31 Наурыз, 2014 NEWS
Елбасы бұйдасын ұстаған "Көш" тоқтамайды
Кеше драматург Дулат Исабеков ағамыз Елбасымен сұхбат барысында сыртта жүрген 5 миллион қандастарымыздың елге оралуға ниетті екенін жеткізді. Тәуелсіздікті...
Кеше драматург Дулат Исабеков ағамыз Елбасымен сұхбат барысында сыртта жүрген 5 миллион қандастарымыздың елге оралуға ниетті екенін жеткізді. Тәуелсіздікті алғаннан бері елге оралған қандастардың үлкен бөлігі аман-есен келіп, қоныстанып алды. Бүгінде ел экономикасына әр салада елеулі еңбек сіңіріп жатыр. Солтүстік облыстардағы қалалар мен аудандардағы сырттан келген қандастарымыз қоныстанып, біршама қазақыландырғанын көріп жүрміз. Алайда соңғы жылдар көші-қон мәселесі саябырсып қалғаны жасырын емес.
Бұл өзгерістердің көбі алыстағы ағайынның елге оралуына тежеу болып жатқаны өкінішті. Елбасы әрбір құрылтайда қандастарымызға құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кезігетін түрлі кедергілерді жоюға жұмыс жасау қажеттігін айтумен келеді. Азаматтық алу үшін қандастарымызға 5 жыл күту қажет, сондай-ақ оралмандардың көшіп келу квотасы да жойылған еді. Енді бұл кедергілер алынып тасталмақшы. Ағайындар, сүйінші!
Қазақстанға келгісі келмей тұрған қазақ жоқ, жібермей отырған шетел жоқ. Шетелдегі қандастардың бәрі көздері жәудіреп бір шаңырақ астына топтасқысы, балаларын азат елдің ауасымен тыныстатқысы, бір нанды бөліскісі келеді. Тек керек қылмай отырған біздің орыстанған билік, ешбір ақылға сыймайтын жағдай. Сан ғасырлар ата-бабаларымыздың аттың үстінде жүріп ащы терімен қызыл қанымен қорғаған біраз жерлер көршілердің қанжығасына кеткенімен, қалған Атырау мен Алтайдың арасы тақиямызға тар келмейді. Осы жерді сақтап қалсақ, игі еді.
Талай тар жол, тайғақ кешкен бабалар, қиын-қыстау заманның кесірінен әлемге тарыдай шашылған. Өзім өскен Өзбекстан Республикасы, Навоий облысы, Тамдыбұлақ ауданындағы сыныптасым, Баймұрзаев Нұрқиса ғаламторда маған «Қазақ жерін бір көріп, топырағында аунасам, бір кесе суын ішіп, ауасын жұтып серуендесем, Астанаға барып Бәйтерекке шықсам арманым жоқ еді» сен ол жақта жүріп оның қадірін білмейсің, -дейді. Соларды неғұрлым тез арада елге шақырып алмасақ, соғұрлым тұрып жатқан еліне тастай батып, судай сіңіп кетуі мүмкін. Сондықтан, біз күн өткен сайын емес, сағат өткен сайын кешігіп жатырмыз. Шетте қалған қандастарың тағдыры мені қатты алаңдатады. Олардың тағдыры не болмақ?
Жұмамұрат Шәмші, тарих ғылымдарының кандидаты
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір