, үріп, ұлып қайтадан артқа қайтып кетті, содан бері итті қатты жақсы көремін.

Жәркен аға, бір өлеңіңізде «Алдымда Мұқағали Мақатаев, соңымда Есенғали Рәушанов» депсіз, осыны жас жағынан айттыңыз ба, әлде талант, өлең жағынан ба? тіпті қырғысығып немесе әзілдеп жаздыңыз ба? ал қазақ әдебиеті шын мәнінде үшеуіңізді бір-бірімен иық тірескен дара-дара шың деп есептейді. Сіз Есенғаиға екі өлең арнапсыз, ол кісі сізге өлең жазды ма?

Бұны талант жағынан айттым, Есенғали жасы жағынан да менен кіші, өлеңнен де озып кете алмайды, мен, жалпы ешкімді алдыма түсіргім келмейді, ал, озып кетсе қуанам!

Есенғалиды қатты жақсы көрем, ол – нағыз талант. талантты талант қана сыйлайды.

Қараған бұтаның түбінен,

Ұйқысы қанып түнімен,

 Орғып шыққан қояндай,

Орғып-орғып жүгірем, –  деп басталатын  туған жерге барғанда жазған өлеңімді Есенғали тұтас жатқа біледі. Ал ол мен туралы жазып жүр ме, жазбай жүрме білмейім, сұрамаймын да, жазса бір күні еститін шығармыз.

Жәркен аға, мен сіздің 23 өлеңіңізді жатқа біледі екем, оны жаттайын деп жаттағам жоқ, өзі миымда қалыпты. Мен ғана емес маңайымдағы балалар да біледі. Әсіресе туған жер, туған ел туралы өлеңдеріңізді. Сізге тек жақсылық тілеймін. Өзім жолыққан емеспін. Бір-ақ сіз бар қазақ поэзиясын менің өмірімнің бір бөлшегі. Әлі шекара аса алмай жүрген жайым бар.

Қазір көші-қон туралы түрлі әңгіме бар, жалпы қоғам араласып кетті, бүкіл әлем құда мен құдағидай. Сондай кезде бір дағдарыс болуы – заңдылық, көштің тоқтағаны рас, менің данышпандығым жоқ, ақын ғанамын ғой, болжамым бойынша шекара ешқашан жабылмайды, өзің ебін тапта кел, Отаныңды, ата-жұртыңды көр, Жәркен ағаңды іздеп келіп жолық, жеңгеңнің қолынан шай іш.

Сіздің Н.Оразалин туралы пікіріңізді білгім келеді, меніңше мықты ұйымдастырушы, басшы шығар, бірақ шығармашылық тұрғыдан «анау» айтқандай мықты емес, келісесіз бе?

Кез келген шығармашылық адам – от, соған Нұрланның өртеніп кетпей жүргеніне таңғалам. Қазақ «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген, мен ешкімді жамандамаймын, осы жұрттың Нұрланды жаппай жамандайтынын түсінбеймін. Жұмыс жасап жатыр, ризамын!

Жәркен аға, стаканмен мәңгілікге қоштасу ойыңыз да бар ма? дін талаптарын қаншалықты орындайсыз?

Осы сұрақты қойып отырған адамның діни білімінің жоғарылығына сенбеймін, мұндай сұрақты оңашада қою керек. Мен дін туралы көп білем, оқығам, кез келген адамға сағаттап сөйлеп беруге дайынмын, Құран сүрелерін де жатқа білем.

Арақ – апат, таланыт – апат, ешкімнің атын атамайақ қояйын. Біреулердің айтуынша арақтан өлген ақындар бар екен, олай емес, олар күйіктен, талантын танымағандықтан өлді. Қысқаша осы.

Жәркен аға, мен сіздің өлңіңізді сүйіп оқимын, осы жолы мемлекеттік сыйлық алуңызға тілектеспін! Сұрағым: Жастардан кімдердің шығармашылғын жоғары бағаайсыз? қандай өлеңі, қандай кітабі үшін, жалпылама соға салып жүрмеңіз?

Осы сұрақты қойған адам маған таныс сияқты. Таланытты бауырларым өте көп, қайсысының есімі ауызға ілінсін. Бірін айтсам, бірі қалып кетеді, сондықтан бұл сұрақтың жауабын, жазған мақалаларымнан алып алсын.

Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз? Балаңызды орыстілді деп естідім, сол рас па?

Ол менің қысыретім, орыс тілді емес ол, қазақ тілді. Қайдағы сұрақты қойып адамның көңілін елжіретесіңдер.  Менің екі балам болды, олар ата жұрттан тапқан екі үлкен табысым еді. Бірін құдай алып кетті, екіншісінен екі немере сүйдім, соларды байлық, көбейдік деп санаймын. Үйдегі жеңгелерің әлі күнге дейін алдымнан кесіп өтпейді, онсыз дастарқанда шай іше алмаймын, қазақ отбасының берекесі болса менің отбасымдағы берекедей болсын!

Қабдеш, Мұхтар, Софы, Дулат, Темірхан т.б ағаларымыз ұлттық мәселелерге үн қосып жатады, сіз не үшін сондай кезде мінез, азаматтық ұстаным көрсетпейсіз? Қандастар мәселесінде де аталы сөз айатын жастасызғой?

Ақын ақын қалпында қалу керек, мен саясатты осы кісілерден артық білмесем, кем білмеймін. Өйткені, саясатты өмір үйретеді. Мына сұрақ, қисық сұрақ екен, мен Қабдеш ағамнан артық айта алмаймын, ал, Темірханмен сөз таластыруға болады, ол ашығын айтады. Біз нағыз ақындар ештеңеге сыймаймыз, бұзып өткіміз келеді. Қаптаған ұйқас бізге сөз емес.

Руыңыз қандай осы сіздің?

Руыңды ұрмаймын, ең бастысы – қазақпын, Абылайдың бас батыры Батыр Баянның  ұрпағымын.

Өлеңіңіз керемет, бірақ, атыңызды әдебиетшілерден басқа жұрт біле бермейді, неге?

Мен өзімнің ақын екенімді кімге барып айтамын. Көбінде жалғыз жүрем, білетіндер біледі, білмейтіндерге керек емес шығармын, өзі білсін.

Жәркен аға, шетте тұратын қазақ қандастарыңызға келіп кездесіп, шығармашылық кеш қткізу ойыңызда жоқ па?

Бар, көптеген азаматтар кітабыңызды шығарып береміз деп өлеңдерімді алды, қаламақы алмаймын деп қолхат та жаздырды, сол жақтың заңы солай болса керек. Артынан жоқ болды, мен Қытайдан жас кезімде кеттім, қазір ешкімді танымаймын, кімге барып жалынамын ақсақал басыммен.

Көке, осы жолы мамсыйлық бермесе де мұңаймаңыз, себебі, сіздің ақындыңығыңз көзі тірілердің ішінде алғашқы үштікке енеді. Олар, Серік Ақсүңқар, Темірхан Медетбек, Жәркен Бөдеш.

Мынау оқып жүрген адамның сөзі екен, менің талантты адамдарға ешқандай қарсылығым жоқ, такапар емеспін. Мен кеше ғана шекарадан қашып өткем, бүгін мемсыйлыққа таласып жатырмын, мені бағалап отырған атажұрт, мемлекет, әдебиетті түсінетіндер т.б. соларға рахмет.

Елуден асып, шабыты қайтып қарабайыр тұрмыс кешіріп жүрген сайыпқыран ақындар қаншама?! Ал оның жанында сіз «ақындық жаспен өлшенбейді» деген қағиданы дәлелдеп келе жатқан бірден-бір ақынсыз десек те болар. Оған куә жауһар жырларыңыз бен күннен-күнге адымыңыздың алысқа сермелуі, ал осы күйге сізді не жетелейді?!?.

Кеше кеңес үкіметінде цензура деген болды, не жазғанымызды қадағалап отыратын. Қалай тәуелсіздік келді, мен солай ағылдым. Көгалды суару үшін суды басынан буып, тосып, керекті кезінде ғана жіберіп отырады,  солай тосылып отырған шабыт еркіндік келгенде көсіле түсті, Ол – тәуелсіздік.

Әссәләмүғалайкүм! Өзіңіз білесіз, барлық жағынан ең жақсы көретін ағамсыз. Аллаһтан ендігі мемлекеттік силықтың сізге берілуін тілеймін. Бұл інілік көңілім ғой. Адамдық ниеттен сіздің Аллаһ парыздарын өтеуіңізді өтінер едім.

Құл-Керім бауырымды жақсы танимын, жақсы ақын, мен міне 70-ке таяп қалдым. Мен шынымды айтайын, намазға жығылмаймын, бірақ, Керім екеуіміз көп нәрсені теңдей білеміз. Құл-Керім айтты екен деп ертең-ақ жығылуыма болатын еді, бірақ ақындық деген тылсым күш оған күш бермейді. Керім өте талантты ақын, бірақ, мен ол сияқты бір тақырыпта жазбаймын. Бір кездері Ә.Кекілбаев екеумізді «Ағылып келе жатқан ақындар»  деп мақтаған, ол көрегендікпен айтты, Әбішті патшаның қолын сүйді деп кінәлаймыз, ол болмайды, не бопты, бастысы – ол талант, екінші Әбішті біз туғыза алмаймыз, сондықтан бағалауымыз керек.

Қытай қазақтарына қайсы кітаптарыңыз келді ? Шетелден оралған оралман қазақтарыңызға жырмен шабыт бердіңізбе ? Қазақстанда ақынның қадырын қаншалықты бағалайды деп білесіз ?

Жоғарыда айттым шығарып береміз деп алып кетеді, шықпайды, көңілімді аулау үшін айта ма, түсінбеймін. Баяғыда сонда шыққан «Үркер» деген жинаққа өлеңдерім енгенін білемін.

Бұл тақырыпты менен көп жырлаған адам жоқ. Поэзиямның негізгі арқауы солар,  сонымен мақтанам, «Асапаннан қазақ жауып тұр» поэмам шықты жақында.

Бұл үлкен сұрақ. Поэзиясыз ел ел болмайды, бүкіл қазақты руханыи жақтан ұстап тұрған – поэзия. Поэзия жоқ дегенге сенбеймін, тек оқуға жастарды тәрбиелеуіміз керек. Мәселен, мен өз балама өз кітабымды оқыта алмай отырмын. Біздің кемшілігіміз – осы.

Қытаидағы жас буын – жауқазындар атынан бірқанша сұрақтар қоя кетейін : 1. Қытайдағы қазақ поэзясын қалай бағалайсыз ? Ол жақтағы қазақ ақындарынан кімдерді құрмет етесіз ? 2. поэзия және ақындық шабыт туралы түсінігіңізді баяндай кетсеңіз? 3. поэзияңыз туралы жазылған сын мақалаларға көңіліңіз тола ма ? Қытайдан барған Болат Бопайұлы, Ардық Нұрғазыұлы деген қаламгерлер сіз туралы қалам тартып жұр . қазақстандағы әдеби сыншылар мен Қытайдан барған әдеби сыншылардың поэзияңыз туралы талдауында қандай алшақтықтар бар деп санайсыз? 4. Қазақстандағы жас буын ақындардан кімдерден зор үмыт күтесіз? Қандай ерекшелігімен ?

Мұнда бір нәрсені айтайын, ондағы қазақтар біріншіден тілді жақсы біледі, екіншіден  тағдырды біледі.  Қазір қолымда ешқайсысының кітабы жоқ, өтірік айтуға болмайды, газеттерде шыққан өлеңді әркез оқып тұрамын, өте мықты.

Бұл сұрақ талайдың басын қатырған. Бірақ Абай бір-ақ шумақ өлеңмен жауап берген :

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Болат Бопай менің поэзиямды өлең сияқты жазды, оны біреу түсінді, біреу түсінген жоқ, өте риазмын. Ардақ «Сезім мәңгі гүлдеп тұрады» деп талдағанда, раиза болғандықтан алдына барып сәлем бердім, оқымағаны жоқ, білетіні өте көп екен. Өзің білесің Темірхан мен туралы үлкен мақала жазды. «Жәркеннің қырық қыры бар ақын, мен оның бір ғана қырын аша алдым, ол – туған жерге деген сағынышы» деді, бұл дегенің сұмдық сөз емес пе? Қуанышбай Құрманғалиев деген сыншы бар, өте білімді жігіт, көлемді мақала жазды, сосын «Егемен Қазақстан» газетінің Президенті Сауытбек Әбдірахманов та поэзиям туралы жазды, менің бір өлеңімде бар екен, «Мен ақын емеспін, тағдырым ақын» деген, ол соған қарап, сен нағыз ақынсың деген баға берді. Мен осындай бағалаудан кейін өзгелердің мақтауына зәру емеспін.

Менің намысымды қозғайтын бір сөз бар, ертен ол жақтағы ел, осынан қашып кеткен ақынға Қазақстан мемсыйлық беріп жатыр екен десе, одан артық бақыт бар ма?!

Қатарластарыңыз дүркіретіп мерейтой той өткізіп жатады, сіз өйтпейсіз? қолдаушылар жоқ па? Жағдай жоқ па?

Елді әуірелегім келмейді.

«Жаңаөзен көтерілісі» туралы пікіріңізді білгім келеді?

Ол уақыттық нәрсе. «Жаңаөзеннің аспаны бұлттанып тұр, қар жауа ма білмеймін зар жауа ма» деп өлең жаздым. Тәуелсіздік туы құлап кетпесе бәрі теңшеледі. Уақыттық тақырыптарға бармау керек деп ойлаймын. Мәселен, Қытайдағы «Мәдениет зор төңкерісі» өтіп кетті ғой, Жаңаөзенде солай өтіп кететініне өзімді сендіргім келеді.

Алты Алаштың ақсақалы болар жасқа келдіңіз, үніңізді тәуелсіз басылымдарда айта жүрсеңізші?

«Қамшы» порталы сияқты келіп жатса айтамыз, мен кімге барып Жәркен едім деп айтамын.

Әзірлеген Құмар Жұмахан

Суретті түсірген Нұрғиса

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір